Құрама бас бапкері Черчесов қазақша үйреніп қалғанын айтып мақтанды
АЛМАТЫ. 5 қыркүйек. Футболдан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Станислав Черчесов қазақ тілінде айтылған сөздердің мағынасын түсінетінін мәлімдеді. Бұл туралы Lenta.ru ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін футболдан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Станислав Черчесов Норвегиямен болатын матчқа орай баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің көптеген сауалдарына жауап берді.
Мәслихат барысында ресейлік осетин маман қазақ тіліндегі сұрақтарды аудармашысыз түсінетінін, мемлекеттік тілді үйреніп жүргені анық екенін танытты.
«Мен оның не айтқанын түсініп қойдым. Мен тілді үйреніп жүрмін», – деді ресейлік маман баспасөз мәслихатында қазақстандық журналистің өзіне қойған сұрағын аудармақшы болып жатқан тәржімашыны тоқтатып.
2024 жылғы маусымда Черчесов өзіне қазақ тілінде сұрақ қойған журналистке дөрекі жауап қайтарамын деп, басын біраз дауға ұрындырып алған еді. «Неге сен маған қазақша сауал беріп отырсың? Енді мен саған осетинше жауап қайтаруыма бола ма?», – деген сонда 61 жастағы маман.
Станислав Черчесовтың Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушы болып тағайындалғаны 2024 жылғы 3 маусым күні белгілі болды. Бірақ келісімшарттың қанша уақытқа жасалғаны мен қаржылық жағдайлары ашып айтылмады.
Айта кетейік, Қазақстан мен Норвегия арасындағы ойын ертең, 6 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңі аясында өтеді.
Бас жаттықтырушы бұл кездесуге кімдердің шақырылғанын да жариялап қойды.