Молдова Польшамен өткен ойында тарихи жеңіске жетіп, сенсация жасады
КИШИНЕВ. 21 маусым. Өткен түнде футболдан Молдова құрамасы өз алаңында Еуро-2024 іріктеу турнирінің топтық матчында Польша командасын қабылдап, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы moldfootball.com дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Молдова құрамасы бұл күні осылай тарихи жеңіске жетіп, сансация жасаумен бірге бірінші таймда 0:2 есебімен ұтылып жатып, келесі таймда жауапсыз үш гол соғып, камбэкке қол жеткізді, яғни жеңіске деген ерік-жігерін көрсетті.
Командалар алаңға мына құрамда шықты:
Молдова – Польша 3:2 (0:2)
Молдова: Донан Райлян, Олег Рябчук, Владислав Бабогло, Виктор Мудрак, Вячеслав Посмак, Кристиан Дрос (Никита Моцпан, 46), Ион Николаеску (Серафим Кожокарь, 85), Виталий Дамашкан (Вирджилиу Постолаки, 46), Максим Кожокару, Артур Крачун, Иоан-Калин Ревенко.
Польша: Войцех Щенсны, Томаш Кендзера, Ян Беднарек, Аркадиуш Милик (Кароль Свидерски, 73), Роберт Левандовски, Себастьян Шиманьски (Кароль Линетти, 83), Якуб Кивер, Дамян Шиманьски, Пшемыслав Франковски (Бартош Берешиньски, 64), Петр Зелиньски, Никола Залевски (Якуб Каминьски, 64).
Голдар: Аркадиуш Милик (13) Роберт Левандовски (34), Ион Николаеску (48, 79), Владислав Бабогло (85).
Ескертулер: Владислав Бабогло (50), Ион Николаеску (80), Донан Райлян (90), Олег Рябчук (90+3).
Кишиневтің «Зимбру» стадионында өткен ойынның брінші таймында қонақтар басым ойнады. Олар 13-минутта есеп ашып кетті. Қақпа алдындағы қарбалас сәтте Аркадиуш Милик бір аяғын тоса қою арқылы допты тордан бір-ақ шығарды. Ал бірінші тайм бітуге оншақты минут қалған уақта Роберт Левадовски айып алаңына кіре беріп, ұрған добын қақпашының дәл жанынан жіберіп, есепті ұлғайтты – 2:0!
Алайда екінші таймда кездесудің кескіні күрт өзгерді, енді алаң иелері тізгінді қолға алып, шабуылды үдетті. Соның бірінде Ион Николаеску айып алаңының сыртынан соққан добын голға айналдыра білді. Ол араға жарты сағаттан сәл аса уақыт салып, таразы басын теңестіріп кетті. Бұл жолы Ион оң қапталдан айып алаңына кірген бойында допты қиялай теуіп, қақпадан саңылау таба қойды. Соңғы гол негізгі мерзім аяқталуға бес минут қалған кезде соғылды. Оны қорғаушы Владислав Бабогло айып алаңы ішінде баспен ұрып түсірді.
Осылайша Молдова құрамасы бұдан бірқатар уақыт бұрын (26 наурыз) Дания құрамасын өз алаңында қабылдап, бірінші таймда тап осылай 0:2 болып ұтылып тұрып, соңында 3:2 есебімен жеңіске жеткен Қазақстан ұлттық командасының жолын ізбе-із қайталап шықты.
Осы ұтыстан кейін 4 ойыннан 5 ұпай жинаған молдовандар Е іріктеу тобында үшінші орынға орналасты. Үш ойыннан 3 ұпайы бар поляктар төртінші сатыға сырғып кетті. Ал бірінші орында 7 ұпайы бар Чехия тұрса, 6 ұпайлы Албания екінші болып келеді. Бұл екі команда да әзірге 3 ойыннан ойнаған.
Матчтан кейін Польша құрамасының португалиялық бас жаттықтырушысы Фернанду Сантуш мұның қалай бұлай болып шыққанын түсіндіре алмайтынын айтты. Ол молдован футболшыларының «үшеу тұрмақ, бір гол салатындай да еңбек сіңірмегенін» атап өтті.
«Шынымды айтсам, не дерімді де білмеймін. Кешіріңіздер, мен не болып кеткенін айтып түсіндіріп бере алмаймын. Бірінші таймда өте жақсы ойнадық, өткір, батыл, жинақы, көптеген мезеттер туғыздық. Біз бұдан да көп гол соға алатын едік. Үзілісте мен ойыншыларға бағытымыз дұрыс екенін айттым, олар екінші таймда да шабуылды осы деңгейде ұстап тұрулары тиіс еді. Бірақ біз ойыннан шығып қалдық, мұның қалай болғанын түсіндіру қиын», – деді ол.
Молдова мамандары мен жанкүйерлері құраманың бұл табысын тарихи жеңіске бағалап жатыр.
«Молдованың жеңісі елдің футбол тарихындағы аса ұлы мезеттердің бірі ретінде тарихқа енеді», – деп жазды NewsMaker.
Ел президенті Майя Санду бүгін азанда құрама команданы Польшамен өткен ойында жеткен тарихи жеңісімен құттықтады. Ол «бүкіл елдің рухын көтеріп тастаған асқақ сезімдері үшін» футболшыларға алғыс айтты.
«Молдова, бүкіл ел бір ұжым болып сынға түскенде сен жеңіске жетесің! Кеше кешке футболдан Молдова құрамасы Польшамен өткен ойында тек табанды еңбектің, соңғы минуттарға дейін жанкешті шайқас жүргізудің арқасында ғана біздің жоғары нәтижелерге жете алатынымызды көрсетті. Бүкіл елдің рухын көтеріп тастаған асқақ сезімдері үшін ұлттық құраманы құттықтаймын. Жаттықтырушы Сергей Клещенко мен құраманың үздік мерген шабуылшысы болған Ион Николаескуді құттықтаймын. Біз сіздерді мақтан етеміз!», – деп жазды президент Facebook парақшасында.
Бұл күні қалған құрамалар арасындағы ойындар мынадай нәтижелер әкелді: Аустрия – Швеция 2:0, Венгрия – Литва 2:0, Шотландия – Грузия 2:0, Норвегия – Кипр 3:1, Болгария – Сербия 1:1, Исландия – Португалия 0:1, Лихтенштейн – Словакия 0:1, Босния және Герцеговина – Люксембург 0:2, Фарер аралдары – Албания 1:3, Эстония – Бельгия 0:3.
Молдова ұлттық командасы Еуропа чемпионаты шеңберіндегі келесі кездесуін басқа құрамалар сияқты енді күзде өткізеді. Ол 10 қыркүйекте Фарер аралдары құрамасымен қарсыластар алаңында ойнайды.
.