БАТАМЕН ЕР КӨГЕРЕР
Біз бұдан бұрын «Дегдар» деректі-көркем хикаятының екі тарауын жариялаған едік. Бүгін оның тағы бір тарауын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Серік ПІРНАЗАР
Бердалының Чкалов әскери училищесіне келгелі бір шүкіршілік ететіні – осы күнге дейін мұнда кіл ниеттері түзу, пиғылдары дұрыс кісілерге кез келіпті. Алғаш осы топыраққа табаны тиіп тұрған сәтінде қарсы жолыққан лейтенант Олег Симонов пен танк училищесінің бастығы, полковник Николай Геращенкодан бастап, оқу орнындағы барлық офицерлер тек жанашыр көзбен қарады. Ал казармадағы шаруашылық меңгерушісі Анвер Баязитов ағасының жөні мүлде бөлек еді. Өкінішке қарай, ол қыркүйек айының соңғы жұмасы күні ойламаған жерден Аллаға аманатын тапсырып, бақилыққа аттанып кетті. Соған қатты қапа болып, қайғырып жүрген күндерінің бірінде, көп ұзамай тағдыр оны тағы бір тамаша тұлға, аяулы адаммен жолықтырды…
Қазан айының алғашқы күндерінің бірі еді. Түс әлетінде тактикалық сабақ жүріп жатқанда казармадағы сыныпқа ұзын бойлы, ашаң жүзді, артқа қарай қайырылған бұйра толқынды қалың қара шашты, құлағы қалқиған, азиялық кескінді бір жігіт кіріп келді. Сол кезде курсанттар алдында кезекті дәрісін оқып тұрған капитан Владимир Волобуев есікке қарай жалт бұрылып, онымен бетпе-бет келіп, қолын ұсынды. Онымен бірге курсанттар да парталарын сарт-сұрт еткізіп, орындарынан тұрды.
Кіріп келген жігіттің түрі қазақтан айнымайды екен. Бердалының ішінен осыны ойлап үлгергені сол еді, капитан Волобуев қайтадан сыныпқа бұрылып:
– Жолдас курсанттар! Тынысып қойыңыздар: Кеңес Одағының Батыры, капитан Арысланов Ғафиатулла Шагимарданович! – деді көтеріңкі үнмен.
Сонда барып, Бердалы оның қазақ емес екеніне көз жеткізгендей болды. Дегенмен, осы өңірлерде көптеп кездесетін татар мен башқұрттың бірі екеніне күмән келтірмеді. Өйткені, мұндай есімдер сол екі халықта ғана кездесетін еді. Бірақ қай ұлттан шықса да, ең алдымен тәуір адам болып кезіксін. Ал бұл жігіт жақсы кісі болуға тиіс. Өйткені, жүзі өте жылы екен. Оның үстіне, нашар жауынгер батыр сарбаз бола алмаса керек!
Бердалы қапелімде осындай қиялға беріліп, тез тұжырымға келіп жатқанын өзі де сезбей қалды.
– Саламатсыздар ма, жолдас курсанттар! – деп осы мәурітте класпен іле амандасты Арысланов барынша байсалды кейіппен.
Даусы ашық екен, бірден саңқ етті. Иә, көзі де жылы көрінді. Қаһарман болғанымен, қаһарлы емес.
Курсанттар кідірместен бір ауыздан: «Саулығыңызды тілейміз, жолдас капитан!» деп жарыса жауап қайтарды.
Бұдан кейін капитан Волобуев бір жөткірініп қойып, қайта сөз алды.
– Жолдас курсанттар, бүгіннен бастап курстың тактика сабағын капитан Арысланов жүргізеді, – деді ол.
Бірақ даусы ептеп тарғылданып, әлде жарықшақтанып шыққандай болып естілді.
Сол кезде шыдай алмай кетсе керек, әдетте сабақта да өзін сәл еркіндеу сезінетін курсант Александр Лазарев орнында отырып-ақ бір сұрақты қойып қалды:
– Құпия болмаса, айтасыздар ма, мұндай шұғыл өзгерістің астарында не жатыр?
– Ешқандай құпиясы жоқ. Бәрі өз ретімен. Мен өзім сұранып, соғысқа аттанып бара жатырмын. Ал капитан Арыслановтың майданнан келгеніне оншалықты көп болған жоқ, – деп бұған Волобуев сергек сеніммен жауап берді. Бұл жолы оның үнінен толқығандықтың табы біліне қоймады.
– Олай болса, капитан Арыслановтың қашан және қай жерде «геройлық» алғанын білуге бола ма? – деп курсант Лазарев тағы бір сұрақты қойып қалды.
– Болады, әрине. 1940 жылғы сәуірде, кеңес-фин соғысында, – деп бұл сауалға енді капитан Арыслановтың өзі жауап қайтарды. – Жарайды, осымен доғарайық. Кейін реті бір келгенде, бұл оқиғаға өзім кеңірек тоқталармын. Ал қазір бәріміз бір ауыздан түгел капитан Волобуевке ақ жол тілеп, осы жерден шығарып салайық.
Сол-ақ екен, бұл мәселенің өте шетін де жауапты екені енді ғана саналарына жеткен сынды аудитория тым-тырыс бола қалды. Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады.
– Онда мен сіздердің, өзімнің – бәріміздің атымыздан капитанға жауынгерлік жорық жолдарында әманда сәттілік серік болуын тілеймін, – деп бір сәт тіл қатты Арысланов. – Аман барып, сау қайтыңыз, жауды шыққан ұясына күйрете қуып тығып, жеңіп қайтыңыз. Мен тап солай болатынына кәміл сенемін. Жолыңыз болсын!
– Мен де бір ауыз тілек қоссам бола ма? – деп артынша курсант Владимир Николаев орнынан тұрды.
Капитан Арысланов үнсіз бас изегеннен кейін ол жедел сөйлей жөнелді:
– Аса қымбатты Владимир Осипович, сіз бен біздің таныстығымызға небәрі екі айдан сәл астам уақыт өтсе де, біз бір-бірімізге қатты бауыр басып кеттік. Біз осы мерзім ішінде сізден көп нәрсені – күнделікті сабақтан бөлек, қарапайым ғана әдептілік пен мәдениеттілік, жанашырлық пен мейірбандық секілді адами қасиеттердің біразын шындап үйрендік. Сіз барынша жақсы адамсыз. Батыл адамсыз. Біз де сіздің ұрыс шебінде жақсы жағыңыздан көрінетініңізге сенеміз. Артыңыздан ұзамай біз де жетеміз. Сәл күткеніңізде осы жерден бірге аттанған болар едік. Оған, шамасы, майдандағы аухал шыдатпай жатса да керек. Біз де асығулымыз. Біз де капитан Арыслановтың сөзіне толық қосыламыз. Тағдыр бізге тағы кездесуге жазсын. Сапарыңыз сәтті, жолыңыз оң болсын, жолдас капитан!
Аудиторияда мына сөздерге тебіренбеген жан қалмады. Курсанттар сәл кідіріп барып, ду қол шапалақтап жіберді.
Соңынан капитан Владимир Волобуевтің өзі қайта сөйледі. Оның толқып тұрғаны анық аңғарылды.
– Менің қымбатты курсанттарым! Құрметті капитан Арысланов жолдас! – деді ол аудитория аумағын көзімен шолып өтіп. – Жақсы, жылы лебіздеріңіз жанымды тебірентті. Расында сүйікті Отанымызға үлкен қауіп төніп тұр. Оны бәріңіз де біліп отырсыздар. Мен әу басынан басымды бәйгеге тіккен адаммын. Сондықтан мұндай сәтте кадрлық офицер ретінде тылда жүре беруіме болмайтынын түсіндім. Әрине, мұнда да керекпін. Бірақ менің Отанға деген пайдам майдан даласында көбірек тиеді деп ойлаймын. Өзіммен өзім кеңесе келіп, осындай шешімге тоқтағаныма біраз болды. Училище басшылығына жарты ай бұрын баянат жазып тапсырғанмын. Оның шешімі кеше шықты, менің тілегім қабыл алынды. Енді кешікпей, майданға аттанамын. Бүгіннен бастап облыстық әскери комиссаритат қарауына ендім. Сіздерге оқуда толағай табыс тілеймін. Жақсы маман болып шығыңыздар. Бұл соғыс негізінен авиация мен танкілер соғысы болғалы тұр. Сіздердің майданға майталман маман болып келгендеріңіз дұрыс. Амандықпен қауышайық…
Осыны айтқан капитан кілт бұрылып, аудиториядан шығып жүре берді.
Өкінішке қарай, аудиторияда отырғандар арасында кейін бірде-бір адам Владимир Волобуевті көріп, онымен қайта көзайым бола алған жоқ. Ол бір айға жуық уақыт өткен соң, Мәскеу қаласын қорғау үшін болып жатқан қиян-кескі ұрыстардың бірінде ерлікпен қаза тауыпты. Оның қаралы хабары училишеге желтоқсан айының ортасы ауған шақта барып жетті. Сөйтіп, оқу орнының курстанттары соғыстың өз араларынан шыққан ең алғашқы кім болғанын білгенде, мұндай жанқиярлық шайқастардың өздері үшін де тым алыста еместігін жан-тәндерімен сезіне түсті.
Бердалы училищедегі командирі Волобуевтің тағдырын көп жылдар өтіп кеткеннен кейін, 70-ші жылдардың ортасында Александр Стрельцов деген полковниктің естелігін оқу арқылы білді. Ойында ештеңе жоқ, бір күні кешкілік жұмыстан кейін газет ақтарып қарап отырғанында «Красная звезда» газетінде жарық көрген бір материалға кездейсоқ көзі түсіп кеткен, соны ыждағаттап оқып шыққанында, осы фамилия көлбеңдеп көрінген. Сол сәтте «Волобуев» деген орыстардың өзінде сирек кездесетін ататек болғанымен, Бекең басында бұған онша мән бере қоймапты. Мақала Мәскеуді қорғаудың пәлен жылдығына арналған. Онда: «1941 жылдың 23 қазанында 312-ші атқыштар дивизиясының Мәскеуден алпыс шақырым жердегі командалық пунктінде аман қалғандар санаулы еді. Дивизия командирі полковник Владимир Наумов бір топ командирлермен, отыз қаралы жауынгермен жауға қарсы соғысып жатты. Варшава тас жолы жақтан естіліп жатқан артиллерия мен пулемет канонадасы гитлершілдердің орасан зор күш басымшылығы болғанына қарамастан, орыс астанасын алуға әлі шамалары жетпей жатқанын еске түсірді. Олар қалаға бұзып-жарып кіре алмады. Бірақ жақын күндерде фашистердің жорықты қайта жандандыратындарына еш күмән жоқ-тын. Ал дивизия шын мәнінде талқандалып біткен. Ол екі апта бойына тоқтаусыз жүрген кескілескен шайқаста түгелге жуық талқандалды. Тек 1079-шы атқыштар полкының соңғы взводынан ғана өкілдер бар еді. Таяуда резервтен келіп, взводты қолға алған капитан Владимир Волобуев ең соңғы боп оққа ұшты. Ерлерше шайқасқан ол майдан даласында төрт күн ғана болды. Бұл полк қалған жауынгерлерімен бүгін таңертең ғана Нара өзенінің төменгі жағында Орехово оккупанттарына берілмей соғысты», – деп жазылыпты.
Мақаланы оқып шыққаннан кейін Бердалы баяғы капитанды тағы еске алды. Көп бірге бола алмаса да, оның жақсы адам, жауапты басшы екеніне көзі жеткен. Есіл ер осылай опат болған екен-ау! Бірақ танкішінің атқыштар арасына қалай түсіп қалып жүргені ғана түсініксіз болып көрінді.
Капитан Ғафиатулла Арысланов училищеге келген осы бірінші күннен онымен Бердалының арасында ағалы-інілідей жақсы қарым-қатынас орнады. Былайынша бәрі аяқ астынан, кездейсоқ ілік тауып кеткендей болып көрінгенімен, бұл тым ондай жайдақ нәрсе емес еді…
– Кенжебаев, тоқтай қал! – деді капитан дәріс аяқталып, курсанттардың көпшілігі казармадан апыл-ғұпыл, асығыс шығып үлгерген сәтте орнынан тұрып, есікке қарай беттеп келе жатқан Бердалыға өзі үстелден басын көтермеген күйі.
Оқыс шыққан дауыстан ептеп селк ете түскендей болған Бердалы шынымен қалт тұра қалды. Негізі, оны елеңдеткен жаңа келген капитанның өзіне бұлай елден ерек, бірден назар аударғаны емес, осы сөздерді таза қазақ тілінде айтқаны болды.
Сол кезде ғана бұған бүкіл денесімен бұрылып қараған Ғафиатулла күлімсіреп:
– Менің қазақша сөйлегеніме таңғалып тұрсың ба? – деді мұның ойын айна-қатесіз оқып қойғандай. – Ал мен сенің қазақ екеніңді бірден білдім. Атыңның Бердалы екенін журналдан көріп алдым. Мұндай есім тек қазақтар мен қырғыздарда ғана ұшырасады. Тегің де қазақ екеніңді айғақтай түседі. Рас, ондай фамилия қырғыздар мен өзбектерде де бола береді. Бірақ бұған қоса, сенің түрің қазақ. Бүкіл курстағы жалғыз қазақ екенсің. Жалпы, сенен басқа түркі тілді ешкім жоқ болып шықты.
Осылай бірден ағынан ақтарыла жөнелген Ғафиатулла жанына келген Бердалыға қарама-қарсы орындықты қолымен нұсқап көрсетті.
– Мен милләтім – башқұрт. Қазақшаны жақсы білетінім – бала кезімді Ақтөбенің Мұғалжары маңайында өткіздім, – деді ол сөзін жалғастырып. – Әкем сол жақта біраз жыл мұғалімдік қызмет атқарып, бала оқытты. Ол башқұрт тілінен бөлек, татар, қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлеуші еді. Қазір мен де сондаймын. Біз 20-шы жылдар аяқталып қалуға қараған шақта елге, Башқұртстанның Күйірғазы ауданына оралдық. Башқұртша «Көйөргәҙе районы» деп аталады. Рас, ол 1936 жылы ғана жеке район болып құрылды…
Орындыққа енді ғана отырып жатқан Бердалы капитанның бетіне бірінші рет тіктеп қарады.
– Менің ерте балалық шағым мен есейе бастаған жасөспірім кезім кіндік қаным тамған Кинзә ауылында, Кіші Күйірғазы өзенінің жағасында өтті, – деді сосын Ғафиатулла. – Осы жерде 1915 жылы жылы 20 қыркүйекте дүниеге келіппін… Айтқандай, башқұрттың «кинзә» деген ләмінің мағынасы сенің ата-тегіңмен бірдей – «кенже» деген сөз ол.
«Менен небәрі алты-ақ жас үлкен екен ғой. Бірақ қандай үлкен көрінеді», деп сол мезет іштей ойлап қойды Бердалы.
– Айтқандай, қай жерден келдің, қай жерде әскерге алындың?
– Арал, Қазалы… – деп қысқа ғана қайырды күні бойы бірінші рет дауыс шығарып, тіл қатқан Бердалы.
– Ә, түсінікті. Кіші жүз болдың-ау. Қазақтар бір-бірімен кездескенде, бірден ру сұрасады ғой, ал сен қай тайпадансың? – деген капитан енді келесі әңгімеге көшті.
– Иә, асан, шекті… Алты ата Әлім бірлестігінен тараймыз.
– Башқұрттар да ру-тайпадан құралады. Соның ішінде қазақта кездесетін рулар да аз емес. Мысалы, менің өзім кыпсакпын, яғни қыпшақпын, соның ішінде бушманмын, біз Кары кыпсактан, яки Қара қыпшақтан тараймыз. Бізде тағы сондай қазақ ішіне кеңінен жайылған қаңлы, үйсін, жалайыр, қоңырат, арғын, найман, керей, меркіт, таз, тама секілді рулар да бар. Ал ең көп тарағаны – табын. Біздің табындар өздерінің бастауын Шыңғыс ханның мыңбасысы болған Майқы би Үйшін атадан шығарады. Белгілі суфизм ақыны әрі жазушы Мұхаммет-Әли Чүкүри, ағартушы Мұхаммет-Сәлим Өметбаев, жазушы Мәжит Ғафури табыннан шыққан. Табындар ежелден өздерінің антқа адалдықтарымен және темір тәртіпке бейімдіктерімен танылған. Олар Сібірдің ханы Көшімнің ең сенімді сарбаздары қатарынан табылып, оны өмірден өткенінше қорғаған. Ал башқұрт арасында шектілер жоқ. Бұл да рас. Бірақ Башқұртстанда да қазақтар бар, олар Орынбор шаһары мен Ор қаласы маңайында жатқан іргелес үш ауданда көбірек шоғырланған… Ұмытып барады екенмін, менің анам да асан… Алайда, ол табын тайпасына қарайды. Табыннан – дуван, ал дуваннан – асан… Зады, қазақтың асаны мен башқұрттың асаны бір топырақтан жаратылған болуы да ғажап емес. Олай дейтінім, екеуінің де іргесін қалаған Асан есімді кісі XVII ғасырдың орта шамасында өмір сүрген сыңайлы…
Соңында Ғафиатулла тұрды, оған ілесіп, Бердалы да орнынан көтерілді.
– Айтқандай, әскерге дейін елде қандай жұмыс атқарып едің? Мамандығың бар ма? Болса, қандай?
– Бар. Соғыстың алдында Қазалыда бухгалтерлік оқуды бітіргем. Дегенмен, оған дейін-ақ, мектепте оқып жүрген кезімнен колхозда шатауат болып істегем.
– Надо же! Тап солай ма? Мен де сөйттім ғой. Бірақ мен мектеп бітіргеннен кейін, білімім болмаса да, колхозда есепші болғам, – деді сол кезде Ғафиатулла Арысланов өзінің шынымен қуанып тұрғанын жасыра алмай. – Содан кейін Стерлитамақтағы мұнай техникумын тәмамдадым. Оны бітірген бойы, 1939 жылы Қызыл армия қатарына алындым. Көп ұзамай сержант шенімен танк командирі болып шыға келдім…
Бердалыға қысқа уақыттың ішінде осымен екінші рет бұрынғы әріптестері кездесіп қалды. Былайынша, таң қалатын-ақ нәрсе. Жолы болатын жігітке жау жерінде де жолдасы мен жорасы жолыға береді. Орынбор жау жері емес, әрине. Керісінше ата-бабаларының ізгі іздері қалған қасиетті мекен. Дегенмен, оның бүгінде үйден жырақ екені рас. Сондықтан шымырлап шыққан шумақ-шумақ шешімдердің бірі тап осылай толғатып тастады.
– Онда былай қыламыз, – деді Ғафиатулла болса, қуанғанын жасыра алмай. – Менің ауылым осы маңнан оншалықты қашық емес, 130 шақырым жерде. Орынбор облысының шекарасынан шыққасын бірден біздің аудан басталады. Алдағы сенбіде мен сені ауылға ертіп апарамын. Онда жасы үлкен қарияларымыз бар. Солармен таныстырамын. Елді, жерді көресің…
Келісім осы болды. Шынында да Ғафиатулла арада үш апта өткеннен кейін, кезекті сенбі күні өзінің ауылына ертіп апарды. Олар Орынбордан Күйірғазы ауданының орталығы – Ермоловка селосына дейін пойызбен барды. Бұларды Арыслановтар әулеті қуана қарсы алды. Ғафиатулла ағасының әкесі Шагимардан да, анасы Хабиба да, атасы Искандер мен әжесі Салиха да ашық-жарқын, жайдары, жақсы жандар екен. Бәрі мұны іші-бауырларына тартып, өз ұлдарынан кем көрген жоқ.
Бұлар келгесін, жақын көрші-қолаңдары түгел жиналды. Бата беріліп, бір тұсақ қой сойылды. Бәрі қазақтың салт-дәстүрінен айнымайды. Дастархан басында да бата берілді. Содан кейін қамыр салынып, пісірілген үйеме табақ ет келді. Тіпті табақтың бетін жалатып құйған тұздықтарына дейін ұқсап тұр. Қазы мен қарта да бар. Тек айырмасы, башқұрттар кейде ет дәмді бола түссін деген ниетпен оған қолдан өсірілген қаздың немесе жабайы үйректің етін қосып асады екен. Бұл жолы табықтың шетінде мама қаздың аппақ болып піскен еті тұрды.
Тамақ желініп болғаннен кейін тағы бата қайырылды. Оны тағы да осы әулеттің ғана емес, осы елдің ең үлкені Искандер бабай берді. Ауылдағылар оны «Батыр бабай» деп те атайды екен. Зады, осыған лайықты біраз тірліктері болғанға ұқсайды. Бірінші дүние жүзілік соғысқа да қатысып қайтыпты. Соңынан Низамуддин деген мулла дұға оқыды. Ол «Ағузу биллаһи мин аш-шайтан рахим. Бисмиллаһи рахман рахим», деп ілкі бастаған кезде-ақ Бердалының бойы шымырлап сала берді. Негізі, қай кезде де Құран оқыла жөнелгенде, оның бойын өзгеше сезім билеп кететіні рас еді. Шамасы, бұл бала күнінен отбасында ислам дінін қатты құрмет тұтқан әке мен ананың әлпештеуінде өскенінің әсері шығар.
Бұдан әрі шоқша сақалды, қызыл шырайлы, сұлу жүзді молда:
– Әлхәмду лилләһи раббил ъаләмиин ар-рахманир рахиим мәлики йәумид дин, – дей жөнелгенде-ақ оның әдеттегідей «Фатихадан» бастағанын тапжылмай біле қойды. Өзі ауылда жүргенінде Құран сүрелерін тақаттап, міндет қылып жаттамағанымен, ұдайы үлкендердің оқығандарын ден қоя тыңдау арқылы көпшілігін санасында сол қалпы сақтап қалыпты. Сондықтан Низамуддин тақсыр айтып жатқан сүрені өзі де іштей қайталап отырды. – Йәкә нәъбуду уә йәкә нәстәъин. Иһдин әс сирәтал мустәқиим. Сирәтал ләз̃иинә әнъамтә ъаләйһим ғайрил мәғдууби ъаләйһим уәләд доллин…
Осы тұсқа келгенде, мулла Искандер атаға бетін бұрып, сәл кідіріп, тұрып қалды. Ал бабай дұғаның соңын сол бойы былай деп жалғап әкетті:
– Садақал-лаһул-азыйм. Субхана роббикә роббил ғиззати ғамма ясифун уа саламун әлал-мұрсалин уалхамду-лиллаһи роббил әл-амиин. Иә, ұлы Алла осы оқылған «Фатиха», «Ықылас» сүрелерінен болған сауапты Адам ата мен Хауа анаға, Пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу ьәләйһи уә сәлламға, барша дүниеден өткен пайғамбарларға, сахабаларға, шәһидтерге, бақилық болған барша мұсылмандарға, осы үйден және осында қол жайып отырған кісілерден дәметкен барлық әруақтардың рухына бағышладым. Иә, Алла! Ол кісілердің рухтарын осы оқылған құран аяттарымен нұрландырып, қабiр азабынан сақтап, жандарын жәннәттық ете көр! Бұл дүниеде біліп-білмей істеген барлық күнәларын кешіре көр! Иә, Жаратқан ием, ақирет күні ол кісілердің амал кітаптарының оң жақтан болуына нәсіп ете көр! Раббана атинаа фид-дуния һасанатан, уа фил аахирати һасанатан, уақинаа ғазабан-нар. Әмин!
Бәрі жайып алақандарымен беттерін сипағасын дастархан басындағылар күнделікті әңгімеге кірісті. Ол алдымен соғыс тақырыбына арналды, ауылдан кеткендердің қайсысы қай жақта жүргені, қайсысынан хат-хабар барлығы, сосын кімнен «қара қағаз» келгені сөз болды. Өкініштісі, қазірге дейін осы алақандай ауылдың өзінен сондай қайғыға батып отырған оншақты отбасы бар көрінеді. Содан кейін әңгіме арқауы шаруаның жайына қарай ойысты. Жұрттың соғым дегенді көрмегеніне көп болған. Бірақ былтырдан бері жілік бөлісіп алу үрдісі өмірге ене бастаған екен, соған енді биыл мүмкіндік болмайтын сияқты. Бір тәуірі, бұл жазда жылдағыға қарағанда, шөп өте бітік болып шығыпты. Оны орып, жинап ала алғандар алдағы қыста қысылмауы керек…
Бердалы айтылған уәжіптердің бәрін шамалап түсініп отырды. Башқұрт тілі қанша жақын дегенмен, оның да өзіне тән айырмашылықтары мен ерекшеліктері мүлде аз емес екен. Мұқият тыңдап, барлығын демде іштей жобалап аударып тұрмасаң, түк түсінбей қалуың да кәдік. Осы әңгімені казармадағы марқұм Анвер ағаға да айтып еді. Бірақ ол кісі мұнымен көбіне-көп қазақша сөйлесті.
Осылай ойланып кеткен екен, бір кезде дәл құлағының түбінен әлдекім сыбырлаған сияқты болып:
– Һин Башҡортостанға беренсе тапҡыр килдинме? – деп қалсын.
Бердалы селк ете түсті. Бұрылып қарап еді, ыржиып күліп тұрған Низамуддин мулланы көрді. Өзі маналы бері бұған әлсін-әлсін көз салып отырған.
Оның не айтып тұрғанын да бірден ұқты. «Сен Башқұртстанға бірінші рет келдің бе?» дейді.
– Иә. Әйе.
Қазақтың «иә» деген сөзін башқұрттардың «әйе» деп қолданатынын Анвер ағамен сөйлесіп жүрген кезде-ақ біліп, жаттап алған.
– Һиңә оҡшата Башҡортостан?
– Әйе.
Осымен бұлардың диалогы аяқталды. Мулла мұның айтқанына мәз болып, қайта өз орнына барып отырды.
Бұл енді басқа не десін? Қазақша болса, жорғадай тайпалар еді. Соны башқұртша келімін келістіріп айта алмады. Низамуддин өзгелер сықылды қазақша біле қоймайды екен. Бірақ башқұрт жері де, башқұрт халқы да ұнайды. Ұнағанда, қандай! Ұнамаса, келе ме? Керек десе, осында отырғандардың бәрі ұнайды. Мұнда Ғафиатулла ағасы ұнағасын келді!
Отырыс барысында Бердалының байқағаны, ауылдың үлкені-кішісі өз орталарынан шыққан батыр ұлдарын айрықша құрметтейді екен. Тіпті жастары ұлғайған ақсақалдарына дейін батырды төбелеріне көтерісіп бақты. «Батыр» демекші, Ғафиатулла Арысланов шын мәнінде башқұрт халқының Одақтың қаһарманы атағын алған ең алғашқы перзенті болып шықты. Мұны капитанның өзі бұған дейін ешқашан айтқан емес еді. Лафқойлыққа ұрынып, мақтанғысы келмеген ғой.
Барғаннан кейін білді, башқұрт тілінде «көйөргәҙе» деген сөз «өзеннің бастау алар тұсы» деген мағынаны білдіретінге ұқсайды. Ал орыстар оны «Юшатыр» деп бұрмалап айтады екен. Аудан территориясынан Үлкен Күйірғазы және Кіші Күйірғазы, сосын Ағ (Белая) деген өзендер ағып өтеді. Олардың жағалаулары мен таулар бөктерлерінде сыңсып өскен қайың мен жөке ормандары, сондай-ақ емен тоғайлары көп сияқты.
Ауылға келгенде тағы бір білгені, башқұрттар да балаларын жастай батырлар жыры мен аңыздары рухында тәрбиелейді екен. Біздегі Алпамыс та, Қобыланды да, Ер Тарғын да, тіпті Қозы «Көрпеш Баян сұлу мен Баян» да, – бәрі бұларда да бар. Тек атауларына ғана ептеген өзгерістер кезігеді. Мысалы, башқұрттарда олар Алпамыша, Ҡоблан, Эр Таргын, «Ҡуҙыйкүрпәс менән Маянһылыу» болып аталады. «Қырымның қырық батыры» құрамына кірген ерлер де түгелге жуық жүр. Бәрінен қатты таңғалдырғаны башқұрттардың Майқы биі мен қазақтың Майқы биі екеуі бір кісі тәрізді. Қазақтар «Түгел сөздің – түбір бір, сөз атасы – Майқы би» деп оны әспеттесе, башқұрт ағайындар табындар турасында сөз бола қалғанда, әманда «Төп атаһы – Майҡы бий» деп, оны шежіренің бастауына апарып қойып отырады.
Бағана келген кезінде «мөғәллим, остаз» деп таныстырылған Ильгиз Идрисов деген кісі осы кезде әңгімеге араласты.
– Иә, біздің башқұрт табындары Майқы биді өздерінің түп атасы санайды, мұнда да, қазақтардағыдай, оның үйсін екені атап айтылады, сонда табындар өздерін үйсіннен шығарып тұр ғой, – деді ол тақырыпты аша түскісі келгендей сыңайда. – Табындардың оған қатысты шежіресі былай тарқатылады: «Ҡара-Табын аймағы Майҡы биҙән таралмышдыр. Майҡы би Чыңғыз хан дәүерләрендә Урал тауының Миадәк тигән урынында булыб, Мийәс йылғасы буйында мәҡам иткән; ул Чыңғыз ханға бүләк алыб барыб, аның белән юлдаш булыб, Чыңғыз хан белән бер арбада ултырып йөрөгән; аты Уйшин Майҡы би тигәннәр». Түсінген боларсың. Мұны қазақшаға төтелей аударсақ, былай болып шығады: «Қара табын әулеті Майқы биден тарайды-дүр. Майқы би Шыңғыс хан дәуірінде Орал тауының Миадақ деген жеріндегі Мийәс өзегінің бойын мекен еткен; ол Шыңғыс ханға сыйлық апарып беріп, онымен жолдас болды. Шыңғыс ханмен бір арбада отырып жүрген; аты Үйсін Майқы би деген еді». Табын тайпасының шежіресінде сондай-ақ Майқы бидің Шыңғыс ханнан өз руының нышандары саналатын жауынгерлік ұранымен (оранымен) бірге мадақ жыры – салауатын, ағашы – ҡарагасты (қарағашты), құсы – ҡарагошты (қарақұсты) қалап алған делінеді. Бұдан Майқы бидің Шыңғыс ханмен замандас болғанын білеміз. Бұған қоса, оның қаһан төңірегіндегі ең беделді 12 бидің бірі екені баян етіледі. Майқы би мен Шыңғыс ханға байланысты аңыздар ғалым Григорий Потаниннің жазба құжаттарында да, «Дафтар-и Чингиз-наме» («Сыңғыҙнамә дәфтәре») деген көне еңбекте де жазылған…
Мына баян Бердалыны біраз ойландырып тастады. Сосын осы жерде елде жүрген кезінде осыған ұқсас кейбір әңгімелердің шет жағасын бірнеше рет естігенін еске түсірді. Бірақ жас болды ма, оларға онша мән бере қоймапты. Бар есінде қалғаны Кіші жүздегі табын, Орта жүздегі тарақты, Ұлы жүздегі жалайыр тайпаларының таңбалары бірдей – тарақ екені ғана болды.
Негізі, осы баяндардың бәрінің астарында шындық бар. Біздің заманымызға дейін жеткен аңыздарда Қазақ хандығының билеушісі Тәуке ханның Орта жүздегі аз санды ру жұрт – Жетіруды алшындарға, яғни бұрынғы ноғайлыларды қосып, Кіші жүз бірлестігін құрған. Осы тарихи деректер сондай-ақ Алтай тауының баурайларынан шыққан табындар басшыларының Шыңғыс ханды ақ киізге орап көтеріп, қаған сайлаған 24 моңғол тайпасы қатарында болғанын баяндайды. Сол сияқты көне түркі тілінде қазіргі Тибет жері Тобот, Тобон, Табын деп аталған. Ал табын руы қазақтар мен башқұрттардан басқа, ноғайлар мен өзбектер, тывалар мен сахалар арасында ұшырасады.
Шежірені шырайын шығарып, шағып айтып отырған Ильгиз ағай бір кезде мұның бәрі түркі халықтары көпшілігінің түп атасы, түбірі, тамыры бір екенін білдіретінін айта келіп, башқұрттың Шыңғыс хан дәуірінде өмір сүріп, онымен байланыста болған Мүйтен деген тағы бір биі туралы сөз қозғап кетті.
– Майқы бидің Шыңғыс ханға сый-сияпат апарып беріп, табындардың рулық таңба белгілерін бекіттіріп қатқанындай желі Мүйтенде де кездеседі, – деді ол әңгімеге беріліп кіріскенін дауыс ырғағынан аңдатып. – Ол мұны Алтын орда ханы – Шыңғыстың немересі Батудың алдында жасаған. «Үҫәргән тәуарихы» деп аталатын шежіре бойынша, Тоқсаба бидің баласы Мүйтен би моңғол шапқыншылығын бастан кешеді, 1236 жылы моңғолдар батысқа қарай жорығын бастағанда, олардың қатарына башқұрт бірлестігі қосылады. Ал Мүйтен би баласы Үсергенмен бірге ханның алдына барып, Ағеділ, Тобыл бойларын, Есіл өзенінің Ертіске қосылатын жеріне дейінгі аумақтарды сұрап алады. Мен мұны неге айтып отырмын? Кейін уақыт жылжып, дәуірлер алмасқаннан кейін Мүйтен есімі де, Үсерген есімі де жекелеген тайпалардың атауларына айналып кетеді. Қазір екі ру башқұрттардан бөлек, қарақалпақтарда да бар. Мүйтен тіпті қарақалпақ бауырларымызда ең негізгі рулар санатына жатады. Мүйтендердің іздері қарақалпақтың «Кырык кыз» дастанында сайрап жатыр. Олардың заманында Еділ мен Жайық өзендерінің бассейндерінде, Азау жағасы мен Қырымның қырқасында, Арал теңізінің айналасы мен Қызылқұмның қиясында, Түркістан аумағы мен Кавказдың етегінде көшіп-қонып жүргендері жайлы деректер жетерлік. Ал XVIII ғасырдың ортасында Жаңадария саласы мен Әмударияның дельтасы алқаптарынан бір бөлігі көрінеді.
Шынында да қатар отырған түркі халықтары руларының бұлайша өзара мидай араласып жатуы олардың түбі бір екенін анық аңғартады. Бұл әңгімелердің біразын осы жерде бірінші рет естіген Бердалы мына мәслихаттың пошымына риза болып отырды. Оның тағы бір қайран қалғаны: қазақтардың ауыз-екі сөз қолданысындағы тіркестердің бірқатары башқұрттарда да бар екен. Мысалы, бұлар ауылда «Бәз-баяғы баяғы, Айдекеңнің таяғы» деп, айтқан сөзінде тұрмайтын берекесіз біреуді сыртынан әжуалап күлуші еді. Башқұрт ағайындар оны «Әлеге лә баяғы, шул Шәкирйән таяғы» деп іліп әкететін болып шықты. Біздегі Айдекеңді бұлар Шәкіржан деп алмастырып айтады. Анасы Зағипаның кейде өзінің сыртта жүргенде бәрін де сезіп жүретінін «Басым да – көзім, аяғым да – көзім» деп отырушы еді, осыны Ғафиатулланың әсәсі Хабиба шешей: «Башым да күҙем, аяғым да үҙем» деп қайталап отыр. Әкесі Кенжебайдың «Желмен келген желге кетер» дегенін де талай естіген. Соны мына жақта Искандер бабайдың аузынан «Елдән килгән елгә китә» нұсқасында естігенде де, тағы қайран қалды. Сөйтсе, мұндай ұқсас ұйғарымдар тіпті көп. Мәселен, әкесі анда-санда болса да, «Жүз дос көптік етпейді, бір дұшпан аздық етпейді» дейтін-ді. Соны дос-ағасының әкесі Шагимарданның бұл екеуіне қарата «Йөҙ дуҫ аҙ була, бер дошман күп була» дегенінен тағын шамалады. Бұдан кейін біздің халықтарымыздың рухани жағынан да тамырлас екеніне шәк келтіруге болмайтын шығар.
Осында отырғанда, Бердалы тіпті батыста, бұл жерден көп болса, мың шақырымнан сәл ғана астам жерде қырғын соғыс болып жатқанын да бір сәт ұмытып кеткендей болды.
Сосынғы сезгені: башқұрттар екі сөзінің бірінде Урал деген ұлттық батырларын айтып, әспеттеп отырады. Ол туралы эпостық дастанды Гомердің «Одиссеясымен» тең көреді. Бергі замандағы ұлттық батырлары Салауат Юлаевтың даңқы да одан қалыспайды. Сондықтан ел ішінде оған арналған халық жырларын тіпті көп көрінеді.
Салауат нисә йәшендә,
Йәшел ҡамсат бүрке башында.
Булғадир булған, ай, Салауат
Егерме лә ике йәшендә.
Яланда йөрөгән йылҡының
Алалары бар ҙа буҙы юҡ.
Яуҙарҙы ҡырған Салауат,
Атҡынайы ҡайтты, үҙе юҡ.
Йүрүҙән һыуы, туғайы,
Сырлап ҡына осор турғайы.
Салауат менән Юлайҙың
Сыңғырайҙыр тимер бығауы.
Салауат йөрөгән кир аттың
Ялғынаһын кемдәр тараған?
Салауаттың һиҙгер күҙҙәре
Алыҫтарға текләп ҡараған.
«Салауат» деп аталатын халықтың жыр жолдарындағы сөздердің мағыналарын Бердалы тіпті оңай түсінді. Сол жерде отырып өлеңді көшіріп жазып та алды. Кейін казармада қолы бос кезінде оны қазақ тіліне өзінше аударып та көрді.
Салауат неше жасында,
Жасыл кәмшат бөркі басында.
Бастығым болған, ай, Салауат
Жиырма да екі жасында.
Далада жүрген жылқының,
Аласы бар да, бозы жоқ.
Жауларды қырған Салауат,
Аты қайтты, өзі жоқ.
Юрүрзән суы, тоғайы,
Шырылдап ұшар торғайы.
Салауат пен Юлайдың
Сыңғырлар темір бұғауы.
Салауат мінген кер аттың
Жалынан кімдер тараған?
Салауаттың өткір көздері
Алысқа тіктеп қараған.
Тегінде, башқұрттар «Батырдан батыр туады, ата жолын қуады» дегенді бекерден бекер айтпаса керек. Ғафиатулла аталарының батыр болғанын анасы Хабибаның аузынан бала жасынан естіп өсіпті. Ол өзге балалар секілді ауылдағы ақсақалдардан да елден ерекше батыр бабалары туралы аңызға бергісіз әңгімелерді елітіп отырып тыңдайтын-ды. Соның ішінде атасы Искандер Арысланов өз руларының атауына негіз болған Бушман батыр жөніндегі әңгімесі айрықша тартымды еді. Сонда Ослоташ тауының биік бөктерінде балалар Искандер бабайдың аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алып отырады екен.
– Есте жоқ ескі кездерде біздің бабаларымыз – бушман қыпшақтар Идел (Еділ) өзенінің жағасын мекен еткен екен, – деп алыстан орағытып бастады Искандер бабай. – Бір жолы оның жеріне моңғолдар шабуыл жасап, басып кіріпті. Ағайынды Меңгу хан мен Бусектің әскерлері Бушманның жерін жан-жақтан қоршайды. Ақыры қыпшақтар қолға түсіп, түгел тұтқынға алынады. Меңгу хан Бушманды өз жағына тартып, оның өзі мен адамдарын жаңа жерлер жаулап алуға пайдаланбақшы болады. Бірақ қалай үгіттеп көрсе де, қыпшақ батыры оның ұсынысына көнбейді. Бұған қатты ашуланған хан Бушманға тізерлеп тұруды бұйырады. Сонда ол: «Түйе тізерлеп тұрмайды, сұңқар жерде өлмейді, қолыңнан келгенін істей бер, мен өлімнен қорықпаймын», деп жауап береді. Осыдан кейін хан жауынгерлері батырды қылышпен кескілеп өлтіріп тастауды бұйырады. Біз Бушман батырдың ұрпақтары болып саналамыз. Сондықтан мына оқиғаны ешқашан ұмытпаймыз. Осындай тағдырымыз бар, қонақ балам.
Батыр бабай бұдан кейін Қобыланды батырдың өмірде болған тұлға екенін айта отырып, оның бейіті Ақтөбе облысының Қобда ауданы жерінде, Ресеймен шекаралас ауылдың аумағыда жатқанын, әңгімеледі. Сөзіне қарағанда, башқұрттар Қобыландыны өздерінің төл батыры санайтын сияқты.
– Ҡоблан батыр тарихи шәхесме, әллә әҙәби образмы тигән һорау тыуа. Был мәсьәләгә ҡарата ике ҡараш йәшәй, – деді ол енді таза башқұрт тіліне көшіп. – Берәүҙәр уны тарихи шәхес тип билдәләйҙәр һәм бында түбәндәге мәғлүмәттәргә һылтаналар. Беренсенән, Ҡаҙағстандағы Елек тигән ҡасабанан 40 саҡрым ерҙә Ҡобландының ҡәбере барлығын һәм Ырымбурҙан Манғыстауға ҡарай барған юлда Ҡобланды тип аталған ауылдың булыуын дәлил итеп килтерәләр…
Мына хикаяттарды атасынан тағы тыңдаған Ғафиатулла соғыста жүргенде батыр бабаларының ерлігі ешқашан жадынан шықпағанын, қайта оның ұдайы жігерлендіріп тұрғанын, өзінің даңқты бушман қыпшақ руынан тарайтынын әрдайым бек мақтан тұтатынын айтты.
Шыны керек, Бердалы Қобыланды батырдың асыл сүйегі қайда жатыр, деген мәселе мәйегінде бұрын ой толғап, көкжиек кенересін кеулеп көрмепті. Бірақ мына дерек бір жағы қуантты, бір жағы намысын шабақтап өткендей болды. Сосын бір кезде шыдай алмай, бала кезден жаттап өскен «Қобыланды батыр» эпостық жырының басталар жағын өз ауылының мақамына салып, төгіп-төгіп айтып жіберді:
Кешегі өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Қарақыпшақ Қобланды,
Атасы мұның Тоқтарбай
Халықтан асқан болды бай.
Байлығында есеп жоқ,
Айдалып бағып жайылды
Төрт түлік малдың бәрі сай.
Жаз жайлауы Көздікөл,
Көздікөлді жайлаған
Қалың Қыпшақ жағалай.
Тоқтарбайдың дәулеті –
Ішкені мас, жеген тоқ,
Бай-кедейдің көңілі жай.
Қыс қыстауы Қараспан,
Қараспан көкке таласқан.
Ат үйірінен адасқан,
Қалың Қыпшақ тізіліп
Қонса, қоныс жарасқан.
Әліп таңба Қыпшақтың
Атағы озған алаштан.
Сексенге жас келгенше
Бір бала көрмей Тоқтарбай,
Қайғыменен қан жұтып,
Ақылынан адасқан:
«Шөл иесі сұңқар қияқсыз,
Еш нәрсе көрмей дүниеден
Өткенім бе, – деген, – тұяқсыз»
Тоқтарбайдың зарына
Қалың Қыпшақ қайысқан.
«Қазақ баланың» мына қарекетіне башқұрттар демде риза болып қалысты. Әсіресе, Ильгиз мұғалім елден ерек қуанып, мұның арқасынан қағып қойды. Шамасы, қазіргі ұрпақ арасында батырлар жырын жатқа айтатын толқынның болғанына қуанатын сияқты.
– Анау-мынау деп бөле-жаратын ештеңе жоқ, Қобылан батыр – біздің башқұртқа да, қазаққа да ортақ тұлға. Біздің де арамызда өзін батырдың тікелей ұрпағы санайтын ағайын аз емес, – деп қойды соңынан оқытушы.
Осы сөз Қобыланды батырға байланысты барлық әңгіменің соңы түйіні сияқты болып шықты.
Осы сапарда Бердалы асып туған Ғафиатулла ағасының қалай Кеңес Одағының Батыры атағын алғанын оның ауылдастары арасында отырып өз аузынан естіді. Шамасы, Кенже елді мекенінің жұрты жерлестерінің қалай батыр атанған хикаясын бұған дейін де талай тыңдаса керек, бірақ адамның қуанышты нәрсеге тоймайтыны сияқты олар да мұны қайта-қайта айтқыза бергенін жалықпайтындарын бұл жолы да білдіріп Ғафиатулланы еркінен тыс сөйлетіп қойды. Бұл өтінішті олар бір жағы келіп отырған қонақ үшін жасап отырғандай болып көрінді.
Башқұрт халқынынан шыққан Кеңес Одағының тұңғыш Батыры өзінің бүгінде бір училищенің оқытушысы, офицер және саяси жетекші екенін білдіріп, оқиғаны әріректен бастап, тарқатып қозғады. Оның мұнысын жерлестері де ерсі көрмеді, қайта саяси сабақ аудиториясында отырғандай батырдың аузынан шыққан әр сөзді қағып алып тұрды.
КСРО мен Финляндия арасында өткен соғыс 1939 жылдың 30 қарашасынан 1940 жылғы 12 наурызға дейінгі аралықты қамтыды. Кеңес Одағы үшін бұл соғыстың басты мақсаты Финляндия аумағына 30 шақырымдай ғана жерде тұрған Ленинградты сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзінің солтүстік-батыс шекарасын ары қарай біршама жылжыту болды. Мұның алдында, 1939 жылғы тамызда тоталитарлық екі мемлекет – КСРО мен Германия «Молотов – Риббентроп пактісі» деп аталатын құжатқа қол қойған еді. Ол бойынша екі держава бір-бірлеріне шабуыл жасамау жөнінде келісімге келді. Бұл аса құпия хаттамада олар өздерінің Еуропадағы ықпал ету және басып алу сферларын бөлісіп алды. Онда Кеңес Одағының ықпалы Финляндия, Прибалтика, Батыс Украина, Батыс Белоруссия және Бессарабия өңірлеріне жүретіні келісілді. Сол-ақ екен, Германия арада аз уақыт өткеннен кейін, сол жылғы 1 қыркүйекте Польшаға қарсы соғыс ашты.
Бұл кезде қазіргі заманғы украин жерлері төрт мемлекеттің арасында бөлініп жатыр еді. Мәселен, Батыс Украинаның Галичина, Волынь аумақтары – Польшаның, Бессарабия мен Буковина – Румынияның, Закарпатье Венгрияның құрамында болды. Ал қалған жерлерінің бәрі Кеңес Одағына қарап тұр еді. Сондықтан мына жағдайды пайдаланып қалуға ұмтылған КСРО 1939 жылы 1 қарашада Жоғарғы Кеңестің кезектен тыс сессия шақырып, онда «Батыс Украинаны Украин КСР-ы құрамына қосу арқылы КСР Одағының құрамына енгізу туралы» заң қабылдады. Кеңес насихаты мұны украин жерлерін «азат ету және қайта қосу» ретінде атап көрсетті. Ал іс жүзінде ол сол сәтте украинның Галичина және Волынь өңірлері кіріп тұрған Польша территориясын басып алып, оны аннексиялау ғана болатын.
Сөйтіп, Екінші дүниежүзілік соғыс Польша жерін бөлшекке салудан басталды. Поляк армиясының әскер саны да, техникалық күші де неміс басқыншыларынан әлдеқайда әлсіз болды. Сондықтан қанша қарсыласып баққандарымен, оларға шегіне отырып, көп шығынға ұшырауға тура келді. Поляктар негізгі күштерін батыстағы оккупанттарға қарсы ұрыстарға төгіп жатқан тұста, 17 қыркүйек күні таңертең ерте елдің шығыс шекарасынан кеңес әскерлері басып кірді.
Қызыл армия шекарадан басып кірерден бір сағат қана бұрын Мәскеуде Польша елшісіне нота тапсырылды. Онда «Польшаның барлық өнеркәсіп және мәдениет орталықтарынан айырылғаны, Варшаваның бұдан былай поляк астанасы ретінде өмір сүруі тоқтатылғаны, поляк мемлекеті мен оның үкіметінде ешқандай тіршіліктің іздері қалмағаны» атап көрсетілді. Бұл іс жүзінде поляк мемлекетінің құлағанын білдірді… Бұл КСРО-ның Батыс Украина мен Батыс Белоруссия тұрғындарын қорғауды өз мойнына алуына желеу береді.
Польша осылай іс жүзінде екі оттың ортасында қалды. Мұның жарқын бір мысалы – Львов. 1939 жылғы 12 қыркүйекте осы қаладағы поляк гарнизоны немістермен жанталас соғыс жүргізіп, жаудың бетін қайтарып жатты. Ал 19 қыркүйекте қаланы айнала қоршауға алып, кеңес әскерлері шығыстан шабуыл бастады. Ақырында 22 қыркүйек күні поляктар берілуге мәжбүр болды. Кейін тарихшылар бұған «Ту сырттан берілген соққы» («Удар в спину») деген баға берді.
Осыдан кейін Кеңес Одағы мен Германия поляк армиясының қалған бөлігін тұтқынға алып, қарсыласқандарын түгел қырып тастады. Басында пактіде атап көрсетілген «ықпал ету аймағын» бөлісу жөніндегі келісім елдердің территорияларын көпе-көрнеу баып алуға ұласты. Бірақ артынан саудаласуға шешім қабылдаған Сталин Прибалтика елдерін де өзіне қаратты, Польша аумағындағы Литва жерлерін тағы алып қойды. Бұл өзгерістер 1939 жылғы 28 қыркүйекте қабылданған «КСРО мен Германия арасындағы достық пен шекара туралы жаңа келісімшарт арқылы бекітілді.
Иә, шын мәнінде Адольф Гитлер мен Иосиф Сталин 1939 жылғы қыркүйекте барлық халықаралық нормалар мен келісімдерді өрескел бұзып, Екінші дүниежүзілік соғысты бастап кетіп еді. Кремль өзінің бұл сорақы да сойқан әрекетін бүркемелеп, ақтау үшін іле-шала, апыл-ғұпыл НКВД органдарының тікелей бақылауы аясында «Батыс Украинада Халық жиналысын сайлау» өткізді. Әуелгі кезде кейбір украиндар бұлайша «қайта қосылуды» тіпті әжептәуір қолдап жүрді, бірақ өте жақын арада бұл жерлерде де шұғыл түрде ұжымдастыру науқаны жүргізіліп, депортация мен реперессия машиналары іске қосылып кеткесін, өздерінің енді қандай лагерьге тап келгендерін түсініп, қатты наразылық білдіре бастады…
Осы аралықта КСРО мен Финляндия арасы айтарлықтай ушыға түсті. Германиямен арада соғыстың болатынына көзі жеткен Сталин кейін немістердің фин территориясынан Ленинградты артиллериядан атқылай беруі қаупінен сақтанып, шекараны осылай ары, солтүстікке қарай біраз жылжытып қоюды көздейді. Кеңес тарапы бұл мәселені бейбіт жолмен шешіп алу мақсатында Финляндияға Карелия жерлерін алып, оның орнына Карел мойнағындағы шекараны ары жылжытуды сұрайды. Бірақ фин жағы келіссөздің кез келген түрін кері қайтарып тастаумен болады. Олар кеңес тарапымен келісімге келуден үзілді-кесілді бас тартады.
Ал соғыстың бірден басталып кетуіне 1939 жылғы 25 қараша күні сағат 15:45-те Майнила ауылында орын алған оқиға тікелей себепкерлік етті. Бұл елді мекен фин шекарасынан 800 метр қашықта, Карелия мойнағында орналасқан. Сол күні Майнила финдер тарапынан артиллериядан атқылауға ұшырады, соның салдарынан Қызыл армияның 4 өкілі қаза тауып, 8 адам жарақат алды. Осыған байланысты КСРО Сыртқы істер министрі Молотов 26 қарашада Мәскеудегі фин елшісі Арно Юрьё-Коскиненді шақырып алып, оған наразылық нотасын тапсырады. Ол өз сөзінде атқылаудың Финляндия аумағынан жасалғанын айтып, соғыстың басталып кетуінен тек Қызыл армия тарапынан арандатушылыққа ұрынып қалмау туралы бұйрық берілуі ғана сақтап қалғанын мәлімдейді.
Финляндия үкіметі бұған бір күн өткеннен кейін жауап қайтарады. Онда атқылаудың орын алғаны расталды, ол шамамен 20 минутқа созылған, бірақ атысты Майнила селосының оңтүстік-шығысындағы 1,5-2 шақырым жерден кеңес тарапы жасаған. Осыған орай фин жағы осы осы эпизодтың бүге-шігесін бірлесіп зерттейтін және оған лайықты баға беретін арнайы комиссия құруды ұсынды. Мұны кеңес жағы Британияның айтағына ерген фин жағының арандаушылығы деп есептесе, қарсы тарап керісінше атқылаудың кеңестік ұлттық қауіпсіздік органдары әдейі ұйымдастырған қитұрқы екеніне бек сенімді болды.
Осы кезде сержант Ғафиатулла Арысланов қызмет ететін танк полкы Ленинградтың солтүстік-батыс бөлігінде, Нева және Үлкен Невка өзендерінің оң жағалауындағы «Выборг тарапы» деп аталатын ежелден бергі тарихи мекенде дислокацияда тұрды. «Нева ауданы» деп аталатын бұл аумақ, – сол жағалау мен Нарва бөлігі сияқты, – зауыттарының көптігімен мен сол зауыттар жұмысшыларының 1917 жылғы революцияға белсене қатысуымен даңқы шыққан. Қала XVIII ғасырдың басында Карел (Фин немесе Швед деп те аталған), Ингерманландия және Канц тараптары болып, үшке атырапқа бөлініп тұрған.
Бірде таңертең бұлар қарауларындағы соғыс машинасын дайындық сапына толық қойып үлгермей жатқан шақтарында «Жауынгерлік дабыл! Жауынгерлік тәртіппен сапқа тұрыңдар!» деген пәрмен берілді. Полк танкішілері тез арада өз машиналарына отырып, белгіленген тәртіппен қаз-қатар болып тұра қалды. Бұл 1939 жылғы желтоқсанның басы еді. Кеңес Одағы содан бірер күн ғана бұрын Финляндияға қарсы соғыс жариялаған болатын. Карел ормандарының үстінен сыздап-сыздықтап соққан аяздан қарағайлардың бастары шытырлап тұрды. Аяз шынында ұшып бара жатқан қарға жерге құлап түсетіндей ерекше қатты екен.
– Соғыс бәрін өзі үйретеді, – деді сап алдында взвод командирі, лейтенант Алексей Пронин аузынан буы будақтап тұрып. – Сендер де ендігі әрекеттің бәрін соғыстан өздерің үйреніп шығасыңдар. Бұйрық барған жерлеріңде қолма-қол беріледі. Ал, қане, енді бәріміз «атқа қонайық». Алға, қырандар!
«Соғыс бәрін өзі үйретеді». Осы бір ауыз сөз Ғафиатулланың жадында жұлындай болып жазылды. Бүкіл танк полкы артынша алға ышқына ұмтылып, Выборг бағытына қарай бет түзеді. Ленинградты айналып өткен танкілер керуені Карел мойнағы жақтан терістікке тізбектеліп тартты. Атқыштар батальоны, дәлірегі, шаңғыға мініп алған жаяу әскерлер керуеннің біресе жанымен, біресе ізімен жүгіріп отырып, шекара шебіне бірге келе жатты.
Қанша жүргендері белгісіз, бір кездері Арысланов пен оның жігіттері танкке снаряд тигенін аңғарды. Олар осылай соғыстың сойқан соқпағына кіргендерін сезінді. Сөйткенше болған жоқ, кеңестердің үш танкісі финдер қоршауына түсіп қалды. Біздің жаяу әскерлер болса, бұл маңайға жақындап келе алатын емес. Бірінші тиген снаряд машинаға ешқандай залал келтіре алмапты. Ол ұрысқа қабілетті қалпында. «Алдыңда танкке қарсы атылатын қару бар» деген ескерту жетті кенет шлемофоннан. Мұны естіген Арысланов шұғыл маневр жасады. Алайда, туралап атылған снарядтан жалтарып кете алмады. Ауыр соғыс машинасы дір ете қалып, бір жағына қарай қисая берді. Сол мәурітте Арысланов атқыш ілгекті тартып қалып, финдер артиллериясына қарата атты. Бірақ снаряд мүлт кетті.
«Асығып кеткен екем, байсалды қимыл-әрекет керек», – деді ол өзінің аңғалақтығын мойындап, ақталғандай кейіппен. Бір таңғаларлығы, осы екі аралықта танкке тағы екі оқ келіп тиеді, алайда, ешбірі машинаны бәрібір істен шығара алмайды.
Осыдан кейін Арысланов өзіне әлдеқайдан бір күш келіп құйылып жатқандай күй кешті. Сол кезде ол өзін: «Жүйкені шабақтай бергенім жетеді. Асықпай нысананы көздеп дағдылануым керек», – деп қойды ол іштей.
Шынында абайлап атқарылған әрекеттердің бәрі істі оңды шешіп беруге көмектесті. Алдымен финнің өзін атқылап жатқан зеңбірегін тас-талқан қылды. Содан кейін басқа отты нүктелерін күйретіп жіберді. Соның бәрінде бақылау бекетінен келіп тұрған «Отты нүкте жойылды» деген хабарламалар көңілін одан бетер көтере түсті.
Командир ұрыс барысында жағдайдың сипатына орай шешімді өзі қабылдап, ахуалға қарай қимыл жасайды. Жауынгерлік жарғыда сондай бап бар. Бұл жолы экипаж командирі көріністі өзі көрмек оймен танктің төменгі люгінен ақ қардың үстіне сырғып түсті. Жан-жағына қарап та үлгермеп еді, енді көз салса, анадайда өздеріне қарай финдер жүгіріп келе жатыр екен. Иә, олар танкте қарсыласатын ешкім қалмады, машинаны оңай алып қоямыз деп ойласа керек. Жаудың пиғылын бек түсінген Ғафиатулла әдейі шамалы жатты да, олар жақындап қалғанда, жерден басын көтеріп алып, әуелі винтовкамен ең алдында келе жатқанын қалпақтай түсірді. Бірақ оның соңынан келе жатқан екеу тоқтар болмады. Бұған Арысланов түк сасқан жоқ, олардың екеуін де ұзатпай сұлатып салды.
Содан кейін бір орнында тұрып қалған танктің астына еңбектеп жетіп, астыңғы люк арқылы қайтадан ішке кірді. Ол механик-жүргізушінің орнына отыра қалып, машинаны өзі жүргізіп кете бермекші болып еді, стартерді қанша басса да, техника қозғалмады. Былайша, бәрі оңды сияқты-тын, қапелімде не болғанын біле алмай отыр. Неге от алмайды? Қорқып кеткен командир сосын айналма қорғанысқа көшуге бұйрық берді. Бір кезде: «Сүйреуге дайын болыңдар!» деген бұйрық естілді. Бірақ үстіңгі люктен сыртқа шыға бастағаны сол еді, пулемет оғы себелеп жауа бастады. Сөйтсе, пияда финдер қайта бас көтеріп, шабуылға ерік берген екен. Сосын Арысланов астыңғы люктен тағы тысқа шықты да, жауға қарсы оқ атуға кірісті. Осыны пайдаланып, келесі танкідегі қарулас жолдастары бұларды буксирге алып үлгерді. Содан кейін екі танк финдердің жаяу әскерлеріне снаряд атқылай отырып, артқа қарай шегінді. Сол кезде Ғафиатулла жолай жаралылардың бірін қалдырмай алып кетуге шешім қабылдады.
Кенет Арыслановтың танкісі оталып кетті. Сол арқылы екі машина арындап жүріп отырып, белгіленген нүктеге келіп, полктың қарауына келіп қосылды. Бұған бәрі таңғалды. Себебі, полк командирі полковник Николай Парамоновтан бастап, барлығы да бұл екі танкіні жойылып кетті деп есептеп қойыпты. Ал бұлар тек өздері ғана аман-есен орала салмай, қаншама жаралы жауынгерлерді өздерімен бірге алып қайтты. «Міне, саған Арыслан! Міне, саған башқұрттың арыстаны! Жарайсың, сержант Арысланов!» – деп келіп, Парамонов Ғафиатулланы құшақтай алды.
Шайқаста жау жөнінде қажетті мәліметтер әкелумен қатар, жаралыларды түгел ұрыс даласынан алып шығып, командалық пунктке жеткізген оның ерлігі ескерусіз қалған жоқ. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1940 жылғы 7 сәуірдегі Жарлығымен Ғафиатулла Арысланов Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Фин науқаны аяқталғаннан кейін ол өзінің өмір жолын әскермен байланыстыруға шешім қабылдады. Сөйтіп, Ульяновск танк училищесіне оқуға түседі. 1941 жылы оны аяқтағаннан кейін туған жеріне жақынырақ жүру мақсатымен жаңадан ашылып жатқан Орынбор танк училищесіне оқытушы болып келеді.
Жексенбі күні түс ауа Ғафиатулла мен Бердалы Орынборға қайтатын болып, жолға жиналды. Тағы да көрші-қолаң келіп, бұлармен дастархандас болды. Ең соңынан Искандер бабай екі жігітке көсілтіп бата берді.
Барығыҙға шуны ҽйтҽм:
Яҡшылыҡ булһын атығыҙ;
Кеше булһын затығыҙ;
Яманға юл ҡуймағыҙ,
Яҡшынан баш тартмағыҙ.
Батыр булған ир-егет
Еңмҽҫ нҽмҽ булырмы?
Батырмын, тигҽн ир-егет
Яуызға юл ҡуйырмы?
Утҡа ҡаршы һыу булыр ул,
Яуға ҡаршы тау булыр.
Үҙенҽ түгел, барына
Ауырлыҡта юл булыр.
Һәмиша юлларың булсын, балаларым!
Батыр бабайдың бұл батасы Бердалыға расында шын көңілден ақтарыла берілген ақ тілек болды…
Задында, ол бала жасынан үлкендерден батаны көп алған азамат-тын. Бұдан бір жарым жыл алдын Қызыл армия қатарына алынарда да ауылдас үш бірдей атасының батасын алып, алыс сапардың саулығын тілеп, жолға шығып еді…
Өкінішке қарай, ардақты азамат, аяулы аға, башқұрттан шыққан тұңғыш Кеңес Одағының Батыры Ғафиатулла Арыслановтың кейін жолы болмады. Ол 1942 жылдың қараша айында Кинзя ауылына соңғы рет келіп, ата-анасына:
– Жоқ, енді бұдан артық жүре алмаймын. Менің соғыста жинаған зор тәжірибем бар, сондықтан тылда отыра бермей, майданға баруым керек, – дейді.
Содан соң Орынборға қайтып оралып, әскери комиссариатқа баянат тапсырады. Көп ұзамай соғысқа аттанып, желтоқсан айында 24-ші танк корпусының танк батальонының командирі болып бекітіледі. Бұдан әрі қаншама жорық жолдарынан өтіп, бірнеше орден алады, танк дивизиясының командирі лауазымына дейін жетіп, елдің Орёл, Белгород, Курск, Харьков, Смоленск секілді қалаларын жаудан тазартуға үлес қосады. Алайда, қайран қаһарман 1945 жылғы 5 қаңтар күні Будапешт үшін болған шайқаста өзін ту сыртынан көздеген жау мергенінің жалғыз оғынан қапияда қаза табады. Сол уақыттары Венгрияның астанасын азат ету жолында кескілескен ұрыстарға Бердалы да қатысып еді, бірақ тағдыр жазбаған шығар, операция барысында бір-бірімен қатарласа жүріп, – оны тіпті екеуі де білмей, – жолығыса алмай кеткен екен.