Таным

«ОРЫНБОРЫМ – ОҚ ОРДАМ»

 Біз бүгін бұдан алдын оқырман назарына ұсынылған «Дегдар» деректі-көркем хикаятының кезекті бір тарауын жариялап отырмыз.

Серік ПІРНАЗАР

Паровоздың қатты қышқырған даусынан оянып кетті. Байқап қараса, оның тоқтап тұрғанына да біраз уақыт болған сияқты, өйткені, жолаушысы тығыз плацкарт вагонның іші кәдімгідей босап, перронда сапырылысып, ерсілі-қарсылы ағылып жүріп жатқан топ қарасы едәуір көбейіпті. Бердалы терезеден сыртқа бір қарағаннан-ақ Чкалов станциясына келіп тоқтағандарын біле қойды. Себебі, вокзалы өзі бұрын көріп жүрген Арал теңізі мен Қазалының, Жосалы мен Қызылорданың, Шиелі мен Жаңақорғанның осындай бекеттеріне қатты ұқсайды. Бұлардың архитектуралық стильдері шынында бір-бірлерінен айнымайды. Бұған себеп те жоқ емес-тін. Орынбор-Ташкент темір жолының құрылысы Ресей патшасы Николай Екіншінің 1901 жылғы 21 сәуірдегі бұйрығының негінде сол жылы қолға алынып, 1906 жылы толық аяқталған. Сонымен бір мезгілде жаңадан пайда болған станциялардың вокзалдары да қатарға қосылды. Олардың барлығы шойын жол арнасы тартылған бірінші нүкте – Орынбор вокзалының тура көшірмесі болды да шықты.

Бердалы бұған таң қалған жоқ. Мұның өзіндік себептері де бар екенін ол жақсы білетін. XIX ғасырдың екінші жартысында Ресейде керуен саудасы жылдам қарқынмен дами бастады. Орынбордың айырбас ауласына жыл сайын Ташкенттен, Бұхарадан, Хиуадан, Троицкіден, Семейден, Ақмешіттен жүздеген түйе керуендері келіп шөгерілетін болды. Орта Азиядан мұнда мақта, жүн, тері, мал сияқты тауарлар ағылып келіп жатса, бұл жақ оларға айырбас ретінде орыстың тоқыма және металл бұйымдарын ұсынып тұрды. Алайда, керуен саудасы елдің буырқанып өсіп келе жатқан тұтыным сұранысын қанағаттандыра алмады. Сондықтан Орта Азияға қарай жол салып қоя салмай, оны Ресейдің орталығымен жалғастыру қажеттілігі туындады. Өзінің тұрған жерінің қолайлылығына қарай Орынбор осындай күре жолдың байланыстырушы торабы болуға тиісті болды. Сол себепті бұл темір жолды салуға керекті 70 миллион рубльге патша өкіметі ойланбастан келісті. Ал аталмыш сома Ресейдің екі жылдан аса уақыттағы тауар айналымын құрайтын-ды…

Алдымен 1877 жылы темір жол желісі арғы жағы – Самарадан Орынбордың өзіне дейін жеткізілді. Осымен бірге біз сөз етіп отырған вокзал ғимараты да пайда болды. Ол ерекше тәсілмен әзірленген қызыл кірпіштен қаланды. Бекеттің инженерлік ұйғарымы да керемет жасалды. Осылайша Орынбор теміржол вокзалы Оңтүстік Орал магистралінің бастау алар нүктесі болуымен бірге, ғажайып символына айналды. Осы кескін-келбет кейін осы жерден тартылып баратын шойын жол бойындағы барлық станцияларға үлгі ретінде ұсынылды.

Орынбор вокзалы сонымен бір мезгілде Ресейдің өзіне кейін қосылған жерлерге қарай шығатын жаңа темір жолдарының басы болды. Сол кездегі бір суреткер оның көркін: «Вокзалдың түсі ашық реңкті, іші кең, төбесі биік екен, оларды өте әдемі де берік шойын қабырғаға қойылған төрт қырлы тіреулер ұстап тұр», деп суреттеп жазды. Вокзал ғимараты екі қабаттан тұрды, алайда, мұнара іспеттес қосымша құрылыстарының есебінен ол бұдан да биік болып көрінер еді. Ғимараттың орталық кірер есігі жартылай колонналы, оның үсті – балкон, ал қабырғалары мен карниздеріне мәнерлеп жапсырылған өрнектерге толы. Ал қалаға қарай баратын қапталдағы алаңның жиегінде түрлі көліктер тұратын бос орындар жасалып қойылған.

Осы қарқынмен Орынбор – Ташкент теміржол құрылысы 1887 жылы басталды. Ол екі тараптан да тартылып, соңыра бір мүйісте түйісуге тиіс болды. Әуелі өзбек жеріндегі Зиадин – Урсат арасы қолға алынды. Ол 1888 жылы бір жылда салынып бітті. 1889 жылы Урсат – Әндіжан арасы созылып, Самарқанд – Ташкент аралығы қосылды. Ал 1905 жылы Орынбор – Қандыағаш – Қазалы желісі тартылды. Келесі, 1906 жылы Қазалы – Жосалы – Скобелев (Шиелі) – Арыс – Ташкент қатынасы пайдалануға берілді. Қауырт даму жолына түскен Орынбор станциясы 1893 жылдан бастап елдің әр түкпірі мен жақын шет елдерден келетін пойыздарды тұрақты түрде қабылдауға кірісті. Паровоз депосы техникалармен толықты, вагондардың саны артты. Осы уақытта Орынбор жолы Самара – Златоуст құрамына кірді. Сол кезеңде вокзалды кеңейте түсуге тура келді. Сөйтіп, 1902 жылы оның алғашқы жаңғыртылуы жүзеге асырылды. Мына көрініп тұрған сол вокзал еді…

 

Орынбор – бүкіл қазақ халқы үшін өте қастерлі, қасиетті және қымбат қала. Оның біздің халқымыз үшін осыншалықты ыстық саналатыны – Қазақстанның жаңа дәуірдегі тұңғыш мемлекеттік құрылымы осы қалада бой көтерді. Бұған қазақтың сол замандағы оқыған көзі ашық азаматтарының қосқан үлестері де аз емес еді. Ол ұлтымыздың біртуар тұлғасы Әлихан Бөкейханов негізін қалаған «Алаш» партиясының құрылуына тікелей қатысты болды. Мұның ілкі жолы 1917 жылдың шілде-тамыз айларында Орынбор қаласында I жалпы қазақ съезі өткізіліп, «Алаш» партиясын құрудан басталды. Жиында қазақ тақырыбына байланысты 14 мәселе көтеріліп, шешім қабылданды. Ал 1917 жылы 5-13 желтоқсанында Орынборда өткен II жалпықазақ съезінде Алаш автономиясының құрылғаны жарияланды.

Әлбетте, «Алаштың» түпкі мақсаты біртұтас түркі мемлекетін құру болды. Ол Ресей империясының отарлық езгісі астында әртүрлі тарихи аласапырандарға ұшыраған қазақ, қырғыз, қарақалпақ, татар, башқұрт секілді шашыраңқы қалыпта қалып қойған түркі миллеттерінің басын қосып, «Тұран» деп аталатын қуатты дәулеттің іргесін көтеруге бағытталды.

1920 жылғы тамызда Кеңес өкіметінің сценариі бойынша «Алаш» автономиясы Қырғыз (Қазақ) АКСР-не айналып кетті. Сол жылғы қыркүйекте Орынбор Қырғыз (Қазақ) автономиялық республикасының астанасы болып жарияланды. Қазақ автономиясы құрылуының өзі, түптеп келгенде, кеңес өкіметін Орталық Азияда осыған пара-пар етіп, басқа ұлттық республикалар құруға мәжбүр етті. Сөйтіп, бұрынғы Бұхара және Хиуа әмірліктері (хандықтары) мен Түркістан АКСР-ның бір бөлігінен Өзбек, Тәжік және Түрікмен КСР-лары құрылды, ал қырғыздар мен қарақалпақтар Қазақ АКСР құрамындағы дербес автономиялы облыстар болып бөлініп шықты.

1925 жылы Орынбор облысы РКФСР құрамына беріліп, Қазақстанның астанасы Ақмешіт (Қызылорда) қаласына көшірілді. Осындай өзгерістердің нәтижесінде Татар және Башқұрт автономиялы республикаларының территориялары Қазақстанмен шектеспейтін болды. Осы арқылы совет билігі болашақта бауырлас халықтардың түркі мемлекетін құру мүмкіндігін кеміте түсті.

Бұл өңірде, негізі, Алтын Орда ыдырағаннан кейінгі дәуірлер көшінің дәргейінде қазақ, башқұрт, татар халықтары қатар өмір сүрді. Соның ішінде, әсіресе, қазақтар мен башқұрттардың үлес-салмағы анағұрлым көп болды. Өлкеге орыстар басқыншылық саясатының дүрмегімен кейін келді. Солардың келуімен бірге, мұнда патша өкіметінің тікелей пәрменімен Орта Азиямен сауда қарым-қатынасын жандандыру үшін көпестік кәсіпті дамыту міндетін арқалап, татарлар көптеп келе бастады. Ал кейін кеңес кезеңінде Орынбордан астананың Қызылордаға көшірілуіне байланысты қазақтардың мұндағы саны мен ықпалы жыл санап азая берді. Бертін келе орыстар ең көп санды халыққа айналып шыға келсе, одан кейінгі сатыға татарлар жайғасты…

Орынбордың әдеби өмірі де буырқанысқа толы болды. Оның кең танабында кейін тәмам елге танылған талай тамаша тарландардың есімдері мен туындылар тізбегі қалды. Сонау патша заманынан. Император Петр Біріншінің тұсынан бері «Орта Азияның қақпасы» саналған қара шаңырақ іспеттес қаланың бірнеше ұлттың колориті тоғысқан аймақтық ерекшелігіне қарай өз мәдени келбет-кескіні де қалыптасып еді.

Орынбор өлкесі XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында ақырындап әдебиеттің айтулы ордасына айнала бастайды. Сол кезеңдерде мұнда орыс сөз өнерінің көрнекті тұлғалары Гавриил Державин мен Иван Крыловтың балалық шақтары, – әкелерінің қызмет жағдайларына орай, – осы қалада өтті. Ал Ордың бойында туған мемлекет қайраткері әрі тарихшы Николай Карамзин балғын балалық шағын, жазушы Сергей Аксаков қызықты жасөспірім кезеңін осы жасыл орманды, жазық далалы өскелең өңірде қалдырды. Өлкеде Петр Рычков Орынбор тарихы мен қазақ даласына қатысты тарихи әрі ғылыми еңбектерін жазуды қолға алды, орыстың ұлы ақыны Александр Пушкин «Пугачев тарихы» деген еңбегі мен «Капитан қызы» атты романына керекті барлық материалдарды осында жинады. Жазушы Владимир Короленко кейін Пушкиннің «сүрлеуімен ізбе-із жүріп» отырып, өзінің соңыра аяқталмай қалатын «Қашқын патша» романына дәлелді деректер іздестіреді. Сол сияқты Петр Паллас, Александр Гумбольт, Григорий Карелин (ақын Александр Блоктың бабасы), Эдуард Эверсманн сынды зерттеушілер бұл атырапқа ғылыми экспедиция құрамымен ат басын тіреп, оның табиғаты мен географиясы, қазба байлықтары мен климаты, аң-құстары мен адамдары жайлы қызықты мағлұматтар жинайды.

XIX ғасырда тағдырлары ұзақ уақыт Орынбор өлкесіне қатысты өрілген жазушылар пайда болады. Тап солай жазмыштың жазуымен мұнда Владимир Даль, Тарас Шевченко, Алексей Плещеев тұрақтайды, өз еркімен Сергей Аксаков келіп, «Орынбор губерниясының ғажайып табиғаты» мен «тып-тыныш деревнялық тіршілігі» туралы кітаптарын толғатады. Өлкеге арнайы ат басын бұрғандар арасында атақты жазушылар Лев Толстой мен Николай Чернышевский де болды. Мұның ішінде Лев Николаевич башқұрт пен қазақтың қымызын ішіп, өкпе ауруынан емделген екен.

Орынбор топырағында орыстың сол замандағы көптеген жазушылары жергілікті татар, башқұрт және қырғыз-қайсақ (қазақ) өмірлеріне айрықша қызығушылық танытты. Осылайша, мысалы, Александр Пушкиннің «Литературная газетасында» петербургтік әдебиетші әрі этнограф Алексей Левшиннің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы» деген зерттеу еңбегінің үзінділері жарық көрді. Автор туындысында «қазақ» деген атауға ғылыми анықтама беруге талпынды. Бұдан кейін, 1830 жылы аталмыш басылымда жергілікті ақын-жазушы Александр Крюковтың «Якуб-батыр» деген повесінің «Қырғыздар» деген тарауы жарияланды. Орынборлық декабрист-ақын Петр Кудряшов осы жердегі түркі тілдес бауырлас халықтар – башқұрттың, татардың және қазақтың тілдерін де, әндері мен аңыздарын өте жақсы білді. Соның жәрдемі арқылы орыс сөздігінің авторы, мәшһүр сөз зергері Владимир Даль осында келгеніне үш жыл толған кезде, 1833 жылы «Библиотека для чтения» журналына өзінің үздік әдеби туындыларының бірі, қазақтардың өмірінен жазылған «Бикей мен Мәулана» деген повесін шығарды. Хикаят «дала жағдайындағы Ромео мен Джульеттаның» бір-бірлеріне деген шексіз сүйіспенщілік сезімдерін жырлайды. Шығарманың этнографиялық құндылығы да өте жоғары болды. Дәл осындай көмектің арқасында орыстың белгілі жазушысы, Орынбор генерал-губернаторы Василий Перовскийдің әпкесі Аннаның ұлы Алексей Толстой 1841 жылы аймаққа сапары жайлы «Қырғыз даласындағы екі күн» деген жолжазба очеркін жазып, оны нағашы ағасына арнады.

Петербург университетінің түлегі, құқық кандидаты, Орынбор әйелдер институтының оқытушысы, «Оренбургский листок» апталығының шығарушысы Иван Ефимовский-Мировицкий қалада болған 30 жылы ішінде қазах халқының өмірін зерттеуге көп уақытын арнады. Екінші жағынан ХIХ ғасырдың ортасында ағартушы жазушылар, Неплюев кадет корпусында шығыс тілдерінен ұзақ жылдар сабақ берген башқұрт Мирсалих Бикчурин мен Орынбор әскери училищесінде татар тілін оқытқан татар Салихжан Кукляшов башқұрттар мен татарларға орыс әдебиеті мен мәдениетінен деректер беріп отырды. Сол шамада Орынбордың зиялы қауымы шеңберіне айдауға ұшыраған украин ақыны әрі суретшісі Тарас Шевченко мен поляк ақыны Едвард Желиговски келіп қосылып, патша заманының көп зобалаңын көрген бұл өлкеге арналған көптеген жырлар шығарды.

Орынбор өлкесінің көптеген тумалары бірқатар әдеби туындылардың образдарына айналды. Мысалы, бала кезінде шешесімен бірге Пугачев көтерілісінің барлық дүмпулерін көрген Иван Крыловтың әңгімелеріне Жайық қалашығын бүлікшілерден қорғаған өзінің ержүрек әкесін прототип етіп алды. Жазушы Сергей Аксаков «Капитан қызы» романында суреттелетін бұрқасынның негізінде «Боран» деген очерк жазды. Жергілікті жазушы Александр Крюков та Пушкиннің осы шығармасының желісі бойынша «Менің әжемнің әңгімесі» повесін дүниеге келтірді. Драматург Николай Гогольдің әйгілі «Ревизорының» желісі 1833 жылдың күзінде Пушкиннің Пугачев көтерілісі жөнінде мәліметтер жинау үшін Нижний Новгородтан Орынборға келген сапары кезіндегі оқиғалардан алынған көрінеді. Нижний Новгородтың губернаторы Перовскийге бір құпия ревизордың бара жатқанын хат арқылы жазып жібереді. Оны алған Василий Алексеевич қарауындағы шенеуніктерді сол бойда аяғынан тік тұрғызады…

Василий Перовскийдің тұлғасы Лев Толстойдың кейін аяқталмай қалған романының бас кейіпкерін сомдауға негіз болған. Сол сияқты жазушының «Соғыс және бейбітшілік» романында француздарға тұтқынға түсіп қалатын Пьер Безуховқа қатысты сахна мен оның өлгелі жатқан әкесінің төсегі жанында отырған сәті суреттелетін тарау оның осы жердегі естіген әңгімелері негізінде жазылады.

Орынборда ХХ ғасырдың басы татар, башқұрт және қазақ халықтары ұлттық сана-сезімдерінің оянып, әдебиет саласында үлкен серпілістер әкелуімен ерекшеленді. 1905 жылдан бастап мұнда татар және башқұрт тілдерінде «Урал» («Орал»), «Вакыт» («Уақыт») деген газеттер, «Шура» («Кеңес»), «Чикертке» («Шегіртке»), «Яз» («Жаз»), «Мугаллим», («Мұғалім») «Чукеч» («Балға») атты журналдар, «Каргыча» («Қаршыға») және «Кармак» («Қармақ») дейтін сатиралық журналдар шығып тұрды. Революциядан кейін «Яна вакыт» («Жаңа уақыт»), «Яшь коммунист» («Жас коммунист»), «Кызыл юлдуз» («Қызыл жұлдыз») деген басылымдар пайда болды. Екі халықтың Ғабдулала Туқай, Шакир Мухамедов, Шариф Камал, Кабир Багитов, Мирхайдар Файзи, Шамун Фидаи, Мәжит Ғафури, Даут Юлтый, Шайзада Бабич есімді ақындары мен жазушылары осы кезеңдерде танылды.

Орынборда 1857 жылы қазақтың болашақ ұлы ағартушы-жазушысы, педагог Ыбырай (Ибрагим) Алтынсарин орыс мектебін бітіріп шығып, өз атасының писары болып істеді, сосын Орынбор басқармасында кіші тілмәш болып қызмет атқарды. Бұл жерден ол 1860 жылы орыс-қазақ мектебін ашу үшін арнайы Торғай жеріне жіберілді.

Қазақтың репрессияға ұшырап кеткен талантты ақындарының бірі Міржақып Дулатов Уфадағы «Ғалия» медресесінде және орыс-қазақ мектебінде оқып, әдеби дебютін 1906 жылы Петербургте шығатын «Серке» газетінде бастаған, 1911-1918 жылдары Орынбордың «Қазақ» газетінде қызмет еткен. Сонымен бірге, Орынбор халыққа білім беру институтында сабақ берген екен. 1919 жылы осында «Оян, қазақ» атты алғашқы жыр жинағы жарық көріпті.

Міржақыптың әйгілі «Шағым» деген өлеңі Орынборда жазылды. Оның былай өрілетін алғашқы шумақтарының бірі оқыған бойда адамның тұла бойын еріксіз дір еткізер еді:

Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.

Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі –

Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!

Өз ұлтын жанындай жақсы көрген нағыз патриот, ұлтжанды азаматқа бұдан артық тағы қалай айтуға болады!

Қазақтың сұңқар ақыны Сәкен Сейфуллин билік басына осы жерде келді. Ол 1922 жылы Қазақстан Кеңесінің III съезінде Қырғыз АКСР Халық Комиссариаты Кеңесінің төрағасы, ВЦИК-тің мүшесі, Қазақстан Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланды. Орынборда осы жылы оның «Асау тұлпар» деген жинағы, 1924 жылы «Домбыра» және «Советстан», 1926 жылы «Экспресс» деген поэмалары жеке кітап болып басылып шықты. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі Ілияс Жансүгіров 1923 жылы Орынборда ашылған Қазақ халыққа білім беру институтының директоры болып тағайындалды. Белгілі ақын-жазушымыз Сәбит Мұқанов 1922-1926 жылдары Орынбор рабфагінде оқып білім алады.

Ақшаңқан теміржол бекеті ғимаратына көзі түскен Бердалы әлі ұйқылы-ояу болса да, кенеттен әлдеқайдан құйылып жатқан ерекше сезімнің тербелісімен әнтек толқып, жүрегінің алып-ұшып тұрғанындай көңіл күйді бастан кешті. О, Чкалов! О, Орынбор! Оқ орда! Ата-бабаларының ізгілікті іздері қалған қасиетті мекен! Бала кезден армандай болған айтулы қала! Бір замандарда осы жердің топырағын даңқты бабалары Сырлыбай Асанұлы да, Мәметек Сырлыбайұлы да, Бармақ Мәметекұлы да, Қаржау Бармақұлы да алшаңдай басып жүріп еді-ау. Олардың әрбірі заманында осында қоныс теуіп, отау тігіп, тіршіліктің тегершігін өздерінше айналдырған. Олардың қайсы бірі болсын, Орал таулары мен Арал теңізінің аралығын, Ақ Жайықтың жағалауы мен Үстірттің етегіне дейінгі атырапты жол қылып, көшіп-қонып жүрген. Бір жарым ғасырға жуық уақыт иінінде Елек пен Жайықтың, Ойыл мен Жемнің, Сырдария менен Қуаңдарияның, Бұланты білән Білеутінің аумағында аттан салып, ауа көшіп, ара қонып жүрген қай-қайсысына да Ор мен Орынбор, қай жағынан келмесін, айрықша алапат ыстық болған!

Атауы жуық жылдарда өзгергенімен, бұл баяғы Орынбор еді. Іргесі 1742 жылы «Орынбор» болып қаланған шаһарға 1938 жылы желтоқсан айында сынақшы ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Валерий Павлович Чкаловтың есімі берілді. Қала бұл атты 1957 жылға дейін егеленіп, содан кейін қайтадан өзінің атауына көшірілді. Алайда, аталмыш пилоттың бұл аймаққа қатысы жоқ-тын. Ол 1904 жылы 20 қаңтарда Нижний Новгород губерниясы аумағындағы Василево деревнясында туған. Чкаловтың экипажы 1936 жылғы 20 шілдеде Мәскеуден Қиыр Шығысқа дейін тоқтаусыз ұшып барды. Ұшақ Охот теңізінің айдынында жатқан Удд аралындағы құмдаққа барып қонғанша ұшу уақыты 56 сағатқа созылды. Ал маршруттың жалпы қашықтығы рекордтық 9 375 шақырымды құрады. Осы үшін экипаж мүшелері түгелімен Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Сталин 10 тамызда Мәскеу маңындағы Щелков аэродромына қонған экипажды қарсы алуға өзі келді. Осыдан бастап Валерий Чкалов КСРО-да ең танымал адамдардың бірі болды. Ол бұдан кейін 1937 жылы Мәскеуден АҚШ-тың Вашингтон штатындағы Ванкувер қаласына дейінгі 8 504 шақырым қашықтыққа Солтүстік полюс арқылы еш жерге қонбай ұшып барған алғашқы экипажды басқарды. Өкінішке қарай, сондай даңқты ұшқыш 1938 жылғы 15 желтоқсанда Орталық аэродрода жаңа И-18 истребителін бірінші рет сынау кезінде оқыс қаза тапты…

Мұның бәрі Бердалыға баяғыдан белгілі. Ер жетіп, есею жылдарына енші артқан мерзімнен бері Орал тауларының етегіндегі Орынбор ордасы жаққа қарай құлағы дәйім дерлік түрік жүрді, мұндағы көп жаңалықтар мен жаңғырықтарды біліп жүрді. Заматында әлгі ойлардың ойпатына тағы бір түсіп шыққан ол басына жастанған жол қапшығын қолына ала түрегеліп, жанында астыңғы-үстіңгі сөрелерде қаннен-қаперсіз қатар ұйықтап жатқан екі серігін жұлмалап оятуға кірісті. Олардың бірі – Семён бірден оянып, жылдам жинала бастағанымен, Афанасийді серпілдіру оңайға соқпады. Оның ыңырана түсіп, қозғалмай жатқанын көрген Семён шыдамай кетіп, шапалағымен жауынгердің екі бетінен кезек-кезек шыртылдатып ұрғылауға кірісті. Ұйқышыл маубасқа содан кейін ғана жан бітті. Сонда да орнынан атып тұра қоймай, әуелі екі бетін өзі аздап ысқылап алып, төсектен басын көтеріп, екі аяғын төмен қарай салбыратып жіберіп біраз отырды.

Орындарынан тұрып, қапшықтарын арқаларына асып алғаннан кейін үшеуі Иркутск облысынан бері бірге келе жатқан жаяу әскер бөлімшесі солдаттарымен жылы қоштасып, перронға шықты. Бұлар жолда тура он бір тәулік жүрген болса, соның тоғыз сөткесін осы жігіттермен бірге өткізіпті. Бір әскери округтен шыққан сапарлас әріптестері Куйбышевке дейін барады, одан әрі майданға жіберіледі. Бірақ қай қырғынға тап болатындарын өздері де білмейді. Сондықтан біршама уақыттардан кейін майдан даласына өздерінің де аттанып кететіндерін жақсы түйсініп тұрса да, бұл үшеуі әлгілерді құдды бір қайтпас сапарға кетіп бара жатқан сияқты көріп, бір жағы іштей аяп, бір жағы ептеп қимай, тамбурдан түсіп бара жатты.

Ұлы сәске шамасында платформа бойлап жүріп келе жатқандарында бұларды қызыл үш әскер дауыстап тоқтатты. Бердалы басында оларды патруль шығар деп ойлап қалып еді, сөйтсе, олай емес, танк училищесінен өздерін күтіп алуға әдейі жіберілген өкілдер екен. Өзін «Лейтенант Олег Симонов» деп таныстырған кіші офицер бұл шара үшін қасына тағы екі курсантты ерте келіпті. Үш жігіт те аты-жөндерін кезектесіп айтып шықты. Сонымен ресми танысу ишарасы тәмам болды.

– Ал, қош келдіңіздер, қызыл армияшы жолдастар! Чкалов әскери танк училищесі бәріңізді асыға күтіп отыр. Сіздерге сәттілік тілеймін! Ақ жол! – деді лейтенант жартылай салтанатты түрде жарқын дауыспен. – Қане, маған енді жеке іс қағаздарыңыз бен әскери билеттеріңізді беріңіздер.

Бұлар жапатармағай тұра қалды да, жол қапшықтары мен жан қалталарынан аталған мүкәмалдарды алып шығарып, Симоновқа берді.

Оларды қолына алып, сыртынан бір шолып шыққан лейтенант:

– Бәрі дұрыс. Тура атап көрсетілгендей, – деді де, ептеп көңілденгендей үнмен өзінің кезекші сауалдарын қойып шықты: – Қалай жеттіңіздер? Жолда қанша жүрдіңіздер? Жол ауыр болған жоқ па?

Үш қызыл әскер бір сәт бір-біріне қарап іркіліп қалғандай болып еді, Симонов кенет Бердалының иығынан ұстап тұрып:

– Сіз айтыңыз, қызыл әскер Кенжебаев! – деді. – Менің сізді тыңдағым келіп тұр.

Басында кіші офицердің неге өзін таңдай қалғанына Бердалы іштей аздап таңданған секілді болды. Оның мұнысы өзге ұлттың ортадағы жалғыз өкілі болғасын құрметтегені ме, әлде орысшаға қаншалықты жетік екенін білгісі келгені ме, болмаса ана екеуінің беттері домбығып, ауыздарынан аз-маз ащы судың өткір иісі шығып тұрғанын аңғарып қалды ма, – бұл арасын мұның өзі де, басқалар да жыға ажырата алмады.

Бердалы сосын іркілмей:

– Жақсы жеттік, жолдас лейтенант, – деді саңқ етіп. – Жолда тура, артық-кемі жоқ он бір күн жүрдік. Ел көріп, жер танып келдік. Шаршаған жоқпыз, тынығып жеттік…

– Онда жөн екен. Рахмет! – деді енді лейтенант күлімсіреп. Сосын не шынын айтып тұрғаны, не мысқылдап жатқаны белгісіз: – Иә, тынығып келгендеріңіз көрініп тұр, – деді. – Бүгін шілденің 16-сы, күн сәрсенбі. Қазір бізді вокзал сыртында қызметтік автобус күтіп тұр, соған тез отырып, училищенің бас корпусына барайық. Жүріңіздер!

Соны айтқан Симонов өзі алға түсіп, топты бастап жүре берді. Қалған бес жігіт оның соңынан ілесті. Вокзалдың артқы жағындағы алаңға алып баратын тепкішектен өтіп, ары қарай жүре бергендерінде, бұлардың жандарына бір автобус зырылдап келіп, кілт тоқтады. Оған қарай жалма-жан жалт бұрылған лейтенант артынша бұларға қайрылып, басын изеп, ымба жасады да, автобустың ашыла кеткен есігінен іш жаққа лып етіп кірді. Оның соңынан Байкал бойынан келген үш солдат тымпылдап көтерілді. Бұлардың әрбірімен бас шұлғып амандасқан азаматтық формадағы шофер бәрі түгел жайғасқасын, бір рет сигнал беріп алды да, көлікті ақырын орнынан қозғады.

Автобус қарқын алып жүріп келе жатқанда, Бердалы оның ішіне көз жүгірте қарап, мұның Ленинградтағы АТУЛ зауытынан шыққан «ЗИС-8А» маркалы жолаушылар көлігі екенін шамалады. Оны білетіні, Одақта 1928 жылдан бері шығып келе жатқан, тек биылғы жылдың басында өндірісін тоқтатып алған «За рулём» журналын Қазалыдағы техникумда оқыған жылдары үзбей қарап тұрған еді. Содан Нева жағалауындағы қаланың аталмыш зауытынан 1936 жылдан бері осындай текті автобустың шыға бастағанын білген. Мына 50 орындық көлік тап соның өзі. Түрі, тұрқы, сипаты, қуаты – бәрі келіп тұр. Жалпы, Бердалы техника атаулыны бала кезінен жақсы көреді. «Көзжетпесте» моторлы қайықты әлсін-әлсін айдап кете беретіні де сол құмарлықтың ындыны. Сондықтан оған қатысты жаңалықтарды ұдайы қадағалап жүретіні рас.

Машинаның терезесінен қаланың біртіндеп артта қалып бара жатқан орамдары мен ғимараттарына көзі түсіп отырған Бердалының есіне ертеректе әкесінің айтқанынан жаттап ала қойған мына өлең жолдары түсіп кетті:

Орынбор, ойхой, оқ ордам,

Жайлауың жасыл шоқ орман.

Суына Ордың қандым мен,

Құлдилап құяр жоғарыдан.

 

Орынбор, ойхой, оқ ордам,

Қызық көп сенде сан алуан.

Қалдырған ізін бабамның

Айналдым сенің әруағыңнан!

Бірақ жан көкесі мұның кімнің туындысы екенін айтпады. Бұл, сірә, сонда өзі де тығаттап сұрай қоймаған шығар. Бәлки, әкетайы қатты толғанып, ширыққан кезде оның ұшқыр қиялының қиясынан қанат қағып, бұрқылдап шыға келген өз жыры да шығар, кім білсін… Ол кісі бұл өзінікі болса да айтпас еді. Мінезі сондай. Артық мақтанды, бөстекі сөзді өлердей жек көреді. Дәл сондай, біреудің бірдеңесін иемденіп немесе сыртынан егеленіп жүретін жылпостарды да суқаны сүймейді. Бұл сипаты жағынан өзі де айнымаған әкесі. Ал ақыл-парасатқа көп жүгінетіні, шектен тыс шыдамдылығы, бір нәрсені қолға алса, оны ақырына дейін жеткізбей тынбайтыны жағынан анасынан аумай қалған. Сол әдетімен «оқ орда» деген тіркестің не мағына беретінін де өзі болып, біраз іздестірді. Ақыры тапты. Өз ата-бабасының жері – Қазалының диқандары егінге су әкелетін бас арықты «оқ арық» дейді екен. Соны естігенде, ол «оқ орданың» өзінен өзі «бас орда», «астана», «бас қала» деген мағына беретін атау екенін ешбір шермендесіз түсіне қойды.

Көлік бір көшені айналып өтіп, үлкен даңғылға түскен кезде лейтенант Симонов келген үш жауынгерді қаланың қазіргі ахуалымен таныстыра бастады. Соғыс басталғалы бері облысқа майдан шебіндегі белдеулерден 71 мың адам көшіріліп әкелінген. Олар қала мен аудандарға бөліп орналастырылған. Бұлардан басқа, орталықтардан көптеген зауыттар мен фабрикалар, ғылыми және шығармашылық орталықтар көшіп келген. Бұған қоса, қазір қалада танк әскери училищесімен қатар, тағы сондай үш оқу орны мен бір академия әскери кадрлар даярлап жатыр. Ал бұрынғы атқыштар училищесінің базасынан қабырға қалаған танкішілер дайындайтын орда 1941 жылдың мамыр айынан бастап жұмысқа кіріскен екен.

– Чкалов облысы қай әскери округтің қарауына қарайды, жолдас лейтенант? – деген сұрақты төтеннен қойды Бердалы бір кезде. Бұған автобустағылардың бәрі таң қалғандай ошарыла қарады.

Ал бойын тез жинап алған Олег Симонов көп кідірместен сөйлей жөнелді:

– Сұрақ дұрыс. Әңгіме жоқ. Қазір Орынбор облысы Еділ бойы әскери округінің бағынысында. Негізі, патша заманында Орынбордың өз әскери округі болған. Ол Ресей әскери министрі Дмитрий Милютиннің әскери реформасы нәтижесінде 1865 жылы іске қосылған. Ол кезде округ әскерлерінің қолбасшысы сонымен бірге генерал-губернатор лауазымын да қоса атқарған. Бұл қызмет 1965 жылы 9 ақпанда тағайындалып, 1881 жылғы 11 шілдеде жойылған. Ал Орынбор әскери округінің өзі содан үш күн кейін, 14 шілдеде таратылған. Осыдан бастап Өфө және Орынбор губерниялары, Торғай және Орал облыстары, сондай-ақ Орынбор және Орал казак әскерлерінің жерлері Қазан әскери округінің құрамына кірген. Бірақ 1918 жылы Қазан әскери округі де жойылып, орталығы Саратовта орналасқан Еділ бойы әскери округіне қараған. Сонымен бірге, Орынбор облысы да осы округке бағынатын болған.

Лейтенанттың ынты-шынтысымен айтып берген бұл сөздерін автобустағылар түгел үн-түнсіз, мұқият тыңдады. Соңынан Бердалы осындай инабаттылық көрсеткені үшін шені жоғары офицерге өзінің алғысын білдіріп қойды. Алайда, тап осы сәтте арада небәрі 4 айға жуық уақыт өткен соң, 1941 жылы 1 желтоқсанда Чкаловта бір әскери округ құрылатынын, оның «Оңтүстік-Орал әскери округі» деп аталатынын ешкім білген жоқ.

Бір уақытта автобус Правда даңғылы бойындағы екі қабатты, сырты сары және ақ түспен боялған, есігінің алды көкпеңбек шыршаға толы бір зәулім, әдемі үйдің алдына келіп тоқтады. Ғимарат шынында бір көрмекке әсем екен. Ал бұл құжыраның көркем де келісті болатындай реті бар еді. Ол 1814 жылы белгілі архитектор Михаил Малаховтың жобасымен бейнелеу өнерінің музейі ретінде салынған. Бірақ әдепкі кездері ғимарат қалалық дума, қалалық магистрат, жетімдер соты секілді мемлекеттік мекемелердің құтханасына айналып кетеді. Кейін, 1870 жылы ол ішінара қайта салынып шығып, айтылып отырған музейге берілген. Бірақ 1935 жылы оған тағы да мемлекет төрелік жасап, енді кеңес өкіметі өктемдік көрсетіп, бұл мекенді әскери оқу орнына, яғни атқыштар училищесіне айналдырып жібереді. Мұның ақыры биыл мамыр айында оның танк училищесі болып қайта құрылуына алып барады.

Сол жерде өзімен бірге жүрген екі курсантты казармаға қайтарып жіберген Симонов тарихи ескерткіш секілді ғимараттың ішіне кіргеннен кейін бұл үшеуін қабылдау бөлмесіне ертіп апарды. Онда отырған жас қыз лейтенант қолына ұстата салған жеке құжатарды бір қора қағаздармен бірге алып, іле ішке сүңгіп кетті. Қыз біршама кешеуілдеп барып шықты да, лейтенант Симоновқа қарата: «Кіре беріңіздер, полковник Грищенко сіздерді күтіп отыр», – деді.

Кең кабинетке енген бойда Бердалының көзіне бірінші түскені тура қарсы бетте, төрде, қабырғаның біраз жерін алып тұрған Сталиннің түрлі-түсті бояумен салынған үлкен портреті болды. Одан кейін сәл төменде тұрған полковниктің өзіне өз жүгірте қарады. Ол ашаң жүзді, ұзын бойлы, кең иықты кісі екен. Түрі де оншалықты бір суық көрінбеді. Қайта мейірімді сияқты. Қабырғамен жапсарлас сап түзеп тұра қалған үшеуіне өзі келіп, қол беріп сәлемдесті. Соның алдында лейтенант алдынан шығып, баянат бермекші болып жатыр еді, оны ыммен қайтарып тастап, бұлардың жанына өзі жетті. Ол үш қызыл әскердің әрбірінің алдына келгенде, «полковник Николай Васильевич Грищенко» дегенді жеке-жеке айтып, қолын ұсынып тұрды.

Ең соңынан полковник бәрін кабинеттегі үлкен үстелге жағалай отырғызып қойып, біршама әңгіме айтты.

– Қазір майдан даласындағы ахуал тым ауыр болып тұр. Қуана қалатындай ештеңе жоқ. Әлі шегініп келеміз. Мұның бәрін өздеріңіз менсіз де білетін шығарсыздар, – деді ол тұнжыраңқы дауыспен. – Кеңес өкіметі мен КСРО командованиесі осы сәтте қолдан келген нәрсенің бәрін жасауда. Осыған байланысты соғыста ептеп өзгерістер мен бетбұрыстар нышаны байқалғанымен, оларды айтарлықтай қауқарлы деуге келмейді. Бұл соғыс танктер соғысы болғалы тұр. Мұны белгілі соғыс стратегтері кезінде Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін-ақ айтқан. Сол танкілердің соғысы қазір жүріп жатыр. Бұл жағынан да жау басым. Сол себепті еліміздің Сталин жолдас басқаратын Қорғаныс комитеті танкіні де, онымен жұмыс істейтін мамандарды да көптеп шығаруға барынша көңіл бөліп, күш салуда. Бүгінде танк өндіретін зауыттардың бәрі толық қуатында жұмыс жасай алар емес. Әзірге жарап тұрғандары – Сталинград пен Челябинскінің трактор зауыттары, Мәскеудегі «Қызыл Сормово». Жау тылынан көшіріліп әкелінген өнеркәсіп орындарына бұл майданға кірісіп кету қиын болып отыр. Сондай зауыттың бірі біздің Чкаловқа да келді. Алайда, ол да әзірге іске қосылған жоқ…

Осыны айтып болып, орнынан тұрып кеткен полковник арғыдағы өзінің қызметтік үстелі үстінен «Герцеговина Флор» папиросын қорабымен алып келіп, ішінен бір данасын шығарып, түбінен бірер рет үрлеп жіберіп тұтатты да, оны кабинет ішінде ерсілі-қарсылы жүріп шегіп, әңгімесін жалғастыра түсті.

– Дегенмен, ертең біртіндеп жағдай түзелер-ау, танкілеріміздің саны да арта түсетін шығар, сол кезде олардың тізгіндеріне кімдерді отырғызамыз? – деп алып Грищенко үстел басындағы әрбір қызыл әскерге жеке-жеке бір қарап қойды. – Міне, әңгіме қайда жатыр! Ал күні ертең осының өзі үлкен проблема болғалы тұр. Күні ертең емес-ау, ол тап қазірдің өзі қинап жатыр. Соғыс деген қашанда – қырғын, құрбандық. Бізге бүгінде офицерлер құрамы баудай түсіп оққа ұшып, қатарлары сиреп бара жатқаны қиын тиіп тұр. Бұған қоса, армияда жаңадан құрылып жатқан құрылымдар өте көп. Осылардың бәрінің орнына сауатты, білімді офицерлер керек. Біз сіздерді де сонау Читадан сол үшін алдырып отырмыз. Жай шақырта салған жоқпыз, көптің ішінен таңдап шығардық. Танк училищесіне алынатындар алдымен техникалық сауаты жағынан тексеріледі. Сіздер іріктеуден өттіңіздер. Енді мен сол сенімді ақтайтындарыңызға сенгім келеді. Мұнда қысқартылған мерзім ішінде, он айдың беделінде танкіші офицер мамандығын алып шығып, майдан даласына аттанасыздар. Олай болса, іске сәт! Жолдарыңыз болсын!

Полковник Николай Грищенко сөзін осындай тілекпен аяқтады. Оның айтып тұрған уәждерінің бәрі дұрыс еді. Соның ішінде Бердалыны училище бастығының сіздерді көптің ішінен таңдап алдық деген рәуіште айтқан уәжіптері кәдімгідей тебірентті. Бұл үшін ол ең алдымен өзіне жақсы балалық шақ әперген әке-шешесіне, олардың «Көкжетпес» деген арал аумағындағы ауылды мекен етіп, өмірді жалғастырғанына, сосын Қазалы техникумында оқып білім алып шығуына мүмкіндік жасағандарына іштей шексіз алғыс сезімін білдірді. Бұл жай танк училищесіне қабылданғанына ғана қатысты әңгіме емес, бұл ең алдымен қай жерде де ешкімге еңсесін бастырмайтындай етіп тәрбиелегендеріне деген разылық пейіл еді. Арал-ауылда Павел, Яков, Профирий деген замандастарымен ойнап жүріп-ақ орысша сөйлей білудің әліппесін үйреніпті, колхозда жұмыс істеуінің арқасында теңіздің бойымен өтіп жататын кемелерге барып тұра алатын мүмкіндік тауып, мұнысын біраз жетілдіріпті, Арал қаласына ара-тұра есеп беруге барып жүріп, дағдысын ұштай түсіпті, ал Қазалыдағы техникумды таза орыс тілінде оқып бітіріп шыққан еді. Осының бәрінің пайдасын көрмесе, енді зиянын шекпейтіні хақ.

Полковниктің алдынан көңілденіп шыққан бұл үшеуін сосын лейтенант Симонов «қызыл бұрышқа» алып барып, тағы біраз насихат оқыды. Осы жерде өзінің училищеге ол ашылған кезде келгенін, оған дейін әскери бөлімде саяси жетекші, яғни политрук болып қызмет атқарғанын, мұнда да қазір штабта осыған ұқсас жұмыстарға басшылық жасап келе жатқанын айтып берді.

– Расында жаңа құрылымдардың жиі құрылуы мен соғыста офицерлер құрамының көптеп құрбандыққа ұшырауы күн тәртібінде әскери кадрларды даярлау қарқынын арттыру проблемасын алға шығарды, – деді лейтенант Олег Симонов одан әрі. – Соғыс қысқа мерзім ішінде мыңдаған жаңа командирлерді, саяси қызметкерлерді, түрлі әскери мамандықтағы офицерлерді тездетіп оқытып шығарып тұруды талап етті. Әскери кадрларды дайындау өмірлік маңызы бар мәселелердің біріне айналды. Басталып кеткен соғыс әскери оқу орындарының офицер кадрлар даярлаудағы іс-әрекеттеріне елеулі өзгерістер енгіздірді. Іс басындағы армия барған сайын командалық құрамнан көптеп айырыла бастады. Сондықтан осындай шұғыл қадамдарға баруға тура келіп жатыр…

Осы ретте БКП(б) Орталық Комитеті мен Қорғаныс Халық Комиссариатының 1941 жылғы 25 маусымда осы мақсатта шешім қабылдап, әскери оқу орындарының жүйесін кеңейткені айтылды. Соның негізінде іс жүзінде саладағы жұмыс қайта құрылған. Ал Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті 1941 жылғы 16 шілдеде «Қорғаныс Халық Комиссариаты және Әскери-Теңіз Флоты Халық Комиссариаты жүйесінде резервтер даярлау туралы» қаулы қабылдады. Ол майдан мүддесі үшін кадрларды оқыту мен тәрбиелеу жұмыстарын қайта құруда үлкен рөл атқарды. Қорғаныс Халық Комиссариаты командалық басшылық құрамын даярлаудың академия тыңдаушылары мен училище курсанттарын мерзімінен бұрын түлетіп шығаруды, оқу орындарының саны мен сыйымдылығын арттыруды, жеделдетілген даярлық жүйесіне көшудің бағдарламасын жаңғыртуды қарастыратын жоспарын жасады. Осыдан кейін әскери оқу орындарының саны күрт өсті.

– Жасыратыны жоқ, жау басып алу қаупі бар аудандардағы әскери училищелердің бәрі соғыстың алдында-ақ елдің ішкергі жақтарына көшірілді, – деді Олег Симонов тағын. – 1941 жылғы маусым айына қарай Кеңес Қарулы Күштерінің қарамағында 19 әскери академия, азаматтық жоғары оқу орындары жанында 10 әскери факультет, 7 әскери-теңіз училищесі және 203 әскери училище болды. Оларда 37 мыңнан аса тыңдаушы, 37 мың курсант оқып жатты. Соғыс басталғаннан кейін әскери оқу орындарының жүйесі кеңейе түсті. Бір ғана Чкалов қаласының өзінде танк училищесінен бөлек, зенитті артиллерия училищесі және әскери авиация мектебі жұмыс істеп тұрды.

Саяси жетекшінің айтып отырғандарының бәрі тура-тын. Осы тұстағы тағы бір тарихи оқиға: КСРО Қорғаныс Комитетінің Халық комиссары Иосиф Виссарионович Сталин (Джугашвили) 1941 жылғы 20 қыркүйекте Қорғаныс Халық Комиссариатының бас басқармалары мен басқармаларына арналған «Қызыл армияның басшылық құрамы кадрларын дайындау, есебін жүргізу, таңдау және орналастыру туралы» № 0356 санды бұйрық шығарды. Онда Қызыл армияның басшылық құрамы кадрларын дайындау, есебін жүргізу, таңдау және орналастыру әскерлер түрлеріне сәйкес Қорғаныс Халық Комиссариатының тиісті бас басқармалары мен басқармаларына тапсырылатыны, сонымен бірге жаяу әскерлердің, кавалерия мен жергілікті әскери басқару органдары басшылық құрамдарының кадрлары бас басқармалар құзыретінде қала беретіні айтылған. Осы бұйрықтың негізінде жаяу әскерлер мен атты әскерлер училищелері, М.В. Фрунзе атындағы Әскери академия, сондай-ақ Қызыл армияның әскери-оқу орындары Қорғаныс Халық Комиссариатының кадрлар жөніндегі бас басқармасы бастығына бағындырылды. Қызыл армияның қалған әскери оқу орындары ҚХК-ның тиісті бас басқармалары мен басқармаларының бастықтарына қарайтын болды. Ал ҚХК бас басқармалары мен басқармаларының бастықтарына өз бұйрықтарымен полк командирі мен соған теңдес құрылымдардың басшылық құрамын тағайындауға және майорға дейінгі және соған теңдес әскери атақтарды беруге рұқсат етілді. Сонымен бірге осы бұйрықтың пәрменімен дивизия (бригада) командирлерінен бастап, соған теңдес келетін және одан жоғары басшылық құрамды тағайындау және подполковниктен бастап, соған сәйкес келетін және одан жоғары әскери атақтарды беру Қорғаныс халық комиссарының бұйрығымен жүргізілетіні айғақталды.

Осындай шешімдердің пәрменімен пайда болған Чкалов танк училищесі КСРО Қорғаныс Халық Комиссариаты Бас штабының 1941 жылы 5 мамырдағы директивасы негізінде құрылды. КСРО-да 1939 жылдың соңы мен 1941 жылдың бірінші жартысы аралығында Кеңес Одағында автобронды танк әскерлерін қайта құру жөнінде бірқатар шаралар кешені жүзеге асырылды. 1940 жылдың қаңтарынан 1941 жылдың маусым айына дейін бұл әскерлердің жеке құрамының саны 7,4 есеге дейін өсті. Автобронды танк әскерлері қатарының бұлайша күрт ұлғайтылуы майданды танк экипаждары командирлерімен жеткілікті қамтамасыз ету талабынан туындады. Осылайша Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін 203 әскери жұмыс істеп тұрды. Оларда 240 мыңға жуық курсант оқып жатты. Бір Чкалов қаласының өзінде сол тұста танк училищесінен бөлек, әскери авиация мектебі, зенитті артиллерия училищесі, пулемет училищесі болды. Бұған қоса, Қызы Армия Әуе қорғанысы күштері командалық және штурмандық әскери академиясы да осы қалаға көшіп келді.

 

Лейтенант Олег Симонов «қызыл бұрыштан» шыққаннан кейін үш жауынгерді сол жердегі асханаға апарып, бәрін түгел тіркетті. Содан кейін төртеуі отырып тамақтанып алғасын, сыртқа шығып, манағы автобуспен училищенің казармасына жол тартты. Бір жақсы жері, баратын жерлері де тым қашықта емес, орталық көшелердің бірінде екен. Ал барған жайлары «Керуен-сарай» екенін білгенде, Бердалы қуанып кетті. Ол бұл жайында да бұрыннан естіп жүретін. Заманында мұнда бабалары Қаржау Бармақұлы да, оның ұлы Сақан да талай мәрте ат басын тіреп келіп еді-ау! Көбіне қырдан мал айдап әкеліп, апталап жатып, саудасын жүргізіп қайтатын болған. Міне, қазір солардың көзін көрген жәдігердің ішінде жүр Бердалы. Сырлы аяқтың сыры кеткенмен, сыны кетпейтіні рас екен, бір ғасыр алдын дүрия дәуренін өткізген ғимарат әлі де айбарлы да айбатты көрінді.

Осы жерде Читадан келген жауынгерлер казарманың жай-күйімен танысып, орын алысып қойды. Соның алдында шаруашылық меңгерушісіне жолығып, бірсыпыра сырт және іш киімдерін алмастырды. Училищеге жаңадан келіп жатқан жалғыз бұлар емес екен, тағы осы маңайдағы бірқатар әскери бөлімдерден жеткізілген оншақты қызыл әскермен бірге қала атқару комитетінің инициативасы бойынша жақын аудандардан шақыртылған жергілікті жігіттер де қатар жүрді. Бірақ соңғылары сапындағылардың көбі кейін жарамай, оқудан шығып қалды, ал барлық сынақтан сыр бермей өте алған санаулылары соғыста да қаһармандық танытты.

Бердалы былайынша жұртқа бірден жұғысып кете беретін жігіт болмағанмен, қайда барса да, алдынан бұған өзінше жанашырлық көрсетіп, ыстық ықылас танытып жататын жайсаң жандар кездесіп тұрады. Соның бәрінде бірінші қадамды мұның өзі емес, кездескен сол жарандардың өздері жасайды. Читада да солай болды, жолда келе жатқанда да соны басынан өткерді, ал Чкаловтың әскери училищесінде оған мұндай қайырымды кісінің рөлін казармадағы шаруашылық меңгерушісі көрсетті. Ол әскери қызметкер емес екен, алайда, тәртібі мен тұрқы офицерлерден еш кем көрінбеді. Сондығынан болар, жасы елуді еңсеріп қалған қартаң кісіні мұндағылардың бәрі түгел қоғадай жапырылып сыйлайды екен.

Казармаға келгендеріне екі тәулік өткесін, 14 шілде, дүйсенбі күні курсқа жаңадан жиналғандар ең алғашқы сабақтарына қатысты. Одан шыққаннан кейін әркім өзі қалаған жағына кете беретін сияқты. Бұған, әрине, Бердалы таң қалды. Түскі астарын ішіп болғасын бұлардың бір тобы «Керуен сарайдың» ауласында тұрған, шаруашылық меңгерушісі ағай жандарына жақындай беріп еді, бірден екі-үш курсант оны қоршай тұра қалды. Сөйтсе, бұлардың бәрі одан әр нәрсені бір сұрап алады екен. Көбіне қария мәселенің орындалатын жағына қарай жүретінге ұқсайды. Қолынан келген жақсылығын аямайтын адам деген сондай болады.

Бердалы өзі ондай ештеңе керек етпегесін, ештеңе демей, бір шетте тұр еді, үлкен кісі соңынан бұлардың қасынан өтіп бара жатқан кезінде ақырын білер-білінбес етіп ымдап, мұны өзінің қоймасына шақыра кетті. Бұл бірден жетіп келуге ыңғайсызданып, араға біраз уақыт салып барып, шаруашылық меңгерушісінің кабинеті есігін қақты.

– Кирегез, – деген дауыс естілді іштен сол бойда.

Бұл сосын кідірмеді, тұтқаны құлаштап тартып, табалдырықтан аттады.

– Кил, кил, йаш егет, – деп қарсы алды оны үлкен кісі жылы жүзбен. – «Егет булһа – мут булһын, мут булмаһа – юҡ булһын» тигән бар.

Бердалы кіруін кіргенмен, қайда отырарын білмей, тұр еді, ол мұны аңдап қалып:

– Мында ултыр, бала, мында, – деп жанындағы табуретканы көрсетті де, кенет: – Қазақпысың? – деп сұрақты қазақша төтесінен қойды.

– Иә.

– Қазақта «Жыламаған балаға емшек бермейді» деген сөз бар. Саған ештеңе керек емес пе, неге сұрамайсың?

– Жоқ, керек емес. Сенбі күні кір-қоңымды жаңалатып алдым. Енді не сұраймын?

– Сұраншақ емес екенсің. Мұның дұрыс. Осында керек болса да, керек болмаса да, әрдеңені бір сұрап келе беретіндер бар. Ондайлар офицерлер арасында да кездеседі.

– Мен ондай емеспін.

– Көрініп тұр. «Жігіт болса – мәрт болсын, мәрт болмаса – жоқ болсын» деген… Өзің қайдан келдің? Қазақстан шығар. Оның қай жерінен?

– Аралдан. Арал теңізінен.

– Онда өзімізге жақын екенсің ғой. Екі жақ – Орынбор мен Арал өңірі кезінде мидай араласып жатқан. Мұның үстіне, Орынбор бір жылдары, – тіпті «бір жылдары» деймін-ау, – бұдан 16 жыл бұрын ғана Қазақстанның байтағы болған. Оны өзің де білесің ғой. Сондай…

Мұның бәрін шындығында жақсы білетін болған соң Бердалы «пәлен» деп тіл қатуды жөн көрмей, үндемей отыра берді.

– Балықшысың ба?

– Дерлік, – деп жауап берді бұған Бердалы күліп. – Арал теңізінің ортасына қоныс тепкен балық колхозынан шықтым.

– Онда таныс болайық, менің аты-жөнім – Анвер Махмутулы Баязитов. Ұлтым – башқұрт, – деп қолын созды үлкен кісі. – Осы жерлікпін. Бұл жерде тұратын жастары үлкен татарлар да, башқұрттар да ертеден қазақ тілін жақсы біледі. Ал мені «Анвер аға» деп атай берсең болады. Сендерше Әнуар ғой…

– Менің аты-жөнім – Бердалы Жұмағұлұлы Кенжебаев. Негізі, Жұмағұл – атамның аты. Кезінде құжатқа солай жазылып кеткен, – деді Бердалы адалын айтып.

– Қазақтарда ондай бола береді, – деп күлді Анвер-Әнуар аға сол кезде. – Татарлар мен башқұрттарда ешуақытта кездеспейді. Себебі, біз басында әулет үшін таңдап алған бір фамилияны ешқашан өзгертпейміз, тек ұрпақ ауысқан сайын әкелеріміздің аттары ғана алмасып отырады.

Бұдан әрі Анвер аға өзінің 20-шы жылдардың басында мұғалім болып істегенін, кейін бір себептермен мектептен кетуге тура келгенін, ал соңғы жылдары казармада жұмыс жасап жүргенін айтып берді. Сөздеріне қарағанда, оның қала тарихын өте жақсы білетіні білініп тұрды.

Осыдан бастап Бердалы қолы бос кездерінде ара-тұра қоймаға соғып, шаруашылық меңгерушісі болып қызмет атқаратын Әнуар ағасына жолығып, әңгімелесіп тұруды әдетке айналдырды. Сондай кездесулерінің бірінде ол өзін көптен бері толғандырып жүрген бір арзуын ақыры білдіріп тынды.

– Менің Сырлыбай, Мәметек деген бабаларым Әбілқайыр хан мен оның ұлы Нұралы ханның заманында Орынбордың маңайын көп шарлаған. Арал теңізі мен Жайықтың арасын ұдайы жол қылған. Екі жақта кезек тұрып жүрген, – деді Бердалы Анвер ағасының өзін ден қойып тыңдап отырғанын байқағасын ашыла түсіп. – Әкелі-балалы екеуі аталған хандар тұсында батыр да, би де, көпес те болған. Қисапсыз мол байлығымен аты шыққан Мәметек би Нұралы хан сайланған 1848 жылдан кейін Орынборға бір келгенінде осындағы бір көшені үй-жайымен, дүкендерімен қоса сатып алған деген аңыз әңгіме бізге дәуір жетті. Енді ыңғайы келіп тұрған сәтте бабамыздың меншігі болған сол көшені іздеп тауып алып, өз көзіммен көрсем деймін.

– Жөн екен. Ал көшенің аты қалай аталады, оны білуші ме едің?

– Мәселе сонда болып тұр ғой. Білсем, өзім былай да тауып алмас па едім…

– Мұның да жөн. Бірақ ол көше жөнінде ілгек бола алатындай нендей дерек бар? Мысалы, оның бойында қандай танымал тарихи ескерткіштер, оябты орындар болған?

– Жаңылмасам, сол көшеде артынша қонақ үй салынған сияқты.

– Қонақ үй дейсің бе? Ол кезде «қонақ үй» деген атау болған жоқ қой. Мұндай ғимараттар «Қонақ ауласы», яғни «Гостиный двор» деп аталған. Орынборда ондай орын XVIII ғасырда біреу болып еді. Кейін XIX ғасырда тағы біреуі салынған. Демек, бізге бірінші «Қонақ ауласы» керек. Онда мұны анықтау қиын емес. Бұл «Гостиный двор» 1750 жылы салынып біткен. Оның тұрған көшесі әуелгіде онда Алексеевскіден көшіп келген казактарға сілтеме есебінде «Алексеевский» аталған. Ал 1750 жылдан бастап «Гостиная» деген атқа көшкен, 1760 жылдан «Гостиный двор» болып кеткен. Кеңес заманында, яғни 1926 жылы көшеге «Кооперативная» деген жаңа атау берілген. Алайда,  1935 жылы ол Сергей Кировтың атына ауыстырылған. Бұл – орталықтағы орамдардың бірі. Біздің танк училищесінің бас корпусына жақын жерде. Бір ауданда. Ленин ауданында тұр. Барам десең, ертең сен сабақтан шыққаннан кейін-ақ апарып келейін. Ол көшенің бойында қазір талай тарихи ғимараттар бар. Іштеріндегі көрнектілері – «Вознесенская» шіркеуі, «Хусаиния» мешіті. Рас, бәрі де «Гостиный двордан» көп кейін салынған…

Бірақ Бердалы енді ол жерлерді арнайы барып, көруден бас тартты. Себебі, бұған дейін оның бойымен бірнеше рет жүріп өткен екен. Межелеп тұрып, тәу ететін де еш белгі жоқ. Баба көшесінің атымын тапқанының өзіне шүкір. Сол жетеді.

Мұның есесіне, башқұрттардың «Керуен сарай» үшін неге жандарын салатынын жақсы біліп алды. Бұл мекен шынында бауырлас халықтың ең жанды жерлерінің бірі екен. Оны осында келгеннен кейін көп ұзамай аңғарды.

– Менің мұнда келіп, жұмыс істеп жатқаныма да он жылдан асты, – деді Анвер аға бір сөзінде Бердалыға. – Басында бұл жер музей болып тұрған кезде кіріп едім. Содан соң ақыры кетпей қалдым. Себебі, «Керуен сарайдың» мен үшін орны бөлек еді. Ол осы өлке өңірлерін мекен етіп жатқан барша башқұрт милләтінің символы іспеттес.

Бердалының бір байқағаны: башқұрттар да, татарлар да Орынборды «Ырымбур» деп атайды екен. Бұл екі жұртта да осы қалаға арналған әндер мен жырлар да өте көп болып шықты.

Солардың бірі – «Аһ, Ырымбур ҡала» деп аталатын башҡорт халыҡ йырын Анвер Баязитов ағасы бір отырғанда былай деп сызылтып айтып бергені де бар еді:

 

Аһ, Ырымбур-ҡала, сәхрә дала,

Күккә тиеп тора манара.

Һау булығыҙ дуҫтар, беҙ китәбеҙ,

Бәлки ҡүршәлмабыҙ, тиҙ ара.

 

Аһ, Ырымбур-кала, сәхрә дала,

Күккә тиеп тора ара тау.

Һау булығыҙ дуҫтар, беҙ китәбеҙ,

Бәлки ҡүршәлмабыҙ, иҫәнһау.

 

Аһ, Ырымбур-кала, сәхрә дала,

Йылҡылары сыҡҡан бәйгегә.

Һау булығыҙ дуҫтар, беҙ китәбеҙ,

Бәлки ҡүршәлмабыҙ, мәңгегә.

 

Бұл әннің татарша нұсқасы да бар екен. Бердалы оны да тыңдап көрді. Оны да Анвер көкесі шырқады. Қарап тұрса, екі тілдің бір-бірінен айырымы да аз екен. Жекелеген сөздер мен кей дыбыстардың өзгеріп келетіні болмаса, бұларды бір тілдің екі диалектісі десе де болғандай.

– Мен өзім жартылай башқұрт, жартылай татармын, – деді тағы бір келгенінде Анвер ағай жаңалықтың ұшын шығарып. – Атайым – башкорт, әсәйім – татар. Сондықтан екі халықтың да жырларына қанықпын. Оның үстіне, атай ла уҡытыусы, мөғәллим иде. Шуны батша жандармлары биринши донья һуғышы вактында ушлаб китте. Нигә екенін білмедік. Кейін естідік, Сібірге әкетіпті. Көп жыл хабарсыз қалдық. Бір күні, уже совет дәуірлерінде үйге бір хат келді. Шундай жұқа хат. Биттәй. Уның тышында адресын күреү менән атайымдың ҡулын таныдым. Содан кейін удан эш ақпар булған юқ. Өлі-тірі екенін білмейміз.

Анвер ағай осыны айтып, бір сәт тұнжырап отырып қалды.

– Мине, Бөйөк Ватан һуғышы жүріп жатыр. Бірақ мені алмайды, – деді бір кезде. – Жасым асып кетті. Әйтпесе барар едім. Бір ұлым жүр соғыста. Қазір Москваның түбінде. Әзір хат келіп тұр. Соған шүкір.

– Анвер аға, сізден көптен бері сұрағым келіп жүр еді, татарлар мен башқұрттарда неге мұңды, қайғылы әндер көп?

– Мине, мине! Сен ле аңлап қалған екенсің. Ән – деген әр халықтың жаны, сыры, тарихы. Бізде ондай йырлардың көп болатыны батша заманынан бері басымыздан қиқу кетпеді. Салауат Юлаев көтерілісінен кейін башқұрттар қатты қуғынға ұшырады. Ал 1552 жылы Қазаннан айырылған татар халқы қайғыдан арылмай келеді. Башқұртта «Миң койлууга карышкыр чапса, бир койлуу бычак алып чуркаптыр» деген мақал бар. Мың қойлы қасқыр шапса, бір қойды пышақ алып бауыздапты. Дәл осындағыдай басымыз біріге бермейді. Мың қойды емес, бір қойды ғана құтқару үшін әрекет жасаймыз. Әлгі Крыловтың мысалында жазылатындай, әрқайсымыз әр жаққа тартамыз. Айтқандай, Крыловтың Орынборға да қатысы бар. Пугачёв билән Салауатның көтерілісі кезінде оның әкесі Андрей Жайық бекінісінде капитан болған. Бүлік басталған соң әкесі кішкентай Ваняны шешесі Мариямен бірге Орынборға әкеп тастаған. Солай, бізде көсем көп, көшелі кем. Сол себепті батырларымыз хақылы эпостық жырларды көп оқып, көп айтамыз, соған малданып отыра береміз, шырағым. Дегенмен, осыған оқшаш хәл қазақтың да басында бар…

Осыдан кейін екеуі де үндемей біраз отырды.

– Алдағы жексенбі күні өзім келіп, сені казармадан алып кетемін, – деді сосын Анвер ағай. – Қонағым бол. Қымызды сағынған шығарсың. Мына базар қымызы онша жарытымды емес, мен ауылдан алдырамын. Үйде былтырдан қалған сүр қазы да бар. Қатынға соны астыртамын… Яри мы?

Бірақ Алла мұны қош көрмепті, тура екі күннен кейін, қасиетті жұманың ақ таңында, қыркүйектің соңғы аптасында Анвер ағаның жүрегі ұстап қалып, кенеттен бақилық болып кеткені жөнінде қаралы хабар келді.

 

Тарихты тарқатып айтсақ, негізі, Орынбор «Керуен сарайы» 1837-1846 жылдары башқұрт-мишәрлар жинаған ақшаға салынады. XIX ғасырдың бірінші жартысында мұнда Жеке Орынбор корпусының командованиесі орналасады. Оның құрамына Башқұрт-мишәрлап әскерлері, Орынбор казактары әскерлері, Ставрополь қалмақ әскерлері, Орал казак әскерлері кіреді. Осыдан кейін кантонның бастықтары мен басқа да шенеуніктері Орынборға қызмет бабымен жиі келіп тұрады. Алайда, 1822 жылы қала тұрғындары әскерлерге ұдайы бағынышта болудан босатылғаннан кейін келушілерді жатын-жаймен қамтамасыз етіп тұру қиындап кетеді. Бұл проблеманы шешу үшін Орынбор әскери губернаторы Василий Алексеевич Петровский арнайы баспана салу керек деп шешті. Сөйтіп, 1836 жылғы 20 сәуір күні башқұрттар мен мишәрлар кантондары бастықтарына үндеу арнайды. Онда «Орынборға өздерінің қажеттілігі бойынша және қызмет бабымен келген башқұрттар мен мишәрлардың қалада түсетін орындары жоқ» екенін баяндап, сондықтан елді мекеннен «тұрғын жай немесе «Керуен сарайын» салу» үшін жылу жинауға шақырады.

Мұның нәтижесі башқұрт тіліндегі деректерде: «1845 йылдың февраленә барлығы 84 295 һум 41 тин көмөш аҡса тотонолған, – деп атап көрсетіледі. – Ассигнацияларға әйләндергәндә, был 295 034 һумға яҡын тәшкил итә, йәғни башта уҡ Перовский тарафынан билдәләнгән сумманан артмаған. Брюллов ул саҡтағы хаҡтарҙың иҫәпләүҙәрҙең дөйөм ҡабул ителгән нормалары менән һанауы арҡаһыеда, уның сметаһында ҡаралған менән сағыштырғанда, сығым өс тапҡырға кәм килеп сыҡҡан. Башҡорт һәм мишәрҙәргә ғәҙәттәге ялланған эшселәргә ҡарағанда, байтаҡҡа кәмерәк түләү ҙә үҙ ролен уйнағандыр».

Мәтінге сүйенсек, 1845 жылдың ақпан айына дейін башқұрттар мен мишәрлардан барлығы 84 295 сом 41 тиын күміс ақша жиналғанын көреміз. Оларды сол жылдардағы Ресей ақшасына айналдырғанда, 295 034 сом болып шыға келеді. Бұл Перовкийдің белгілеп алған сомасы көлемінен онша асып түспеген. Бірақ жаңа нысанның сәулетшісі Александр Брюллов қайта есептеу арқылы шығындар мөлшерін азайтып, осы қаражатты құрылысқа толық жеткізіп береді. Ол сарайды башқұрт ауылы стиліндегі ансамбль кейпінде, сегіз бұрышты мешіт тұрпатында жасады. Екі архитектуралық дәуірдің тоғысында, Еуропа мен Азияның шекарасында пайда болған ғажайып ескерткіш екі құрлықтың да сәулет өнерінің лайықты қолтаңбасы болып табылады.

«Керуен сарайға» Башқұрт-мишәр әскерлері қолбасшысының кеңсесі, сырттан «өздерінің қажеттіліктері бойынша және қызмет бабымен келген башқұрттар мен мишәрлардың» мейманханасы, башқұрт балаларына арналған шеберхана мен мектеп қоныс тебеді. Бұл тарихи кешен сондай-ақ Башқұрт халық үйі мен мешіттен тұрды.

Ғибратты ғимарат 1846 жылы 30 тамызда патша Николай Біріншінің туған күнінде, әскери генерал-губернатор Владимир Афанасьевич Обручевтің басшылығымен салтанатты жағдайда ашылады. Оған Башқұртстанның әр түкпірінен келген башқұрттар қатысады. Жиын соңы ұлан-асыр тойға ұласып, дастархан жайылады, башқұрттың дәстүрлі бәйгесі ұйымдастырылады, палуандар күрестіріліп, қурайшылар мен әншілер өнерлерін көрсетеді. Мешітте өткен намазда 3,5 мыңға жуық адам сапқа тұрады.

«Керуен сарай» 1865 жылға дейін өзінің мақсаты бойынша қызмет етеді. Бірақ сол жылы Башқұрт әскерлерінің басқармасы жойылады. Осы кезде жергілікті билік ғимаратты башқұрт халқынан заңсыз тартып алады. Әскери губернатор Обручевтің өкімі бойынша, ғимаратқа Орынбор губерниясы бастығының пәтері мен кеңсесі, губерния мемлекеттік мекемесі, башқұрт жерлерін межелеу жөніндегі комиссия орналасқан. Мешіт қызметшілері үшін шағын екі бөлме берілген. Бұл башқұрт халқының заңды наразылығын туғызды. Олар сосын осыған орай патшаға хат жазды. Хатқа 10 мыңнан астам адам қол қойды. Бірақ сол күйі қайтарылмай қалады. Мұның орнына, 1867 жылы губернатор Николай Андреевич Крыжановский губерниялық мекемелердің мұсылман діни орнымен бір жерде болғаны жұмысқа қолайсыздық пен қиындық туғызады деген желеумен бұл ғимараттағы мешіт пен мұнараны басқа жаққа көшіру керектігін айтып, жоғарыға хат жазады.

1917 жылдың 20-27 шілдесі күндері Орынборда өткен II Бүкілбашқұрт съезі патша үкіметі башқұрттардан алып қойған «Керуен сарайды» қайтару мәселесіне арнайы қарап, «Съезд башқұрттар салған «Керуен сарай» ғимаратын… башқұрт халқының ұлттық меншігі деп жариялайды» деген қаулы шығарады. Башқұрттардың сол жылы тамызда Орынборда өткен құрылтайы да «Керуен сарайды» башқұрттарға қайтару мәселесін көтеріп, оның «Орталық шуро үшін босатылуы жөніндегі талапты Керенский мен Орынбор комиссарына жеткізуді президиумға» тапсырады. Бұдан кейін, 1917 жылғы 16 қарашадан 1918 жылғы 14 ақпанға дейін шынында «Керуен сарайға» Башқұрт облыстық (орталық) шуросы жайғасады.

Бұрынғы Башқұрт облыстық бюросының төрағасы, Ұлттық халықтық комиссариат жанындағы мұсылман істері жөніндегі комиссариаттың мүшесі Шариф Манатов 1918 жылы Мәскеуде большевиктер көсемі Владимир Ильич Ленинмен әңгімесі кезінде осы мәселені де қозғайды. Орынбордағы «Керуен сарайды» башқұрттарға қайтару туралы декреттің жобасымен зор ынта қойып танысып шыққан Ленин: «Керуен сарай» әлі күнге дейін башқұрттарға қайтарылған жоқ па?» деп қайтара сұрап алып, «Оны тездетіп беру керек» дегенді айтады. Ал дайындалған құжат жобасындағы «Башқұрт үйі» деген тіркеске «халықтық» деген деген сөзді өзі жазып қосады.

Осылайша 1918 жылғы ақпанда Лениннің нұсқауымен «Керуен сарайды» қайтару жөнінде декрет қабылданады. Бірақ Ұлттар істері жөніндегі халық комиссариаты 6 ақпан күні Орынбор жұмысшылар мен солдаттар депутаттары кеңесі атқару комитетінің мәнзіліне жолдаған жеделхатта оның мазмұны елеулі өзгеріп кетеді. Бұл жеделхатта ол: «Ұлттар істері жөніндегі халық комиссариатының Орынбордағы «Керуен сарай» деген атаумен белгілі Башқұрт халықтық үйі мен мешітін Башқұрт облыстық кеңесі сипатындағы башқұрт еңбекші халқының толық қарауына беру туралы шешімін жалпыға жеткізуді сұрайды» деп желі тарқатады.

«Керуен сарайға» 1918 жылдың тамызынан қарашасына дейін тағы да Башқұрт үкіметі мен оның әскери мекемелері орналасады. 1920 жылы мұнда кейін Башқұрт педагогикалық техникумы болып қайта құрылатын Башқұрт халық білімі институты ашылады. Ал 1924 жылдың қыркүйегінде аталмыш архитектуралық кешен сол кезде Қырғыз АКСР-ның (шын мәнінде – қазақ) Орынбор губерниясы қарамағына беріледі. Мұнда тек педагогикалық техникум ғана қала береді. 1934 жылы жаңадан ашылған Орынбор облысының білім саласына өтеді.

 

Зерттеушілер бүгінде Чкалов танк училищесінің негізі қаланған уақытты әртүрлі атап жүр. Оқу орнының тарихи формуляры Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Мәскеу облысы Подольск қаласындағы Орталық архивінен табылды. Бұл құжатқа сәйкес, аталмыш училищенің 1939 жылғы 11 қарашада Чкаловтағы №73-ші атқыштар дивизиясы базасында құрылғаны, бастапқыда оның «Чкалов атқыштар-пулемет училищесі» болып аталғаны анықталды. Алайда,1941 жылғы 15 мамырда (біздің кейіпкеріміз Бердалы Кенжебаевтың әскер қатарына шақырылған күнмен және оның кезекті туған күнімен тұспа-тұс келіп тұр!), екінші курс студенттері әлі атқыштар-пулемет мамандығы бойынша оқып жатқандарына қарамастан, ол танк училищесіне айналдырылады. Жаңадан қалыптасып жатқан әскери оқу орнының «негізін» Чкалов атқыштар-пулемет училищесінің бірінші курс студенттері құрады.

Училищенің бірінші бастығы генерал-майор Лазарь Ефимович Фишман болды. Ол 1941 жылы 1 қаңтардан 1 сәуірге дейін болашақ жаңа оқу орнының алғашқы ұйымдастыру жұмыстарын атқарды. Бұдан кейін, 14 сәуірден 22 шілдеге дейінгі аралықта тізгінді ұстаған полковник Анисим Стефанович Люхтиков оқу орнының ресми түрде құрылып, жаңа атау алуының басында тұрды. Ал үшінші болып сапқа тұрған полковник Николай Васильевич Геращенко училищенің толық құрылып бітіп, табанынан тік тұрып кетуіне дейінгі қауырт жұмыстардың бәрін бастан кешті. Ол мұнда 1941 жылдың 22 шілдесінен 1943 жылдың 9 қаңтарына дейін басшылық етті.

Аталмыш әскери оқу орны 1941 жылы 23 мамырда «Чкалов танк училищесі» деген атқа ие болады. Осы кезде оқуға қабылданғандар оны алғашқы түлек болып бітіріп жатқан 1942 жылғы 12 ақпанда оқу орның атауы «Чкалов орта танктер училищесі» болып тағы өзгертіледі. Қайта құрылған әскери училищеге 1941 жылдың мамыр айында Правда көшесіндегі зәулім үй беріледі. Бұған қоса, зенитті артиллериялық училище ғимаратының бір бөлігін алады. Батальон курсанттары Ленин көшесі бойындағы Керуен-сарайға орналастырылады. Соғыс жылдарында училищеге тағы екі жерден қосымша баспана бөлінді. Оқу орнының танкодромы қаладан Қарғалы ауылына қарай баратын ұлан жолдың оң жағынан салынды.

Жаңа училищенің басшылығы офицерлер құрамын жасақтауға, оқу-материалдық базасын жабдықтауға шұғыл кіріседі. Тез арада полигондар, ату орындары, оқу сыныптары қатарға қосылады. Курсанттар күні бойы дерлік даладағы сабақтарға қатысып, тактикалық дағдыға, әскери топография мен байланыс желісінің қыр-сырын меңгеруге машықтанды. Сонымен бірге, кеңестің Т-16, Т-50, Т-70 секілді жеңіл танкілері мен америкалық М-3 жеңіл, М-3 орта танктерінің материалдық бөлімдерін талдаумен шұғылданды. Әйткенмен, командирлер мен курсанттарға көлденең келген өте көп қиындықтармен ұдайы күресіп отыруға тура келді. Мұнда зәру нәрселер өте көп еді. Мысалы, казармалық қор жетіспеді, сол кездергі кең қолданыстағы соғыс машиналары болмады. Курсанттар күніне 8-10 сағаттан сабақ оқыды, тағы 4 сағатты өздерін өздері дайындауға арнады. Училищеде оқу корпусы болған жоқ. Сондықтан теориялық сабақтар казармаларда, ал практикалық сабақтар танкодромда өтіп жүрді. Бұлардан бөлек, курсанттар күзде маңайдағы колхоздар мен совхоздарға барып, астық пен көкөніс-бақша өнімдерін жинауға жәрдем берді, училищенің қосалқы шаруашылықтарында жұмыс істеді. 1942 жылдың басындағы 1,5 айға шейін олардың 60 пайызы қыстық аяқкиімдерінің жоқтығынан «сырттағы сабақтардан» амалсыз босатылды. Жергілікті өкімет органдары осындай қиын-қыстау кезде қалыптасып отырған жағдайдан шығудың қолдан келген барлық амал-айлаларын қарастырып бақты. Осы кездері оқу орны оқытушылар құрамының барлық білім-білігі курсанттарды ерік-жігерлі командир етіп шығаруға бағытталды. Мәселе тек училищеге Кеңес Одағының Маршалы Родион Яковлевич Малиновский инспекторлық сапармен келіп кеткеннен кейін ғана біртіндеп түзеле бастады.

Оқытушы кадрлар тапшылығы да айтарлықтай тығырыққа тіреді. 1941 жылғы 16 маусымға дейін командалық құрамның тек 43,3 пайызы ғана түгенделді, бұлардың арасында танкіші мамандардың үлес салмағы нәбәрі 11 пайыз болды. Кейін де танкіші командирлердің көпшілігі оқу орнына өзге әскери училищелерді бітірген бойда келді, ал техникалық цикл оқытушылығына бұған дейін азаматтық жоғары оқу орындарында қызмет еткен, небәрі 35 күн уақыт әскери дайындықтан өткен кадрлар алынды. Техника күтімінің жағдайы да оншама мәз болмады. Соның айғағы – бар-жоғы 5 механик-жүргізуші «Т-26» танкісінің 29-на, «Т-21» танкісінің 20-на қызмет жасады. Тіпті 1941 жылдың соңы мен 1942 жылдың басында да училищені материалдық жағынан қамту ешқандай сын көтере алмайтын еді. Осы кезде училищеде 2 мың курсантқа «Т-50» текті танкі профилін оқытатын 2-3 оқулық кітап қана бар-тын.

Әскери оқу орнының командалық құрамын құру үшін Харьков және Саратов танк училищелерінен мамандар шақырылды. 1941 жылғы қыркүйекте осылайша Саратовтағы оқу орнынан бір курсанттар батальоны өздерінің техникаларымен жеткізілді. Батальонды Кеңес Одағының Батыры, майор Василий Михайлович Новиков деген командир басқарып келді. Ол 1936 жылы Орёл танк училищесін жеделдетілген курс бойынша оқып бітіріпті. Сол жылы Испанияға аттанып, республикашылардың танк бригадасы сапында БТ-5 және Т-26 танктерінің командирі ретінде соғысқа қатысқан. Осында көрсеткен ерліктері үшін 1937 жылғы 4 шілдеде батыр атағы беріледі. Содан кейін 1937-1939 жылдары Ленинград бронды танк командалық құрамын жетілдіру курсын тәмамдайды. 1939 жылы Әскери академияға түсіп, оны 1941 жылы аяқтайды. Сол жылы тамыз-қыркүйек айларында Мәскеу қаласы 1-ші қорғаныс секторы штабының жедел ұйымдастыру бөлімінің бастығы болады. Ал қыркүйек айының екінші жартысында Чкалов училищесіне Саратов училищесі арқылы жетті.

 

Обалы не керек, еңбекшілер депутаттары Чкалов қалалық кеңесі атқару комитеті курсанттар көңіл күйлері көтеріңкі де сергек болып жүрулеріне айтарлықтай көңіл бөлді. Жағдайдың қандай қиын болғанына қарамастан, басқа училищелердегідей сияқты, болашақ танкішілер де оқудан бос уақыттарында спортпен шұғылдануға жол тапты, соның ішінде кросқа жүгірді, марш-бросокқа қатысты, әртүрлі снарядтарда жаттықты, қыстыгүндері бейімділіктері барлары шаңғымен сырғанады.

Осылардың арасында Бердалының ерекше көңілі қалап, жасаған жаттығуы турникке тартылу болды. Бастапқы күндері жай ғана «вис» жасап, немесе екі қолымен белтемірден ұстап, салбырап тұрғаннан аса алмай жүрсе, кейін біртіндеп өзінің курстастары секілді тартылуға да аңсары ауа берді. Сөйтсе, мұның түк те қиындығы жоқ екен, салған бойда оннан асырып тастады. Сонда әлі де тартыла алатындай күші қалғанын анық сезініп тұрды.

Келесі күні мұның бұрынғыдан бетер жылдам және ұзақ тартылып жатқанын байқап қалған жолдастары жанына үйіріле қалды. Солардың бірі – Александр Лазарев деген бір курсант бұған қарап:

– Боря, мен саған таң қалып тұрмын, сен өзің бұған дейін акробатикамен немесе гимнастикамен айналысқан жоқ па едің? – деп қадала сұрады.

– Жоқ, – деп бұл сұраққа бір сөзбен, қысқа ғана жауап қайтарды, әріптесінің не туралы айтып тұрғанын толық ұға қоймай.

– Қарай гөр, жоқ, күннен күнге тартылу мөлшерін бірден күрт көбейтіп, арттырып келесің, – деп сонда да қайтатын емес анау. – Тәжірибесі жетерлік спортшыға ұқсайсың. Әне, денең де тығыршықтай, шып-шымыр, қолың мен арқадағы бұлшық еттерің ширығып ойнап тұр. Сен арнайы жаттығумен машықтанған адам сияқтысың…

Турниктен дік етіп жерге түсіп, табанын тірей қойған Бердалы бұл жолы үндемеді. Тіпті курстасына не деп жауап берерін де білмеді. Ауылда жүргенде, спорттың ешқандай да түрімен айналыспағаны өзіне мәлім. Бірақ жастайынан үлкендерге ілесіп, теңіздің төрінде ау тартуға қатысқаны рас, ауыл маңынан шөп те орды, қамыс та буды, құдық қазуға да бір кісідей қатысты, көкпар тартпағанмен, атқа да мініп, талай шапты, – солардың әсері болмаса, арнайы ештеңеге жаттықпағанын тағы анық. Оның бәрін мына жерде қалайша селбестіріп айтып тұрарсың. Сосын, ондай жұмыстарды бұлардың өздері де істемеді деймісің…

– Әйткенмен, мақтауға тұратын нәрсе, – деді тағы Александр. – Мысалы, мен жастай кезімнен спорттың біраз түрімен айналыстым. Шаңғы да тептім, волейбол да ойнадым, ең соңынан гимнастикаға келіп тоқтадым. Қазір бірінші разрядым бар. Ал сенің мүсінің біраз уақыттан бері гимнастикамен үзбей әуестеніп жүрген жас жігіттің кейпіне келісе келеді.

Сашаның сөзін басқа жігіттер де қоштады. Тек Владимир Николаев деген жігіт қана болжамын дөп түсіріп, турасын айтты.

– Шура, ылғи олай бола бермейді, – деді ол курстастарының бәрін бір шолып шығып. – Мысалы, біздің Иркутскінің маңайындағы тайгада дарақ кесіп, ағаш үй салып, аңға шығып жүрген жігіттердің қол-аяқтары осындай жұмыр болып келеді. Олар тіпті сенің «спорт» дегеніңнің өзін білмейді. Демек, еңбектің арқасы. Бұл – бір. Екіншіден, кейбір адамдар табиғатынан шымыр болады. Меніңше, Боряның бойында сол екі қасиет те бар. Солай ма, Боря?

Бердалы «солай» дегенін білдіріп, күлімсіреп, басын изеп қойды. Сол кезде барлығы қауқылдасып, мұның арқасынан қақты. Сонымен курстастар өзара күлісіп, мәз болып тарқасты.

Тағы бір жайт: жергілікті биліктің қамқорлығының арқасында курсанттар біз мезгіл алуан қилы тақырыпта лекция тыңдап, әртүрлі жанрдағы кинофильмдер көріп, белгілі әртістер мен жергілікті көркемөнерпаздар өнерлерін тамашалап тұруға да мүмкіндік алды. Бердалының ауылда жүрген кезден сүйсініп көрген екі киносының бірі 1931 жылы экранға шыққан «Өмірге жолдама» болса, екіншісі 1934 жылы көрермендерге жол тартқан «Чапаев» деген картина еді. Чкаловта мұның біріншісін тағы бір рет көрудің орайы келді. Азамат соғысынан кейінгі ауыр жылдар. Елді аштық пен күйреушілік жаулап алған. Соғыс салған лаң салдарынан жетім қалған ондаған бұзақы балалар жолдар бойларына шығып кеткен. Күн көру керек. Бұл кеңестің бірінші дыбысты фильмі де болған еді. Лентада XX ғасырдың 20-шы жылдарының басындағы оқиғалар көрсетіледі. Панасыз қалған жасөспірімдерден құралған есепсіз шайкалар жұртты тонап жүргізбейді. 1923 жылдың желтоқсанында милиция оларды жаппай қуалап, ұстауға кіріседі. Барлығын дерлік балалар үйлеріне орналастырады. Бірақ мұның өзіне көнбейтін балалар бар. Солардың бірі – фильмнің бас қаһарманы Мұстафа балалар үйінен 8 рет қашып кетеді. Ақырында Николай Сергеев деген шенеунік осындай балалар үшін еңбек колоннасын ұйымдастыруды ұсынады… Соңында Мұстафа енді дұрыс жолға түсіп келе жатқанда, өзі секілді бұзақылар тобырын басқарған, кезінде өзінің қарамағында жүрген «Жиган» деген лақап аты бар жасөспірімнің қолынан қаза табады… Бердалы бұрын осы киноны әр көрген сайын бір толқып басылушы еді, бұл жолы көзінің жасын біразға дейін тия алмады. Бір тәуірі, қараңғы залда мұны ешкім байқамады. Шамасы, ауылдағы анасын, бауырларын сағынып жүрсе керек.

Көркем фильмдер арасынан бір жыл бұрын ғана экранға жолдама алған «Тимур және оның командасы» мен осы жылдың басында қабылдаудан өткен «Шошқашы қыз бен бақташы» комедиясы да көңілден шықты. Бірақ біздің кейіпкерімізге айрықша ұнағаны 1941 жылы қыркүйекте эвакуациямен келген Ленинград мемлекеттік кіші опера және балет театрының спектакльдері болды. Даңқты өнер ұжымы шеберлері келгендеріне бір ай толар-толмас шақта Чкалов қаласының тұрғындары мен әскери училищелер курсанттарына өз репертуарларындағы «Севиль шаштаразы», «Кармен», «Евгений Онегин» секілді танымал операларын бірінен кейін бірін қайта ұсына бастады. Ал композитор Иван Дзержинский қараша айында Оңтүстік-батыс майдан аумағын аралап қайтып, онда алған әсерлері негізінде «Халықтың қаны» деген опера жазып шығыпты. Бір айдың ішінде пайда болған туындыны театр труппасы қаңтардың соңында көрермен талқысына ұсынып үлгерді. Бұл оқиға панфиловшылардың Мәскеу түбінде неміс-фашист әскерлеріне бірінші рет күйрете соққы берген кезімен тұспа-тұс келді. Облыстық «Чкаловская коммуна» газеті 1942 жылғы 27 қаңтардағы №22 нөмірінде қойылым хақында: «…композитору удалось создать волнующее произведение, рассказывающее о любви к Родине, о непреодолимой воле к победе, о готовности советских людей жертвовать своей жизнью во имя окончательной победы над врагом. Ни короткий срок написания (один месяц), ни небольшие размеры оперы (длится на сцене 30 минут) не снижают значение этого произведения», – деп атап жазды.

Әрине, Бердалы сол кезде композитор Иван Иванович Дзержинскийдің бұған дейін алты не жеті опера жазып тастаған әжептәуір майталман музыка маманы екенін білген жоқ. Шын мәнінде ол 30-шы жылдардың басында жазылған «Днепр туралы дастан» және «Көктемгі сюита» деп аталатын опералармен танымал бола бастап еді. Бірақ айрықша зор табысы 1934 жылы жазушы Михаил Шолоховтың романының желісі бойынша либреттосы жасалған «Тынық Дон» операсы болды. Аталмыш туынды сол жылдың қазан айында атақты композитор Дмитрий Шостаковичтің ұсынысымен Ленинград кіші опера және балет театрының жоспарына енгізілді. Ол 1937 жылы тағы да Шолоховқа жүгініп, «Көтерілген тың» атты келесі трилогиясы бойынша опера жазып шықты. Ал 1939 жылы «Волочаев күндері» деген операсының тұсауы кесілді. Осының ізін ала Александр Островскийдің «Найзағай» дейтін драмасының сюжеті негізінде тағы бір опера жазуды қолға алып еді, бірақ кенет басталып кеткен соғыс жұмысты тоқтатуға мәжбүр етті. Мұның бәріне Бердалы арада көп жылдар өткен соң, елге оралған кездің бір кезеңдерінде аталмыш композитор жөнінде біраз деректер тауып алып оқып, қаныққан еді.

Ал операдан көрген сол алғашқы спектаклі оның жадында мәңгі бақи сақталып қалды. Кейін бұл туралы талай рет, – майдан даласында да, бейбіт өмірде де, – ерекше бір қимас сезіммен, сағыныш сынды елесті емеурінмен, тіпті тым беріге дейін еміне еске алып жүрді. Алпары аспанмен астасып кете беретін алыс көкжиегіне дейін толқынданып жатқан, айналасын түгел көкбурыл су қоршаған ауылда туып-өскен бозбала жігіт үшін мұның бәрі таңсық, мұның бәрі өзге әлем, мұның бәрі ертеңгі күнге деген ұмтылыстың жетегі сияқты болып көрініп еді. Сондықтан сахна тұғырында көрген көріністері мен естіген есті сөздерін ешуақытта ұмытып қалмасқа қатты бекініп, бәрін санасының саясында, жадының жансар жапсарында жүлгелеп сақтап қалуға соншама құмбыл болды. Сөйтіп жүргенінде, сәуір айының алғашқы күндері училище курсанттарымен бірге ұлы Петр Чайковскийдің әйгілі «Қарғаның мәткесі» операсының премьерасын да барып көрді. Шынында аталмыш театрда ұлы композитордың бұл туындысының бірінші рет сахналануы еді. Сонау Арал теңізінің ортасындағы шағын ауылдан шыққан Бердалы осылайша мінәйі себеппен соның алғашқы көрермендерінің бірі болып шыға келді. Орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің осы аттас повесінің желісі бойынша қойылған спектакль де Бердалыға ерекше әсер етті. Алайда, алдыңғысына қарағанда, мұны түсіну мен қабылдау бұған біршама ауырлау тиді. Дегенмен, композитор 1890 жылы итальянның Флоренция қаласында өмірге келтіріп, сол жылғы күз айында Петербургтегі атақты Мария театрының сахнасында Император театры әртістерінің орындауында тұңғыш рет көрерменге жол тартқан қойылым бұл жолы да өзінің соншалық құдыреттілігін анық аңғартты. Сондықтан да облыстық газет өзінің 1942 жылғы 3 сәуірдегі №79 нөмірінде бұл спектакль хақында жарияланған рецензияда оған: «…театру удалось донести до зрителя психологическую насыщенность, музыкальный драматизм оперы. «Пиковая дама» в Ленинградском ордена Ленина Академическом Малом оперном театре имеет все основания стать любимым спектаклем чкаловского зрител», – деген бірегей баға берді.

«Қарғаның мәткесі». Осы тіркес сол кезден бері еш уақытта ұмытылмастай болып жад парақшасына жазылып қалды. Бердалы бұл фразаны кейін жолдас-жораларымен, қаржыгер әріптестерімен бірге картаның күліс деген ойынын ойнап жүргенде де, преферанс сызып отырған кездерінде де ылғи есіне алып қоюшы еді. Соңыра бұған Мұқағали ақын жырындағы «Қарғаның валетіндей едірейіп, мына біреу қасыңа қайдан келген?» деген жол да қосылды…

 

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button