Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

«Қытай сайттары қазақ жерінің саудасын қыздыруда». Жер комитеті не дейді?

АСТАНА. 24 мамыр. Қазіргі күндері әлеуметтік желіде қазақ жерінің Қытай порталдары беттерінде саудаға шығып жатқаны жайлы әңгіме гулеп тұр. Бұл туралы Dalanews.kz ақпаратына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Бұған дейін Facebook беттерінде Қазақстанның ауыл шаруашылығына жарамды жерлері Қытай сайттарында кеңінен саудаланып жатқаны хақында ақпарат тарап кеткен еді.

Мәселен, желі белсендісі Ерлан Мазан Қытайдың жер жалдау сайттарында осы ақпаратты көзі шалып қалғанын жазған.

«Ойда жоқта Қытайдағы Жер жалдау сайтына тап болып, таң қалдым. Әлгі Жер кодексі арқылы шетелдіктерге жалға берілмейтін болып шешілген ауылшаруашылық мақсатындағы қазақтың жері сол жерде арзан бағамен ашық саудаға салынып жатыр. Бұл енді барып тұрған бассыздық қой!», – деп жазды ол ашу-ызамен.

Бұдан кейін бұл мәселе жұртшылық назарына ілініп, қызу тадлқылауға түсіп кеткен еді.

Ал Dalanews.kz аталмыш ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер комитетіне сауал жолдайды.

Іле-шала комитет төрағасы Мұрат Теміржанов желідегі жұртқа жауап қатып, аталған ақпараттың жалған екенін мәлімдейді.

«Жер кодексінің 24-бабының талаптарына сәйкес, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайды, яғни ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн шетелдіктерге беруге қатаң тыйым салынғанын атап өтеміз.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке және жер пайдалану құқығымен беруге жол берілмейді.

Әлеуметтік желіде жарияланған Қытай елінің сайтындағы Қазақстан аумағындағы жерлердің сатылатындығы туралы ақпарат жалған екендігін мәлімдейміз», – деп баяндайды ол.

Комитет басшысының атап өткеніндей аталған заң нормаларын бұзу деректері анықталған жағдайда оларға жол берген субъектілер заңнама талаптарына сәйкес жауапқа тартылады. Бұл мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігінің тұрақты бақылауында тұрған көрінеді.

Айта кетелік, атышулы жазбаға пікір білдірген танымал саясаткер Мұхтар Тайжан да өз сөзінде заңға сүйенген еді. «Заңда бұндай мүмкіндік жоқ» деді Жер кодексінің 24-ші бабына сілтеме жасаған ол.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button