Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Ресей полицейлері ирандық студенттерді сабап, екі ел арасына от салды (видео)

ҚАЗАН. 24 қараша. РФ полицейлері Қазанда оқып жатқан Иранның екі студентін аяусыз ұрып-соғып, Иран мен Ресейдің арасында жанжал тудырды. Бұл туралы Sota ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Осылайша орыс тәртіп сақшыларының алаңғасарлығы мен қатыгездігі салдарынан ойламаған жерден халықаралық деңгейдегі дау көтерілді.

Иранның РФ-дағы бас консулдығы көп күттірген жоқ, бірден Ресей тарапына наразылық нотасын жолдап, полицияның әрекетін түсіндіруді талап етті.

Сөйтіп, Ресей Украинамен соғыста Кремльге қару-жарақпен ұдайы көмектесіп келе жатқан басты одақтасымен араздыққа түсіп қалды.

Оқиға 22 қараша күні Қазан қаласында оқып жатқан ирандық студенттерге қатысты орын алған.

Sota-ның хабарлауынша, Қазан федералды университетінің сыртқы байланыс департаменті жанына елде болу рұқсатын ұзарту үшін келіп тұрған шетелдік студенттер бүлік шығарған. Олар департамент жұмысының берекесіздігінен сол жерде ұзыннан ұзақ кезек пайда болғанына наразылық білдірген. Мұның ақырында Иранның 20 және 23 жастағы екі студенті жанындағылармен жаға ұстасып қалған.

Оқиға орнына шақырылған полиция қызметкерлері екі иранндықты жабылып сабайды. Оның кадрлары артынша әлеуметтік желіде жарияланды. Олардан күштік құрылым сарбаздарының студенттерді жерге жатқызып қойып, дөңбекпен соққылап жатқанын көруге болады.

Иранның ISNA агенттігі полицейлердің әрекетін «адамгершіліктен ада және кәсібиліктен жұрдай» деп атады. Сонымен бірге ирандық студенттердің қамауға алынғандарын да анықтады.

Кейінірек олардың қамаудан босатылғаны белгілі болды. Бірақ бәрібір сосын соттың алдына барады.

Иранның РФ-дағы елшісі Казем Жалали ресейлік полицейлердің әрекеттерін өрескіл дөрекі қимыл санап, оларды жазалауды талап етті. Оның айтуынша, Иран тарапы бұл мәселені «барынша жіті назар аудару» сипатында қолға алып отыр. Демек, аяқсыз қалдырмайды.

Өз кезегінде басқа студенттер ресейлік күштік құрылымдардың әрекетінен зардап шеккен отандастарын қолдау митингісіне шықты.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button