ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы рекордтық деңгейде өсіп отыр

АСТАНА. 7 сәуір. Қазақ елінде адамдардан күтілетін өмір сүру ұзақтығы мерзімі тарихи ең жоғары деңгейге жетті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

«1991 жылдан бастап 2025 жылды қоса алғандағы кезеңдегі демографиялық деректерді талдау халықтың өмір сүру сапасы мен денсаулық жағдайында түбегейлі өзгерістер болғанын көрсетеді. Қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы ( КӨҰ) 75,97 жасқа жетіп, тәуелсіз мемлекеттің тарихындағы абсолютті рекордты құрады», – делінген хабарламада.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1991 жылы, КӨҰ орташа көрсеткіші 67,6 жасты (2001 жыл – 65,6, 2011 жыл – 68,98, 2021 жыл – 70,23) құраған. Осылайша, үш жарым онжылдық ішінде ел азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы 8 жылдан астам уақытқа артқан.

Өмір сүру ұзақтығына әсер ететін маңызды факторлардың арасында инфекциялық емес аурулармен (ИЕА) күрес бойынша іске асырылып жатқан шаралар айрықша маңызды рөл алады.

2025 жылы Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа өңірінде инфекциялық емес аурулардан болатын өлімді 25%-ға төмендеткен елдердің алғашқы ондығына енді. Бұл көрсеткіш ДДҰ-ның Еуропалық жұмыс бағдарламасының нысаналы индикаторы болып табылады.

Оң динамика денсаулық сақтау жүйесін дамыту, халықтың өмір сапасын жақсарту және өлімді төмендету бойынша мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айғақтайды.

Қазақстан Үкіметі 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде елдегі күтілетін өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу жөнінде өршіл мақсат қойып отыр.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button