Болмаса да оңып тұрған мінезім,
Мінездіні ұнатамын мен өзім.
Кейбіреулер көмекейін ашқанша,
Көре қоям мінезінің өңезін.
Әлмисақтан «мінез – адам сауыты»,
Мінез – кейде кесір,
Кейде мақпал, мауыты.
Мінезділер мінсіз емес десек те,
Монтаны көз мінезсіздер қауіпті.
Жайып салған сақараның ғажабын,
Сайып салған Сарыарқаның саз әнін,
Көтермейтін көрінгеннің мазағын –
Қайда менің жылқы мінез қазағым?
Қайда ғажап күйлеріңнің мінезі,
Құсқанатты билеріңнің мінезі?
Кесіп айтқан ер жігіттің мәрттігі,
Кесік айтқан билерімнің мінезі?
Болмаған соң бөрі мінез ірілік,
Неге керек күйбең қаққан тірілік?
Қалмай, сірә, бара ма бұл қазақта
Шалқайғанға – шалқаятын кіділік.
Тексіз емес.
Түп тамырдан текті едім.
Кексіз емес.
Махамбеттей кекті едім.
Бетсіз емес.
Жер қорғаған Жұмабек,
Ел қорғаған Баукеңдердей бетті едім.
Өткелдері көп болса да – өткенің,
Басып тұрып баба мекен көк белін,
Көкбөрілік мінезіңнен ажырап,
Қойдан қоңыр қоңсы болған неткенің?!
Уа, налыман!
Күдерімді үзбеймін.
Тек-қасиет маржандарын тіздеймін.
Кендебайша Кер Құламды жебелеп,
Қазағымның қақ мінезін іздеймін.
Қорғанбек АМАНЖОЛ