Таным

ЧИТАДАН ЧКАЛОВҚА САПАР

«Дегдар» атты деректі-көркем хикаят жазылып бітті. Ол бұдан бұрын «Ана тілі» газеті бетінде жарық көрген «Нағыз адам туралы аңыз» атты эссенің көлемді туындыға айналған нұсқасы болып шықты. Біз бүгін өткен жылы туғанына жүз жыл толған толымды тұлға Бердалы Кенжебаев туралы сол фолианттың бір тарауын оқырман қауымға ұсынғанды жөн көрдік.

Серік ПІРНАЗАР

1941 жылғы 5 шілде, сенбі күні сәске түс әлетінде Ясная кентінен келіп, Чита станциясында пойызға отырған кезінде құдды бір туған еліне, өскен жеріне беттеп бара жатқандай Бердалының жүрегі алабөтен дүрсілдеп кетті. Мұның не екенін өзі де көпке дейін түсіне алмады. Соңынан бағыт ұстап бара жатқан қаласы Чкаловтың өзі бала күнінен атын жаттап өскен Орынбор екені, бұл шырайлы шаһарда ата-бабалары аттары тұяғының іздері, өздерінің өшпес күндерінің кестесі қалғаны ойына оралды. Солайша өрекпіген көңіл біразға дейін басылмады.

Әскери бөлімнен берілген жолдаманың негізінде бірге шыққан үш жігіт Чита – Куйбышев бағытындағы жолаушылар пойызы плацкарт-вагонының ортаңғы тұсына кеп, қатарласа жайғасты. Бердалы келген бойда осы қуыстағы екі бос сөренің бірін егеленіп алды. Соңынан іркес-тіркес болып кірген екі серіктесі қалған орындарға заттарын қойды. Шыны керек, бұрын бұл екеуін «частіде» көріп жүргенімен, взводтары бөлек болғасын, етене араласа қоймаған еді. Сондықтан олармен осы жерде, ұзақ сапардың басында қайта дұрыстап танысып алуға тура келді. Қаруластарының ересектеуінің номы Семён болса, жас шамасы өзімен қарайлас екіншісінің есімі Афанасий екен. Біріншісі расында да бұл екеуінен біраз, жеті жастай үлкен болып шықты. Өзі осы Чита облысының шығысындағы Сретенск деген қаладан келіпті. Үйде әйелі мен үш баласы қалыпты. Әскерге дейін кентте МТС-тың тракторшысы болып істеген. Ал екіншісі – Афоня оның да арғы жағындағы Амур облысының тумасы екенін айтты. Үйленіп үлгермепті. Амур өзенінің жағасындағы балық совхозында моторлы қайық айдапты. Сонда Бердалы өзінің неге танк училищесінде оқуға таңдап алынғандар қатарынан табылғанын ұққандай болды. Ол әскерге алынар алдында Арал аудандық әскери комиссариатында толтырған анкетасында өзінің моторлы қайықты жүргізе алатынын көрсетіп жазып еді. Міне, гәп қайда! Сөйтіп, өзі үшін бұл жұмбақтың жауабы осылай аяқ астынан шешіле кетті.

Сібірдің жерінің керемет екеніне Бердалының осы жолы көзі жете түсті. Елден Чита өңіріне келе жатқанында да табиғаттың талай таңғажайып көріністеріне тәнті болған еді, бірақ Забайкалье өлкесіне түн ауған шақта жеткесін, өзі география пәні арқылы сырттай таныс Байкал көлін көре алмаған-ды. Енді сол олқылықтың орнын толтырып, әлемдегі ең көне, ең терең және ең таза көлге көңілі көншігенше көз суарып алудың мүмкіндігі туды. Оның айқара ашылған айдыны Боярск деген станциядан бастап, бергі батыс жағалаудағы Колтук деген теміржол бекетіне дейін созылды. Осының өзін пойыз екі сағаттай уақыт жүріп өтті. Бірақ терезеден тысқа қарап отырып алған әсерлері өте зор. Жағасында қарағай мен шырша, балқарағай мен майқарағай, сағызқарағай мен көктерек, қайың мен қарағаш секілді бойлы ағаштар, қаражидек пен көкжидек, қазанақ пен балдыр сияқты бұталар иін тіресе өсіп тұр. Тау жоталарының етегі, жартастардың іргесі жасыл шалғынға малынған.

Кейін, әскерден босап, елге келген кезінде Байкал көлі жайлы деректерді арнайы іздестіріп, ыждағаттап оқығаны бар. Сонда көңілге тоқығаны төрт құбыласы жағынан да тау сілемдері қоршаған кенерелі көлдің түстіктен теріскейге қарай созылатын ұзындығы 636 шақырымға жетсе, шығыстан батысқа қарай жайылатын ені 80 шақырымға баратыны болды. Оның ауданына Бельгия секілді жер көлемі бар мемлекет емін-еркін сыйып кетеді. Көлдің алпарына 30 арал орналасқан. Бұлардың ішіндегі ең ірісі де, ең көп аңызға арқау болғаны да Ольхон екен. Жалпы, Байкалдың аумағына 336 өзен келіп құятын болса, өзінен жалғыз Анкара бөлініп шығады. «Айнадай сәуле беріп жарқыраған» айдыны 31 470 шаршы шақырымды құрайды. Ең терең тұсы – 1 637 метрге тең, орта тереңдігі – 730 метр. Әрине, көлдің ең басты ғажайып байлығы – оның таза, мөлдір, оттегіге толы суы. Қырық метрге дейінгі тереңдік көзге көрініп тұрады. Оның кез келген жерінен ожаумен шарпып алып, іше беруге болады. Сонымен бірге, есте жоқ ескі замандардың дүрмегінен бері жұрт көлдің арасаны мол тұщы суының шипалық қасиетін емдік мақсатта да пайдаланып келеді. Бір ғажабы, Байкалды мекен ететін балықтардың басым көпшілігі Сырдария мен Арал теңізі акваториясына бөтен болмай шықты. Мысалы, онда бекіре тұқымдас, нәлім тұқымдас балықтар, шортан, ақсерке, тұқы, алабұға, жайын көп екені жаңалық сияқты болып естілер еді.

Сулы жерінен гөрі шөлейт сахарасы басым, бау-бағынан гөрі құмды даласы басым жерде туып-өскен Бердалы жаратылыстың мұнда көрсеткен осыншалықты жомарттығына таң қалып, бас шайқап біраз отырды. Әлгіндегі Колтук деген станция атауының түркінің «қолтық» деген сөзінен шыққанына да еш шүбәсі болған жоқ. «Қолтық» сөзінің екі түрлі мағынасы бар. Оның бірі адамның қолы мен иығы түйісер жердің астыңғы жағын меңзесе, екіншісі көл мен теңіздің құрлыққа ендеп кіріп жатқан тұсын білдіреді. Мұның негізінен «шығанақ» деген баламасы көбірек қолданылады. Ол орысша «залив» деп аталады. Демек, сол елді мекен тұрған жерде Байкал көлінің бір шығанағы болуға тиіс. Бұған қоса, бұл маңайда Байкал мен Қолтықтан басқа да этимологиясы түркілік жер атаулары бар шығар. Әрине, сол кезде ол бұл өлкенің VI-VIII ғасырларда Ұлы Түрік қағанатының қол астына қарағанын, өз ата-бабалары туын тіккен дала империясының аумағы батысында Азау теңізі жағалауынан шығысында Жапон теңізіне шекті созылып жатқанын, ертедегі көк түріктер қағанатының Манчжур, Моңғолия, Алтай, Шығыс Түркістан, Батыс Түркістан, Орталық Азия, Солтүстік Кавказ және Кубань деп аталатын ұлан-ғайыр атырапқа егелік еткенін біле қоймады. Бірақ жалпы адамзат мәдениетінің көшіндегі көшпелі түркілер үшін табиғаттың алатын орны ерекше болғанын, олардың өздерін осы қоршаған ортамен бірге санағандарын, сондықтан барлық аң-құс, жан-жануарлар секілді өсімдіктер мен ағаштар әлемін де қатты құрмет тұтқанын тіпті бала жасынан жақсы естіп өсіп еді. Расында табиғат тінімен біте қайнасқан түркілердің салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, дүние танымы сол төңіректен туындап жатты. Олар табиғатты тәңір жаратты деп есептеп, жаратушының төл тумасына балады, сондықтан оған деген құрмет ерекше болуы керек деп түсінді.

Алайда, табиғаттың бермесін «тартып» алғысы келетін нағыз атайман жабайылар – осы кезгі ұғыммен айтсақ, варварлар – көшпелілер емес, өздері кешіп-піскендей, өркениет өркенін әкелуші болып жүрген кейінгі толқындағы өктемдердің өздері болып шықты. Мұны алдыңғы қатарлы топ арасындағы озық ойлылардың көпшілігі көп ұзамай мойындай бастады. Мысалы, XIX ғасырда өмір сүрген америкалық философ, жазушы Генри Дэвид Торо өзінің «Уолден, немесе Ормандағы өмір» деген кітабында: «Біздің фермерлеріміз тым болмаса, ағаштың бір бөлігін кесерлері алдында қасиетті тоғайдың арасын сиретуге тура келген кезде оның қандай құдайға арналғанына сеніп, түбіне жарық түсіретін ежелгі римдіктер тәрізді қорқынышты сезімді бастан кешетін болса, қандай жақсы болар еді», – деп қапаланып жазды. Осыдан да көп нәрсені пайымдауға болады. Ал түркілер мұндай пиғылды көне гректер мен римдіктерден де бұрын өз бойларына қалыптастырып еді…

Жұрт әдетте өсімдік әлемін өзінің ілімі мен тәжірибесіне қарай бірнеше топқа бөледі. Шамасы, белгілі ғалым-геолог және фантаст-жазушы Владимир Обручев Байкал көлінің ортасындағы Ольхон аралының таулы қыратты ашық алаңында тұрған пәйтінде: «барынша биік төбелер үстінің оң жағы мен сол жағында Сібір ормандарының әміршілері – тәкаббар самырсындар тұрады; олардың тақтарынан төмендегі етектеріне сабырлы күзетшілері – шыршалар мен қарағайлар орналасқан; одан әріге келгендерге бас шұлғып, қол бұлғап тұратын қызметшілер – сыбдырлаушы қалың жапырақты қайыңдар мен көк теректер қатар жайғасады, ал ең пәсте қарапайым халықтың қалың тобыры – қандыағаштар сап түзеді. Жасыл шөптің кілемі жерді жауып жатады, алайда, кінәз орындықтары арасында кең тепкішектері көк теңіздің өзіне дейін немесе тіпті теңіздің төріне дейін дерлік алып баратын алып баспалдақтар жатыр» деп атап көрсеткенде, осындай көңіл күй келесіне кезіксе керек.

Негізі, бұлардың көбі жай ғана дарақ емес, емдік-шипалық қасиеттерге де тұнған биік өскіндер екен. Атақты саяхатшы һәм ғалым, академик Петр Симон-Паллас 1785 жылы шығарған «Ресей мемлекеті өсімдіктерінің сипаты» деген еңбегінде: «Сібірдегі біздің барлық өнеркәсіпшілеріміз бен теңіз саяхатшыларымыз бұтақтарының аяққы жағынан жинап алынған жас қарағай мен балқарағайдың ұшар бастары қырқұлақ ауруына қарсы ең үздік ем екендігі, одан бальзам жасауға болатыны, кез келген емдеу ғылымында қырқұлақ ауруының осыдан артық шипасы болмайтыны айтылады. Осындағы қарағайдың ұштары Ресей мемлекетінен шетелдік дәріханаларға көптеп әкетіліп жатыр», – деп тәкпір етті.

Айтқандай, сөз етіліп отырған ағаштар бұтақтарының ұшар бастарын сатып алып, әкетіп жатқан Еуропа саудагерлері қарағайдың шынында адамдарға керемет әсер ететінін кейін жыр ғып айта бастады. Мәселен, француз саяхатшысы Жак Картье бірде жанына 110 адамды ертіп алып, Ньюфаудлендке екінші мәрте саяхат жасайды. Бірақ барған бойлары әлгілердің ішінен тура 100 адам аяқ астынан цингамен, яғни қырқұлақпен ауырып қалады. Қатерлі кесел бұларды жандарын жегідей жейді. Сол кезде оларға бір құшнаш үндіс келіп, экспедиция мүшелеріне дәрі ретінде қарағай қылқанының инесінен жасалған тұнбаны ішу жөнінде кеңес береді. Басқа амалдары қалмаған қонақтар ұсынысқа келіседі. Ал қылқан тұнбасы шын мәнінде ғажайып болып шықты, оны қолданған кісілер бірнеше күннен кейін сырқаттарынан құлан-таза айығып кетеді. Бұған қатты қайран қалған Жак Картье сол сәтте: «Міне, саған өмір дарағы!» деп қуана айқайлап жібереді. Осылайша, сонау 1535 жылдың өзінде-ақ қарағай қылқанының инелерінде дәруменнің алуан түрі шоғырланып қалғаны аян болады. Қазір оның медициналық тұрғыда құнды табиғи шикізат болып табылатыны толық дәлелденіп бітті.

Қарағайды әспеттеу, оны адамның образымен байланыстыру көптеген халықтарда ежелден кездеседі. Айталық, қазақта «Қарағайдың қарсы біткен бұтағы» деген тіркес бар. Бұл фразеология айтқанынан қайтпайтын бірбеткей, өжет, қайсар, қағидатшыл, батыл, турашыл, сонымен бірге мінезі шатақ, қырсық, қыңыр адамға қарата айтылады. Ал Асан қайғының жыры болып төгілетін «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» деген жолдар жер бетін топан су басып, айнала түгел телегей теңізге айналып кететін ақырзаманның көрінісін көз алдына келтіреді. Қарағайдың рухын көтермелейтін шумақтар Михаил Лермонтовта да ұшырасады. Дегенмен, «На севере диком стоит одиноко…» деп аталатын бұл өлең немістің романтик ақыны Генрих Гейненің туындысы болып табылады. Орыс ақыны тек оны аудара отырып, өз жанынан ойларын қосқан. Жыр шектен тыс көкірек қарағайдың ақыры ешкімге керек болмай, жалғыз қалғанын тақырыптың өзегі етеді.

Байкалдың өн бойынан өтіп бара жатқан кезінде Бердалының есіне кенет осыдан жарты ай бұрын әскери бөлімдегі прапорщик Бадма Зориктуев айтқан тәмсіл түсе кетті. Онда Номгон ныспылы ұзын бойлы, сымбатты жылқышы туралы сөз болады. Жас жігіт суару үшін табынын көбіне-көп Байкалға алып барады. Суатқа келген бойда жылқылар көлдің тап-таза мөлдір суынан сораптап ішіп, бастарын бұлғаңдатып шайқап, құйрықтарын ұрысып, рахаттанып тұрады. Тынымсыз Номгон олардан қалыса қоймай, көлге қойып кетіп, суда жүзіп, сүңгіп, күліп, мәре-сәре болады. Оның қуана сақ-сақ күліп, тау жаңғырықтырған жарқын даусынан көлдегі су перілері шошынып кетіп жүреді.

Бірде перілер өзара кеңесе келіп, Номгонды еліктіріп, өздеріне қызықтырып әкетпек болады. Олар біресе көл жағасындағы майсаға шығып, әуеде қалқып жүргендей кейіпте билейді, біресе бір-бірімен үн қосып, сызылтып ән шырқайды. Тағы бірде ай сәулелі көлдің жүзінде жүзіп, алуан түрлі өнер көрсетеді. Дәл бұлай тек ең керемет деген жүзгіштер ғана әрекет жасай алар еді. Бірақ мұның бәрі де жас бақыршы жігітті еш еліктіре алмайды.

Бұған ұнжырғалары түсіп, қатты қайғырған су перілері сосын бірінен кейін бірі көл түбіне батып кетіп, жатып алады. Олардың тек күрсінген демдерінің лептері мен дыбыстары ғана бері жетіп жатады. Мұның бәрі су перілерінің әрекеттері адамдарды еш уақытта қызықтыра алмайтынын білдіретін тәлім еді.

Бірақ Номгонға басқа қыздардан да артық ынтық болған бір пері одан оңайлықпен айырылыса қойғысы келмейді. Ол сосын күн сайын судан шығып, жылқышы жігітті білдірмей аңдуға көшеді, қайда барса да, қыр соңынан қалмайды. Сөйтіп жүргенінде су перісінің шашы күнге күйіп, алтын түске боялып шыға келеді. Ызғар есіп тұратын салқын жүзі де жылиды. Алайда, Номгон өзгерістердің ешбірін байқай қоймайды.

Рас, ол кейде жан-жағынан естіліп қалатын әртүрлі дыбыстарға, ағаштың сыбдыры мен қызға ұқсайтын қою тұманның өзіне қол ұсынатынына алаңдап, таңданып қараушы еді. Сонда да елікпеген ол аттарын алдына салып қуып бара жатып, өзіне тән ашық-жарқын үнмен жота жаңғырықтыра күліп жүре берді. Бұдан қатты қорқып кететін су перісі сонда бір шетте тұрып қалатын.

Ол соңғы рет түнде алау от жағып отырған Номгонға жақын жерге келіп, оған бірнеше рет сыбырлай үн қатып, өзіне қаратпақшы болды. Сол үшін ән де салды, қол бұлғап та шақырды. Бірақ жігіт селт етпеді. Мұның орнына тағы да үйреншікті әдетімен жерді дүр сілкіндіре күліп алды. Ал Номгон орнынан тұрып, өзіне жақындап келе жатқанда, су перісі кенет таңғы шапақтың сәулесі ұшында еріп кетті де, аяқ астынан буряттар «жарка» деп атайтын суға түсетін киімге айналып шыға келеді…»

Байқаған адамға бұл аңыздың астарында да ұлан-ғайыр сыр мен тәлімді тәрбие жатыр.

***

Бердалы қасындағы екі серігімен бірге вагонға мінген кезде онда, тегі, бос орындар көп сияқты еді, жолай Улан-Удэ, Иркутск, Ангарск, Черемохово деген теміржол бекеттерінен өткеннен кейін мұнда жұрттың жүріп-тұрулары едәуір қиындап қалды. Бірақ, неге екені белгісіз, екі күннен кейін Зима деген шағындау бір станцияға келгенде, жолаушылардың біразы сыпырылып түсті. Олардың орындарына сол жерден оншақты солдат жыпырлай келіп жайғасты. Біраздан кейін олардың кейбірі бұл үшеуімен өздері келіп танысып кетті. Бәрі де соғысқа бара жатқан жаяу әскерлер екен. Топты бастап алып бара жатқан лейтенанттың өзі кіргеннен қызулау сияқты болып көрінді. Пойыз ұзаңқырап біраз жер жүргеннен кейін жол қапшығына қол салып, қолдан ашытылған бір шыны арақты сол бірінші болып шығарды. Сөйтсе, әрбірі дорбаларына бір-екі самогоннан салып алыпты. Бәлки, майдан даласына аттанып бара жатқасын, қобалжыған көңілдерін басқылары келген шығар. Сондықтан не нәрсенің де ақырын күту керек екенін санасында сақтаған Бердалы бұларды кінәлауға асықпады.

Соғысқа бара жатқан солдаттар ұзамай дастархан басына бұл үшеуді де шақырды. Анау екеуі соны күткендей, лып етіп көтеріліп, әлгілердің жандарына жайғаса кетті. Бірақ Бердалы «рахметін» айтып, отырған орнынан қозғалмады. Содан кейін аналар да қайтып мұның мазасын алған жоқ. Дегенмен, бір шетте болса да, араққа бас қойған жауынгерлердің қимыл-әрекеттері денін анадайдан байқап отырды. Сол ішіс бірнеше күн үздіксіз жалғасты. Жолай бірнеше жерден қоржындарын қайта толтырып алып келіп жатты. Соңғы реткісінде бұлар Новосібір қаласының вокзалынан бір дорба ащы су алып қайтты-ау. Бірақ әнтек айтып не керек, олардың бірде-бірімен ұрыс-керісі болмады, қатты сөз шыққан жоқ, көп аса дауыс көтермей, ың-шыңсыз келе жатты. Ал Омбыдан өткен соң өздерін өздері ептеп тәртіпке келтіріп, жинақтала бастағандай сыңай танытты. Сол кездері өзімен бірге келе жатқан қарулас екі жолдасы өз орындарына оралып, ес-түссіз ұйқы ұйығына бас қойды. Содан бері төсектен тұрғандарынан жатқан уақыттары көп…

Өзі ішпейді. Осы уақытқа дейін татып көрмепті. Тіпті отбасын былай қойғанда, күллі ауылда да арақ ішкен исі қазақ баласы болған жоқ. Тек «уральскийлер» арасындағы Павлуша (Павел) мен Жақыптың (Якуб) ғана анда-санда жұтып қоятындары бар-тын. Лекин, бұларын жұртқа білдірмеуге тырысатын. Айында, жылында бір рет қайталанатын жағдай. Діни мерекелері кездерінде. Ал өңге уақытта колхоздағы мұсылман қауымының салтынан шықпайтын. Әкесі де, шешесі де дініне берік, бес уақыт намазын оқыған иманды жандар болғасын, мұндай жаман әдет кейін Қазалыда оқып жүрген кезінде Бердалының ойына кіріп-шықпапты. Бұған оны ұсынып, тықпалаған да жан баласы кезікпепті. Әскер қатарына алынып, ұзақ жолдан соң Читаға келгенінде сол дәстүр жалғасты. Ондағы айға жетер-жетпес аз мерзімде бұған еш сылтау да, себеп те табылмады. Ұзамай соғыс басталып кетіп, балапан – басымен, тұрымтай – тұсымен дейтіндей зауалды заман туды, бүкіл елдің қасіреті әркімнің жеке қайғысына айналды…

***

Осы жол бойында Бердалының есінен кетпес бір оқиға орын алды. Челябинск станциясынан біршама жер ұзап шыққан кездері болуы керек.

Арқасын вагон қабырғасына сүйеп қойып, енді қалғып бара жатыр екен:

– Жас жігіт, сіздің жаныңызда отыра тұруға бола ма? – деген дауыстан оянып кетті.

Көзін сығырайта ашып қарағанында, жас шамасы қырықтан енді аса бастаған жүзі жылы бір кісінің өзіне күлімсірей көрік беріп тұрғанын көрді.

Содан кейін тіктеліп отырып жатып бұл оған:

– Болады. Болады, әрине. Отырыңыз, – деп жөппелдемете жауап беріп, сәл жоғары қарай ығысты.

– Соғысқа жол тарттыңыз ба, солдат?

– Жоқ. Чкалов қаласына қарай шықтық.

Бердалы бір көрген бейтаныс кісіге сапарының сипатын айтып жатуды артық көріп, осымен ғана шектелді. Арғы жақта гуілдеп отырған бір топ жауынгердің майдан даласына бағыт алып бара жатқанын да жасырып қалды.

– Іссапар ма?

– Иә.

Әкесі көп сөздінің кесірге кезігетінін әрдайым айтып отырушы еді. Расында өз ұғымы да көп сөздің көрешегі кем, аз сөздің салмағы ауыр екенін баяғыдан пайымдап қойған. Соның сыңайында көп сөзді адам күнәға ұрынбай тұрмайтынын, өзін ауыздықтап ұстай алатын адамның ақылдан аспайтынын ешқашан жадынан шығарған емес.

– Жөн екен. Мен өзім ұзақ жылдарға созылған «іссапардан» келе жатырмын…

Осыны айтып, жылы жымиып қойған бейтаныс кісі бұл белгісіздікті тез жойғысы келсе керек:

– Димитар Бошков, – деді қолын ұсынып. – Димитар Стоянович Бошков. «Дмитрий» десеңіз де болады. Түбі бессарабиялық болгармын. Лақап атым да бар – Цыган деген. Бірақ цыган жұртына түк қатысым жоқ. Анам арнауттың қызы еді. Арнаут деген – албан ұлтының бір тармағы…

– Бердалы. Бердалы Кенжебаев, – деді бұл сәл көтеріліп барып, оның ұсынған қолын алып жатып.

– Қазақсың ба? Аты-жөнің де, түрің де соны білдіріп тұр, – деді Дмитрий-Цыган. – Ал мен лагерьден босап келемін. Биылғы ақпаннан бері мұндай лагерьлер желісі «ГУЛАГ» деп атала бастады…

Бейтаныс кісінің бір көрген адамына осыншалықты ашылып әңгіме айтып жатқаны, шынына келгенде, жас та болса, Бердалыны таң қалдырды.

Ал анау сөзін тоқтатар емес, бұдан әрі:

– Біздің лагерьде, Воркутада қазақтар көп болды, – деп қайта жалғастырды. – Көбі саяси тұтқындар еді. Іштерінде ғалымдар, инженерлер, дәрігерлер бар-тын. Керемет ұйымшыл, талапшыл болғасын, олармен лагерьдің басшылары да санасып тұратын. Менің де олармен қарым-қатынасым жақсы болды. Жаңа жаныңнан өтіп бара жатып, сенің қазақ екеніңді байқағасын, әдейі қасыңа отырдым. Бірақ менің өзім саяси тұтқын болғаным жоқ Қамауға алынғанға дейін Одессадағы бір кәсіпорында бухгалтер болып жұмыс істедім. Сол жерде халық шаруашылығы меншігін талан-таражға салды деген жаламен 1930 жылдың қарашасында сотталып, итжеккенге айдалып кетіп едім, жазамды толық өтеп, қайтып келе жатырмын. Пойызға Челябинскіде отырдым…

Осыны айтқан Димитар кенет кілт тоқтай қалды, бір сәт көзінің ұясын мұң жайлап алғандай болып көрініп кетті.

– Алайда, менің енді барар жер, басар тауым жоқ, – деді ол сөзін құмығыңқы үнмен жалғап. – Мен шыққан қала – Одесса қазір жаудың қолында, әке-шешем мен бірге туған бауырларымнан да хабар алмағалы көп болды. Одессада атышулы Дерибасовкада тұрдық. Бастауын 1897 жылдан алатын әйгілі «Гамбринус» деген сыра бары үйімізге жақын жерде. Жаңағы «Цыган» деген тахаллус маған Одессада жүргенімде таңылды. Куйбышевте немере әпшем жасайды, енді сол жақты дітке алып барамын. Қалғанын бара көремін.

Бердалы мынадай ағынан ақтарылған әңгімеден кейін оған не айтарын білмей, үнсіз отырып қалды.

Әйткенмен, Димитар әрдеңеге үгітіліп сала бермейтін, рухы биік, діңі берік жандар сұрпынан екен, бойын тез жинап алып, манағы жайдары қалпына келе қойды. Сосын ойына әлдене түскен сияқтанып отырды да, баяу дауыспен бір өлең шумағын оқи жөнелді:

– Мы – дети страшных лет России –

Забыть не в силах ничего.

И пусть над нашим смертным ложем

Взовьется с криком воронье…

Сөйтті де, қырынан бұрылып қарап, Бердалыдан:

– Кімнің өлеңі екенін білесің бе? – деп сұрады.

– Жоқ.

– Бұл жарық жалғанның жүзінде 41 жыл ғана өмір кешкен, орыс әдебиетіндегі әйгілі «Күміс ғасыр» дәуірінің белді өкілі, тегі – неміс, өзі орыс ақыны Александр Блоктың өлеңі. Мен осы ақынның шығармашылығын көп зерттеп, оқыған адаммын. Әсіресе, лагерьдегі он бір жыл уақытымда оны тереңірек танығандай болдым. Бұдан бөлек, Михаил Лермонтовты да біраз қопарыстырдым…

Осы жерге келгенде, Бердалы сөзге араласты. Оның бірдеңе айтқысы келіп тұрғанын сезген Башков қалт тоқтай қалып, сұраулы жүзбен мұның бетіне қарады.

– Лермонтовтың қазақшаға аударылған біраз өлеңдері бар. Оны қазақтың бас ақыны Абай тәржімалаған.

– А, білмейді екенмін. Жатқа білетіндерің бар ма?

Бұған басын изеп жауап қатқан Бердалы айтылып отырған ақынның «Жалғыз жалау жалтылдап» деген үш шумақтан тұратын өлеңін заулатып түгел оқып берді.

Жалғыз жалау жалтылдап,

Тұманды теңіз өрінде.

Жат жерде жүр не тандап,

Несі бар туған жерінде?.

 

Ойнақтап, толқып жел гулеп,

Майысар діңгек сықырлап.

Ол жүрген жоқ бақ іздеп,

Қашпайды бақтан бой ұрлап.

 

Астында дария көк майдан,

Үстінде сәуле алтын күн.

Қарашы, өршіл майталман

Тілейді дауыл күні-түн.

– Тамаша! Жақсы екен. Мұның орысшасы қалай аталады?

– «Белеет парус одинокий»…

Осы кезде Бердалының есіне ауылдағы мектептің директоры, өзіне қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстаз Ұзақ Жұбаназаров түсіп кетті. Бұларға Абай мен Ыбырайдың, Сұлтанмахмұт пен Сәбиттің, Пушкин мен Лермонтовтың өлеңдерін қоймай жаттаттырған сол кісі еді. Әдебиеттен берген тағы бір мұғалім Бөріқожа Бөрібаев та көп нәрсеге үйретті.

– Өте керемет туынды. Бұл қай заман болса да, өзінің мағынасын еш жоғалтпайтын өміршең өлең, – деді Димитар сол пәйтте Бердалының кенеттен толқып кеткенін біліп қойғандай. – Байқайсың ба, мазмұны дәл қазіргі біздің уақытымызға да сәйкес келіп тұр ғой. Түйінін тыңдашы: «А он, мятежный, просит бури, как будто в бурях есть покой!» Тура ма? Негізі, Михаил Лермонтовтың өлеңдерінің бәрі күшті. Ал мен оның мына шумақтарын бәрінен де артық көремін. Ақын бұл сұрапыл жырын 1841 жылы ақпанда Кавказға айдалып бара жатқан кезінде жазып қалдырған. Өзі сол жылдың шілдесінде, Кавказда дуэльде опат болады. Ал енді мен меңзеп отырған өлеңді тыңдап көргін:

Прощай, немытая Россия,

Страна рабов, страна господ,

И вы, мундиры голубые,

И ты, им преданный народ.

 

Быть может, за стеной Кавказа

Укроюсь от твоих пашей,

От их всевидящего глаза,

От их всеслышащих ушей.

Осыны оқып болғаннан кейін Димитар тағы аз-кем мезгіл үнсіз қалды. Сосын және Бердалыға қарай бұрылып:

– Қазір де өзгерген ештеңе жоқ. Сол халық, сол ел, сол билік, – деді сәл тұнжырап тұрып. – Мен бұл тұжырымды алғаш рет лагерьде бір оқымысты қазақтың аузынан естіп едім. Оның мамандығы тарихшы болатын…

Сол тұста Бердалы қарны аша бастағанын аңғарып, жол қапшығынан сапар сияпаты есебінде берілген қалбырларын шығара бастады. Оларды үстелше үстіне қойып жатып:

– Тамақтанып алайық, біраз отырып қалыппыз, – деді қонағына жылұшырай қарап.

– Жоқ, сен өзің тамақтанып ал. Мен отыра берем.

– Болмайды. Онда мені ұятқа қалдырасыз. Қазақ бар дәмдісін қонағына сақтаған, ең жақсы тағамдарын қонағының алдына қойған. Біз «Өле жегенше, бөле же» дейтін қазақпыз. «Барымен – базар» дегеніміз де бар. Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді…

Мына уәжден соң серіктесі ұсынысты қабыл алғандай кейіп танытты, бірақ бір-екі қалбырды қапшыққа қайта салғызып қойды. Екеуі он минуттай уақыт үнсіз отырып, жүрек жалғап алғаннан кейін Димитар әңгімені мүлде басқа арнаға түсіріп жіберді.

– Сен ГУЛАГ дегеннің не екенін білесің бе? – деді Димитар естілер-естілмес ақырын дауыспен.

– Жоқ.

– Байқаймын, сырды берік сақтайтын азаматқа ұқсайсың. Ешкімге сөз тасымайсың ғой?

– Жоқ.

Енді Димитар Бошков орнынан жылжып, Бердалының жанына жақын келіп алды да, тағы сыбырлап сөйлей бастады.

– Сенем. Ондай жігітке ұқсамайсың, – деді ол мұның қой көзіне ерекше бір зерттеу жүргізіп отырғандай сынай қарап. Бір жақсысы, дәл сол сәтте бұлардың маңайына жақын отырған да өзге ешкім жоқ еді. – Олай болса, айтылған әңгімелеріміз осы жерде қалсын. Тек менің аузымнан шыққан сөздерді мұқият тыңдап, мына жағыңа (саусағымен самай тұсын көрсетіп қойды) сақтап қал. Ешкімге тіс жарып, бұл жайында айтпа. Жай, сен ақпар алып, біле берсін деп жатырмын… қандай елде тұрып жатқанымызды. Келістік пе?

– Келістік.

– Онда тыңда. Ол – Кеңестер Одағының аумағын алып жатқан орасан зор көлемдегі халықтар түрмесінің жүйесі. Ресми түрде «Түзету-еңбек лагерьлері бас басқармасы» деп аталады, яғни – ГУЛАГ. Бұл желі кеңес өкіметі билік басына келгеннен кейін көп ұзамай, 1919 жылдың 15 сәуірінде құрылды. Оның кімнің инициативасымен құрылғанын білесің бе? Білмейсің, әрине. Мен айтайын: Лениннің! Иә, иә, пролетариат көсемі Владимир Ильич Лениннің…

Мынадай сөзді бұрын ешқашан ешкімнен естіп көрмеген Бердалының көзі атыздай болды. Бірақ мұны байқамағандай реңк танытқан Димитар әңгімесін қайта жалғастыра түседі.

– Дәл сол жылдары халық арасына Ленин туралы халық бір ертегісі тарай бастайды. – дейді ол. – Оларға «ертегі» деген айдар таққан да халық қой. Алайда, ол ертегіден гөрі ләтипа жанрына көбірек ұқсайды. Солардың бірін орыс библиографы Леонид Ильинский 1925 жылдың соңында Владимир губерниясында жұрт аузынан жазып алады. Демек, желі бойынша, «Лениннің азық-түлік салғыртын басқарушы комиссар болып істейтін өте жақын досы болады. Бір жолы жұрт көсемге келіп, жолдасының шаруаларды ылғи ренжітетінін, оның өз тіршілігі де дұрыс емес екенін, халық қазынасына еге болмайтынын айтып шағым жасайды. Мұны естіген Ленин комиссарды шақырып алып: «Достым, мыналардың айтып жүргені не?» деп сұрайды.Ал анау басын салбыратып жіберіп, үндемей тұра береді. Ленин сонда оған: «Сенің шаруа адамына қысым көрсетуге құқың жоқ. Себебі, ол – мемлекеттегі үлкен күш, одан біз ұн аламыз. Олай болса, мен сені өз досым ретінде өзгелерге көрсетіп тұрып жазалауға тиіспін» дейді. Сөйтеді де, Ленин досын қапсыра құшақтап, құшырлана сүйіп алып, қош айтысады. Ал бұрылып кете бергенінде, қасындағы күзетшісіне оны атып тастауды бұйырады… Міне, Ленин қандай! Бір жағы досын сұмдық жақсы көреді, екінші жағынан әділдікті керемет бағалайды». Анекдот осындай мысқылды әжуамен аяқталады.

Әлі ойын жинақтай алмай отырған біздің солдат сол сәтте лагерьден енді босап келе жатқан еркін ойлы ересек кісіге не айтарын білмеді. Сондықтан үндеген жоқ. Бірақ оның сөзін тыңдауды одан әрі жалғастыруға қарсы емес екенін ишарамен білдірді.

– Негізі, Ленин елде лагерь тектес жекелеген мекемелер құруды жаңағы декреттен бұрын-ақ бастап кетіп еді, – деп бұрынғыдан бетер әңгіменің ашығына көшті Димитар. – Атап айтқанда, 1918 жылдың тамызында, Михельсон зауытында әлі өзіне қастандық жасалмай, Каплан деген эсер әйел уланған оқпен атпай тұрған уақытта Совнаркомның басшысы Владимир Ленин Пензаға телеграфпен тапсырма жолдап, онда «құлақтарға, поптарға және ақ гвардияшыларға қарсы аяусыз жаппай террор жүргізу», ал барлық күмәнділерді «қаланың сыртындағы концентрациялық лагерьге жабу» қажет екенін атап өтеді. Айтқандай, кеңес елінде «концлагерь» деген термин Саяси бюро «түзету-еңбек лагері» деген атауды ұсынған 1929 жылдың ақырына дейін қолданылып келді. Ал 1919 жылы Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті (ВЦИК) қабылдаған жаңағы дүлей құжат «Мәжбүрлік жұмыстары лагерьлері туралы» декрет деп аталды. Оларды ұйымдастыру губерниялық ЧК-ларға тапсырылды. Бұл қапас қамалдарда Төтенше комитет басқармалары бөлімдерінің, революциялық трибуналдардың, халық соттары мен басқа да кеңестік органдардың қаулыларымен жаза алған тұлғалар отыруға тиіс болды. Сол 1919 жылдың соңында-ақ Ресейде сондай 21 лагерь жұмыс істеп тұрды. Солардың ішінде менің бірінші отырған Соловецкідегі лагерім бәрінен бұрын іске қосылды. Оның алғашқы тұрғындарын да Лениннің өзі анықтап берді. Ол ЧК-ның басшысы Феликс Дзержинскийге «елде тәртіп орнату үшін 30-40 профессорды қамауға алу» жөнінде жазбаша кеңес жібереді. Лениннің Азамат соғысы кезінде Мәскеу мен Царицынның арасындағы телефон байланысы нашар болғаны үшін Сталинге провинциядағы телефоншы әйелдерді «сендерді атып тастаймыз» деп қорқытуды тапсыратыны тағы бар. Бұдан кейін большевиктердің тәркілеулерінен астықтарын жасырып қалған шаруалардың бәрін аяусыз атып-асуды бұйырған да Ленин болатын. Өйтпесе, олар қалай күн көреді, қалай тірі қалады, оған мүлде бас ауыртпайды. Еділ бойында орын алған алапат аштық үшін де жауап беретін сол… Не дегенде де, ол ел есінде жүргендей, мейірімді де қамқор тұлға емес, барынша қаныпезер, сұмдық қаншыл, қаскөй, зұлым болған…

Ленинді «күнсіздерге күн болған» деп өскен толқынның ішінде жүрген Бердалыға мына айыптаулар түрпідей тиді. Осы бойда тілінің ұшына халық ақыны Жамбылдың «Үнің кетпес құлақтан, ағыны күшті бұлақтан, тау суындай тасқыны, талқандап құзды құлатқан», деп басталатын кең шабысты, аралық шалысты танымал өлеңі екпіндей келіп құйылып, қаз-қатар тізіліп түсіп жатты. Сондықтан серігінің соңғы сөздерін шала-шарпы естіп қалып қана отырды. Сол сәт мұның көңіл күй ауанын байқап қалған Димитар бірден қалт тоқтады.

– Саған бұл айтылып отырғандарды тыңдаудың ауыр соғатынын білемін. Өйткені, сен мұндай сөздерді бұрын еш жерден естіп көрген жоқсың. Бірақ бұл – шырылдап тұрған шындық. Ал шындық бірінші рет сыртқа шыққан кезінде қашанда өз дәрежесінде қабылданбайды, – деді ол сосын ешбір толғаныссыз жайбарақат үнмен.

Бердалы үндеген жоқ. Сөйлегенде де, не айтарын білмеді. Бірақ мына әңгімелердің бәрінің өзі үшін соншалықты қолайсыз тиіп жатқаны рас. Сонда да болса, тыңдай түсуден оншама «кет әрі» емес. Бір жағы – қызық. Мүмкін шындығы да осы шығар. Әйтеуір, ақиқат осы маңайда ұшып жүрген сияқты да болып сезіліп кетеді.

– Кеңес Одағы өзі құрылған кезінен әртүрлі ұрандарға айрықша үйір болып келеді, – деді Димитар Башков сәлден кейін тағы бір тарихтың тініне түрен салып. – Ұраншылдықтың ұрқы бөлек. Көпшілігі күлкіңді келтіреді. Көбі қисыннан – қияс, ақылдан – ада. Олардың тағын өз аудиториясы мен сояты болды. Мәселен, «Оқы, оқы және оқы!» – мектеп оқушылары үшін, «Отан-ана шақырады!» – тек қана соғыс үшін, басқа жерге жарамайды, «Бесжылдықты – төрт жылда!» – өндіріс пен өнеркәсіп үшін. Осының ішіндегі Лениннің лозунгісіне қатысты дерек өтірікке толы. Біріншіден, ол ешқандайда оқушыларға арналмаған. Екіншіден, атай бұл сөзін, соңғы жылдары көрсетіліп жүргендей, Мәскеуде 1920 жылғы 2 қазанда өткен Ресей коммунистік жастар одағының III Бүкілресейлік съезінде жасаған «Жастар одағының міндеттері» деп аталатын баяндамасында айтпады. Онда мұндай тіркес мүлде жоқ. Шын мәнінде аталмыш өсиет Владимир Ильичтің 1899 жылы жазылған, 1924 жылы «Пролетарская революция» журналында жарияланған «Орыс социал-демократтарының кері кеткен бағыты» деген мақаласынан жұлып алынған. Онда большевиктер көсемі: «Сонымен бір мезгілде білімді қоғам адал, астыртын әдебиетке қызығушылығын жоғалтады, жұмысшылар арасында социализмді де білуге деген сұрапыл құштарлық өсіп келеді, жұмысшылар арасынан нағыз қаһармандар бөлініп шығуда, олар өз өмірлерінің сүреңсіз жағдайда екеніне қарамастан, өздерін саналы социал-демократ, «жұмысшы зиялы қауым» етіп шығару үшін өз бойларынан үйренуге, үйренуге және үйренуге керекті соншалықты қайсар мінез бен ерік-жігерді тауып жатыр», – деп жазған. Ендеше, үшіншіден, бұл жерде тіпті оқу туралы да ешқандай сөз жоқ, мұндағы «учиться» тек «үйренуді» ғана меңзеп тұр. Ал «оқу, оқу және оқу» деген тіркесті бірінші рет қолданған Ленин емес, жазушы Антон Чехов еді. Іс жүзінде қоғамды бірінші рет бұлайша оқуға үш дүркін шақырған Антон Павлович болды. Ол тағын жұртты үйренуге емес, оқуға шақырды. Бұған көз жеткізу үшін прозаиктың 1896 жылы жарық көрген «Менің өмірім» деген хикаятын оқып көрейік. Онда: «Бізге оқу, оқу және оқу керек, ал терең қоғамдық ағымдарды қоя тұрамыз: біз оларға дейін әзір өсіп жетілген жоқпыз, ар-ождан жағынан келгенде де, әлі олардың ештеңесін түсінбейміз» деп келетін тұтас фраза бар. Осыған қарап-ақ кеңестік насихат машинасының кез келген тіркестерді өзіне керекті жағына қарай бұрып жібере беретінін байқауға болады. Мұны мемлекеттік деңгейдегі арсыздық, цинизм, бетсіздік деген ләзім…

– Шынымды айтсам, бұлардың бәрі мен бұрын естімеген әңгімелер, – деді Бердалы сұхбатшысына бір қарап қойып. – Енді не дерімді де білмей отырмын.

– Сен ештеңе деме. Ешкімге ештеңе де айтпа. Өзің білсең болды. Бәрін ішіңде сақта. Сыртқа шығарсаң – өз басыңды жұтасың. Мұндай ахуал бәріміз басымыздан өтті. Менің көзімді ашқан, шынымды айтсам, осы лагерь болды. Сен бұған таң қалма. Әрине, онда өмір сүру, тірі қалу оңай емес. Бірақ онда бүкіл елдегі, әлем жүзіндегі ақпараттарды біз бостандықта жүрген сендерден үнемі бұрын әрі кең ауқымда, арғы қыр-сырымен алып тұратынбыз. Лагерьде содан кейін жалпы өмірге, өзіңді қоршаған айналаға деген көзқарасыңа, сөз жоқ, көптеген өзгерістер енеді, бұл – бір, екіншіден, осы жылдарда көп оқып, ізденуіңе де біраз мүмкіндіктер ашылады. Қамаудағылар арасында өзіндік өзгеше көзқарастары, білім-ілімі, таным-түсінігі бар оқымысты кісілер көптеп кездеседі. Олар нағыз көшпелі университет сияқты. Мен егер, солар болмаса, осы айтылып отырған деректердің бірде-бірін білмес едім. Ал олардың көбі кезінде осы оқиғалардың ортасында жүрген немесе сол жағдаяттарды біраз зерттеп, зерделеп үлгерген кешегі шенеуніктер мен ғалымдар болатын.

– Бұларды біздің білмейтініміз рас. Бірақ біз өскен ортада да кеңес өкіметіне қарсы, оның саясатын ұнатпайтын адамдар аз болған жоқ. Мысалы, осыдан небәрі оншақты жыл ғана бұрын менің рулас әкелерім мен аталарым совет өкіметінің озбыр саяатына шыдай алмай, қарулы қақтығысқа шыққан. Ол осы кезге дейін еш жерде айтылып келмесе де, елдің жадында «Асан көтерілісі» ретінде сақталып қалды. Сол бүлікке қатысқан туыс әкелеріміз бен аталарымыз атылып кетті, айдауға жіберілді, олар да сіз айтып отырған қапас қамақта жүрген шығар. Арасынан елге келген бірен-сараны болмаса, көбінен әлі хабар жоқ.

– Міне, кеңес өкіметінің өктемдігін сенің туыстарың да тартқан екен, – деді сол мезет мұны қостағандай кейіпте Димитар. – Ашығын айтқанда, бұл лагерьлердің бәрі адам ажалының тоқтаусыз машинасы болды. Онда сен адам емессің. Кім болсаң, ол бол, тек адам емессің. Тұтқындар тұрағының бәрінде өлген кісілер төсек болып тобымен тапталып жатты. Оларға жандары ашитын бірде-бір лагерь бастығы не надзирательдер жоқ еді. Себебі, күніне ондаған бейшара кенеусіз көз жұмып жатады. Арада он жыл өткенде, 1930 жылға қарай ГУЛАГ еліміздің әр түкпірінде орналасқан 30 мыңнан аса лагерьді ұстап тұрды. Ол «мемлекет ішіндегі мемлекет», түрме державасы болды. Сөйтіп, бүкіл Кеңес Одағы үлкен түрмеге айналып кетті. Ал мұнда отырған адамдар саны жыл санап көбейе берді. Мысалы, 1935 жылы түзету-еңбек лагерьлерінде 725 мың адам, түзету-еңбек колонияларында 307 мың адам жазаларын өтеп жатты, сөйтіп, барлығы 1 миллион 32 мың адамды құрады. 1936 жылы екі жақтағы тұтқындар саны 1 миллион 196 мыңға жетті. 1938 жылы бұл мөлшер 1 миллион 884 мың адамнан асты. Бір қызығы, Кеңес Одағы бұл жағынан келгенде, өзі күстаналап айыптайтын, идеологиясының басты тармақтарының біріне айналдырып алған «қанды самодержавиеден» әлдеқайда асып түсті. Айталық, Ресей империясында 1874 жылы 58 мың адам ғана сотталыпты. 1912 жылы олардың қатары 180 мыңға барған. Империя тұсындағы ең жоғары мөлшер осы болған. Бұдан кейінгі көрсеткіш кенересі тек кеми береді. Кісі өлімі жағынан да кеңестер әлдеқайда алда тұр. Мәселен, патшалы Ресей заманында 1825 жылдан 1905 жылға дейін 894 адам өлімге кесіліпті. Тек «революциялық» жүгенсіздік кезеңі ретінде тарихта қалған 1905-1910 жылдарғы қырғын нәтижесінде 3 741 адам атылған. Ал КСРО-да, «Үлкен террор» қанат жайған 1937-1938 жылдары ғана 681 692 адам қаза тапқан. Мен айдалған 1930 жылы Соловецк лагерінде елдің әр түкпірінен жиналған 70 мыңнан аса тұтқын бар екен. Сол «Соловки» 1933 жылы жабылды да, мен Магадан облысының Оротукан деген жерін, Колыма өзенінің жағасын жайлаған Солтүстік-Шығыс түзету-еңбек лагеріне ауыстырылдым. Мұнда 1920 жылдан бері 7 мыңнан астам адам өз ажалын жолықтырған екен. Ал «Беломорканал» құрылысының бірінші қысында, 1931 жылдан 1932 жылға қараған суық уақыт сұрқында ғана 120 мың тұтқын опат болыпты. Айта берсем, мұндай дәл деректер өте көп. Оның не керегі бар? Осының өзінен талай жайтты ұғып қалған шығарсың.

Айтатыны жоқ, «бессарабиялық болгар» әңгімшіл екен. Сөзі тыңдаған сайын өзіне тартып, баурап алып барады. Кей сөздеріне ептеп күдікпен қарап қойса да, Бердалы мұның түбінде біраз құпия сырлар жатқанын пайымдап отыр. Осы кезде ойына оралды, бір жолы асандар көтерілісі неден туып жүргенін сұрағанында, әкесі сөзді соза бермей: «Балам-ау, қайғысыз қара суға семіргенд қош көретін қазақ жайдан-жай көтеріле салмайды ғой» деп қайыра салған. Бітті. Осы сөздердің салмағы жер қайыстырып жіберетіндей құрысқа толы еді. Аталарының өкімет тірлігіне наразы болғандықтан қолдарына қару алып шыққандарын онсыз да білетін, бірақ олардың тірліктері қаншалықты дұрыс екенін бұрын таразылап көрмепті. Қазір енді елден жырақта, айдалада отырып, олардың бекер атқа қонбағандарына шүбәсіз көз жеткізгендей күй кеше бастады. Егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалу үшін де намысты біраз қайрау керек қой. Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады. Әмісе, шыдамның шегі болғанымен, төзімнің төркіні жоқ. Таусылған төзімнің тегеуріні теңізді де төңкеріп тастайды.

– Иә, биiк таудың басында ештеңе өспейдi, бiрақ төбесiне шықсаң, көп нәрсені көресiң, – деді сосын Бердалы осы ойларын бейнелеп жеткізіп.

Бұдан кейін:

– Колымада қанша отырдыңыз? Одан кейін қайда болдыңыз? – деген сауал оның көкейіне өзінен өзі келді.

– Колымада төрт жыл болдым, 1938 жылы енді ашылып жатқан Воркута лагеріне жіберілдім. Онда бағана өзіңе айтқан қазақтарды кезіктірдім. Сен мынаны мықтап есіңде ұста. ГУЛАГ жүйесі – бір жағы өзінше бір өмір. Ол жердің астындағы өмір сияқты. Мына өмір өрінің екінші қапталы. Ондағы өмірдің де өз заңы, өз тәртібі, өз ережесі, өз тіршілігі бар. Өлімі шіли көп болып тұрғанымен, онда да өмір кеңінен қанат жайып жатыр. Бірақ ондағы өмір мұнда көрініс беретін келбеттен көп өзгеше. Қатал. Қатыгез. Онда әркім өзінше өмір сүреді. Күші бары тірі қалады, күші жоғы қара жердің мүгі болады. Дегенмен, онда жүріп те өзіңе шын жанашыр дос табуға болады. Көп жағдай өзіңе байланысты. Бәрі емес, әрине…

– Дұрыс айтасыз. Адам қай жерде де, қандай жағдайда да адам қалпында қала білуі керек. Бірақ оның пейілі мен көңілін бұзып кететін, ойындағысын жүзеге асыртпайтын жөгі жағдайлар да кездеседі. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Әйткенмен, өмірдің адамға бір-ақ рет берілетінін ұмытпасақ керек. Сондықтан оның соңын лайықты қарсы ала білген абзал.

– Оныңмен келісемін. Бірақ лагерьдің өз тәртібі бар екенін айттым ғой. Сол сияқты оның өз моралі де бар. Сонысымен тірнектегі тіршілік өзіндік өмір мектебі болып саналады. Оның заңына бағынбасаң, моралін ұстанбасаң, тым ұзаққа бармай қалуың әбден ықтимал. Мысалы, ондағылар «Сен атпасаң, ол сені атады» дейді. Демек, сен бірінші болып қимылдап қалуың керек. Негізі, айтпады деме, үңгірден басталып, бүгінгі күнге дейін жеткен кез келген таптық күрестің қарапайым ғана қисыны осындай… Лагерь сені қанша қысылып-қымтырылып жүрсең де, ешкімге ренжімеуді үйретеді. Себебі, осы күннің өзін көре алмай, осының өзіне жете алмай, өліп кеткендер тіпті көп. Сосын ешуақытта мына қағидатты ұмытпа. Ешқандай мемлекетке адам керек емес. Оған кез келген керек уағында кез келген сапқа келіп тұра қалатын, қайда жіберсе де, ойланбай бара беретін азаматтар ғана қажет. Лагерьдің бір моралі бұл. Енді осыны жоққа шығарып көрші! Мұны Сталиннің өзі «Адам жоқ болса, проблема да жоқ» деп ашып айтқан. Мұны кейде «Адам бар болса – проблема бар, адам жоқ болса – проблема жоқ» деп, кеңейтілген, мейлінше нақтыланған вариантында да қолдануға болады. Білесің бе, мұны Сталин 1918 жылы Царицында арнайы әскерилерді аттыру жөнінде тапсырма берген кезінде айтқан. «Өлім барлық проблеманы шешеді. Адам жоқ болса – проблема да жоқ» деген. Айтпады деме, мына соғыста егер кеңес жағы жеңіп шығар болса, оның қаһармандары да осы мен айтып отырған кепті бастарынан кешеді. Әрбірден соң олар жеңісті әкелгеннен кейін ешкімге де керек болмай қалады. Соның ішінде Сталинге де! Ленин мен Сталин басында ГУЛАГ-ты «халық жаулары» үшін тұрғызды, сосын оны бүкіл елге арнады. Олардың «қисынынша» жақсы салынған нәрсе бос тұрмауы керек қой! Сондықтан да біздің лагерьлеріміз бен түрмелеріміз қай кезде де адамға толып тұрады. Ал олардың кемінде тең жартысынан көбінің титімдей де жазығы бола бермейді. Алайда, билікке бәрібір, оған қапастарды адамға толтырып ұстап отырса, – болды. Міне, саған Лениннің мұрасы! Бізде «Большевиктер түрме жетпей жатқасын, ГУЛАГ-ты ойлап тапты. Сосын бүкіл ел түрмеге айналып кетті» деген ащы сөз айтылады. Ащы болғанымен, шындық бар. Бірақ ГУЛАГ-ты керісінше әу басынан бүкіл елді түрмеге айналдырып жіберу үшін жасағанын біз білуге тиіспіз.

– Осы лагерьлердің ішіндегі ең қиындары, атақтылары қайсылар болды?

– Айтайын. Бірінші кезекте Ақ теңіздің айдынында жатқан Соловецк аралындағы Соловецк айрықша мақсаттағы лагері ауызға ілінер еді. Оны қысқартып, «СЛОН» деп те атайды. Айтпақшы, біз жүрген кезде онда «Слон» деген журнал да шығып тұрды. Бұл лагерь шынында, қай жағынан алғанда да, бірінші болды. Сосын Карелиядағы «Белбалтлагты», яки Беломор-Балтық түзету-еңбек лагерін айтуымыз керек. Амур облысындағы «БАМ-лаг» – Байкал-Амур түзету-еңбек лагері содан соңғы кезекте тұр. Мәскеу облысындағы Дмитров түзету-еңбек лагері де асқан қатыгездігімен танылған. Ол қысқаша «Дмитровлаг» аталады, Магадан облысындағы Солтүстік-Шығыс түзету-еңбек лагері былайынша «Севвостлаг делінеді. Бұдан кейінгі түзету-еңбек лагерьлерінің көшіне , Норильскідегі, Воркутадағы және Қарағандыдағы Қарағанды лагерьлер жатады. Бұлардың әрқайсысында бір мезгілде 65 мыңнан 200 мыңға дейін тұтқын қамауда жүрді.

Осыдан кейін екеуі де үнсіз қалды. Арада ауыр тыныштық орнады. Осы тұста әркім өз ойымен отырған сияқты.

Біршама уақыт өткеннен кейін үнсіздікті үлесін Димитар тоқтатты.

– Біздің елде большевиктік-коммунистік империялық билікке, оның узурпаторы Иосиф Джугашвилиге ашық та, жанама да қарсылық білдірген қаламгерлер болмай қалған жоқ, – деді ол ептеп қабағын шытып отырып. – Солардың бірі орыс тілінде жазатын еврей ақыны Осип Мандельштам еді. Оның 1933 жылы «кремльдік тау тұрғынының» образын керемет етіп жасап берген «Мы живем, под собою не чуя страны…» деген өлеңі Колымада жүргенімізде бізге елден бұрын жетті.

Мы живем, под собою не чуя страны,

Наши речи за десять шагов не слышны,

А где хватит на полразговорца,

Там припомнят кремлёвского горца.

Его толстые пальцы, как черви, жирны,

А слова, как пудовые гири, верны,

Тараканьи смеются усища,

И сияют его голенища.

 

А вокруг него сброд тонкошеих вождей,

Он играет услугами полулюдей.

Кто свистит, кто мяучит, кто хнычет,

Он один лишь бабачит и тычет,

Как подкову, кует за указом указ:

Кому в пах, кому в лоб, кому в бровь, кому в глаз.

Что ни казнь у него – то малина

И широкая грудь осетина.

Лагерьдегілердің ортасында Иосиф Джугашвилидің шын ұлты грузин емес, осетин екені де көптен бері айтылып жүр. Оның анасы Кеке Геладзе көрікті, байсалды әйел болыпты. Ал әкесі етікші Виссарион араққұмарлықтың шегіне шыққан деседі. Одан көңілі қалған Кеке күйеуінің осетин досымен тіл табысқанға ұқсайды. Өлеңде сол меңзеліп тұр. Жалпы, Мендельштамның біраз өлеңдерінен билікке деген реніш пен наразылықтың иісі аңқиды. Осы ретте оның, мысалы, 1931 жылы жазылған сондай жырларының бірін мен Соловкиде жүргенімде оқыған едім.

За гремучую доблесть грядущих веков,

За высокое племя людей

Я лишился и чаши на пире отцов,

И веселья, и чести своей.

 

Мне на плечи кидается век-волкодав,

Но не волк я по крови своей,

Запихай меня лучше, как шапку, в рукав

Жаркой шубы сибирских степей.

 

Чтоб не видеть ни труса, ни хлипкой грязцы,

Ни кровавых костей в колесе,

Чтоб сияли всю ночь голубые песцы

Мне в своей первобытной красе,

 

Уведи меня в ночь, где течет Енисей

И сосна до звезды достает,

Потому что не волк я по крови своей

И меня только равный убьет.

Шыны керек, мына өлеңнің біраз жері толық түсінікті болмаса да, ондағы ойдың орамдары Бердалыға ұнады. Мұны өзі де соңынан айтты.

Әлбетте, серігінің сергектігі Димитардың да көңілінен шықты. Оқып тұрған кезінде өлең өрімдері қалай әсер етіп жатқанын ұдайы көз қиығымен байқауға тырысқан ол сосын жадырап сала берді.

– Ал, бауырым, әскерге дейін, елде жүргенде кім болып істеп едің? – деді Бошков бір кезде әңгімені тағы да басқа арнаға бұрып жібергісі келіп тұрғанын анық аңғартып.

– Колхозда бухгалтер болдым.

– Онда әріптес болып шықтық қой ақыры. Қандай сәйкестік!

Соны айтып отырып, Димитар кәстөмінің жан қалтасынан карта колодасын, ішкі жағынан бір газет шығарды. Сосын газетті үстелшеге төсеп жіберіп, қайырылып тұрған тұстарын алақанының қырымен ысқылап, жаза бастады.

Димитардың әрбір қимылын бағып отырған Бердалы газеттің «Известия» екенін көрді. Сол кезде оның 1941 жылғы 26 маусым күнгі нөмір екенін байқап қалып, жалма-жан қолына алып, бірінші бетіне көз салды. Онда «Совинформбюроның» ең соңғы бірсыпыра жаңалықтары жарияланған екен. Салған жерден соларды жедел ішінен оқи жөнелді. Соның бірінде Румынияның өз елінің территориясын герман әскерлерінің толық билігіне бергені жазылыпты. Енді бұдан былай неміс авиациясы румын территориясынан кеңес қалалары мен әскерлеріне шабуыл жасап қана қоя салмайды, сонымен бірге немістер румындармен бірлесіп, кеңес әскерлеріне қарсы ұрыс қимылдарын да бастай алады. Бірақ кеше олардың Черновцы қаласы мен Пруттың шығыс жағалауын басып алмақ болып жасаған шабуылы сәтсіз аяқталыпты. Кеңес әскерлері немістер мен румындардың біразын қолға түсірген.

Ал бірте-бірте бүкіл соғыс барысын күн сайын, сағат сайын, минут сайын хабарлап, елге жеткізіп тұратын бірден-бір қуатты ақпарат құралына айналатын «Совинформбюро» агенттігінің пайда болғанына әлі он күнге де толған жоқ еді. КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БКП(б) Орталық Комитеті соғыс басталғасын небәрі екі күннен кейін, 1941 жылғы 24 маусымда «Кеңестік ақпарат бюросын құру туралы» деген қаулы қабылдаған. Ол халық аузында «Совинформбюро» деп аталды. Агенттікке халықаралық оқиғалар мен Одақтың ішкі тыныс-тіршілігін баспасөз бен радиода көрсету, жауға қарсы қарсы насихат ұйымдастыру, майдандағы ұрыс қимылдары жайлы жедел хабарлар беріп тұру, соғыстың салыстырмалы мәліметтерін жинастырып, жариялап отыру жүктелген болатын.

«Совинформбюроның» осы жұтаң жолдарының өзі Бердалының көңілін біршама көтеріп тастады. Демек, совет жауынгерлері жауға берілмей шайқасып жатыр екен ғой. Осыларды оқып шыққасын, ол газетті қайтадан үстелше үстіне жайып қойды да, мұның бағаналы бергі әрекеттерін үнсіз бақылап отырған Димитарға қарай бұрылды. Ал ол бұған күлімсіреп қарап отыр екен. Көзінде әлде бір құпия не сынай қараушылық сыңайы барын да байқауға болатындай. Мына жұмбаққа Бердалы аздап таңырқағандай кейіп танытты.

Сосын Димитар сәл еңкейіп, мұның құлағына тақалып, сыбырлаған секілді болып, ақырын ғана:

– Сен, солдат достым, шынымен осы соғыста большевиктердің жеңетініне сенесің бе? – деп сұрады.

Мына сұрақтың Бердалыға тосын әрі қолайсыз болып естілгені сондай, бастапқыда не дерін білмей, қипақтап отырып қалды. Мұның арандатушылық сауал болуы да ықтимал екенін тез ойлап үлгерді. «Үш әріптің» таңшысы болып жүрмесін әлі бұл. Содан кейін тез есін жинап алып:

– Әрине, сенемін. Біздің Қызыл армия неміс-фашист басқыншыларын көп ұзатпай өз ініне апарып тығады, – деді соғыс басталған кезде өткен жиында әскери бөлімдегі командирлер жарыса айтқан сөз тіркестерінің есінде қалғандарын қайталап.

Бердалы басын көтергенде, Димитардың арқасын қабырғаға тіреп қойып, миығынан жымиып күліп отырғанын тағы көрді.

– Жарайды, оны кейін көрерміз, – деді ол.

Сөйтті де, енді картаның көмегімен келешекке болжам жасайтынын айтып қойды. Мұнысы пасьянстың ежелгі гректік түрі екен. Димитар қолындағы колоданы алдымен астынан да, үстінен де алмастырып алып, газеттің үстіне жүздерін бірден бетіне қаратып, төрт-төрттен бес қатарға тізіп шықты. Сосын топтамаларға қарап, олардың өзара ұқсас келетіндерін бөліп алды. Соңынан осыларға қадала көз салып, ішінен күбірлеп, әлденелерді айтып отырды.

– Иә, дұрыс айтасың, Германия бұл соғыста зор, үлкен абыройсыздыққа ұшырап, жеңіліс табады, – деді Димитар Бошков. – Бірақ қазір дәл сен айтып отырғандай, «көп ұзамай» емес. Соғыс жуыр маңда бітпейді, ол тым ұзаққа созылып, екі жақты әбден титықтатады. Адам шыбындай қырылады. Әсіресе, кеңес жағынан кісі өлімі әлдеқайда көп тіркеледі… Қисапсыз көп, тегі…

Бұған оншалықты илана қоймаған Бердалы оның мазмұнына соншама мән де бермеді. Бірақ көкейіне бір мезет «кенет кеңес шынымен жеңіліп қалса, не болады?» деген ой келгені рас. Сол кез денесі селт етіп, қалтырап кеткендей болды.

– Онда менің өзіме салып көріңізші… – деді іле-шала мұнысын білдіргісі келмеген сыңайда.

Алайда, Димитар жас досының бұл өтінішін құп көрмеді ме, әлде ыңғайсыз нәтиже көрініп жатса қайтем деп жасқанды ма, мұнысына бірден келісе кетпей, сәл кідіріп, қолындағы карталарын сапырылыстырып отырып алды. Ол ұзақ шайқап барып, карталар ретін манағы тәсілмен жайғастырды.

– Бауырым, соғыстан дін-аман шығасың, – деді бір кезде пасьянсқа көз жүгірте қарап болғасын. – Тіпті пәлендей жаныңды қинап, зардап әкелетіндей жарақат та алмайсың. Тегі, соғысқа қатысатын күндеріңнен тыныстап тұратын шақтарың әлдеқайда көп болады. Өміріңе қауіп төндіретіндей ештеңе көріп тұрған жоқпын. Ата-анаңмен де ақыры аман-есен қауышасың. Әйткенмен, үйіңе енді бес жылдан астам уақыттан кейін бір-ақ барғалы тұр екенсің…

Бердалы бұған нендей жауап қайтарарын білмеді. Былайынша, бәрі жақсы, сөйткенмен, мезгілдік мөлшері сірә да көп сияқты. Кім білсін…

Әлбетте, біздің кейіпкеріміз бұл болжам жайында көп ұзамай ұмытып та кетті. Оны ойға алудың да орайы да соңына дейін келе қоймады. Мұны ол тек 1946 жылдың қазанында әскер қатарынан босап, тағы да Чита жақтан елге қайтып келе жатқанында, Байкал көлінің жағалауына қадала қарап отырған шағында ойда-жоқта есіне түсіреді. ..

***

Өткен күннен белгі бар. Оның болып тұрғаны жақсы. Бердалы режиссёр Леонид Луковтың 1943 жылы, соғыстың қайнап жатқан шағында түсірген «Екі жауынгер» деген көркем фильмін арада көп жылдар өткеннен кейін көрген сайын ылғи баяғы Читадан Чкаловқа бара жатқан жолының жүлгесінде өзімен кездейсоқ кездесіп қалып, өзіне ағынан жарылып сыр ашатын, біраз әңгіменің тарабын тарқататын «бессарабиялық болгар» Димитар Башковты ойына алып тұрушы еді. Себебі, атақты әнші Марк Бернестің орындауындағы композитор Никита Богословскийдің бірден жұрттың ерен зор қошеметіне бөленіп кеткен «Шаланды» деген әнінің сөзін Владимир Агатов жазған мәтінінде Димитар аузының суы ақққанша жыр ғып айтқан Одесса әспеттеліп, оның алуан реңкті келбеті көрініс беріп тұрғандай болатын. Әннің әуені соншалықты жағымды, жүрекке жылы тиіп, сезімнің қылын шертеді.

Шаланды полные кефали,

В Одессу Костя приводил.

И все биндюжники вставали

Когда в пивную он входил.

Синеет море за бульваром,

Каштан над городом цветёт.

И Константин берёт гитару

И тихим голосом поёт.

Ал сәл көтеріңкі дауыспен шырқалатын қайырмасы адамды одан әрі былай еліктіріп әкетеді:

Я вам не скажу за всю Одессу,

Вся Одесса очень велика,

Но и Молдаванка, и Пересы

Обожают Костю-моряка.

Осының бәрі Бердалының ән әлемінің әсемдігін әспеттеп, поэзия пырағының парасатын пайымдай түсуіне нық қадам бастырып бергендей болды.

«Екі жауынгер» фильмінде жүрегінен терең орын алған тағы бір ән бар. Ол «Қараңғы түн» деп аталады. Ол да осы картинаға арнап жазылған. Ол да түсірілім жүргізіліп жатқан кезде режиссердің тапсырысы бойынша өте қысқа мерзім ішінде, тіпті бірер сағаттың шамасында пайда болған. Оны да Богословский қолма-қол шығарып, Агатов мәтінін іле-шала дайындап береді.

Тёмная ночь, только пули свистят по степи,

Только ветер гудит в проводах, тускло звёзды мерцают.

В тёмную ночь ты, любимая, знаю, не спишь,

И у детской кроватки тайком ты слезу утираешь…

Мұны да сан мәрте ыңылдап отырып айтушы еді. Кейде домбыра мен мандолинаны ақырын шертіп қойып, осы әуенді ыңылдап салатыны бар-тын.

Бердалыға бәрінен бәрінен бұрын Чита мен Чкалов арасындағы жолда жолыққан Димитар Бошковтың қалдырған әсер айрықша зор болды. Бірақ оның ақиқатында мемлекеттің меншігін талан-таражға салғаны үшін сотталғаны рас па, жоқ па, әлде саяси тұтқындар сапынан шыққан адам ба, бұл арасын толық сеніммен тура басып айта алмайды. Себебі, өте көп білетін, жан-жақты білімді, интеллектуалы жоғары ол есеп-қисаптан гөрі жоғарылау соят шеңберінің сойы сияқты болып көріне беретін. Керек десе, оның сол жолы өзіне шын аты-жөнін айтып кеткеніне де кейде іштей күмән келтіретін. Содан бері де арада талай айлар ағып, жылдар жылжыпты, талай оқиға бастан өтіпті, соның ішінде өмір мен өлімнің арпалысқан шағын өзінің көзімен көрді, алайда, сол кезеңдерде де, кейін де ол осы бір ұзын бойлы, арықша келген, пенсне көзілдірікті жігіт ағасын есінен шығара алмапты. Қайта оның сол жолы өзіне берген кеңестері мен айтқан әңгімелерінің көбі өмірлік қажеттіліктеріне жараған сияқты…

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button