Рахымжан Отарбаев. Көрген-баққан
Күнделік жазу күн сайынғы тірлігіңді көз алдыңнан өткізіп, естен шығып қалмау үшін қағазға түсіріп отыру ғана емес, ол сол сәтте сарқырап кеп қалған тасқын ойды жоғалтып алмай, күнделікті өмірде көрген-баққаныңа байланысты ішкі сезіміңді, тебіренісіңді, эмоцияңды жасырмай қағазға түсіріп, содан бір түйін жасап, ой түйе білу болса керек. Сарғайған қағаздағы жазулардың маңыздылығы осында… Әйтпесе «бардым–көрдім», «іштім–жедім» деп тізе бергеннің несі маңызды?
Асылы, адам баласы өзінің ішкі даусын күнделік жазғанда естісе керек–ті. Әсіресе, ақын–жазушылар жиі күнделік жазады. Күнделік – күйбең тірліктен шаршағанда, жан баласынан дос таппағанда, құлазығанда сіздің айнымас серігіңізге айналады. Күнделік бетіне түскен эмоцияңыз, ішкі сезіміңіз, тебіренісіңіз тасқын ойға ұласады. Біз бүгін күні кеше ғана – осыдан қырық күн бұрын фәни тірліктен бақилыққа озған көрнекті жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың рухына тағзым ете отырып, оның «Алтын аймақ» газеті үшін өз қолымен іріктеп, жинақтап берген күнделік бетіндегі оқшау ойларын жариялауды жөн санадық.
***
«Бас» деген шағын роман жазғанмын. Оқиға жалаугер Махамбет ақынның бас сүйегінен басталады. Ноэль Шаяхметов мүсінін қалыптаймын деп Қаройдағы моладан 1966 жылы қазып алған. Сол бас сүйек 1983 жылға дейін жоғалып, ақыры Фурманов көшесіндегі бір үйдің жертөлесінен табылды. Оқиға қоюлана келе үндіс Апачидің тағдырына ұласады. Одан қуалап Саддам Хусейн мен Муаммар Каддафи, Бен Ладен, тіпті Джохар Дудаевтың да шабылған бастары жүйеленеді. Батыс пен Америкаға арнап ащы сөз айтылады. Мұсылманның бас көтерерінің бастарын қанжығаларыңа байлаңдар, ендігі кезекте кім тұр деймін…
Шатағы мол шығарма. Ертеңгі күні соңы дауға ұласуы ғажап емес. Бірақ бұл зәрлі шындықты мен айтпасам, өзге ешкім айтпайды. Сол себепті өзім құрметтейтін екі үлкен тұлғаға оқыттым. Бірі үнсіз қалды. Екіншісі:
– Романыңды Қазақстанда басуға болмайды. Тіпті үзіндісін де жариялама. Шетел баспалары шығарамыз десе еркі, – деген кесім айтты.
Әзірге «Бастың» тағдыры осы.
***
Романыма вето қойылған соң үлкен оқиғаның әр жерінен шымшып-шымшып алып, «Бас» деген пьеса жаздым. Оны Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры сахналады. Режиссері – Жанат Телтаев.
Соның өзі талай басшы көрерменді шошытты. Өйткені сахнаға он шақты чиновник шығады. Ешқайсында бас жоқ. Қара костюм солай тігілген. Ал бастарын қолға ұстап жүр. Бір-біріне бас лақтырып, доп ойнап та жатады…
– Бір миллион адам сыйған Алматыға Махамбеттің қу басы сыймады ма? – деген Құрақ шалдың ащы даусы залды кернеп тұрды.
Артынша бұл пьесаны Оңтүстік Қазақстан облыстық Жұмат Шанин атындағы академиялық драма театры сахналады. Қойған – талантты режиссер Қуандық Қасымов.
***
Төлен ағаның (Әбдік) «Әке», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» повестері қандай ғажайып шығарма. Қазақы тірлік, қазақы мұңды мұнан асырып қалай суреттеуге болады?
***
Алтайға барғанымда Василий Шукшиннің туған селосы Сросткиге ат басын бұрдым. Жасыл желекке жамылып тұрды. Селоның нақ желкесіндегі үлкен төбе басына ескерткіш орнатыпты. Шукшин ойлы қалпы жалаңаяқ, жалаңбас жерлестерін көзбен бағып отыр. Мұндай ескерткіш үлкен халықтың үлкен жүрегімен мүсінделеді! Тірлігінде атағы мен шатағы қатар жарысқан керемет дарын еді. Әйтпесе керзі етікпен барып мәскеуліктерді аузына қарата ала ма? Солардан жерігенде ылғи да өзінің Алтайына қашады екен. Келе достарын жинайды. Әлгі төбенің басына. Ортаға бір жәшік арақты қояды. Ду-ду әңгіме. Естілмеген жаңалық, оқыс оқиға – бәрі-бәрін көкірегіне хаттай берген. Титықтап келген. Туған жер түлетті. Рухани байытты. Артынша ойбайын салып іздеп Феодосеева-Шукшина да жетеді дейді… Мұның бәрі жерлестерінің әңгімесі. Сүйіп айтады, сүйсініп айтады. Алтайы бар Шукшин, Шукшині бар Алтай бақытты.
***
Жас кезімде Куприннің «Олеся» повесін оқығанмын. Ұзақ уақыт мұңды бір сезімнен айырыла алмай қойғанмын. Қарапайым ғана баяндау. Бірақ жаныңды қалай толқытады десеңізші! Сиқырлы қалам иесі ойыңды онға бөліп, түн ұйқыңнан бездіреді. Әсіресе, Олесяның тағдыры, трагедиясы!
Жақында осы шығарманы қайтадан оқыдым. Ойладым, жас кезде сезім көп. Қазірде көп сезімім өліп қалған. Тек қана төзім бар. Мүмкін, баяғыдай әсер етпес деп. Жоқ, одан сайың қызығушылығым мен құмарым артты. Күл-бүлтесіз классика деген осы!
***
Дүкенбай Досжановтай суреткер жазушы қазақта саусақпен санарлық.
***
Президент әкімшілігінде қызмет істеп жүргенімде үстімнен арыз түсті. Авторы А.Еременко деген біреу. Кеңсе басшысы Махмуд аға Қасымбеков өзіне шақырып, арызбен таныстырды. Маңғыстауда облыстық телерадио компаниясында басшы болып жүргендегі іс-әрекетімді жіпке тізіпті. Бақсам, мен аса қатыгез, кісі өлтіруден де тайынбайтын жауыз екенмін. Тура теңіз қарақшысы! «Осындай адам қалайша ең мәртебелі мекемеде сектор меңгерушісі болып еңбек етіп жүр?» дейді арыз иесі.
Махмуд Базарқұлұлы – соншама құрмет тұтатын адамым. Қаламы жүйрік, ізгілікті, ерекше парасат иесі. Мен арызды оқып шыққанша жүзіме қарап, бақты да отырды.
– Маха, – дедім күліп. – Тап осындай кісі болсам, өмір сүрмей-ақ қоюға әзірмін.
– Бұл хат тіркелген. Жауап беруіміз керек. Саған көмегім, осындай адам, мынандай тұрғын үй мен пәтер Ақтау қаласында бар ма, жоқ па, тездетіп анықташы, – деді.
Екі сағатта Маңғыстау ДВД-дан хабар жетті. Облыс көлемінде ондай адам жоқ және көрсетілген адрес те қате, жалған деген.
Мәселе қолма-қол шешімін тапқан. Егер қазақы мінез, қамқор көңіл Махмуд аға болмаса, әуре-сарсаңы аз ба еді?
***
Бір жазушы жаңа жазған романын оқуға берген. Әлі жарық көрмеген. Қолжазба күйінде. Оқыдым. Түк таппадым. Сюжет әлсіз, кейіпкерлер дараланбаған, сөзі дәмсіз, сөйлемі кібіртік… Ең бастысы, айтар ой жоқ,
– Талқылау болғалы жатыр. Қатыс, көке. Дұшпаным аз емес. Таба қылма. Сенің сөзің дәрі боп тұр. Бір еркін көсілші, – деп әлгі автор жан-жағымнан көпшік лақтырсын. Қалай еріп кеткенімді білмеймін.
Бір ес жисам, «мұндай роман күнде туып жатқан жоқ» деп сайрап отырмын. Ал керек болса! Алаш деген бе, алаша деген бе, бір түсініксіз сыйлық бар. Кейін әлгі роман сол сыйлықты алыпты. Мейлі ғой.
Тек өз-өзімді жек көріп кеткенім болмаса…
***
Циолковский кешқұрым бақ ішінде бой жазып тұрады. Күн батар кез. Бұлтқа көзі түседі. Қараса, бұлт бетінде латын әрпімен жазу тұр. Қызыл бояумен бедерленген. Жай жазу емес, ақырзаманның болатын күні, айы, жылы анық көрсетіліпті. Ғалым дереу көшіріп алады. Сонан соң ғылыммен айналысуды кілт доғарып, тастап кеткен.
Сол құпия жазу қазірде қай жерде жатыр екен?
***
Толстой мен Достоевскийдің ойлау қабілеті мен дарыны адамға тән емес. Пайғамбармен бәстеседі. Оларға жоғарыдан беймәлім бір күш жаздырып отырған. Ғалымдар осылай деп мәлімдейді.
***
Сөз де су сияқты. Кейде бұрқырап бой бермей кетеді. Кейде ақпай қалады.
***
Өткен ғасырдың 80-жылдары-тын. Алматы – Атырау (Гурьев) поезымен жолсапарға шыққанмын. Купеде тығыншықтай қызыл бет шал отырды. Уақыт мол, жол ұзақ. Әңгімеге шақырдым. Әрі-беріден соң кешегі Ұлы Отан соғысына ойыстық.
– Соғысқа қатысқан шығарсыз? Қай жерден аяқтадыңыз? – деймін.
– Біз броньмен қалғанбыз. Мал союға, – дейді шалым.
Тосын естілді. Қанды қырғында қасапшы боп мал сойып жүргені несі? Әрі қарай жетелей түстім. – Саратов қаласы маңына жанұямызбен көшіріп апарды. Төрт жыл бойы сол жерде әскерге азық-түлік қамдап, мал сойдық. Тек біз емес, тағы да он шақты жігіт көмекшім болды. Етті майданға вагон-вагонымен жөнелтіп жаттық.
– Еңбегіңіз зор екен.
– Айтары бар ма…
– Малды қайдан әкелді?
– Көбіне Қазақстаннан.
– Қиналған шығарсыздар? Үнемі мал сою оңай ма?
– Жоға. Сиыр мен қойдың бас-сирағы, өкпе-бауыр, ішегі өзімізге қалатын. Ертеңді-кеш қызыл қуырдақ. Бөгіп жүреміз.
– Сөйтіп, соғыс та аяқталды дейсіз.
– Иә. Тез біткеніне өкініп қалдық.
– Рас айтып отырсыз ба?
– Енді ше? Ондай тегін тамақты бізге кім береді?
– Ит екенсіз! – дедім даусым қоюланып. Басқа сөз аузыма түспей, тұлыптай боп ісініп, купеден шығып кеттім. Әй, бәсе, арам жеген төбет құсаған түрі жаман еді-ау.
***
– Жақсы да бір төмпешік, жаман да бір төмпешік. Несін айтасың, – деп базарда алма сатып тұрған бір әйел сампылдап жатты. Ойланып тұрып қалдым. Кейбір ақылды ағаларымның аузынан осы сөзді ести алмай қойғанмын.
***
Қазірде жас әнші көп. Өңшең «жұлдыз». Қазақ аспанына қалай сыйып тұр деп таңғаласың. Ал көбінің әнін тыңдасаңыз… Әуені – азғын, сөзі – сорақы. Аяқтары – жерде, демі – көкте. Қолда – микрофон…
Бар кәсіптері ел-жұрттан ақша жинау. Бизнестің ең оңай жолы осы шығар. Әлің жетпесе әнмен ойна деп оларға кім айтты екен?!
***
– Шүкір, біздің тұқымнан бақсы мен ақын шыққан жоқ, – деп бір көкеміз мақтанып тұрды.
***
Халықты жоқшылық емес, тоқшылық құртады. Аздырады. Бұл – ерте дүние тарихынан мәлім құбылыс.
***
Аман-саулық сұрасқан бір танысқа: «Жүріп жатырмыз, уақытша», – деп ем. Шошып кетті.
– Қалайша уақытша? – деп.
Оған не айтуға болады?
***
Таңертең айнаға қараймын. Бетінде ит тірліктің ізі қалған бір шал тұрады. Басымды алып қашамын. Барлық жас дәурен айнаның арғы жағында қалған сияқты.
***
Той-топырда жастарға жұрт сияқты «Бақытты болыңдар» деп тілек айтамын. Бақыттың не екенін шындап келгенде өзім де білмеймін. Бәлкім, біздің жақта жоқ зат шығар?!
***
Теңіз де кірлейді. Айдын бетін шөп-шалам, сынған ағаш, өлген балық пен құс, төгілген мұнай қалдығы басады. Күндердің күнінде дауыл көтеріледі. Толқын біткен арыстан жалданып өкіріп-бақырып жағалауға ұмтылады. Әлгі кір-қоқыстың бәрін әкеліп адамдардың өзіне лақтырады. Тазарып барып тыным табады. Сосын бәз-баяғы қалпында жарқырайды да жатады. Біздің қоғам да тап осындай тазаруды күтіп тұр.
***
Өмір бойы руханияттың ортасында келе жатырмын. Өнер ордаларына басшылық та жасадым. Өте қарама-қайшылықты мінездің адамдары. Адал, ақкөңіл, кінәмшіл, тұрақсыз, сатымпаз. Оларды ұстап отыру – пері ұстағанмен бірдей.
***
Облыс орталықтарын жиі аралаймын. Өйткені көп театрларда спектаклім ойналып жатыр. Барған кезде әдеби, мәдени ортамен де сұхбат құрамын. Талантты тұлғалар көп. Десе де, көбінің оң қолы сол қолынан ұзын. Таңғалдым, зерттедім. Жетпеген нәрсені басшылықтан сұрай-сұрай қол да ұзарып кетеді екен ғой…
***
Жас кезде арақты көп іштім. Мейірім қанғанша. Шеккен зиянымды санап тауыса алмаспын. Ал көрген пайдам екеу. Бірі – мас болып әкемнің қасына қонып шықтым. Құшақтап жаттым. Шал-кемпірдің баласы боп, әкемді аға тұтып, жанына жолай алмағанмын. Екіншісі – Алматыға кетерде аудандық партия комитетінің бір хатшысын кабинетіне кіріп тұрып, соншама балағаттадым. Талай жерде талабымды кесіп еді. Пайдам осы!
***
Ұлым Ермерейге аманат айттым. «Құлпытасыма сурет жасатсаң, жарты жүзімді сал» деп. Жартысы жоқ. Өйткені бұл өмір маған шын келбетімен қарамады. Мен де анық жүзімді көрсетпедім. Өкпе де, өкініш те жоқ. Шындығы сол!
***
Пәле-жәледен құтқар деп Иманғалиға (Тасмағамбетов) бір дауыспен жар салғым келеді. Жалғыз адам не тындырады, көп дауысты хор керек, хор!
***
Есіл жағасында ұзақты күн қыдырдым. Толқынды толқын желкелеп, өлтіріп жатты…
***
Ортада от лапылдап жанып жатыр. Оны айнала қоршап бірінші, екінші, үшінші қатарда отырғандар бар. Хош дейік. Тыныш отыру жоқ. Бәрі де отқа ұмтылуда. Бар ойлары көзге түсу, жылыну, аз-кем рахат кешу. Мәселен, екінші қатардағы алдында отырғанды отқа итеріп жіберіп, өзі алдына шығады. Оның да көкжелкесінде өзіндей өлермендер тұрғанын неғып білмейді? Күйіп өлуге құштар бұл неткен халық?!
***
Жылағым келген. Жас таба алмадым.
***
Сахнада сұлу қыз кобрамен өнер көрсетіп жүрді. Кобраны білегі мен беліне орайды, босатады. Ақ қайыңдай әдемі балтырымен жоғары өрмелейді. Көрермен мәз. Бір жас жігіт сахнаға көтеріліп, қыз алдына тізесін бүкті. Гүл ұсынды. Қыз қол соза бергенде кобра шап беріп жігіттің мойнына оратылды. Шиыршық атып қарысып қалған. Жіберер емес. Қылғындырып өлтірді. Бұл не, қызғаныш па?
***
Қазақ қолы мен қытай шеріктері соғысып жатады. Қазақтар жеңіліп Бетпақдалаға қашады. Жау әскері соңдарына түседі. Қуа-қуа шөлден қаталайды. Азық-түліктен тарығады. Ат-көлігі тұралайды. Сол сәтті баққан бір батыр: «Күткенім осы, енді бұларды қырып салайық», – деп көтеріледі. Сонда бір естияр азамат: «Жоқ, бұларды өлтірмейік. Қайта ас-су беріп әлдендіріп, елдеріне қайтарайық. Әйтпесе бұлардың кегін қуып бұдан да көп әскер келеді. Сонда бәрінен де айырылып қалуымыз мүмкін», – деп басу айтқан. Тоқтам осы болады.
Еліне аман-есен жеткен қытайлар: «Соғысамыз деп барып, қонақ боп қайттық. Қазақ деген дархан да дастарханды халық екен. Біздікі ұят болды», – деседі. Осымен соғыс тоқтайды.
Үйіне бейсауыт кіріп кеткен жыланның басына да ақ құйып шығаратын біздің шалдар, шынында да, мәрт қой.
***
Ақша да адамды арақ сияқты мас қылады екен. Қазақстанда осындай «мастар» тым көбейіп кетті. Қолдарына түсіп қалудан біртүрлі қорқасың.
***
Жәңгір хан жайлы алғаш құдайы күлшедей кітап жазып, артынша пьесаға түсіріп, спектакль қойғызып, ұнамды образын өрнектеген өзім едім. Қаншама қарсылыққа тап келдім… Мәселе онда емес. Айтпағым, хан зираты Батыс Қазақстан облысы Орда селосының іргесінде жатыр. Отан соғысы жылдары болған оқиға. Отыннан тарыққан жұрт алдымен хан зиратының үстіндегі ағаш күмбезін бұзып алады. Отқа жағады. Артынша тасын тасып әкетіп, бұзауқора жасайды. Имансыздықтың мұнан асқан мысалын таба алмассың, баяғы Махамбеттен қалған «Хан емессің, қасқырсың» осылай жалғасып жатты.
Келесі жазда көрген елге таңдай қақтырған тағы бір оқиға өтеді. Бір түнде хан моласы мен Фатима тоташтың, жанындағы қос ұлының басына көк сырмен сырланған темір қоршау пайда болады. Кім қойғаны, қайдан әкелгені беймәлім, құпия!
Бақса, Казан татарлары жергілікті қазақтардың сорақылығын естіп, жаға ұстасқан. Сосын қой, болмас деп әдемілеп темір қоршау жасатып, арнайы бригада мен машинаны аттандырады. Бір түнде бар шаруаны бітіріп, көзге түспей кері қайтқан.
Фатима тоташтың тегі татар. Атақты мүфти Мұхамеджан Хусейіновтың қызы. Жәңгір күйеубаласы.
Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда дүние салды. Ал темір қоршау 1945 жылы жаз айында орнатылған. Арада тұтастай 100 жыл жатыр.
Бір ғасыр бойы жатжұрттық қызын ұмытпаған, хан күйеудің рухын сыйлаған татар ағайындарға қалайша таңғалмассың. Таңғалу аз, табыну қажет!
***
«Полезный идиот» дегенді «пайдалы нақұрыс» деп аудардым. Бірақ нақұрыс адамнан қоғамға келер не пайда бар? Таба алмадым.
***
Қазақ пайдакүнем емес. Барынша мәрт, сахи. Бірақ қақалып қалса да, Құдайдан бірдеңе дәметеді. Қызық көрініс!
***
Жоғары жақ портфель бөлісіп, төменгі жақ нан бөлісіп жатыр. Қашанға дейін?..
***
Аз халықтың серкесі болғаннан, көп халықтың еркесі болған жақсы екен ғой.
***
Бір бақыт маған да келе жатқан шығар деп жол бойында ұзақ тостым. Жоламай қойды. Мені Батыраш пен Қотыраш деп ойлайды-ау деймін.
***
Абай атам «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп қырық жастан өте бере жазыпты. Нағыз қайраты тасқан кез ғой. Неге олай айтты деп көп ойландым. Ақыры өзінен жасы үлкен Ділда шешемізді алған соң көңілі қартайып қалған шығар деп шештім.
***
Махамбеттің басын шауып жібергенде жерге домалап, «Қап, қап, қап!» деп сөйлеп бара жатты деседі. Алқұлым шақта біздің аузымызға қандай сөз ілінер екен?
***
«Ақырын тіле» десетін бұрынғы шалдар. Аллекем алжытпай алса екен.
Молда дем салып, жанымызда медет тілеп жәудіреп отырған ұрпағымызға тірлікте жасаған кінә мен күнәмізді тізіп айтып, масқара болмасақ жарар…
***
Үш рет комаға түсіп, ес-түссіз жаттым. Алды сегіз, соңы екі күн. Аллекем әрі ойланып, бері ойланып мені о дүниеде еш кәдесіне жарата алмаған соң тірі қалдырған сияқты.
***
Елбасы бір жас азаматты үлкен лауазымға тағайындайды. Үміт етеді. Көргені жоқ неме не тындырсын. Шатып-бұтып бәрін бүлдіреді. Сосын мына құйыршық баланы сен таптың ба, мен таптым ба деп ертегідегі кемпір-шал құсап таң-тамаша қалысады. Парадокс!
***
Досым, жазушы Әлібек Асқаров бірде:
– Раха, енді қалай өмір сүруді ойлайық, – деді.
Мен:
– Екеуміз енді қалай абыройлы өлуді ойлайық, – дедім.
Ойланып қалды.
***
Бәрі сатылып жатыр. Мені де біреулер сатып алған жоқ па екен?!
***
Бір ақымақтан жүз ақымақ туады. Ал данышпаннан данышпан тумайтыны несі?
***
– Ол қол жетпес биік қой, – деп, біреу әлдекімнің өнерін бағалап жатты. Өз ойы, өз бойымен өлшегенді қашан қоямыз осы?
***
Нағашыларым қазақ ауылын шауыпты. Қапыда тиіссе керек. Еркек кіндіктің бәрін жусатып салған. Бір адам қорқып мойнына, бетіне өлген жолдасының қанын жағып жата қалыпты. Түрікмендер өлгендерді аралап қарап жүреді. Әскербасы: «Бәрі жан тапсырып па?» – деп сұрайды.
– Түгелдей.
– Мына біреу тірі сияқты. Терлеп жатыр.
– Жаралы. Бәрібір өледі.
Сөйтіп, аман қалған. Өлген адамның терлемейтінін қатыгез қолбасшы қайдан білген?
***
Біздің ауылда аузына шыбын тұрмақ, торғай кіріп кетсе де аңдамайтын аңқау шалдар өтті. Бір көкеміз шыжыған шілдеде жоқ қарап келе жатады. Аты да, өзі де қаталап шөлдеген. «Шайтантөбеге» жетіп, төбені іргелей ағатын өзенге құлайды. Қараса жеті-сегіз сары шашты қыз шуласып суға түсіп жүр дейді. Кәлимасын қайырып жақындап келсе, атына су шашып, сықылықтап күліп жолатпапты. Айдала, адам баласы жүретін жер емес. Бұлар шайтанның қыздары екен, «көрсетейін бәлем» деп көкеміз қайратына мінеді. Әлгілерді су ішінде атпен омыраулатып жүріп сабайды…
Бақса, Астраханнан бақша салуға келген пединституттың студенттері екен. Түс кезінде суға шомылып жатыпты. Көкеміз содан сотты бола жаздап, ат-шапан айыбын арқалап әрең құтылған.
Жарықтықтардың жүрген жері тегін спектакль еді.
***
Бір жарық жұлдыз туса, міндетті түрде қарсы жұлдыз туады. Бұл аспан әлемінде дәлелденген шындық. Осы қарсылықты өмірде де көп көрдім.
***
Талғамсыз көп тобыр үшін жаза алмай қойдым. Ал олар мен сүйген биіктікке көтеріле алар емес. Екі ортада ауасыз бос вакуум жатты. Біріміздің даусымызды екіншіміз ести алмадық. Сонда санаулы топ үшін ғана қалам ұстаймын ба?!
***
Дүниені қатарынан жаулап келе жатқан Ескендір Зұлқарнайын Ошқа келіп, Сүлеймен тауының етегінде тыныс алған тұста Аристотельге хат жазады. «Ұлы ұстаз, менің жанымдағылар үнемі мақтайды. Ұлы қолбасшысың дейді, данышпансың дейді. Мен де ет пен сүйектен жаралған пәндемін ғой. Түбі сеніп қалуым ғажап емес. Сондықтан кешікпей жаныма бір философыңызды жіберсеңіз» деп. Міне, көрегендік!
Қазіргі президенттер мен елбасыларда өздеріне деген осындай сыни көзқарас бар ма екен?..
***
Пушкин мен Анна Керн бақ ішінде қыдырып келе жатады. Анна ару жұдырықтай бір тасқа сүрініп кеткен. Қайтар жолда Александр Сергеевич әлгі тасты қалтасына салып алады. Қазірде музейінде тұр. Оны орыстардан тап сол тастың көлеміндей алтын беріп те айырбастап ала алмайсың. Өйткені ол тарих. Керннің аяғының, Пушкиннің алақанының табы қалған.
Бізде ше? Сүрінбек тұрмақ, омақасып құлағанымызға қарадық па? Содан да шығар, мұражайда тұрған жәдігерлердің көбі өтірік, жалған, ойдан-қырдан құралған. Одан қалса, әркімнен шапан жинап әуре боп жүрміз…
***
Өз ортасында соншама жеккөрінішті адам. Бірақ жылан құсап жорғалап жүгіріп кірмейтін есігі, алмайтын марапаты жоқ. Ызаланып отырып-ақ разы боласың.
***
Кеңес кезінде Жайық жағасын мекендеген қазақ, орыстар көп еді. Қазір сиреді. Көбі тарихи Отанына көшті. Бір шал әлі бар. Кешегі күндері аты аңызға айналып дүрілдеді. Өйткені ол атақты Чапаевтың көмекшілерінің бірі екен. Жайыққа суға кетіп өлгеніне куә болыпты. Тіпті өзеннің арғы бетіне оқ тиген қолбасшыны аман алып шығамын деп жанталасыпты.
Содан газет біткен шуласын. Теледидар мен радио жағын саусын. Тұрған селосына соның атына көше берілсін. Тұрған үйіне ескерткіш тақта ілінсін. Мектеп біткен кезекке тұрып кездесуге шақырсын. Хош деңіз.
Егемендік алған соң әңгіме ауаны өзгеріп сала берді. Шалдың өтірігі ашылды. Ашқан ауылдастары. Бақсақ бұл сойың атаман Толстовтың офицері екен. Ақтың офицері! Чапаевты атып, ат-матымен суға батыратын осының өзі. Нақты дерек бұлтартар емес.
– Одан не зиян көрдіңдер? – деп шалымыз енді шалқаяды деседі.
«О нравы, о времена» деген сол!
***
Заңгер мен бәлгерге сенуден қалдық.
***
Жауған қардың да еркегі, ұрғашысы болатынын естіп таңғалдым. Еркегі ерімейтін, кебіртек бетпақ қар да, ұрғашысы сулы, жұмсағы болса керек деп топшыладым. Табиғат ұлы анамыз ғой. Қардың өзін жынысқа бөліп тууын қарашы!
***
Бір танысымнан қарызға ақша сұрадым. Алдында көңілді әңгіменің көрігін қыздырып отырған. Екі езудегі күлкіні көрудің өзі бір бақыт. Кенет аузы бүрісіп, бөтелкенің аузындай боп дөңгеленіп қалды.
***
Бір молда жұртшылыққа баланы сүндетке отырғызу үлкен парыз екенін ұзақ түсіндірді. Әртүрлі мысал, нақыл айтты. Құп алдық. Сөзінің соңында: «Ертеңгі күні о дүниеге барғанда Аллекем мұсылман екендіктеріңді сол жерлеріңе қарап таниды», – деп те соғып жіберді. Жаратқан ием өз пәндесін қалай болса да түстеп білер-ау. Тек әлгі молданың уәжі тосын көрінді.
– Ал әйел баласын қай жеріне қарап таниды екен? – деп қалдым. Мұндай сауал күтпесе керек. Сақалы селкілдеп шошып кетті.
– Мұны сұрау күпірлік! – деп ыдырынды.
– Молданың аузында Алланың аузы бар, сіз де сақ болыңыз, – дедім. – Дүмшелігіңізді күпірлікпен бүркемелей алмассыз.
***
Әкесімен жүздесіп едім. Үш қасиет көп қазақта үйлесімін тауып келе бермейді. Ол – ой мен ой һәм сой. «Жігітке үштен артық бақ бітпейді» дейтін бұрынғылар. Білмесе айта ма?
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты көрсем ылғи осы ұлағат есіме оралады. Нұрланның іскерлігі мен құшағының кеңдігі, дархан көңілі, қазақша-орысша ақпа-төк шешендігі, ілтипаты мен бауырмалдығы бір тұлғаның бойында қалай үйлесім тауып тұр. Таңғаласың! Иә, тек деген қасиет сол. Жүре жұқпайды, туа бітеді.
Бірінде әзіл жүгірткенім бар:
– Інім, осы сен сөйлер сөзіңді жаттап аласың ба? Қуатты реформаларды, сан түрлі саясат пен сандарды жырдай ғып толғайсың, тіпті қылау шықпайды, – деп.
Күлді де қойды.
Мың сан шаруамен жағаласып жүріп сөз жаттауға уақыт қайда?
Сөз жоқ, сұңғыла бітім!
***
Баяғыда біздің ауылда бір әпенді шал бар еді. Өзі түшкіріп, өз-өзіне «Сәбидей мұңсыз бол!» деп қошемет айтып отыратын. Келемеждеп күлетін ек. Бекер екен…
***
Ата бөліскен, атақ бөліскен, ақша бөліскен бейдауа заманға тап болдық. Баяғы кеңестік дәуірдегі арақ бөліскен кез рахат екен ғой. Қоймай аңсаймын.
***
Ақыл – азап. Иесіне күн бермейді. Қазіргі заманда ақылсыздық, топастық Алланың берген үлкен сыйы сияқты…
***
– Өлеңді тастап кеттім, – деді бір ақын. Ұят жоқ, имену жоқ. Көзі жарқырап тұр. Қатынымды тастап кеттім деген сынды. «Өлең мені тастап кетті, бауырым» десе, құшақтап бетінен сүйер ем.
***
– Мен жазушымын ғой, – деді бір ағамыз мақтанышпен.
– Сіздің столда отырып жазған шығармаңызды мен унитазда отырып-ақ жазамын, – деппін қырсық шалған басым.
***
Бір танысым төрт рет төсек жаңартты. Ол өз шаруасы. Бір таңғаларлығы, әр үйленген сайын бұрынғы айырылып кеткен жұбайын мақтайды. «Ол бұған қарағанда адам еді ғой», – деп тамсанады. Тағдыр шығар. «Жоғалған пышақтың сабы алтын» деген мәтелге, амал жоқ, бір тармақ қостым. «Жоғалған қатынның саны алтын» деп.
***
Жұбайы қапияда көз жұмған бір келіншек сыр ашып отыр.
– Ол байғұс адам екен ғой, – деп.
– Бұған дейін кім деп жүрдіңіз?
– Күйеу деп.
Әйел психологиясы қызық. Бізді өлген соң адам қатарына қосады-ау деймін.
***
Құрмалас сөйлем құрай алмайтындар жазушы атанып жүр. Сөз сөзге жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұратынын оларға айтқаннан не шығады?
***
Жаз кезі еді. Ыстықкөлге жанұямызбен бара жаттық. Жолай Бішкекке аялдап, Мұхтар ағаға (Шаханов) сәлем бердік. Мұхаң қызу жұмыс үстінде. Поэма жазып жатыр. Орыс тілінде.
– Мұха, екеуміздің орысшамыз қарайлас еді ғой, бұл қалай? – деймін таңданып.
– Ский мен скаяны білсең поэма жазу түк емес екен, – дейді Мұхаң.
Талантты адамға ем жоқ қой!
***
Жұмекен ағам Нәжімеденов 1981 жылы Алматыға келген мені екі аса талантты ақын інісіне аманаттады.
– Рахымжан әдеби ортаға жаңа қадам басты. Бас-көз болып жүріңдер, – деп. Өмірден ерте кетерін білді ме, жарықтық. Олар Жұматай Жақыпбаев пен Ұлықбек Есдәулетов болатын.
Сол аға аманаты есіне түсті ме, араға 30 жыл салып Ұлықбек дос мені өзінің 60 жылдық мерейтойына шақырды. Өскеменнен бастап, Жарма, Көкпекті, Зайсан аудандарын түгел араладық. Керемет той өтті.
Ал Жұматай ше? Жұмағам да ара-тұра іздейтін. Айтар әңгімесі жаттанды. Келе:
– Жұмекен ағам сені маған тапсырып кетті ғой. Рас па? – дейді. Әбден мойындатып алып:
– Ендеше, басым ауырып тұр. Бір шөлмек ала сал, – дер.
– Жұмағам-ау, сонда ол кісі кімді кімге тапсырып кеткен? – деймін мен де беріспей.
Аяулы ақын ондайда таласқа түспей, мөлттей қара мұртын сылап, жұмсақ жымияды. Мен де еріп сала беремін… Кейде сағыныш меңдегенде оның өлеңдерін қолыма аламын.
«Иттен де қалған, құстан да қалған, Көңілім менің, көңілім!»…
***
Адамдардан артист жасап, сол артистен қайтадан адам жасай алмай жүрген режиссерлар да аз емес.
***
Жоңғарияда тақ талас басталғанда Әмірсана жақтас іздеп Қытайға қолқа салады. Бұл XVIII ғасырда болған оқиға. Қытай көмекке үлкен әскер шығарады. Сөйтіп, жер бетінен Жоңғар мемлекетін жойып жіберді. Өз қателігін тым кеш түсінген Әмірсана Қытайға қарсы шыққан. Ақыры қуғынға ұшырады. Жанын аузына тістеп қашып Абылай хан ордасына жетеді. Нағашы жұртын сағалайды. Соңында орыстарға беріліп, Омбыда өкінішпен қаза болды.
Тарих дөңгелегі қайталанып отырады. Талай елдің басшыларына осы оқиға сабақ болса нетті.
***
Бір надан Шыңғыс ханды адай деп дәлел ұсынады. Екіншісі жалайыр, келесісі қоңырат деп… Сондағы ойлары не? Әлемде ұлы қаһан жайлы 2700-дей көркем туынды, деректі, зерттеу еңбек жарық көрген. Жаңалық ашылып біткен, жанкешті ағайын!
Бір ұлттың сыйынары мен сүйенерінде шаруаларың қандай? Ол сендердің өз ойларыңмен өлшеп-пішкен кішкентай рулық көрпелеріңе сияр тұлға емес!
***
Шыңғыс ханға ұлы Жошының өлімін Кетбұға күйші естіртеді деседі. Рас дерек шығар. Өйткені сай-сүйегіңді үккен «Ақсақ құлан-Жошы хан» күйі қалды.
Мен білсем, Кетбұға екеу. Бірі күйші болса, бірі – батыр, қолбасшы. Олай дейтінім, қалың моңғол қолы парсы жұртын бағындырып, Мысырға шабуыл бастайтын еді ғой. Сонда әскер басында тағы да Кетбұға жүреді. Бұл тарихи дерек.
Ал біздің зерттеушілеріміз осы екі тұлғаны бір адам деп қарастырады. Қиыспайтын тұсы көп.
***
«Қасқыр да қас қылмайды жолдасына». Осы әдемі сөзді қазақ айтқан. Түз тағысының мәрт мінезін, адалдығын дөп басқан. Ал осыны айтқан қазақтың бір-біріне жасаған қастығы аз емес. Парадокс!
***
Мысырға барғанымда «Қайтпай» мешітінің бас имамы, діни ғұламаға сауал бердім.
– Ғұлама, көптен көкейімде жүрген бір түйткіл бар. Алланың ризашылығынсыз шөп басы да сынбайды. Рас па? – дедім.
– Дұрыс айтасыз.
– Адамның бар тағдыры Алланың әмірімен туғанда пешенесіне (маңдайына) жазылды дейді.
– Алхамдулла, солай.
– Адамзат баласы ол жазудан қия баспайды. Сол сызықпен жүре ме?
– Расы сол.
– Ендеше, жауап берсеңіз, мен кез келген қылмыс, зорлық-зомбылыққа қарсы адаммын. Бірақ өмірде алуан жайттар жолығып жатады. Мәселен, біреу кісі өлтірді, қан төкті дейік. Оны жазалаймыз. Не үшін? Аллекем о баста оның маңдайына сондай қылмыс жасауды жазған жоқ па? Ол тек соны ғана орындады. Басқа жазығы жоқ. О дүниеде Алла да өз бұйрығына өзі қарсы шығып, ол қылмыскерді тозаққа жібермейтін шығар?..
Ғұлама ұзақ ойланды. Бетіме сынай қарады. Сәлдесін түзеді. Өз сұрағыма өзім қысыла бастадым.
– Әрине, жоғарғы, төменгі ақыл иесі дегенді білемін. Біз төменгі сатыдамыз…
– Дұрыс айтасыз, – деді ғұлама күлімсіреп. – Бірақ сауалыңыз орынды. Каирда әлі қанша күн боласыз?
– Екі-ақ күн.
– Әттең, аз екен. Келесі жұма намазда алуан білім иелері осында бас қосады. Жаңағы сауалыңызды соларға бергенде… Бір жауабын алып қалар едіңіз. Айып етпеңіз. Риза көңілмен аттаныңыз.
Осымен қош айтыстық.
***
Қожайынның қолын жалап, қораға үретін төбеттердің даусы неткен аянышты…
***
Бақытсыз елдің батырлары көп. Олар соны әлі күнге қорғаныш көреді.
***
Қалмақтың тұтқынында екі жыл жатқан Абылай ханды қазақтың билері барып құтқарып алған. Қалдан Серенді сөзден жеңіп, босаттырған дегенді өзге емес, біздің тарихшыларымыз айтады. Адамның беті осындайда қызарады, ұялғаннан. Сонда олар Колесниковтың кітабын оқымаған-ау. Орыс құтқарады, орыс!
***
Абылай ханның Түркістан қабірстанынан таптық деген бас сүйегін Ресей антропологтары қалыптады. Мүсініне қараңызшы. Ауылдың суайт, сумақай шалдары болатын, солардан аумай қалыпты. Мен білсем, бұл аты аңызға айналған Абылайдың бас сүйегі емес!
***
Торғайлық Жұматай Сабыржанов деген журналист, жазушы өткен. Жаны жақын, рухы биік азамат еді. Әттең, ғұмыры қысқа болды. Мынау заманға, қоғамға деген сыни көзқарастары ылғи да жетпей тұрады.
***
Егіздің сыңары қайтыс болған. Біздің ауылдың бір аңқауы көшеде біреуін көріп қалып сұрайды дейді:
– Өлген қайсысың? Сен бе, ол ма? – деп.
***
Қаланың баласы ауылға барса күлкі болады, ауылдың баласы қалаға келсе түлкі болады.
***
Аз ми көтеріп жүруге жеңіл. Осы жігіт сосын да басын қайта-қайта қақшаңдата береді, білем.
***
Темір мен масты қызған кезде соққан дұрыс.
***
Әдемі қаламсаптар бар. Көргенде – көзің, ұстағанда қолың қуанады. Бірақ жазбайды. Сиясы сапасыз иә таусылған. Кей ағаларым сияқты…
***
Біздің елдің саясаты көп байға тиген әйелдің қылығын еске салады.
***
Жорғаның қадірін желгенде білетін, жақсының қадірін өлгенде білетін не деген қасқа халықпыз?!
***
Қонаққа барғанбыз. Ағамыз күндей күркіреп, жеңгеміз найзағай боп ойнап, ғазиз басымызды от пен судың ортасынан әрең алып шықтық.
***
Жүргіштеу қыз екен. Әсіресе шетелден келгендерге әуес. Сонысымен-ақ дәулет жинапты. Бір жолы кітабымды алдыма тосып, қолтаңба сұраған. «Тон кием деп қайыстан, тоғыз түрікпен сайысқан батыр қарындасыма ризалық көңілден» деген тілек жаздым. Қолымды қойдым. Алғыс айтып кетті.
***
Ақсақалдар түшкіріп жіберсе тау жарылып кетердей боп тұр…
***
Италия сапарында бір топ үндісті кездестірдім. Қала орталығында ән салып, садақа жинап тұрды. Әйел, еркегі, бала-шағасы – бәрі, бәрі… Жандарына барып ұзақ тұрдым. Еркін сөйлесер тіл жоқ. Ыммен не айтуға болады? Сосын «Ай» дедім. Олар да осы сөзді қайталап, сұқ саусағымен аспанды түртті. Ата, алма, балта, қайық, тау деп шұбырта жөнеліп ем. Әлгілер абдырап, уда-шу боп мені ортаға алсын. Ағайындарын көргендей аңқылдап әңгіме айтып жатты. Қимай қоштастық.
Түбіміз бір туыс екеніміз рас қой.
***
Тышқан дәнді ініне тасиды, біздің биліктегілер қолына түскен ақшаны шетелге тасиды.
***
«Түрікмен төрін бермейді» деп жатамыз. Жоқ, олай емес. Олар үлкен ғып текемет басқанда бетіне әр рудың таңбасын қоса салады. Мысалы, теке, сонан соң жәуміт… осылай кете береді. Келген қонақ сол өз таңбасының үстіне отыруы тиіс. Басқа рудың таңбасына құйрық басуға болмайды. Бұл жазылмаған заңдылық!
Мәселен, сіз құдайы қонақ боп келе қалдыңыз дейік. Ақбоз үйде өңшең түрікмен шалдары отыр. Сізге ешқайсысы да ығысып орын бермейді. Өз таңбасының үстіне отырғызбайды. Ендеше, іргеге жайғасыңыз. Ол жерде құлын жарғақ төсеулі жатыр. Міне, әлгі сөздің құпиясы осы.
Бұл да бір тектіліктің көрінісі-ау!
***
«Я, Құдай! Бізді шайтаннан, құйрықты жұлдыздан, түріктерден сақтай гөр!» XIV-XVI ғғ. Еуропа халықтарының дұғасы.
***
Бұл заманда біреудің ойы Байронда, біреудің ойы айранда.
***
Иманғали кездесіп, хал сұрады.
Жақсы, – дедім. – Бір бұтым – Жайықта, бір бұтым – қайықта.
***
Рулық деңгейдегі ел ұлт болып ұйымайды. Үндістердің де трагедиясы осында!
***
Жан-жағымнан қырық қарға қарқылдады. Орталарына бір тасты жіберейін дегенмін. Олардың басын емес, жазығы жоқ тасты аядым.
***
«Бір байдың жұртына екі тышқан таласыпты» деген бала күнде естіген ертегі бар-ды.
Ертегі де нақты өмірден көрініс табады екен-ау…
***
Кей-кейде Құрманғазы көкемнің «Сарыарқа» күйіндей жұлқынып, дабылдатып кететінім бар. Адам туған топырағы мен табиғатынан аса алмайтыны, рас, білем.
***
Сүмелек біреу мен жайлы жазып, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығыпты. Мынау, шынында да, ит екен ғой деп жүдә қуанып қалдым.
***
Түрікмендер ұлттық қазынаға аса сақ. Бренд деп күні-түні бірдей күзетеді. Мәселен, сіз қай ұлт болсаңыз да бәрібір, түрікменнің бір күлімкөз гөзаліне ғашық болдыңыз делік. Үйленгіңіз келді. Кешіріңіз, алдымен үкіметке қалыңмал есебінен 50 мың доллар төлейсіз. Ал қыздың әке-шешесі, ағайын-тумасымен өзіңіз келісе беріңіз. Әйтпесе қыз жоқ. Шекарадан аттап бастырмайды. Сол сияқты ақалтеке мен алабайы, нәзік ою-өрнекке малынған кілемі де сондай құрметте. Бұл олардың ұлттық мақтанышы. Жол-жөнекей қолтыққа қысып кете алмайсыз. Міне, өз-өзін құрметтеген елдің көрінісі.
Бізде ше? Қазақта бәрі де бар, бәрі де жоқ!
Әкет, тасы, үйлен, құрт, жой, қызығына бат! Кім қолыңнан қағар екен?! Жалаңаш құйрығыңмен тақырға отырған соң ес жиғаның кімге керек?..
***
Өткен ғасырдың 70-жылдары ноғайдан Қадырия Темірбулатова деген ақын қыз шықты. Аса талантты. Өзі де көрікті, жарқырап туған ару еді. Москвада екі кітабы үсті-үстіне жарық көріп, дүйім елді аузына қаратқан. Әттең… Алыс құрлыққа, Дүниежүзі жастарының фестиваліне аттанғалы жатқанда қапияда қаза болды. Қалай дейсіз ғой? Түн ішінде Мақашқаладағы үйінің есік-терезесін бітеп, тірілей өртеп жіберді. Куә да, кінәлі де жоқ. Тым-тырыс қалды… Кетті-ау, менің ноғайым!
***
Москвада бір түрікмен жігітпен әңгімелесіп қалдым. Ұзын бойлы, көрікті. Ата сақалды бұлар иегіне оздырмай тамақтан қояды. Бәрі-бәрі бойына жарасып тұрды. Кәсіпкер екен. Сөзіміз үйлесіп жүре берді.
– Сен бізге жиен болғанмен, тегің қазақ қой, – деп әңгіме бастады. – Бос сөзге үйір халық екенсіңдер.
Бұлардың уәдешіл, мәрт, ешкімді сатпайтын ел екенін білсем де, шамданып қалдым.
– Дәлелмен сөйле.
– Айтайын, – деді нағашым. – Кешегі 2000 жылдары бір қазақ азаматымен бірігіп бизнес жасадым. Қолымыз жүріп берді. Табыс түсіп жатты. Бір принципті мәселеге келгенде екеуміздің ойымыз екіге жарылып, ерегістік те қалдық. Дау қызған сәтте қазағым «Мен сені өлтірем. Қаныңды ішем!» десін. Шошып кеттім. «Өлтір!» деп қарсы алдына тұра қалдым. Жоқ, өлтірер емес. Мен тосып тұрмын. Кейін сабасына түскен соң сұрадым. «Неге айтқаныңды орындамадың?» – деп. «Е, жай сені қорқытайын деп айтқанмын», – деп қарап тұр. Сосын қой, мынау маған жолдас болмайды екен деп іргемді аулақ салдым.
– Неге?
– Түрікмендер текке сөйлемейді. Қастасқан дұшпанын өлтірем деді ме – өлтіруі тиіс. Оны істемесе ез деген ат алады. Ешкім оны адам қатарына қоспайды. Санаттан шығарады. Тіпті өз ажалы да сол өз сөзінен келуі ғажап емес. Солай, жиен! Сөзге сақ болу керек.
Үнсіз мойындадым.
***
Мақашқалада (Дағыстан) ноғай ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі Сражаддин Батыров деген азамат өтті. Жігіттің төресі еді. Өзі әнші, биші әрі ақын. Алматыға келген сапарында танысып, достасып ек.
– Ноғайдың басына нәубет орнады. Санымыз санаулы, бар-жоғы алпыс мың ек. Оның өзі төрт аймақта шашырап жүр. Минвода қаласынан күніне он бес минут ноғай тілінде хабар беріледі. Мектеп жоққа тән. Тіліміз шұбар ала. Қыздарымыз кім көрінгенге тиіп кетіп жатыр. Түбіміз бір, тегіміз ортақ, бізді Қазақстанға қосып алсаңдаршы. Құрып бітуге айналдық қой. Жатқа жайған құшақтарың бізге келгенде қусырылып қалатыны несі? Бір туған қазағым-ау…
Жылап отыр екен. Жұбатар сөз таба алмадым.
***
Ғайса пайғамбар: «Мен өлген адамға дем салып, жан кіргізген кезім болған. Бірақ Құдай топас ғып жаратқан адамның ешқайсысына ақыл кіргізе алмадым», – деген.
***
Қазірде тасқа емес, оқыған топасқа сүрінетін болдық.
***
Есі бар ел есуасын да түгендейді. Біз қай есепте жүр екенбіз?
***
Бәрі бай-бағланның қолында, ал сенде қара бақыр да болмаса, ол елді Отаным деп есептеуге бола ма?..
***
Халық ақшаның тілін білгенмен, адамның тілін білмейтіндерден шаршады.
***
Ұят – біреу. Бет – екеу. Қалай жеткізерсің.
***
Ұят адаммен бірге туып, бұрын өледі.
***
Ұят – тауар емес. Бірақ дефицит!
***
Көр қазған мен бас жазғанның сауабы бірдей.
***
«Қазақ байыса, қатын алады» деуші еді. Қазіргі жаңа қазақтар қатынды «движимый» деп есептеп, недвижимость алып алды.
***
Әрі қарап жылап, бері қарап күліп қашанға дейін жүрер екенбіз?!
***
Ал да қаш деген ұлттық ойын қызып тұр. Мәресі мен сөресі көрінбейді.
***
«Ай шалқасынан туса, күн салқын болады» деп жорып, «Мә, саған!» деп қолындағы таяғын соған қарай лақтыратын аңқау шалдардың ұрпағы ек. Заман – түлкі. Біз кім болып шалар екенбіз?!
***
Ит ине жеп өледі, бөрі оқ жеп өледі, ашқарақ бизнесмен кредит жеп өледі.
***
Мысық май тауып алса, қайда барып жерін білмей жүгіретін. Кей министрліктегі клерктер де сол – таңертеңнен кешке дейін қолдарына екі-үш бет қағазды ұстап алып, әр кабинетке бір кіріп, жұмыс күнін аяқтайды.
Арал, суреттің айналасын кесерсің. Төменгі жағында біраз бос жер бар. Содан кейін үкейтерсің.
***
Құтылғанмен застойдан, құтылмадық ас-тойдан.
***
Ертеңгі жер құйрықтан бүгінгі өкпені тәтті көріп жүрміз.
***
Өңкей чиновниктермен, көзін шел басқан байшыкештермен, құл-құтанмен, сұрқай базаршылармен қай қақпаға барып тірелер екенбіз?!
***
Шындықтың да бақыт сияқты кеш келетіні-ай!
***
Табынып та, таңырқап та болдым. Өз еркім өзіме тисін. Рұқсат етіңіздер.
***
Ұстазға табына берсең мәңгірт боп қалу қиын емес.
***
Ой азаттығын аңсап ем, алдым – жар, артым өрт екен.
***
Ақсақал адам домбырамен нақыл термені төгіп отыр.
– Біріншіде не жаман…
– Екіншіде не жаман…
– Үшіншіде не жаман…
– Қойшы, көке, шаршадым, – дедім. – Жүрегім айниды.
***
Мал бағып, мақал шығарып жүргенде көп жаңалықтан көз жазып қалыппыз.
***
Қазақтың қайғысы қарны тойған жерде қалады.
***
Жолбарыс көрсең құйрығынан ұстап айырылма. Айырылсаң өзіңді жарып тастайды… Жарылып, жайрап қалғандар аз ба?
***
Мені біреулер мінезсіз дейді. Мінез деген айналайын ғой. Мінезі жоқтардан қорқу керек. Олар жол таңдамайды, жағдай таңдайды.
***
Қазақстанның қорасы ашық-тесік жатыр. Кім көрінген кіріп-шығуда. Даусы жуан бір төбетті байлап қояр ма еді?!
***
1989 жылы «Дүние ғайып» деген повесть жаздым. Сібірді жайлаған эскимостардың өмірінен. Басты кейіпкерім – Айнан мен Емрон. Қақаған қыс іші. Алатаңмен жолға шығып, екі селоның ортасында адасады. Шанаға жеккендері жеті ит. Топ бастаушы ақ ит. Әбден тарыққан сәтте төбелерінен самолет ұшады. Бұлар «құтқар, алып кет» деп айқайлап жүгіреді. Қарайды ма? Ақыры ақ ит өліп, жетек басына қызыл ит келеді. Ол тіптен адастырады. Айнан мен Емрон төбелесіп жатады…
Оқиғаның бәрін тізіп қайтемін. Кеңес дәуірінің қырағы көзінен осы повестің қалай өтіп кеткеніне таңмын. Сол жазылған жылы «Жалын» журналына жарияланған. Ақ, қызыл ит деп нені меңзегенім түсінікті. Айнан, Емрон – халық. Адасып жүр. Ал көкте кетіп бара жатқан самолет Орталық комитеттің саяси бюро мүшелері еді ғой. Ойбай қаққан халыққа артындағы қызыл шамын көрсетіп кететін, яғни қолын шығарып бара жатты.
Бір кеште атақты ақын Темірхан Медетбеков кездесіп:
– Әбіш ағаң (Кекілбаев) повесіңді оқыпты, мақтады. «Талантты жігіт қой, сақ болсын, айта бар» деді, – деп сәлемін жеткізді. Ішім қылп ете түсті. Сұңғыла ғой, астарын сезген екен. Ол кезде аға Қонаевтың қарауында сектор меңгерушісі.
Өзгелер оқымады иә көзге ұрып тұрған саяси жүйеге қарсылықты жай қарсылық емес-ау, дұшпандық сөзді түсінбеді. Әйтпесе журналдың бас редакторы Мұхтар Шахановқа да, оны жазған маған да бір сойқан әзір еді. Жай сойқан емес, саяси диссидент боп кете барар ма едім, кім білсін?!
***
Көп адам мені түсінбеді. Мен де түсінікті болуға тырыспадым. Кінә өзімнен шығар. Бірақ бұ қазаққа тым түсінікті болсаң да қиын. Қойныңнан кіреді, қонышыңнан шығады. Өзіміз ғой деп құртады. Арқаңнан тарсылдатып қаққанда көзің шығып кете жаздайды. Одан да өзге боп жүрген тыныш…