Қазақстан прокуратурасы Z, V нышандарына тыйым салуды ұсынып отыр
АСТАНА. 5 тамыз. Қазақстан билігі Украинға басып кірген РФ армиясы қолданатын «Z» және «V» атты «этносаясиландырылған символикалы» тауарларды елге кіргізуге тыйым салу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралыThe Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Республика кәсіпкерлерінің «Атамекен» ұлттық палатасына сілтеме жасаған Nur.kz хабарлағандай, тыйымға «Вагнер» секілді жеке әскери компаниялардың атрибутикалары да ұшырауы ықтимал.
Семей қалалық прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры Қуат Бапинов Украинадағы соғыстың фонында «әртүрлі ұлттардың жекелеген өкілдері» кейінгі кездері «әртүрлі этникалық символикаларды» тағып жүруді әдетке айналдырып алғанын алға тартады. Киімдерде, көліктерде және ойыншықтарда «Z» және «V» нышандары, «Армия России» және «Вежливые люди» деген жазулар жиі көріне бастаған. Мұның өзі «қоғамда үзілді-кесілді қарсылық» туғызып жатыр.
Елдің бас прокуратурасы үкіметке «басқа мемлекеттің егемендігі мен саяси тәртібіне қарсы жүргізіліп жатқан қарулы қақтығыстар мен зорлық-зомбылық әрекеттері кезінде пайдаланылып жүрген» белгілер жапсырылған тауарларды дайындауға, сақтауға, әкелуге, тасымалдауға және таратуға низам жүзінде тыйым салатын заңнама енгізуге ұсыныс жасады. Тыйымды бұзушыларды әкімгершілік жауапкершілікке тарту ұсынылады.
Билік сондай-ақ кәсіпкерлерге «этносаясиландырылған бағыттағы» өнімдерді саудадан уақытша ала тұруды сұрайды. Ал сауда алаңдарын жалға берушілерге жалға алушылар тауарларын ұдайы тексеріп тұру тапсырылады.
Бұдан алдын Латвия бұқаралық іс-шараларда «Z» және «V» қаріптерін пайдалануға тыйым салған болатын. Ал Қазақстан одан да ары кеткелі тұр.
Астана бұған дейін Украинадағы соғысты бейбіт жолмен аяқтау жөнінде бірнеше рет инициатива көтерген еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев украин елінің территориялық тұтастығын сақтаудың маңыздылығына қайта-қайта назар аударып келеді.