Түрікменстанның Франциядағы елшісі үстінен шағым түсті
ПАРИЖ. 14 мамыр. Түрікменстанның Франциядағы елшісіне әйелі мен қызын таяққа жықты деген күдік таңылып отыр. Бұл туралы «Le Parisien» газеті хабарлады.
Басылымның мәліметінше, 12 мамыр күні Түрікменстанның Франциядағы елшісінің әйелі полицияға келіп, күйеуі өзі мен қызын ұрып тастады деген шағым айтқан.
Тәртіп сақшылары дабыл бойынша елші тұрып жатқан пәтерге келгенде, ол жоқ болып шыққан. Газеттің ақпары бойынша, дипломатиялық қорғанысы болғандықтан, елшінің үстінен қылмыстық іс қозғала қоймаса керек.
Ал 46 жастағы елшінің аты-жөні Шохрат Джумаев екен. Ол 2018 жылғы желтоқсаннан бері елшілік қызметті атқарып келеді.
Елшінің әйелі мен 19 жасар қызы қазір уақытша мейманханаға орналастырылыпты.
Мәселені енді Түрікменстан сыртқы істер министрлігі қарайтын шығар.
Суретте: Шохрат Джумаев (оң жақта) Франциядағы елшілігін қабылдап тұр.