Украина армиясы Бахмутты қоршауға алуға жақын, жау тұзаққа ілікті
КИЕВ. 11 шілде. Украина Қарулы күштері Бахмутты қоршауға алуға жақындады, оның қақпанында ресейлік басқыншылар қалып қойғалы тұр. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Батыс барлауының мәліметтері бойынша, Ресей 30 мыңға жуық жалдамалылары мен солдаттарынан айырылған ең ұзақ созылған әрі ең қантөгісті шайқаста бетбұрыс болатын түрі бар. Жарты жылдық кескілескен соғыста Бахмутты алып, оны толық өзіне қарату үшін түрмелерден әкелінген ондаған мың жалдамалыларды қосып салған ресейлік күштер қатты қылбұраулы қақпанның құрсауында қалып қойғалы тұр.
«Биылғы маусым айында басталған қарсы шабуыл нәтижесінде Украина Қарулы күштері Бахмут төңірегіндегі негізгі биіктердің бәрін өзінің бақылауына алды», – деп баяндады Украина Қорғаныс министрінің орынбасары Ганна Маляр. Оның айтуынша, майдан даласынан кетіп қалған «Вагнер» ЖӘК жасақтары Ресей қорғаныс министрлігіне өткізген қала қақпаларының бәрі қазір украин армиясының бақылауына көшкен.
«Украин күштері соңғы аптада Бахмут бағытында 4 шаршы шақырым территорияны босатып, қарсы шабуыл басталғалы бері азат етілген аумақты 24 шаршы шақырымға жеткізді», – деп жазады Американың соғысты зерттеу институты (ISW).
«Украин әскерлері шабуылдарының табысты болғанын олардың Бахмутта орналасқан ресейлік күштерді қоршауға алуға жақындап қалғаны да көрсетеді», – деп атап өтеді ISW сарапшылары.
«Жау тұзаққа түсіп қалды», – деп мәлімдеді 10 шілде күні Украина Қарулы күштері жаяу әскерлерінің қолбасшысы Олександр Сырский. Оның айтуынша, орыс армиясының позициясы оқтың астына алынады, сол кезде олар тұрған орындарын тастап қашуға мәжбүр болады.
Британия барлауының мәліметі бойынша, наурыз айынан бері Ресей армиясының шығыны рекордтық көрсеткішке жеткен. Сол уақыттан бері кемінде 18 офицер оққа ұшқан, бұлардың арасында бір генерал, екі полковник және үш подполковник бар.
РФ армиясының басшылығы Бахмут төңірегіндегі нөпір шабуылға төтеп беру үшін мұнда шешендердің «Ахмат» арнайы жасағының бөлімшелерін тастаған. Оларға соңғы уақыттары түрмеден алдап әкелінген қылмыскерлер қосылған. Bloomberg-тің жазуынша, мұндағы РФ басқыншыларының саны 15 мың адамға жуықтайды.