Америкалық сарапшы ковидті ненің тез жоятынын айтты
ВАШИНГТОН. 24 сәуір. Америкалық сарапшы коронавирусты қалай тез құртып жіберуге болатыны жайында әңгімелеп берді. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
АҚШ ішкі қауіпсіздік министрінің ғылым және технологиялар жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы Уильям Брайан бейсенбі күні Ақ үйде сөйлеген сөзінде жоғары температура мен ылғалдың, сондай-ақ тікелей күннен түсетін өткір сәуленің жаңа коронавирустың инфекциясын ауада да, басқа кеңістіктерде де жойып жібере алатынын баяндады. Ол осыған байланысты АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігі жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесін ұсынды.
«Біздің бүгінгі күнгі ең бір таң қаларлық бақылауымыз күннен тікелей түскен сәуленің вирусқа ауада да, басқа кеңістікте де қатты әсер етіп, оның жойылып кетуіне апарып соқтыратынын білуден туындап отыр. Мұндай әсерді біз жоғары температура мен ылғалдан да көре аламыз. Олардың көптігі вирусты құртып жібереді», – деп атап өтті Брайан.
Оның айтуынша, күннің тікелей келіп түскен сәулесінің қызуы Цельсий бойынша 21-24 градус аралығында болуы мен ылғалдықтың 80 пайызға жеткен жағдайында жоғары кеңістіктегі вирус екі минуттан кейін құри бастайды. Сонымен бірге, ол ауада тұрса күн сәулесі түскеннен кейін бір жарым минуттан кейін-ақ бүлінуге көшеді.