Таным

СОҒЫС СОҚПАҚТАРЫ

Кітаптан үзінді

Бұдан бірер күн алдын «Дегдар» атты деректі-көркем хикаяты баспа жүзінен жарық көрді. Ол «Даларус» баспасында дайындалып, Алматыдағы «Полиграфкомбинат» бірлестігінде басылды. Бұған дейін біз аталмыш кітаптың дайын болған үш тарауын сайт бетінде жариялаған едік. Бүгін «Соғыс соқпақтары» деген келесі бір тарауын да оқырман назарына ұсынып отырмыз. Мұнда туындының бас кейіпкері Бердалы Кенжебаевтың Чкалов танк училищесін бітіргеннен кейін бірден Сталинград шайқасына түсіп, ұрыс қимылдарына қатысқан кездері сөзге арқау етіледі.

Серік ПІРНАЗАР

Чкалов танк училищесіне 1941 жылдың 12 шілдесінде келіп, курсант болып дәріс алуды бастаған Бердалы Кенжебаев 1942 жылдың 12 мамырында оны лейтенант әскери шенінде бітіріп, таяу аралықта Ұлы Отан соғысындағы ең бұрылысты шеп болғалы тұрған Еділ бойына жол тартты. Оқу орнының 165 танкіші-офицерден тұратын бірінші толқыны осы жылғы 12 ақпанда жорық жолдарына жолдама алып шыққан еді. Айына бір мәрте дерлік бір реттен түлек ұшырып отырған техника тәлімханасы осымен өзінің төртінші легін майдан даласына аттандырды.

Ордалы ойлардың орманы болған он ай артта қалды. Орынбор жерінен Ойсыл қара бабадай қажыр-қайрат пен күш жинап алып бара жатқан Бердалы пойыздың тамбурына аяқ артып тұрған пошымында XIX ғасырдың осы өңірлерден шыққан тарланбоз жүйрігі Ақтан Керейұлының төпеп өтетін бір төкпе жырын есіне түсіріп үлгерді:

Орынбор, үйшік – күз базар,

Төрт жүздей кісі бірігіп,

Мәжіліс отыр құрылып.

Мен – жүлделі жүйрікпін

Бөгелмейтін кідіріп.

Қайнарлы бұлақ, өзенмін,

Емеспін таңқы құрылық.

Тұяғым желді тұлпармын

Топтан озған ұрынып…

Мұны да ол бір кездерде, тіпті бала жасында әкесі Кенжебай екі дүркін қайталап айтқанда жаттап алған-ды. Қазір сол ойда жоқта санадан қайта саңғырлап шығып, жігерін қамшылап жібергендей әсер етті. Өзін қазір сол «төрт жүздей кісі бірігіп» жатқан жерде «жүлделі жүйрік» болғасын, елдің шетінде ойран салып жатқан жауға «бөгелмей» шауып бара жатқандай сезініп отыр. Құдайға шүкір, «қайнарлы бұлақ, өзен» екені де рас.

Бердалы осындай өршіл өлеңдер оқыса, жедел арқаланып шыға келетінін ордалы Орынбор жеріне келгеннен бері айрықша байқады. Өміршең, өршіл өлеңдер өзін өжет бола түсуге шыдатпай шақыратын сияқты. Кей кездері кішкентай кезінен талпынып талап қылғанда, өзінің де өлең жазып кетуі мүмкін екенін ойлап қояды. Шынында ғой. Қазақта жаны ақын емес адам сирек. Қай қазақты да қабырғалатып қаза түссең, қорғанның арғы жағынан қайқайып, қара өлеңнің қазанын бұрқылдатып қайната алатын қаламды қайраткер шыға келетін секілді.

Тап солай ақын болып кетпегенмен, Бердалы сонау мектепте оқып жүрген кезінде әкесі мен шешесінің өтініштерімен кейде оларға батырлар жырларын, кейде лиро-эпостық дастандарды екпіндете оқып беріп тұрушы еді. Көбіне мұндай басқосулар түнде кешкі ас ішіліп болғаннан кейін орын алатын жайт-тын. Сондайда бұлардың қастарына Керімсал мен Ағымсал да құлақтары қалқайып, отыра қалатын. Біраздан соң екеуінің біреуі міндетті түрде қылжиып құлаған жерлерінде ұйықтап кететін. Бесіктегі Әлімжан ғана бұл шақтағы оқиғалардан хабарсыз. Соңыра осы оқып жүретін жырларының бірсыпырасы зәузаты зерек Бердалының жадында жедел жатталып қалатын. Әзір сол санаттағы «Қыз Жібек» жырының қынаптан суырылған қылыштай қылпылдаған мына жауһар жолдары да өзінің намысына от қойып, қайрай түсетіндей көрінеді:

Бадана көзді кіреуке,

Тоғыз қабат көк сауыт,

Саған арнап соқтырып

Будырып кеттім кілемге,

Оны үстіңе кигейсің.

Олай-бұлай боп кетсем,

Асыл туған Жібекті

Еш жаманға қор қылмай,

Өзің бір алып сүйгейсің.

Шағыңа Құдай жеткізсе

Үстіңе баса киіп ал,

Алтынды сауыт көбені.

Жау дегенде жайнатып,

Толғамалап қолыңа ал

Қозыжауырын жебені.

Сапар шегіп жол жүрсең,

Жолдасын жауға алдырмас,

Басшы қылғыл Шегені.

Айтқаны болмас адамның

Алланың болар дегені.

Бұ сөзді айтып Төлеген

Сансызбайдың бетінен

Үш қайтара сүйеді.

Жерге алып қойып інісін

Қол ұстасып, қоштасып,

– Қош, Алла!– деп жөнеді.

Бектер мінер сұр қасқа,

Шаба алмаса ұр басқа.

Батырлық, байлық кімде жоқ,

Ғашықтық жөні бір басқа.

Інісіменен қоштасып,

Базарбайдың Төлеген

Белін буды тұрмасқа.

Базарбайдың Төлеген,

Жайыққа қарап жол тартып,

Алладан пәрмен тілеген.

Жайық пенен Теңіз арасы

Үш айшылық жол екен…

Бірақ бұл Төлеген болып, Сансызбай секілді үш інісінің бетінен сүйейін десе, олар қазір жандарында жоқ. Бұдан тура бір жыл бұрын әскери борышын өтемек мезіретіменен жолға шыққан шағында әлі ел аман, жұрт тыныш болатын. Онда бүкіл ауыл үй жанында шығарып салса, анасы Зағипа өзімен бірге артынып-тартынып, Аралдың вокзалына дейін келіп, пойыз жүріп кеткенше жанынан қалмай жүріп еді-ау.

– Беренжан, өзіңді мейірімі күшті бір Аллаға табыстадым, – деген-ді қайран ана сол жолы көкірегі қарс айырылып тұрғанын сездіргісі келмей. – Қайда жүрсең де, Алланың шылауында болғайсың, ақұдай… Ата-бабалар әруағы қолдап, жебей жүрсін… Аман барып, сау қайт, ботам…

«Айтқаны болмас адамның, Алланың болар дегені». Анасының айтып отырғаны да сол ғой. Оның бар ықыласын жүрегіне орап тұрып жеткізген осы сөздерін Бердалының өзі де көпке дейін ұмыта алмай жүрді. Олар қазір де қайта жаңғырып, құлаққа құйылып келіп жатқан сияқты. Дегенмен, көңіліне өзгеше тоқ санайтыны, өзін шығарып салуға асыл туған Ғафиатулла Арысланов ағасы келіпті. Бұған бір жағы таңырқаса, бір жағы шындап қуанды. Туыс башқұрт халқынан шыққан тұңғыш Кеңес Одағының Батыры кім-көрінгенге бұлай ықылас білдіріп, құрмет көрсете бермесе керек-ті. Сол күні өзі Чкаловтың вокзалында әдеттегідей жол қапшықтарын арқалап, майдан шебіне қарай бет алып бара жатқандар да, оларға ақ жол тілеп келгендер де қисапсыз көп болды. Ағасының келуі арқасында Бекең осынау бөтен адамдар нөпірі арасында өзін жалғыз сезінген жоқ, қайта бәрінен мәртебесі озып, тасып тұрды.

Ал Ғафиатулла осы у-шу ұзанының ортасында тұрып, ілтипатты інісіне жанашыр жанның пейілін жеткізіп жатыр.

– Бердалы бауырым, сақ болып жүр. «Сақтансаң – сақтаймын» деген, – деді ол. – Алла жар болсын. Аман бол….

Жол жүрушілердің бәрі жапатармағай вагондарына мініп жатқанда Ғафиатулла аға айтқан мына сөз де еш уақытты ұмытылған емес:

– Менің саған беретін тағы бір кеңесім: қолың қалт еткенде, ерінбей күнделік жазып жүр. Соңыра керек болады. Басыңнан қандай жағдай өтсе де…

Осыны айтқан ол қалтасынан бір блокнот пен қарындаш алып ұсынды. Ағасын бір құшақтап өткен Бердалы орнынан қозғалғалы тұрған пойыз составына қарай жүгірді.

Бұл олардың соңғы көрісулері екен. Ал Ғафиатулла кәдімгідей мәнді мәселе қылып көтерген сөз көкейіне бірден ұялады. Шынында дұрыс ол. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», алда жалда қатерге ұшырап қалып жатсаң да, күнделігің сенің соғыста өткен әрбір дерлік күндеріңнің куәсі болмақ-дүр.

Қанша жерден жауынгер жұрттың ұрпағы бол, қанша жерден жүрекжұтқан жігіт бол, қанша жерден жекпе-жек шайқастарда ешкімге есе жібермеген есіл ер бол, – бірақ «соғыс» деген суық сөз айтылғанда, дір етпейтін жүрек, дүр етпейтін сана болмайды. Соғыста батыр да, басқа да алда өзін не күтіп тұрғанын білмейді. Сондықтан Бердалының да ойы ұшып-қонып тұр, жүрек те бір орнында емес. Баяғының баһадүрлерінше, «Құдай берген жанды құдай алады, әкең өлсе, шешеңді біреу алады» дей салатындай жағдайда емес. Дегенмен, салы суға кетіп, жаңбыр жаумай, су болатындардың салтынан да, ұрқынан да емес еді Бердалы. Тағдыр талайында талай талқы мен тақсыретті бастан кешкен қайсар халықтың төл баласы екені рас. Қазақ өзінің тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», «Ақ қайың сауған, тышқан жыл» деп аталған нағыз зұлмат жылдардан да ақыры қайыр болып, аман шыққан. Сол кезеңнен келген «Қаратаудың басынан көш келеді» деген халық өлеңі өлінің өзін тірілтіп жіберетіндей құдіретті күшке ие. Алайда, қаншама қасірет пен қиыншылық көрсе де, елдің шетінен бүйідей болып тиген басқыншы жау қазақтың әсте сағын сындыра, рухын тындыра алмады. Сондықтан да халқымыз өзінің атамекенін жоңғар шапқыншыларынан қорғап, дұшпанға кеткен есесін қайтару жолындағы кескекті күресін еш тоқтатпады. Сол күрестің қалың ортасында Сырлыбай және Мәметек бабалары жүріп еді-ау. Сүйегі асыл Сырлыбай Кіші жүздің ханы Әбілқайыр қолбасшы болып, жоңғарға қарсы атой сап аттанған шашыратқы шабуылдардың бәріне қатысты. Ал Мәметек болса, Әбілқайыр ханның үлкен ұлы Нұралы хан атқа қонған жосын жорықтардың көбіне бел шеше араласты.

Қазір есіне түсіп отыр. пролетариат жазушысы Максим Горький «Егер жау берілмесе, оны құртар болар» деген-ді. Жай осылай айта салған жоқ, тап осындай бастақырыпта арнайы мақала жазыпты. Мұны училищеде оқып жүргенде командирдің саяси істер жөніндегі орынбасары айтып берген. Мақала «Правда» газетінің 1930 жылғы 15 қарашадағы санында жария болыпты. Кейін бұл жұрттың кең ауқымы еркін пайдалана беретін қанатты сөзге айналып кетті. Ендеше, шынында солай шығар. Демек, «ұрыста тұрыс жоқ». Сен жауды жоймасаң, жау сені жамсатады. Екінің бірі. «Жауды аяған жаралы». Айта берсе, мұндай уағыздарға сан жетпейді. Солардың бәрі де жігіттің намысын шабақтауға шақтанса керек.

Бір кездері төбе би Төле бабамыз «Ұлы жүзді таяқ беріп, малға қой, Орта жүзді қалам беріп, жауға қой, Кіші жүзді найза беріп, жауға қой» деген екен. Қазір бұл да есіне түсіп жатыр Бердалының. Әрине, тұтас бір тайпаның немесе тайпалар бірлестігінің түгел батыр болып шығуы мүмкін емес. Әсілі, батырлық пен батылдық әр ру мен әулеттен де шыға бермек. Тегінде, семсер-ақын Махамбеттің «Батыр болмақ – ойдан-ды» дегенінде үлкен мән мен мағына бар. Бәрі де адамның жеке өзіне байланысты. Олай болса, тәуекел! «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің». Осыны ойлап отырғанда, Бердалының есіне бұдан он ай уақыт бұрын Чита – Куйбышев бағытындағы жолаушылар пойызында мінәйі себеппен жолығысып қалған Димитар Бошков түсті, оның картаға қарап ашқан сәуегейлігі сең-сең жарды. Негізі, болжамының болымы келіскен, байыбы байсалды болатын. Байқап тұрса, ол да өзі дәтке қуат екен. Лайым Алла соны қабыл айласын…

 

Лейтенант Бердалы Кенжебаев осы сапар нақты қандай әскери құрылымға бара жатқанын өзі де білетін еді. Ол дәл тап қазіргі уақытта Сталинградтағы автобронды танк оқу орталығында 13-ші танк корпусы жасақтала бастағанынан да хабардар. Жолдама сонда жазылған. Аталмыш корпус Қорғаныс халық комиссариатының 9 мамырда қабылдаған директивасы мен Қорғаныс халық комиссарының орынбасары, генерал-лейтенант Яков Федоренконың 10 мамырдағы шифрограммасы негізінде Сталинград автобронды танк оқу орталығында құрылып отыр. Оның басқару корпусы қаладағы «Красный Октябрь» зауыты ауданында, 65-ші танк бригадасы Баррикада ауданындағы Разгуляев станциясында, 88-ші танк бригадасы Сарептада орналасқан.

Бердалы Сталинград қаласына келіп түскесін, өзі құрамына жіберілген 65-ші танк бригадасын іздеп, осы станцияға барды. Бірақ алдын ала белгіленген уақыт – 1942 жылғы 30 мамырға дейін тек 85-ші және 88-ші танк бригадалары ғана құрылып үлгерді, ал 65-ші танк бригадасы КВ танкілерін алмағандықтан, құрамға кіргізілмеді. Сол сияқты 20-шы мотоатқыштар бригадасының жеке құрамы мен қару-жарақтары толық болмады. Сондай-ақ корпус бөлімдері де бұл кезге шекті жинақтала қоймады. Сондықтан 1942 жылғы 2 маусым күні корпус Оңтүстік-Батыс майданның қарамағына, Купянск станциясына барып тұруға бұйрық алды. Ал әзір әлі толық жасақталып бітпеген 65-ші танк және 20-шы мотоатқыштар бригадалары құрамдарын түгелдеу үшін тұрған орындарында қалдырылды.

Корпустың алғашқы эшалондары 4 маусым күні Купянск станциясына барып аял жасады. Жүктерін түсіріп болғаннан кейін оның бөлімдері танкке қарсы қорғаныс сабақтарына қатысу үшін Ново-Александровка, Плоское, Екатериновка, Петриково және Приколотное деп аталатын аудандарда шоғырланған 28-ші армияның құрамына жберілді. Корпус бұдан кейін 11 маусымда басып кірген жау топтарын құрту үшін арнайы тосқауыл ретінде дайындалған «Червоная Хвыля» совхозы ауданын тастап шықты. Ал 4 тамызда бұл әскери құрылым құрамына 38-ші мотоатқыштар бригадасы, 6-шы, 13-ші және 6-шы гвардиялық танк бригадалары енгізілді. Соның ішінде 6-шы гвардиялық танк бригадасы Абганерово станциясы ауданына келіп, келесі күні 126-шы атқыштар дивизиясына қолдау көрсету мақсатында ұрысқа кірді. Корпус басқармасы тек 6 тамызда ғана шайқас жүріп жатқан аумаққа келе алды. Осы тұста ұрыс қимылдары орнына келе алмаған 6-шы танк бригадасының орнына 254-ші танк бригадасы енгізілді.

1942 жылғы 19 мамырда корпустың тұңғыш командирі болып Сталинград автобронды танк оқу орталығының басшысы, генерал-майор Пётр Шуров тағайындалған еді. Корпус Оңтүстік-Батыс майдан әскерлерінің жауға Харьков облысындағы Волчанск бағытында қарсы соққы беру операциясына қатысты. Көп ұзамай Воронеж-Ворошиловград қорғаныс операциясына кіріп, оның барысында Воронеж ауданындағы алдыңғы шепке келеді. Сол жерде герман әскерлерінің зеңбіректен атқылауы астында қалады. Атқылау салдарынан генерал-майор ауыр жараланып, Мәскеу госпиталіне шұғыл жіберіледі. Лекін, осы жарақат салдарынан 2 шілде күні қайтыс болады. Бұдан кейін, 10 шілдеде корпус бастығы болып полковник Вениамин Бунтман-Дорошкевич тағайындалады. Алайда, ол да ұзақ тұрмайды, тізгінді небәрі 7 күн ғана ұстайды. Содан соң орнынан алынады. Келесі кезекте басшылық танк әскерлерінің генерал-майоры Трофим Танасчишинге тапсырылды. Алдын ала айтып қояйық, ол командир қызметін корпус таратылатын1943 жылғы 9 қаңтарға дейін атқарады. Тағы айта кететін жайт, 13-ші танк корпусы Қорғаныс халық комиссарының бұйрығымен 1943 жылғы 9 қаңтарда 4-ші гвардиялық механикаландырылған корпусқа айналдырылады.

Бердалының арнайы зерттеп білгеніндей, негізі, КСРО-да танк жасап шығару өндірісі 1920 жылдан басталған болатын. Сол кезде оны соғыс жағдайында қолдану тұжырымдамасының негізі де қаланған еді. 1927 жылы шығарылған «Жаяу әскерлердің жауынгерлік жарғысында» танкті ұрыстарда қолдану мен олардың жаяу әскерлер бөлімшелерімен бірлескен қимыл-әрекеттеріне айрықша назар аударылды. Осылайша, мысалы, аталмыш құжаттың екінші бөлігінде шабуылға шыққан жаяу әскерлердің құрамынан күтпеген жерден танктердің шыға келуі мен оларды жаудың артиллерия және танкке қарсы қолданылатын басқа да құралдардың шоғырланған жерлеріне жаппай жіберу ұрыс қимылдарының табысты аяқталуына қажетті аса маңызды шарттардың бірі болып табылатыны айтылған. Танктерді қолданудың мәселелері 1928 жылы жарық көрген «Танктерді ұрыста қолдану жөніндегі уақытша нұсқама» деген келесі еңбекте бұдан да гөрі тереңірек талданып көрсетілді. Онда танк бөлімшелерінің соғыста қолданылуының жаяу әскерлерге тікелей қолдау көрсету және отты шептен тысқары алдыңғы эшалонда өз бетінше шабуылға шығуы деп аталатын екі форма қарастырылады.

Автобронды әскерлер танк бөлімдері мен құрамаларынан, сондай-ақ бронды автомобильмен қаруланған бөлімдерден құралды. Мұнда жеке танк батальоны негізгі тактикалық бірлік болып саналды. Ол танк роталарынан тұрса, рота өз кезегінде взвод арқылы түзілді. Ал взводтың қарауында бес танкіге дейін болды. Сол сияқты бронды автомобиль ротасы взводтардың басын біріктірсе, взвод үш-бес машинаға иелік жасады.

Кеңес Одағында алғашқы танк бригадалары 1935 жылы құрыла бастады. 1940 жылы бригадалар базасында танк дивизиялары қалыптасты. Олар механикаландырылған корпустар бойынша сап түзеді. Алайда, Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясы соғыстың бас жағында өте көп мөлшерде танкілерінен айырылып қалғасын, бронды танк әскерлерінің ұйымдық құрылымына айтарлықтай түзетулер енгізуге тура келді. КСРО Жоғарғы Командовниесі Ставкасының 1941 жылғы 15 шілдедегі директивалық хатына сәйкес, механикаландырылған корпустарды жою қолға алынды, бұл үдеріс сол жылғы қыркүйек айына дейін созылды. Олардың таратылуларына байланысты танк дивизиялары армиялар қарамағына берілді, ал моторлы құрылымдар болса, атқыштар дивизиялары болып қайта жасақталды. Осы себептер салдарынан дивизиондар бронды танк әскерлерінің бригадасы болып шыға келді. Ал 1941 жылдың қыркүйегінде олар әртүрлі штаттық мөлшердегі жеке танк батальондарына айналды. Танк бригадалары мен жекелеген танк батальондары кеңес бронды танк әскерлеріндегі негізгі ұйымдық форма болып қалды. 1941 жылдың соңында Қызыл армия құрамында 68 жекелеген танк бригадалары, 37 жекелеген танк батальондары болды. Олар негізінен атқыштар әскерлеріне тікелей қолдау көрсету үшін қолданылды. Бұл 1941 жылғы ахуалға орай амалсыз жасалған шара еді. Ал 1942 жылы жағдайдың біршама түзеле бастауына орай танк корпустары қалпына келтірілді, сосын механикаландырылған корпустар да танк бригадаларына айналдырылды. Бригада құрамында екі танкі және бір мотоатқыштар-пулемёт батальоны, сондай-ақ бірқатар жекелеген бөлімшелер болды.

Тағы бір ерекше атап өтерлік жайт, Ф.Э. Дзержинский атындағы Сталинград трактор зауыты да соғыс жылдарында соғыс машинасы – танктерді шығару ісіне белсене қатысты. Ол 1930 жылғы 17 маусымда қатарға қосылған болатын. Кәсіпорны осы күні өзінің алғашқы өнімін берді – оның цехтарынан «СТЗ-1» маркалы доңғалақты трактор конвейерден шықты. Ол 1932 жылдың 20 сәуірінде өзінің жобалық өндірістік қуатына жетті: осы уақыттан бастап тәулігіне 144 доңғалақты машина беріп тұрды.

Зауыт Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін Т-34-76 және КВ-1 танктерін, сондай-ақ СТЗ-5-НАТИ артиллериялық тартқыштарын шығаруға көшті, Қызыл Армия үшін негізгі әскери техника жеткізушілердің бірі болып қала берді. КСРО-ның еуропалық бөлігінің кәсіпорындарын эвакуациялауға байланысты зауыт барлық компоненттерді дербес шығаруға кірісуге мәжбүр болды.

Ұрыс қимылдарының таяй түсуі де, соның соңынан қалаға жақын жерде басталған шайқастар да мұндағы өндірісті тоқтата алмады: Сталинград зауытының танктері тікелей конвейерден шыға салып, ұрыстарға кіріп жатты. Көбінесе кәсіпорынның Т-34 және КВ-1 машиналарын түбегейлі білетін жұмысшылары соғыс машиналарының тізгіндерінде отырды. 1942 жылы 23 тамызда Вермахттың бөлімдері қорғанысты жарып өтіп, немістер қаланы өзеннің солтүстік жағынан соққы бермек болғанда, тап осы СТЗ жұмысшыларынан құралған жасақтар бригадасы оларға тойтарыс бере білді. Бөлімшені Сталинград трактор зауытының инженер-технологы Николай Леонтьевич Вычугов басқарды. Дегенмен, 1942 жылы 13 қыркүйекте ұрыс қимылдары зауыттың территориясында жүріп жатқан кезде конвейер тоқтатылды…

 

Өмірде кімнің кім екенін білдіретін сындарлы сынақтың бірі соғыс болса керек. Иә, кәдімгі сұрапыл соғыс. Жан беріп, жан алысатын, өмір мен өлім бетпе-бет келіп, аянбай айқасатын қанды шайқаста адамның барлық болмыс-бітімі, парасат-пайымы, ерік-жігері, ақыл-ойы, сүлдер-сұлбасы судың бетіне қалқып шыққандай болып айдан анық көрініп тұрады. Соғыс қандай ұлттың қасиет-қарымы, қайрат-жігері қандай екенін де айқын аңғартады. Бірақ өмірде тұтас бір батыр халық та, түгелдей қорқақ жұрт та жоқ. Қай қайсысының арасында батыр мен қорқақ қатар жүре береді. Бәрі сол сынақтың сілтідей лыпылдап тұрған шағында бой көрсетіп қалатын намыс пен жігердің желпуі қай деңгейде екеніне байланысты. Бердалы майданға түскелі соны байқап жүр. Ана жылы Чкаловтағы училищеде курсант болып жүргенінде өзіне сабақ берген ұстазы, рухани ағасы, Кеңес Одағының Батыры Ғафиатулла Арыслановтың «Біреудің шынайы кейпін білгің келсе, соғысқа салып көр» дейтіні бар еді. Негізі, осы ойдың астарында да шырқыраған шындық жатыр.

1942 жылдың 17 шілдесінде басталып, 1943 жылдың 2 ақпанына дейін созылған Сталинград шайқасы Ұлы Отан соғысы мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі түбегейлі өзгерістің басы болып табылады. Бұған қоса, ол ұрыс қимылдарына танк әскери құрылымдары мейлінше көбірек тартылған шайқастардың бірі болып қалды.

Вермахттың Жоғарғы қолбасшылығы 1942 жылдың шілдесінде бірден екі бағытта шабуылға шығуға шешім қабылданды. Оның біріншісі Сталинград – Астрахань бағытын қамтыса, екіншісі Кавказды жаулап алуға қатысты еді. Неміс командованиесі бірінші бағытты 6-шы армияға тапсырды. Ол «А» армиялар тобы Бас Кавказ жотасына шыққанға дейін өзінің алдына қойылған міндеттін толық орындауға тиіс болды. .

Кеңес-герман майданының оңтүстік бөлігінде неміс әскерлерінің операциясы басталғаннан кейін Сталинград аймағындағы жағдай өте шиеленісті және күрделі болды. 1942 жылдың шілдесінің басында неміс әскерлері Донға жақын келіп, Воронеж өзенінің сағасына дейінгі  аумақты басып алды, кеңес әскерлері Сталинградтың батысындағы өзеннің үлкен иінін ғана ұстап тұрды.

Өздерінің кеңес әскерлері қарсылық көрсете алмайды деген әуелгі кездегі байламдарына сүйенген Вермахт бас күштерін осылайша Кавказға қарай жіберді де, Сталинградты басып алуға бір ғана 6-шы армияны жіберді ал 6-шы армия Сталинградқа шабуыл жасауы керек. Бірақ неміс қолбасшылығы есептен жаңылды: Сталин атындағы қаланы тез басып алудың орнына, 6-шы армия мұндағы шабуылды тым былжыратып жіберді. Осыдан кейін Еділге тезірек жетуге және сол арқылы қаланы басып алуға тырысып, неміс қолбасшылығы 6-шы армияны қолдау үшін 4-ші танк армиясын жіберді.

Генерал К. С. Москаленконың басқаруындағы 1-ші танк армиясына 13-ші және 28-ші танк корпустары кірді. Соның ішінде Бердалы қызмет ететін 13-ші танк корпусының құрамында 65, 163, 166, 169-шы танк және 20-шы мотоатқыштар бригадалары болды. Генерал Танасчишин басқаратын 13-ші танк корпусында осы кезде 152 танк бар еді.

24 шілде күні таңертең «Первомайский» совхозы Манойлин-Калмыков бағытында шабуыл бастады. Бұл шабуылда кеңестік танкистер өздерін жақсы қырынан танытты. Мысалы, 1942 жылы 24 шілдеде совхоз ауданында 169-ші танк бригадасының А. Феденко басқаратын Т-34 танкісіне бір мезгілде он неміс танкісі шабуыл жасады. Бұл бірінші жекпе-жек болғанына қарамастан, танкшілер үрейлене қойған жоқ. Он неміс танкі мен кеңестік «отыз төрт» арасында жекпе-жек басталды. Осы аласапыранда дұшпанның төрт танкі жойылды. Ұрыс кезінде неміс танкінің снарядтары моторға түсіп, өрт шығарды. Қозғалтқыш істен шығып, танк қалың түтінмен жабылды. Жаулар атуды тоқтатқандықтан, кеңестік танкішер люктерді аша алды. Бірақ танктің айналасында кеңес жауынгерлерін тұтқындауға тырысқан неміс автоматшыларын көріп, экипаж люктерді жауып, тағы да оқ жаудырды. Тұтқындау мен өлімнің арасын таңдап, танкішер мұның соңғысын таңдады. Батальонның басқа танкшілері радиодан жанып жатқан танк командирінің дауысын естіді, ол: «Қош бол, жолдастар, бізді ұмытпаңыз, біз жанып жатқан танкте өлеміз, бірақ жауға берілмейміз», – деді. Батыр-танкішілер. танк командирі, лейтенант А. В.Феденко, мұнара командирі, сержант И. А. Яковлев, механик-жүргізуші, сержант С. П. Проценко және радист-атқыш Е. Н. Быков қағылған танкте тірідей жанып кетті.

Бірақ кеңес танкішілерінің ерлігіне қарамастан, дұрыс дайындалмаған қарсы шабуыл айтарлықтай нәтиже бермеді, сонымен қатар 13-ші танк корпусы тоқтап, екі күннен кейін 6-шы неміс әскері Калачтың солтүстігінен Донға қарай бет алды. Бұл жағдайда кешіктіруге болмайды, ал 26 шілдеде кешке майданның қолбасшылығы 1-ші және 4-ші танк армияларының күштерімен және 21, 62 және 64-ші армия күштерінің бір бөлігімен Донға қарсы шабуыл жасады. Жалпы алғанда, бұл шабуылға тартылған әскерлерде 550 танк болды. Қолбасшылықтың негізгі жоспары Жоғарғы Бузиновкадағы екі бағыттан шабуыл болды, осылайша команда неміс бөлімдерін қоршап, жойып, 62-ші армияның оң қапталындағы орнын қалпына келтіруге үміттенді. Танк бөлімдерінің қарсы шабуылына 155 ұшағы бар 8-ші әуе армиясы қолдау көрсетуі керек еді. Авиацияның негізгі күштері 1-ші танк армиясын қолдауға мәжбүр болды.

 

Ұзаққа созылған табанды шайқастардан кейін жау Сталинградтың маңайындағы жай оның шет жағына кірді. Өзінің айрықша қатыгездігімен ерекшеленген, немістерді бұрынғыдан да көп кісі өліміне ұрындырған, екі жақтың беріспес текетіресіне ұласқан мейлінше қат-қабат айқастар басталып кетті. Әрбір үй, сарай, дүңгіршек, трансформатор күркесі, тіпті аударылып қалған автомобильге дейін қантөгісті қоян-қолтық ұрыс алаңына айналып кетті.

Әсіресе, көшелер қиылысында атыс қатты қызып жатты. Мұндай бұрылыстар үшін болған шайқастар бірден 3-4 махалланың тағдырып шешіп кететін еді. Сондықтан жау мұндай бұрыштарды авиациямен бомбылап, миномет пен артиллериядан атқылауды үдетті. Содан кейін сол маңды тіміскілеп сүзіп шығатын автоматшылар топтарын дүркін-дүркін жөнелтіп тұрды. Олар осындай соққыдан кейін аман қалған, жарақаттанып жатқан кеңес солдаттарын оқпен түйреп, үйден үйге қарай жүгіре көшіп жүрді. Осындайда ауыр бомбы зарптарына сыр бермей, қалыптарын сақтап тұрған тас үйлер одан әрі ұрыстар жүргізуге таптырмас қорған еді. Сол кезде екі жақ та үйлердің іштерінде атысуға ыңғайлы жеңіл минометтері мен шағын пушкаларын сүйреп әкеле бастады.

Қала барынша табан тіреп қорғанды. Гитлершілердің бір ғана нысанды алу үшін сағаттап, тіпті бірнеше күн бойы нөпір шабуыл жасап бағуларына тура келген кездер де аз кездескен жоқ. Мұндай жан алып, жан беріскен соғыс сәттерінде оққа ұшып, жер жастанып қалған жауынгерлер де өте көп болды. Екі жақтан баудай түсіп, қирай құлап жатқандар сәт сайын ұшырасып тұрды.

Соның алдында немістер қалаға кіреберіс аудандағы тактикалық жағынан маңызы зор төбені, әскерилер тілімен айтқанда, биіктікті басып алған. Оның үстінен қала ішіндегі бірнеше махалланы бірден көріп тұруға болатын еді. Бұл қорғанущы жақтың, яғни кеңес сарбаздарының ахуалдарын айтарлықтай қиындатып жіберді. Ал бірнеше минометтің бір мезгілде жабыла қолдаған күшті шабуылын қалқан етіп тұтқан неміс жаяу әскерлері кеңес жағының N атқыштар бөлімі қорғап тұрған шепке қарай лап қойды. Қара құрттай қаптап келе жатқан фрицтермен бетпе-бет келген біздің адамдар да селт етпеді. Қолдан текшеленіп тұрғызылған баррикадалардың, бірнеше қатар етіп қаланып қойылған құм толы қаптардың қалқасына, шұғыл қазып алған окоптары мен жыраларының іштеріне, бұрыштағы құрылыс нысандарының шатырларына жасырынған қызыл жұлдызды жаяу әскерлер жауынгерлері немістерді винтовкалар мен пулеметтерден бір мезгілде жапырласа атылған зуылды оқтар нөсерімен қарсы алды. Оларға алыстан «дұғай сәлем» жолдап тұрған минометшілер мен зеңбірекшілер көмектесті. Жаудың бірнеше дүркін іле-шала көтеріліп, қайтара жасалған шабуылдары бірінен кейін бірі басып тасталды. Бірақ соған қарамастан, немістер жуырда беттері қайта қоймайтынын көрсетіп, төртінші, бесінші эшалонды тура айдады. Текетірес барысында кеңес жауынгерлерінің әрбіріне қарасы көп дұшпанның бірнешеуімен соғысуға тура келді.

«Төрт танкіден тұратын топтың қорғауында келе жатқан немістердің автоматшылар ротасы лейтенант Комяновтың басқаруындағы бөлімше қорғап тұрған жаңа құрылыстар учаскесіне баса-көктей ұмтылды, – деп жазды подполковник Леонид Высокоостровский «Красная звезда» газетінің 1942 жылғы 23 қыркүйектегі №224 санында жарық көрген ұрыс даласынан жолдаған «На улицах Сталинграда» деген репортажында. – Ағаш дуалдарды қирата басып өте шыққан танктер тылға қарай қадам басты. Немістің жаяу әскерлері олардың жанында дедектеп жүгіріп келеді. Қолына отты сұйық құйылған бөтелке ұстап алған лейтенант кідірмей, оны машинаның жетегіне қарай лақтырды. Сол кезде бронның үстінен қою түтін бұрқ етті. Келесі біреу екінші танкіні тап осылай отқа орады».

Сол кезде командир: «Алға, қарсы шабуылға, менің соңымнан еріңдер!» деп айқай салып, жауынгерлерді неміс автоматшыларымен қоян-қолтық айқасқа бастай жөнелді. Сол уақытта жаудың станокты пулеметі сақылдап қоя берді. Ол жанып жатқан екі машинаның арасын жауған оқпен бөліп тастауға әрекет етті. Мұның соңы шабуылға көтерілген кеңес жауынгерлерін қырып тастауға апаратын еді, бірақ Комянов өзінің шұғыл да шешімтал әрекетімен өз сарбаздарын тура келген ажалдан құтқарып қалды, ол қолындағы гранатамен заматында жау пулеметінің үшін өшірді, онымен де шектелмей, артынша автоматтан сеуіп өткен тізбекті оғымен 12 гитлершіні бірден жусатып салды. Бұдан кейін дұшпанның қалған жауынгерлері артқа қарай тырқырай қашты.

Кескілескен шайқастар қатар тұрған махаллалар мен көп қабатты үйлердің жанында да жүріп жатты. Фашистер онда да минаны, оқты, снарядты жаудырды, авиациямен соққы беріп тұрды, айнала түгел отқа оранды, жарылыстар үндерінен құлақ тұнды. Жау сонда да айтарлықтай табысқа жете алмады. Біздің қайсар жауынгерлер мызғыған жоқ, мүмкіндігіне қарай жауап қайтарып отырды. Аға сержант көшенің басынан немістің екі танкісінің бері қарай беттеп келе жатқанын көріп қалды. Сол бойда танкіге қарсы оқ ататын қарумен дәл атып, екеуін де жалынға бөктірді. Байланысшы Юдаев шұңқырдан еңбектеп бері өтіп, өзге әріптестеріне өткел орнатып беріп тұрған фрицті атып түсірді. Ол содан кейін өзіне қарай жүгіріп келе жатқан бірнеше фашистке қарай граната лақтырып үлгерді. Сол жерде бәрі де қозғалмай қалды.

Мұндай ұрыстар бірнеше күн бойына жалғасты. Осы уақыттың ішінде жау жағы бір учаскенің өзінде 42 танкісінен, 58 автомашинасынан, 4 артиллериясы мен 9 минометінен айрылып қалды. Осы шайқастарда 65-ші танк бригадасының сұңқарлары да ерекше шайқасты. Бұлардың арасында Бердалы көздеуші болып қызмет атқаратын танк экипажы да бар еді. Экипаж ұрыс барысында фашистердің екі танкісінің істен шығуларына септік жасады. Командир Владимир Никонов осы үшін наводчикті мақтап, арқасынан қағып, мақтап қойды. Бұл үшін марапатқа ұсынатынын айтып лепірді. Бірақ соның өзі су аяғы құрдым болып кетті ме, артынан ешқандай нәтиже көрмеді. Ал осы күні Александр Николаев деген майордың артиллерияшылары герман әскерлерінің 14 танкісін отқа орады. Қызыл Армия жауынгерлері ұрыс даласының барлық дерлік шептерінде осындай басым болып жатты. Алайда соған қармастан, Сталинград көшелерінде толассыз кескілескен ұрыстар жүріп жатты…

Сталинград үшін шайқас ақырында Қызыл Армия үшін жеңіспен аяқталды. Ондағы бронды техникалар шығындары кеңес тарапынан 2915 бірлікті, неміс бронды күштерінен 2500 бірлікті құрады. Осылайша, Сталинград шайқасында Қызыл Армияның танк әскерлерінің жалпы шығыны 4341 бірлікке, Вермахттың танк әскерлерінің жалпы шығыны 3500 бірлікке жетті. Бұл сандар Сталинград шайқасының Курск иініндегі ұрыс сияқты атын бронды техникалар көп қатысқан ең ірі шайқастардың бірі болғанын білдіреді.

 

1942 жылдың 28 шілдесінде, соғыстың 402-ші күнінде Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің басшысы Иосиф Сталин соғыстың бастапқы кезеңі үшін орасан зор маңызы болған ең әйгілі №277 бұйрығына қол қойды. Ол ресми түрде «Қызыл Армиядағы тәртіп пен реттілікті нағайту және ұрыс позицияларынан өз бетінше шегінуге тыйым салу жөніндегі шаралар туралы» деп аталды. Бірақ аталмыш пәрмен көпшілікке «Бір адым да артқа шегінбе!» деген атаумен танымал болды.

Әскерилер арасында аталмыш бұйрық расында екі ұдай көңіл күймен қабылданды. Бір жағынан, ол әскердің тұрақтылығын нығайтып, рұқсатсыз артқа шегіне берушілік оқиғаларының санын күрт қысқартты. Екінші жағынан, командирлер жоғарыдағылардың келісімін алмай, кейін шегінуге мұрсат беруден қорқып, көп ретте шегіністің уақытын өрескел кешеуілдетіп алып жатты, бұл жағдайда әскердің қоршауда қалып қою ықтималдылығы жоғары болды, бұған қоса, әскерлердің босқа қырылып кетушілігі де жиілей түсті.

Шыны керек, кабинеттегі стратегтердің өзі армияның соғыс өтіндегі бөлімдегілер  «адамгершіліктен жұрдай», «мейлінше қатыгез» деген баға беріп қойған атышулы бұйрық жайлы сөз қозғала бастағаннан тілден айрылып, не айтарларын білмей, дағдарып отырып қалатын еді. Алайда, оның шұғыл шығуына майдангерлердің тікелей өздері себепкерлік еткендерін жұрттың бәрі біле бермейді.

Қызыл армияның Харьков түбіндегі шегінісі қайғылы аяқталды. Мамыр айында неміс әскерлері Харьковтың оңтүстік-шығысындағы Барвенок шоқысы үстін кесіп тастады, маусым соңында Оңтүстік-батыс бағыттағы майданды жарып өтті, ал шілденің ортасында Донның үлкен иініне дейін жетіп, Сталинград бағытына қарай тура тартудың қаупін қатты туғызды. Бұйрық осылайша Қызыл Армияның 1942 жылғы Харьков операциясындағы жеңілісінен, Воронеж ауданындағы, Дон мен Донбастағы сәтсіздіктерінен, Еділ мен Солтүстік Кавказдан көп шығынға ұшырай отырып шегінуден кейін майданда стратегиялық жағдайдың күрт шиеленісе түсуіне байланысты пайда болды. Немістер бұл аралықта КСРО-ның халық тығыз тұратын және өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы мейлінше дамыған аудандарын басып алды. Құжатта сол кезде жаудың қол астындағы территорияларда 70 млн кеңес адамдары мен орасан зор стратегиялық ресурстардың қалғаны атап өтілді. Осы тұста Кеңес Одағы адам резерві мен астықтың запасы жөнінен нацистік Германиядан артықшылығын жоғалтып алған еді. Енді бұдан әрі шегіне беру тек мемлекеттің біржола күйреуіне апарып соқтырады.

Бұйрықтың мәтінінің жобасын Бас штабтың бастығы Александр Василевский жасаған екен. Алайда, оның айтуына қарағанда, кейін әдепкі мәтіннен жұрнақ та қалмапты, оны алған Сталин бәрін түбейгейлі өзгертіп, шын мәнінде түгел қайта жазып шығыпты. Соның ішінде тұрғындардың бұдан кейін артқа шегінген Қызыл армияны «қарғайтыны» жайлы ескертпе сол кезде енгізіліпті.

Бұйрық ең алдымен әскери бөлімдердегі орын ала бастаған жеңіліске мойынсұну көңіл күйлерін ыдыратып, командалық құрамның тәртібі деңгейі мен жауапкершілігін көтеруге бағытталған. Үлкен преамбуланың бас жағында Сталин бұған дейін қалыптасқан «біздің жеріміз кең, сондықтан қанша шегінсек те бола береді» деген көзқарасты бірден жоққа шығарады. Мұнда ол 1941 жылдың желтоқсан айында Адольф Гитлердің осыған ұқсас «стоп-бұйрық» сипатында құжат қабылдап, сол бойынша вермахтта айып роталарын құрған тәжірибесіне жүгінеді.

Шілденің басында, 250 күнге созылған жанқиярлық қорғанысты бастан кешкен Севастополь құлады. Бұл жауға қаһарман-қаланы қоршауда тұрған әскерлерді басқа маңызды бағыттарға пайдалануға мүмкіндік берді. Осылайша неміс командованиесі жазға қарай оңтүстікке шабуылға шығып, Грозный мен Бакудің мұнай кен орындарын басып алу жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Осымен бір мезгілде елдің еуропалық бөлігін Закавказье және Орталық Азия аумақтарымен байланыстырып тұрған Еділ бойын басып алу міндеті де күн тәртібіне шығарылды.

Ақын Александр Твардовский кейін, арада бір жыл өткесін «Это месяц был страшен, Было всё на кону» деп жазатынындай, қуанышынан қайғысы, үмітінен күдігі көп алмағайып кезең болатын. Майдандағы жағдай шынында да өте-мөте қиын еді. Сондықтан қалай еткенде де, жаудан бас сауғалап қашып, үздіксіз шегініп келе жатқан әскерді тоқтату керек болды. Сол себепті № 227 бұйрық Қызыл армия бөлімшелеріндегі тәртіптің төмен екендігін атап көрсете отырып, майдан құрамына айып батальондарын, армия құрамына айып роталарын, сондай-ақ армия құрамына шектеуші жасақтар енгізді.

Оңтүстік-Батыс майданы 34-ші кавалериялық полкының командирі, майор Павел Брикель 1941 жылдың 25 шілдесінде Сталиннің жеке өзіне тоғыз беттен тұратын хат жазып, онда Қызыл армия әскерлерінің шегінулері мен жаппай үрейге ұшыраушылық себептерін бүге-шігесіне дейін баяндап берді.

«Жұрттың бұл жаппай жүгенсіз қозғалысының атын атау үшін соған сай келетін сөз тауып алудың өзі оңай емес. Бойларын әбден үрей билеп алған, қару-жарақсыз, жалаңаяқ, ешкімге бағынбайтын, көбіне шаруалар аттарына жүгенсіз, ер-тоқымсыз жалаң мініп алған мыңдаған жауынгер шекарадағы селолардан Киевке дейінгі аралықтағы жолдың бойларын толтырып, әр колхозға, әр аулаға кіріп, қайыр сұрап, өздерінің кескін-пошымдарымен және әңгімелерімен ел арасына үрей сеуіп келеді. Мыңдаған машина, трактор, снаряд, қарулар мен тағысын тағылар жол бойларында шашылып жатыр, көбіне материалдық дүниелерді құтқарып қалудың титтей де бір әрекеті жасалмаған… Осы адамдар нөпірін, танкілер мен зеңбіректерді, атты әскерлерді кез келген десант, тіпті мүлде қарусыз болса да, қандай күші барына қарамастан, өзінің тұрқымен-ақ таптап өтеді. Сол командирлер мен басшылардың, тіпті өте үлкен басшылардың бүкіл бұқарасы арасында инициативаны өз қолына алып, осы адамдарды ұйымдастырып, осы бұқараның күшін біртұтас ерікке бағыттап, өз жолдарында қарсы шығып, біздің тылымызды сәмсіретіп тастайтын түкке тұрғысыз десантты жойып жібергізетін бірде-бір адам жоқ. Біздегілер десантты жойып жіберуді емес, оны айналып өтуді қолай көреді. Тек шайқас даласынан қашқан ғана емес, сонымен бірге батыл да бір мақсатқа құрылған шешімді тірлік жасауды өз жауапкершілігіне алудан қорқатындар да қорқақ», – деп жазыпты ол. Майор хатының соңында артта қалып қойған және адасып қалған жауынгерлерді өз бөлімдеріне қарай бағыттап отыратын шектеуші жасақтар мен бекеттер жасаулы ұсынады.

Негізі, Сталин бұл бұйрықты берерде қызыл әскерлер атылуға ұшырау мен айып батальондарына түсіп қалудың қорқынышынан соңғы мүмкіндікті пайдаланғанша табанды түрде соғысып, жауға лайықты соққы береді деп үміттенген. Іс жүзінде жағдай көбіне-көп басқаша шығып жатты. Командирлердің көбі шегіну жөніндегі бұйрықтарды кешіктіріп алып, әскердің орынсыз шығынға ұшырауларына жол беріп қойды. Мысалы, 1942 жылы 8 тамызда Дондағы Калач қаласы түбінде солай болды. Неміс танкілері кеңестің 8 атқыштар дивизиясының, 2 механикаландырылған колоннасы мен 7 танк бригадасының тас-талқанын шығарды. Нәтижесінде 57 мың адам тұтқынға түсіп, мыңға жуық танк жойылып кетті, 750 зеңбірек жау қолына түсті.

Ал Иосиф Сталин негізгі мәтінде армияда «аса қатал тәртіп реттілік пен темір тәртіп» орнатуды, әскерді жоғары басшылықтың рұқсатынсыз шегінуге жол берген кез келген шендегі командирді орнынан алып, соттауды талап етті. Әрбір әскери қызметкердің алдына командованиенің бұйрығынсыз бір адым да кейін шегінбеу міндеті қойылды. Ал үрейшілер мен қорқақтарды сол жерде атып тастау тапсырылды.

Осы бұйрықтың нәтижесінде Қызыл армияның жеке құрамының сот арқылы жаза алғандарының жалпы саны 994 300 адам болды, 436 600 адам сот үкімін алғаннан кейін бас бостандығынан айырылатын жерлерге аттандырылды. Ал 1942 жылғы мамыр айынан 1945 жылға дейін 427 910 адам айып батальондарында шайқасқа қатысты. Бұлардан бөлек, 212 400 адам майдан даласынан қашып кетті. Айып батальондарындағы солдаттарды бақылауға алатын жасақтар майдандағы ахуалдың өзгере бастауына байланысты 1944 жылғы 29 қазанда Сталиннің № 0349 бұйрығымен таратылды.

Белгілі әскери қолбасшы Александр Василевский кейін өзінің «Дело всей жизни» деген кітабында бұл туралы: «№227 бұйрық – соғыс жылдарындағы өзінің патриоттық мазмұнының тереңдігі бойынша, эмоциялық ширығысының дәрежесі бойынша ең күшті құжаттардың бірі. Мен, көптеген басқа генералдар сияқты, бұйрыққа баға беруде бірқатар қатқылдықтарды көрдім, бірақ өте қатал да мазасыз уақыттың жүгі мұны ақтай алатын еді. Бұйрық бізді бәрінен бұрын өзінің әлеуметтік және адамгершілік мазмұнымен баурап алды», – деп атап көрсетті.

«Біз… бұйрықты оқығаннан кейін бір сағат бойы үн-түнсіз отырдық. Мен өзіме тек бірнеше күннен кейін Мәскеуде болғанымда ғана шындап келдім. Осы күндердің бәрінде маған уақыттың ағысы тоқтап қалғандай болып көрінді. Бұған дейін соғыс жіптің шумағы сияқты еді, әуелі бақытсыздықтың кейпінде жинақталып жатты, сосын қырық бірдің желтоқсанында тарқатыла бастағандай болды, бірақ содан кейін қайтадан жаңа бақытсыздықтың шумағы болып орала бастады. Кенет осы бұйрықты оқығанымнан кейін құдды бәрі тоқтап қалғандай әсер етті. Енді өмірдің қозғалысы болашақта не секіріп өтуге, не өліп кетуден тұратындай болып сезілді», – деп баяндады белгілі қаламгер Константин Симонов сол күндері өзінің күнделігіне.

 

Жалпы, «Красная звезда» газетінің майдандағы тілшісі болып табылатын бұл белгілі қаламгердің жазғандарын Бердалы әрдайым құр жібермей оқуға тырысып жүретін. Оның, әсіресе, 1942 жылдың көктемінде «Правда» газетінде жарық көрген «Күт мені» деген жыры ұнамаған солдат жоқ шығар. Өлең 1941 жылдың маусым айында, соғыс басталған бойда шығарылыпты. Арада жылға жуық мезгіл өткеннен кейін ғана қалың оқырман талғамына ұсынылған. Туынды баспасөз жүзін көрген бойда жұртшылықтың құрметіне бөленіп сала берген.

Жди меня, и я вернусь.

Только очень жди,

Жди, когда наводят грусть

Желтые дожди,

Жди, когда снега метут,

Жди, когда жара,

Жди, когда других не ждут,

Позабыв вчера.

Жди, когда из дальних мест

Писем не придет,

Жди, когда уж надоест

Всем, кто вместе ждет…

Көңілге мұң мен шуақты қатар қондыратын мұндай дүниелер, әсіресе, елден жырақ өлкеде, онда да қан майданда күн сайын басын өлімге тігіп жүрген сарбаз үшін алабөтен ыстық болып көрінетінін Бердалы оны әр оқыған сайын сезініп жүрді. Туасы, «…Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең». – ұлы Абай сөзінде шындық бар ғой. Осы ретте қазақтың бас ақынының «Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен, ойласаңшы бос қақпай елең-селең» деп ескертуі де орынды.

 

Бердалы қолы бос кезінде штабқа барып, газет оқып тұрғанды жақсы көреді. Бірақ мұнда көретіндерінің бәрі орыс тілінде. Қазақ тілінде шығатын майдандық бірнеше газеттің бар екенін жақсы біледі, бірақ олардың мұнда келіп жатқанын көрген емес.

Бұл жолы да әдеттегідей басылымдардың соңғы жаңалықтарымен танысуды тікелей әскери газет – «Красная звездадан» бастады. Онда да ылғи алдымен Сталинград шайқасы жөніндегі материалдарға көз жүгіртіп, оқып шығады. Ал мына бір мақала тіпті тура сол – «Сталинградская битва» деп аталыпты.

«Сталинград үшін кескілескен шайқас жалғасып жатыр. Немістер қысымын азайтар емес, – деп жазады әскери журналист Василий Гроссман үнпарақтың 1942 жылғы 27 қазандағы №253 нөмірінде жарық көрген аталмыш көлемді мақаласында. – Қаланың жаужүрек қорғаушылары! Табанды болыңдар, жауға жойқын да батыл соққы беріп, күйрете жеңіңдер. Төтеп берудің өзі – жеңіс деген сөз!»

Суреттеме үш атқыштар полкынан құралған гвардиялық дивизия сарбаздарының өжет те қайсар қимылдары жайлы жазылыпты. Ол бұдан бір ай ғана бұрын Сталинградтың қарсы беткейі – Еділ өзенінің шығыс жағалауына қазақ даласы арқылы жеткізілген. Марш-керуен шамадан тыс жедел, машиналардың қатысуымен жүргізілген. Жолай еш жерде дерлік көп аса тоқтай қоймаған. Дивизия қолбасшысы, генерал Родимцевке бәрібір бұл қарқынның өзі өте сылбыр, барынша баяу болып көрінген. Ол бұл күндері немістердің Сталинградқа тым жақын қалғанын біліп отырған. «Генерал сосын онсыз да аз аялдамалар санын қысқартып, дивизияны үнемі асықтырып тұрған. Оның мінезінің бұл мазасыз меймілі содан кейін күн мен түнге ұласқан жорық жолдарында басқаларға – жауынгерлерге де, жүргізушілерге де, артиллеристерге де тән нәрсеге айналып кеткен еді», – деп жазады журналист.

Мұның бәрі Бердалыға да таныс. Мұндай ахуал басынан өткен. Бұлардың да майдан даласына жетуі оңай болған жоқ. Қанша күн мен түн танкіден көп шықпай жүріп келгендері әлі есінде. Сондықтан оны елең еткізген нәрсе бұл болмады, мәтінде жалғыз мәрте көрініп қалатын «қазақ даласы» деген тіркес кенет күтпеген жерден жүрегінің бір тал жібін суырып әкетіп бара жатқандай болып көрініп кетті. Бір қараса, көкірек тұсына шерменденің шемені шөгіп, көзінің ұясына шөпілдеп жас толып қалыпты. Онысына іле өзі қарадай қысылып, басын шайқап жіберіп, әлгі шымырлап шығып тұрған мөлдір шықтарды сүлп еткізді. Бір жақсы жері, жанында жан баласы жоқ-тын, сол себептен мұның тебіреніп кеткенін аңдаған ешкім болмады. Әйтпесе, «боркемік» деп ойлап қалып, мазақтап, күліп жүре ме, кім білсін!

Енді қайтсін, елден шыққанына бір жарым жылға жуық уақыт болыпты. «Әскерге кеттім» деп аттанған бозбала жігіт арада тура бір жылдың сүлдесі көрінгенде, қан майдан, нағыз аласапыран соғыстың нақ ордасынан бір-ақ табылды. Айналада ысқырып ұшқан оқтардан, жарылған бомбаның даусынан құлақ тұнады. Танкінің ішінде екі бүктетіліп, еңкейіп отыру да әрбірден соң ығыр қылып, қалжыратып жібереді. Ал елді, аралдағы ауылын, айдынды шалқар теңізін, танауынан иістері кетпеген әкесі мен шешесін, ізінен үйелменді-сүйелменді болып тізіліп еріп, өсіп келе жатқан інілері мен қарындастарын сағынғаны рас. Тіпті өзі әлі көрмеген, бұл кеткеннен кейін сол жылдың ақырында өмірге келген кенже қарындасын да аңсайды. Атын Айымша деп қойғандарын естіген, бірақ түрінің қандай екенін, кімге ұқсап туғанын әсте білмейді. Одан үш жыл бұрын туған үлкен қарындасы Қырмызының өзі биылғы шілде айында төртке толды.

Осылардың бәрі туралы ойлағанда, бұрынғыдан бетер теңселді. Көркіне көз тоймас «Көзжетпес», теңіздің толқыны айнала соққылап жататын арал-ауыл, айдыннан аңқылдап есетін салқын сабатты самал. Дәл үйдің жанынан өздері қазып алған құдықтың суы қандай мұздай, қандай тұщы еді. Бір ожауын тартып алғанда, шекеден тер бұрқ етеді. Шұбатқа қатысты шабыттың жөні тіптен бір бөлек. Бәрінен де бұрын аяулы анасының бар өнерін салып, ерекше сүйіспеншілікпен істейтін қармасын айтсайшы! Оның жасағанындай дәмді, татымды, құнарлы қарманы еш жерде жеп көрмепті. Тағамның бұл түрін ерекше жақсы көретіндігінен шығар, ол дайындалып жатқанда, анасының қасында жүретіні де бар еді. Ал Зағипа шешей жайын, торта, сазан, шортан секілді балықтардың кез келгенінен осы жұғымды тағамды істей беретін. Оны жегендердің бәрі жабыла мақтайтын. Қазір сол қарма да сарғыш тартқан сағыныштың салмағын ауырлатып бара жатқан тәрізді. Қанша дегенмен, елдің тамағы, анасының алдыңғы қатарлы асы болған соң ойға оралмай қалмайды екен.

Осылардың бәрін електен өткізген Бердалы біраздан бері үйге хат жаза қоймағанын еске түсірді. Баяғыдан мұндайға салқынқанды ол кейін ұдайы танктің ішінде жүретін күйге көшкесін, ауылға дұғай дәргейін жеткізіп тұруды шынында сиретіп жіберіпті. Сиреткені сол, әскерге алынғалы көп болса, бес не алты мәрте ғана үшбұрышты үшкіл конвертке сәлемін орап жөнелткен шығар. Соған қарамастан, ол жақтан біресе Керімсалдың, енді бірде Ағымсалдың қолдарымен иқы-жиқы болып жазылған хаттар тоқтамай келіп жатады. Бірақ дислокация орындары жиі ауысып тұратындықтан, кейде бұрын жазылғандары кейін жіберілгендерінен кешігіп қолға тиіп қалатын кездері де ұшырасады.

Жасыратыны жоқ, Бердалы шанда бір хат жазуға отырғанда, не айтарын да білмей, дағдарып та қалатын еді. Себебі, мұнда көргендеріңнің бәрін қағазға түсіріп, түгелінен жаза алмайсың, ол мүмкін де емес, соның ішінде айтуға болмайтын, тыйым салынған тақырып та бар, сондықтан ылғи бір сарынды жолдарды сыдыртып шығуды сөлекет санайды. Лекін, ол бұл жолы дәл ондай мүдіріске ұрынбады, бірден отыра қалып, үйдегілердің бәрін – апасын да, көкесін де, інілері мен қарындастары да қатты сағынып жүргенін қымсынбай айтуға бел буды. Сондай шешіммен штабқа қайта кірді. Алдынан кезекшілікте тұрған бағаны капитан тағы шықты. Капитан Волков. Атын білмейді, Өзі басқа корпустан. Дегенмен, жүзі жылы екен, мана келгенінде жайдары қарсы алып еді, бұл жолы да жымия күліп, қарап тұрды.

Капитан Волков сол жымиған қалпы мұның неге келгенін, не іздеп жүргенін сұрады. Бұл үйге, әке-шешесіне хат жазғысы келетінін іркілмей жеткізді.

– Жарайды, мен қарындаш пен қағаз берейін, мына үстелге отырып жаза бер, – деді капитан сол кезде.

Сөйтті де, айтқан қарындашы мен бір дәптерді әкеп, қолына ұстатты. Оларды алған Бердалы отырған қалпында бірден іске кірісіп кетпекші болды. Қарындаш химиялық, яғни көк бояулы екен. Сосын ұшына бір түкіріп алып, дәптердің қақ ортасынан суырып алған қос парағының ішкі бет жағына жазғалы жатыр еді, Волков мезетінде жетіп келіп, үстелге ептеп су құйылған шағын құтыны қойды. Соған қарындаштың ұшын әлсін-әлсін матырып алып жаза бер. Соны мегзеп тұр.

Капитанның бетіне ризашылықтың репеті ретінде бір күліп қараған Бердалы содан кейін алдымен ақ парақтың ең басына латыні әріптермен «Амандық хат» деген жолдарды ірілеу етіп жазып алды. Кезінде әліппені соның сүрлеуімен ашқасын ба, көп ретте қолы осы жазуға қарай өзінен өзі көшіп кете береді. Оның үстіне, кирилл әріптеріндей емес, жазуға осы қолайлы сияқты болып көрініп тұрады.

Ақ қағаздың алпарына содан әрі маржандай болып мына сөздердің сұлбасы түсті:

«Ардақты апа, құрметті көке! Қалай, аман-сау жүрсіздер ме? Ауыл-аймақ тегіс аман ба? Інілерім Керімсал, Ағымсал, Әлімжан, қарындастарым Қырмызы мен Айымша шауып ойнап жүр ме? Мен бәріңізді сағындым. Сіздерді қатты жақсы көремін. Менің жиі хат жаза алмай жүргеніме ренжімеңіздер. Біз, танкішілер, аттың жалында, түйенің қомында жүрген сықылды ылғи жол үстіндеміз. Тоқтап тұрған жерлеріміздің өзінде хат жазуға мұрсат та, жағдай да бола бермейді. Амандық болса, жауды толық жеңіп, елге қайтатын да күн туатын шығар…».

Бұл Бердалының үйге, әке-шешесіне жазған толқу мен толғанысқа толы алғашқы ақжарылқап хаты болды. Ол әлгіндегі сөздерден кейін өзін колхоз жұмысына жастайынан алған басқарма бастығы Қалила ағасының да, сол үйдегі Ақсары апаның да жағдайларын сұрады. Ауылдағы біраз жақсы сыйлас ағаларының да аттарын атап өтті. Әскерге кететіні алдында үйде берілген құдайы тамақта өзіне баталарын жаудырып, ақ жол тілеп, шығарып салған Нысанбай, Сәкібай, Әндір, Нұрғали сынды от ауызды, орақ тілді ақсақалдардың да амандықтарына тоқталды. Ол кезде, әрине, қадірменді қариялар да, әкесі мен шешесі де, тіпті мұның өзі де бұл жолдың сорабы ұзап кететінін, оның сүрлеуі сұрапыл соғысқа алып баратынын әсте сезген жоқ. Сол майдангер жігіт енді елге жазып отырған хатының соңында «Қызыл балықшы» колхозында биылғы балық аулау маусымының қалай өтіп жатқанын, ондағы Дербісәлі Ержанов, Қарабай Маханов, Жалғасбай Ешниязов сияқты бригадир, озат стахановшы балықшы ағаларының ахуалдарын білгісі келетінін де көрсетіп өтті. Бұлардан бөлек, ауылдық кеңестің председателі Әбжәми ағаның, мектеп директоры Ұзақ Жұбаниязовтың, мұғалімдер Балтабай Жүнісовтің, Елубай Құдияровтың, Қожаберген Сәбеновтің, Бөріқожа Бөрібаевтің бірінде қалдырмай атап өтті. Бәріне түгел сәлем айтуды тапсырды. Бұл бір бірінші рет кең құлашпен көсіле жазылған хат болды. Алайда, өздерінің жақын күндерде тағы жорыққа аттанғалы тұрғандары жайлы ештеңе айтпады. «Бұл хатым барғанша, біз ол ұрысты да бітіреміз, оған дейін, жаман айтпай жақсы жоқ, қазаға ұшырасақ та, тірі қалсақ та, оның нәтижесі белгілі болып қояды, сондықтан не керегі бар көңілдерін күні бұрын күпті етіп?» деп тереңінен ойлады.

Осыларды іштей айтып үлгергенше, қасына капитанның тағы келіп тұрғанын сезбей қалыпты. Ал Волков бұған әлденені еске түсіргендей немесе бір нәрсені білгісі келгендей кейіпте қарап тұрып, қайтара тіл қатты:

– Жаңылмасам, сенің есімің Боря ғой, иә?

– Иә, – деді Бердалы бұл жолы таңғалғанын жасыра алмаған қалпы. – Қаруластарым мені солай атайды. Бірақ азан шақырып қойған ныспым – Бердалы…

– Оны да білем. Сен таң қалма, мен штаб жұмысына араласып жүргесін, мұнда біраз құжатпен біршама таныспын. Жақында писарь болып, біржола ауысып келем. Менің келгім келген жоқ еді, бірақ штабтың бастығы келмесіме қоймады…

Бердалы одан бетер аң-таң. Бір жағы оншалықты таныс емес офицердің неге өзінің алдында есеп бергендей болып тұрғаны қызық көрінді.

– Сен таң қалма, – деді сол кезде Волков мұның ойын оқып қойғандай. – Мен сенің ұлтыңның қазақ екенін де білемін. Сондықтан өзіңмен танысқым, сөйлескім келді. Менің есімім – Семён. Әкемнің аты – Родион. Демек, Семён Родионович Волковпын. Омбы жерін мекен еткен казактардың ұрпағымын. Біз менің бала кезімізде қазіргі Омбы облысының Таврия ауданындағы кіл қазақтар қоныстанған «Қоянбай» деген ауылда тұрдық. Ауылда төрт-бес үй ғана орыстар отбасы болды, қалғандары түгел қазақтар еді. Кейінірек Омбыға көштік. Бірақ қазақтармен өте тату, жақсы сыйластықта тұрғанымызды ұмытпаймыз. Үйде әке-шешем үнемі мұны айтып отыратын. Қазақтар барынша мейірман, қонақжай, сонымен бірге төзімді, табанды, қажырлы, бейнеткеш, қайсар, өжет, батыр халық қой. Біз көргендері түгел сондай болатын. Бізде үлкендер сондықтан «Қазақтарға өз беттеріңше соқтықпаңдар, қолдан келгенінше сыйласыңдар. Қазақтардың жынын қозғап, намысына тимеңдер. Олар бір қозғалса, құдайды да тыңдамайды» деп отыратын үнемі. Қазақ, жалпы, текті халық. Мұны Омбыда да көрдік. Олай дейтінім: сондағы тұрғылықты тұрғындар революцияға дейін басқа мұсылман қауымы арасында жергілікті орыс байларына жалданып, шошқа баққандар кездескенімен, қазақтардың оған ешқашан бармағандарын ылғи риза болып, сөз етіп отырушы еді…  .

Мына әңгіме Бердалының құлағына майдай жағып барады. Соны білдіріп, орнында бір қозғалып қойды. Әйткенмен, Семённің сөзін бөлуге әдді де, себебі де болған жоқ. Тек әңгімешісіне қарап, жымиып отыра берді.

– Омбы, негізі, қазақтың жері, – деп сосын Семён келесі бір әңгіменің желісіне түсіп кетті. – Менің мамандығым – тарихшы. Патша заманынан бері бар Томск университетінің тарих факультетін 1938 жылы бітіргенмін. Сондықтан не айтып тұрғанымды өте жақсы білемін.

Иә, Томск университеті император Александр Екіншінің 1878 жылы 28 мамырдағы жарлығы бойынша ашылды. Жарлықта құрамында тарих-филология, физика-математика, заң және медицина факультеттері бар оқу орнының «Сібір университеті» болып аталатыны атап көрсетілді. Алайда, Ресейдің азиялық иелігіндегі бұл тұңғыш жоғары оқу орнының қазығын қағу сол кезде жүріп жатқан орыс-түрік соғысының салдарынан екі жылға кейінге шегерілді, сөйтіп, ол 1880 жылдың 7 қыркүйегінде жүзеге асты. Ал алғашқы студенттерді қабылдау 1888 жылы жұмысын бастаған медицина факультетінде жүргізілді. Жалпы, бұл байырғы университет кейін түлектері арасында дәрігерлер мен тарихшылар қоғам өмірінде айрықша танымал болды.

– Сол Омбы, негізі, қазақтың жері еді, – деді тағы Семён Волков. – Сібір хандығы, Көшім хан деген атауларды бұрын естіген шығарсың? Естісең сол, олардың қазақ тарихына қатыстары өте үлкен.

Шыны керек, Бердалы бұл айтылып отырғандарды әр жерден еміс-еміс естісе де, олардың тарихын тереңдетіп біле қоймаушы еді. Қайдан білсін, мектепте оқылмаса, басқа басылымдарда байыптап жазылып жатпаса! Керек десеңіз, маңайында мұны айтып беретін бір жан болған жоқ. Елдің басына орнаған «байтал түгілі – бас қайғы» заманның да ақырын жылдып, артта қалғанына да оншалықты бір көп мезгіл өте қоймапты. Пақыр жұрттың көбі күні кешеге дейін тірі қалудың тірнекті тірлігін жасап, өлместің күнін ғана көріп келді.

– XIII ғасырда Солтүстік Қазақстандағы Орта Ертіс, Тобыл, Есіл және Тура ағыстары аумағындағы қыпшақ тайпаларының өзара бірігуі ірі этносаяси оқиға болды. – деді Семён өзінің тарихшылық дағдысының дәргейіне тереңірек ене түсіп. – Бір кездері Қимақ-қыпшақ хандығының туы тігілген бұл өңірде осы тұста керейлер басты рөл ойнады. Жергілікті билеуші әулеттің негізін моңғол даласынан келген керей Тоғұрыл ханның ұрпағы Тайбұға қалады. Ол Шыңғыс ханнан Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақстан жерлерін сыйлыққа алды. Тайбұға сосын осында Чинги-Тура қаласын тұрғызды. Ал «Чинги-Тура» деп отырғанымыз – қазіргі Төмен. Оның жер иелігіне керейлер мен қыпшақтардан басқа, отырықшы түркі тілдес тайпалар мекен еткен өңірлер түгел кірді.

Тарихшы Семён Волковтың айтып отырғанының бәрі тура еді. Мұндағы қауым елге Ұлық Ұлыста, яғни Алтын Ордада болған нәрселердің барлығы Батыс Сібірдің жағдайына тікелей әсер етіп тұрды. Себебі, ол XIV ғасырдың соңына дейін Алтын Орданың жартылай автономиялы бөлігі болды. 1398 жылы мұнда Едігеден жеңілген Тоқтамыс келіп тұрақтады. Тоқтамыс қайтыс болғаннан кейін тайбұғалықтар аз уақытқа болса да, қайтадан Едігенің билігіне мойынсұнды. Сосын 20-шы жылдардың басында басталған өзара қақтығыстарды пайдаланып, ұлыстан бөлініп шығып, дербес мемлекет құруға әрекет жасады. Бірақ Сыр бойындағы Өзбек хандығына тәуелді болып қалды. Онда алдымен шейбанид Мұхаммед қожа, 1428 жылы Әбілқайыр Шайбани хан болып сайланды. Ал Шайбанның тағы бір ұрпағы, Махмудбек ханның баласы Ибақ билік басына 1468 жылы Әбілқайыр хандығы күйреп, одан тәуелсіз Сібір хандығы бой көтеріп, бөлініп жатқан кезде келді.

XV ғасырдың 70-ші жылдарында Сібір хандығы, Ноғай ордасы, Мәскеу кінәздігі және Қырым хандығы арасында одақ қалыптасты. Ибақтың мерейінің үстем бола түсуі 1471 жылы қазақ билеушілері Керей мен Жәнібектің өзбек ханы Шайх-Хайдарды күйрете жеңгенінен кейін басталды. 1480 жылы күзде Ұлық Ұлыстың ханы Ахмет Мәскеуге жорық көтерді. Бірақ қыс түсіп, Угра өзенінде мұз қатқанша кері қайтып кетуіне тура келді. Сол уақытта, 1841 жылдың көктемінде Ибақ ноғай мырзалары Мұсамен және Ямғыршымен бірге ұлыстың көне байтағы – Сарай қаласына шабуыл жасады. Осы шапқыншылықта Ахметті өлтірген Ибақ Ұлық Ұлыстың ханы атанды. Алайда, өзінің мұндағы ахуалы оншалықты мығым емес екенін сезген ол Ахметтің Орда-Базардағы көшпелі ставкасы мен мәнет ауласының тұрғындарын Чинги-Тураға көшіріп әкелді. Ибақ 1495 жылы тайбұға Мұхаммед бастаған бүлікшілер қолынан қаза тапты. Одан кейін хан тағына Ибақтың ұлы Мұртаза отырды. Ал немересі Көшімнің кезінде, Сібір хандығы құлады.

– Көшім билікке керей тайбұғалар мен шейбанидтер арасындағы ұзаққа созылған күрестің соңында, 1563 жылы Жәдігер ханды өз қолымен өлтіргеннен кейін келді, – деді Волков жалғыз тыңдаушысының ден қойып, зер салып тыңдап отырғанына риза болған сыңайда даусын көтеріңкіреп сөйлеп. – Ол барынша демократ билеуші болды: мемлекетті нығайта түсу үшін бірқатар реформалар жүргізді, Орталық Азия мемлекеттерінің үлгісімен салық, сауда секілді салаларды басқаратын кеңесшілік орган – диуан мен уәзір лауазымын енгізді. Диуан басында ханның кеңесшісі – қараша тұрды. Мемлекет мырзалар биілігі екі тізгін, бір шылбырын ұстаған ұлыстардан құралды. Ұлыстар шын мәнінде егемен болды, олардың орталық мемлекет алдындағы міндеттемелері аң терілері түріндегі ясак (салық), соғыс бола қалған жағдайда қаруда жасақ берумен шектелді. Ханты және манси ұлыстары автономия мәртебесінда болып, хандыққа тәуелді өз кінәздарына бағынды. Құрылым астанасы Искер қаласында болғанына қарамастан, Көшімнің ставкасы Нұра өзенің бойы мен Қорғалжын көлінің жағасында тұрды.

Бірақ Көшім хан билікке келген күнінен бастап өз мемлекетінің көршілері – Ресей мен Қазақстанға жаулық позиция ұстанды. 1573 жылы ханның туған інісі Мұхаметқұл өз жасағымен Чусовая өзені жағасындағы орыс иелігіне шабуыл жасайды. Осыдан кейін орыстар Батыс Сібірде күшейтілген бекіністер салуды жеделдетті. Сөйтіп, Искерге жақын жерде Сүзгүн, Биік Тура, Қарашы бекіністері, Ертіс өзенінің жағалауында Құлар және Бегіс қалалары тұрғызылды. Ол Ресеймен ауқымды соғыс жүргізіп, бұрынғы Қазан мен Аштархан хандықтары жерлерін азат етуге бекінді. Алайда, бұл кездегі саяси жағдай қолайле емес еді – башқұрттар мен маңғыттар орыс бодандығын қабылдап қойды, Қырым ханы Мәскеуден жеңіліс тапты, ал оңтүстікте қазақ хандарының қысымы күшейе түсті. Маңғыт жұртының Ресейге вассал болғанын пайдаланған Строгановтар Орал тауының арғы бетіне өтіп, сонда өз слободаларының негізін қалады. Ағайынды бай көпестер ешбір қысылып-қымтырылмастан, жергілікті халықтың тонап, өздерін қанауға кірісті. Мұның соңы 1581 жылы олардың бас көтерулеріне апарып соқтырды. Строгановтар бүлікті басу үшін Жайық және Еділ казактары жасақтарын көмекке шақырды. Ал көтерілісгілерге қол ұшын беруді көздеген Көшім өзінің ұлы Әли бастаған жасақты Оңтүстік Оралдың отаршыл билігінің орталығы – қазіргі Пермь жеріндегі Чердынь қаласын басып алуға жұмсады. Осы кезде хандықтың өзі әскерсіз қалғанын естіген атаман Ермак бастаған қарақшы казактар 1 қыркүйек күні Искерге шабуыл жасады. Алайда, мұнда бекініп үлгере алмады, артынша Әлидің қарулы қолы қайтып оралып, олармен кескілескен шайқасқа түсті. Көшім әскерлері ақыры бандиттерді қуып шықты. Ал Ермак 1585 жылы тамыздың 5-нен 6-на қараған түні Ертіс өзенінің бассейнінде қазақ Сәтбек батырмен жекпе-жекте қаза тапты.

Осыдан кейін қазақтар қалыптасқан жағдайды пайдалана отырып, Тобыл алқабын оның Ертіске құярлығына дейін иемденіп алуға тырысты. Сөйтіп, Қадырғали би Жалайыри мен Сұлтан Ораз Мұхаммед бастағаен қазақ әскерлері Искерді басып алды. Сібір ханының тағына қазақтардың өкілі – тайбұға биі Сейдахмет отырғызылды.

1585 жылы Сібірге Иван Мансуров бастаған орыс отряды келді, ал бір жылдан кейін орыстар Чинги-Тураның жанынан Төмен бекінісінің іргесін қалады. 1587 жылы тағы бір бекіністің – болашақ Тобольск қалаының іргесі көтерілді. Сол кезде Ораз-Мұхаммед пен Қадырғали би тұтқынға алынып, Мәскеуге кепілдікке әкетілді. Содан кейін қазақтарға Тобылдың төменгі ағысына қатысты барлық талаптарынан бас тартуға тура келді. Солтүстіктегі қазақ даласында орныққан Көшім Батыс Сібірді қайтарып алмақ болып біраз әрекет жасады, бірақ 1591 жылы Есіл өзенінің бойында қатты жеңіліске ұшырады, ал 1598 жылы біржола күйреді, осыдан кейін Сібір хандығы іс жүзінде тіршілік етуін тоқтатты. Осыдан кейін Көшімнің өзі Ноғай даласына кетті, кейін сондағы шайқастардың бірінде жан тапсырды. Сол кезде Сібірде тұратын көптеген қазақ руларының көпшілігі оңтүстікке ауа көшіп, Есім ханның қол астына барып жығылды. Олардың бір бөлігі 1601 жылы Көшімнің ұлы Әлиді «Сібір ханы» деп жариялады. Алайда, жерінен айырылған оның хандығының берекесі бола қоймайды.

Ресей мәнбелері Көшімді қазақ даласынан келді деп бір ауыздан мойындайды. Оған дәлел, атақты тарихшы Н.Карамзиннің «Ресей мемлекетінің тарихы» атты еңбегінің 9-томында Көшімді қазақтың (қайсақтың) ханы Мұртазаның баласы деп жазғанын айта аламыз. Сондай-ақ Сібірдің «Есипов шежіресінде» тегі «Көшім қазақ ортасынан келді» деп анық көрсетілген. Әйгілі Сібір тарихының білгірі Г.Миллер де «Көшім қазақ ортасынан келіп, Сібір хандығын құрды» деп ашып айтады. Жоғарыдағы тарихи деректердің сыртында, зерттеуші П.Набельсин Көшім қол бастап Есіл бойынан келіп, Сібірді бағындырды дейді. Бұл аз десеңіз, Ш.Уәлиханов Қазан университетінің профессоры И.Березинге жазған хатында «Көшім қазақтың сұлтаны болған еді» дейді. Бұдан түйілетін түйін: Көшім хан – Қараөткел, Есіл бойының ұланы. Қол бастап барып Сібірді бағындырып, өз билігін жүргізген. Ол Сібір хандығын құрып қана қойған жоқ, патшалық Ресей империясының шығыс-оңтүстікті отарлау саясатына қатты кедергі келтірді.

Көшіммен арадағы қақтығыс, қыжырлы ұстасу Хақназар ханның тұсында басталып, Тәуекел ханның кезінде жалғасты. Көшім әскері қазіргі Солтүстік және Орталық Қазақстан аймағына бірнеше мәрте шабуыл жасады, бірақ оның бәрінде де жеңіліс тапты. Алайда, Көшім Бұқар хандығымен, сондай-ақ қалмақ нойондарымен одақтасып, оңтүстігіндегі көршілеріне шабуылдарын жалғастыра түсті. Көшім Орыс мемлекетіне де дұшпандық көзқараста болды. Олар XVI ғасырдың екінші жартысында Қазан (1552) және Астрахан (1556) хандықтарын басып алған болатын. Сібір хандығының қарсы тұру әрекетінің ешқайсысы нәтиже бермеді. Көшім бірқатар жылдар бойы казак жасақтарының арамза шабуылдарынан Есіл өңіріне, Орта Обь өзені бойына, Зайсан көлі жағасына қарай ығысуға мәжбүр болды. Кейін 1585 жылы 6 тамызда атаман Ермактың жасағына тұтқиылдан шабуыл жасап, оның тоз-тозын шығарды.1598 жылы орыстың тұрақты әскери жасағының қарауылдауынан сусып шығып, Ноғай даласына кетеді, ол ондағы шайқастардың бірінде қаза табады. Оның қалай және кімнің қолынан қаза тапқаны туралы деректі тарихшылар әлі толық анықтай қойған жоқ.

Бердалы кенет қалың ойға беріліп кеткен екен, бір кезде капитан Волковтың өзіне бір нәрсе айтып жатқанын аңғарып қалып, бойын лезде жинап ала қойды.

– Сен мына мақаланы оқыдың ба?

«Жоқ», – деді бұл оның нені айтып тұрғанын білмесе де. Себебі, оның қолына ұстап тұрған «Красная звезда» газетінің бұл нөмірін көріп тұрғаны осы.

– Бұл қазақтардың соғыстағы ерліктері туралы жазылған. Өзі де «Қазақтар» деп аталады, – деді сол кезде капитан.

Бұған ләм-мим деп тіл қатпаған Бердалы енді барып газетті қолына алып қарады. Бұдан оншақты күн бұрын, 18 қазанда шыққан №246 нөмірі екен. Мақаланың авторы – белгілі майдангер журналист Илья Эренбург. Оның осы басылымда жарық көріп тұратын мақалаларын бұрын да қолға түскен кезінде оқып тұратын. Ал мына нөмірді көрмепті.

Қолға алған бойда көз жүгіртіп, іштей оқи бастады. Мақала бірден өзіне тартып, баурап әкетті.

«Бірде маған бір фриц: «Бізге қарсы сұмдық қорқынышты солдаттар соғысты – оларды ешқандай жауған оқ тоқтата алмады – олар тура бізге қарай ұмтылды. Кейін маған олардың қазақтар екенін айтты. Мен бұрын мұндай халықтың бар екенін білмеуші едім…». Иә, фриц әлі көп нәрсені білмейді. Оған жұрт Ресейдің үлкен ел екенін айтты, бірақ бұл үлкен елде тап сондай үлкен адамдар тұратынын ешкім айтпапты.

Шығыстың далаларында баяяғыдан бері жан шыдамас ыстықта және сұрапыл суықта тұрып үйренген өжет адамдар тұрады. Ақындар Қазақстанның ертедегі қаһармандары, даңқты батырларын жырға қосты. Батыр үшін ар-намыстан артық ештеңе жоқ. Ер Тарғын: «Маған арым ғана қымбат!» деп ұрандатып алып, алты аршынды қылышпен жеті мың жауға қарсы жалғыз шапқан.

Мәскеуді қорғаған жиырма сегіз қаһарманға осы Тарғынның кейпі күш берген жоқ дейсіз бе?

Панфиловшыларың бірі, жиырма жастағы Сұлтан Қожықов өзінің Алматыда тұратын сүйіктісіне: «Жоқ, мен сені немістердің қорлауына бермеймін, жарқыным, Эсфир! Өлемін, бірақ кері шегінбеймін. Мен ана дүниеге ондаған арсызды, соның ішінде полковникті аттандырдым. Бұл – менің саған деген ынтықтығымның белгісі, Эсфир. Сенің Сұлтаның». Он бір неміс, іштерінде бір полковник бар – бұлайша мойындауға қай қыз қуанбасын?»

Осында айтылып отырған Сұлтан Қожықов кейін белгілі кинорежиссер атанатын өнер қайраткерінің соғыстағы кезі еді. Өзі қызылордалық жерлесі. Ол арада көп жылдар өткен соң әйгілі «Қыз Жібек» фильмін экранға шығарды. Бүкіл халықтың махаббатына айналған бұл картинаны Бердалы да жақсы көретін еді. Оның үстіне, «шектінің қызы» Қыз Жібекке оның расында бүйрегі бұрып тұратын. Осы лентаның арқасында жас актер Құман Тастанбеков пен орта мектепті енді бітіріп жатқан Меруерт Өтекешова қазақ халқына танымал, бүкіл елдің зор сүйіспеншілігіне бөленген өнер жұлдыздары атанды, осы фильмнің арқасында екеуі бас қосып, отан болып, ұлағатты отбасылардың біріне айналды. Фильмдегі, әсіресе, Шегенің «Мына шектінің қыздары қайтеді-ей!» деген назға толы тіркесі естіген сайын жүрегін жылытып, бойына сәулелі шуақ шашып өтетін сияқты болады да тұрады…

Әлгінде жазған хатын үш бүктеп, конвертке айналдырып, сыртына барар жерінің мәнзілін жазып, капитан Волковтың қолына ұстатып, тысқа шыққан Бердалы иығынан бір ауыр жүк түскендей көкірек кере бір дем алды да, қаруластары отырған блиндажға қарай көтеріңкі көңіл күймен асықпай қадам басып бара жатты.

 

Танкіші лейтенант Бердалы Кенжебаевтың бұдан кейінгі жорық жолдары Курск иінінде жалғасты. Бірақ бұл кезде олардың 13-ші танк корпусы 4-ші гвардиялық механикаландырылған корпусқа айналдырылған болатын. Оның құрамындағы 65-ші бригада басқа құрамалар қатарында шайқасып жүрген еді. Бригада 1944 жылдың басында танк әскерлерінің генерал-лейтенанты Андей Кравченко жаңадан жасақтап жатқан 6-шы танк армиясының сапына қосылды. Сол жылғы 10 қаңтарда генерал Киев қаласын азат ету үшін болған ұрыстарда командованиенің тапсырмаларын орындау кезінде көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен ұрыстарда Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Ал арада бірнеше күн өткеннен кейін ол 1-ші Украин майданының штабына шұғыл шақыртылады. Сол жерде әдетте жұртқа жылы сөйлеуге оншалықты құштар бола қоймайтын майдан қолбасшысы, армия генералы Николай Ватутин айрықша жадырап, құшақтай қарсы алып: «Мен сізді жаңа қызметке тағайындалуыңызбен құттықтаймын: Ставканың шешімімен 6-шы танк армиясы құрылып жатыр, сіз соның қолбасшысы болып бекідіңіз. Олай болса, өте жақын арада болатын шайқастарға дайын болыңыз», – дейді.

Жаңадан құрылған 6-шы танк армиясының діңгегі 5-ші гвардиялық Сталинград танк корпусы болды. Оның командирі генерал-лейтенант Василий Алексеев еді. Бердалы қызмет ететін 65-ші бригада осы корпусқа қарады. Армия құрамына сондай-ақ бұрын оңтүстік-батыс және батыс майдандар әскерлерінің шабуыл операцияларына қатысқан 5-ші механикаландырылған корпус кірді. Осы уақытқа дейін барлық майдандарда генералдар М. Катуковтың, С. Богдановтың, П. Рыбалконың, В. Бадановтың, П. Ротмистровтың танк әскерлері жеңіске жетті. Ал жаңадан құрылған 6-шы танк армиясы, генерал А. Кравченко өзін әлі танытып үлгере қоймаған еді. Ол өзінің бірінші тұсаукесер шайқасын өте керемет етіп өткізді: Корсун-Шевченко операциясында зор жеңіске жетті. Ал 1944 жылдың 22 ақпанынан бастап 6-шы танк армиясы 2-ші Украина майданына берілді және наурыз-сәуір айларында үлкен және күрделі Уманск-Ботошан операциясына қатысты

Тапсырма орындалды. Танкішілер ұрыстар кезінде Таулы Тикич, Оңтүстік Буг, Прут өзендерінен сәтті өтіп, өткелдер мен плацдармдарды басып алды, жау әскерлерінің өздеріне тиімді шекараларда орнығуларына жол бермеді. Мұның орнына көктемгі су тасқыны кездерінде танктер ұрыс алаңдарында маневр жасап, жау қорғанысты бұзып өтіп, өздерін тырқырата қуып шықты. Кейбір учаскелерде алға қарай едәуір жылжып, жаудың кету жолдарын кесті. Командир Кравченко жасаған Оңтүстік Бугқа жақындаған кездегі жылдам маневр 10 наурыз күні таңертең үлкен теміржол торабы мен Христиновка қаласын алуға мүмкіндік берді. 6-шы танк армиясы 1944 жылғы Яссы-Кишиневтің шабуыл операциясында және Румынияның орталық бөлігіндегі кейінгі шайқастарда маңызды рөл атқарды. Сөйтіп жүргенде генералдың 17 жасында майданға өз еркімен кеткен ұлы Вильдің қаза тапқаны жайлы жайсыз хабар келді. Бұл командирге өте ауыр тиді…

 

Бердалы шынында Ғафиатулла ағасына берген уәдесін орындады. Ол там-тұмдап болса да, оқта-текте бір қалам түртіп, күнделік жазып отыруды біртіндеп дағдыға ұластыра бастады. Біз сондықтан кітаптың кей жерлерінде сол жазбалар жонында қалған деректер мен мәліметтерге сүйенетін болдық.

Қызыл Армия әскерлері уақыт ұзаған сайын табыстың қатарын арттырды. Олар қарқынды қарсы шабуыл кезінде Васлуй, Бирлад, Фокшаны, Рымникул-Сэр, Бузэу, Плоешти қалаларын басып алды. Келесі күні 6-шы танк армия корпусы 6-шы румын елінің байтағы – Бухарестке келіп кірді. Операцияның нәтижелері керемет болды. Армия 600 мың шақырымға жуық жерді жүріп өтіп, 351 танкті, 4164 автокөлікті, 634 зеңбіректі жойып жіберді, 30 мыңнан астам солдат пен офицерді, оның ішінде 12 генералды өлтірді немесе  тұтқынға алды. Армия әскерлері 4 танк және 6 жаяу әскерлер дивизиясын талқандап, 400-ден астам елді мекенді азат етті. Қыркүйек айының басында 6-шы танк армиясы шабуыл бағытын өзгертіп, күрт батысқа қарай бет бұрды. Енді Трансильвания Альпісін басып алып, Клуж қаласына шабуыл жасады.

1944 жылы 12 қыркүйекте 6-шы танк армиясы 6-шы гвардиялық танк армиясына, ал оның 5-ші механикаландырылған корпусы 9-шы гвардиялық механикаландырылған корпусқа айналды. Кеңес-герман майданының оңтүстік қанатындағы 6-шы гвардиялық танк армиясының сәтті шайқастары Жоғарғы бас қолбасшылыққа оның алдындағы бесеуін Орталық, Варшава-Берлин және ішінара Балтық операциялық бағыттарында пайдалануға мүмкіндік бергені сөзсіз. 6-шы гвардиялық танк армиясының әскерлері құрамына кіретін майдан әскерлерінің қолбасшыларының жедел және стратегиялық жоспарларын жүзеге асыруда өте маңызды және жиі шешуші рөл атқарды.

1944 жылдың қазан айында 6-шы гвардиялық танк армиясы Дебрецен шабуылына, 1944 жылдың желтоқсаны мен1945 жылдың қаңтары аралығында Будапешт стратегиялық шабуыл операцияларына қатысты. 5-28 желтоқсан аралығында армияның құрамалары мен бөлімдері 200 шақырымнан астам алапты ұрыспен жүріп өтіп, 284 танк пен өздігінен жүретін қаруды, 428 ұрыс қаруларын құртып жіберді. Осы шайқастардың нәтижесінде жау жағы 15 885 солдат пен офицерінен айырылды, 350-ден астам елді мекен босатылды.

Басқыншыларға қарсы шабуыл 1945 жылдың 6 наурызына қараған түні басталды.

Көп ұзамай Ұлы жеңіс те келді. Бердалы және оның қарулас жолдастары бұл сәтті Прага үшін болған қанды шайқаста аяқтады. Мұндағы соғыс Германия командованиесі сөзсіз тізе бүгу пактісіне қол қойып қойғаннан кейін, 10 мамырда барып тоқтады.

Ал 9 мамыр күні Иосиф Сталин жолдас өзінің халыққа үндеуін жариялады. «Жолдастар! Отандастар! Германияның жеңген ұлы күн туды. Қызыл Армия мен біздің әскерлеріміз тізерлетіп қойған фашистік Германия өзінің жеңілгенін мойындап, сөзсіз капитуляциясын жария етті. – деді ол өзінің сөзінде. – 7 мамырда Реймс қаласында берілудің алдын ала хаттамасына қол қойылды. 8 мамырда Берлинде неміс бас командованиесінің өкілдері одақтас әскерлері Жоғарғы Командованиесі және кеңес әскерлері Жоғарғы Командованиесі өкілдерінің қатысуынмен капитуляцияның ақырғы актісіне қол қойды, оны жүзеге асыру 8 мамырда 24 сағаттан басталды».

«Келіссөз бен келісімді бос қағаз санайтын неміс билеп-төстеушілерінің қарғыбау киген қасқырға ұқсайтынын білгеннен кейін, біздің олардың сөздеріне сенуге құқымыз жоқ, – деді Иосиф Виссарионович бұдан әрі. – Алайда, бүгін таң азаннан неміс әскерлері капитуляция актісін орындау үшін біздің әскерлерге жаппай тәртіппен қаруларын тапсырып, тұтқынға беріле бастады. Бұл енді жай бос қағаз емес. Бұл – Германия қарулы күштерінің шын мәніндегі капитуляциясы. Рас, неміс әскерлерінің бір тобы Чехословакия ауданында әлі де капитуляциядан қашқақтап жатыр. Бірақ Қызыл Армия олардың да естерін жиғыза алады ғой деп үміттенемін. Енді біз Германияны түпкілікті талқандайтын тарихи күн, халқымыздың герман империализмін жеңуінің ұлы күні туғанын толық негізде мәлімдей аламыз».

«Отанымыздың азаттығы мен тәуелсіздігі жолында сарп етілген құрбандығымыз, халқымыздың соғыс жылдарында бастан кешкен өлшеусіз шығындары мен зардаптары, тыл мен майдандағы жанкешті еңбек, Отан тағдырының қыл үстінде тұруы жауды толық жеңіп шығуымызбен аяқталды. Славян халықтарының өзінің тіршілік етуі мен өзінің тәуелсіздігі үшін ғасырлық күресі неміс басқыншылары мен неміс өктемдігін жеңумен аяқталды. – деді келесі кезекте. – Осыдан бастап Еуропа үстінде әлем халықтарының бостандығы мен әлем халықтары арасындағы ұлы ту желбіреп тұратын болады. Бұдан үш жыл бұрын Гитлер өзінің міндеті Кеңес Одағын бөлшектеп, одан Кавказды, Украинаны, Белоруссияны, Прибалтиканы және басқа да облыстарды бөліп алу екенін тәмам жұрттың алдында мәлімдеген болатын. Ол: «Біз Ресейді бұдан кейін қайта бас көтере алмайтындай етіп жойып жібереміз», деп ашық айтып еді. Бұл – ұш жыл алдын. Бірақ Гитлердің есерсоқ идеялары жүзеге аспай қалды – соғыстың барысы олардың күлін көкке ұшырды. Іс жүзінде гитлершілер сандырағы тура кері бағытта орындалды. Германияның сау-тамтығы қалмады. Германия әскерлері тізе бүгіп жатыр. Кеңес Одағы, ниетінде Германияны бөлшектеп тастау да, жойып жіберу де болмағанымен, жеңіс тойын тойлауда».

Бұдан кейін, арада тура 15 күн өткесін Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Председателі Иосиф Сталин Кремльде Қызыл Армия әскерлері қолбасшыларын қабылдап, олардың алдына сөз сөйледі. Оның мәтіні ертеңіне «Правда» газетінде жарияланды.

«Жолдастар, маған тағы бір, соңғы тост айтуға рұқсат етіңіздер. Мен біздің Кеңес халқының, ең алдымен орыс халқының саулығы үшін тост көтергім келеді, – ендігі сөздің еркінде. – Мен ең алдымен орыс халқының денсаулығы үшін, оның Кеңес Одағы құрамына кіретін барлық ұлттардың ішіндені мейлінше көрнекті ұлт болып табылатындығы үшін ішемін. Мен орыс халқының денсаулығы үшін ең алдымен оның бұл соғыста біздің еліміздің барлық халықтары арасында Кеңес Одағының басшылық күші ретінде жалпының мойындауына қол жеткізгені үшін тост көтеремін. Мен орыс халқының денсаулығы үшін ең алдымен оның басшы халық болғаны үшін ғана емес, сонымен қатар айқын ақылы, өжет мінезі және төзімі болғаны үшін тост көтеремін».

Өзінің сөзін түгелдей орыс халқын асқақтатуға арнаған Сталин одан әрі былай деді: «Біздің Үкіметіміздің жіберген қателіктері аз болған жоқ, біздің армиямыз Украинадағы, Белоруссиядағы, Молдавиядағы, Ленинград облысындағы, Прибалтикадағы, Карел-Фин Республикасындағы өзімізге ыстық туған селоларымыз бен қалаларымызды тастап шығып жатқан 1941-1942 жылдарғы жағдайдан түңіліп кеткен мәуріттеріміз болды, себебі одан басқа жол болған жоқ. Басқа халық болса, Үкіметке «Сіздер біздің үмітімізді ақтамадыңыздар, аулақ кетіңдер, біз Германиямен бейбіт келісім жасап, біздің тыныштығымызды қамтамасыз ететін басқа үкіметті қоямыз» деген болар еді. Бірақ орыс халқы бұған бармады, өйткені, өз үкіметі саясатының дұрыс екеніне сенді, Германияны талқандауды қамтамасыз ету үшін құрбандыққа барды. Міне, орыс халқының Кеңес Үкіметіне көрсеткен осы сенімі адамзаттың жауы – фашизмді тарихи жеңуді қамтамасыз ететін шешуші күш болып шықты».

 

Шілде айының алғашқы күндерінде Чита станциясындағы армия штабының эшелонын генерал А. Г. Кравченконың өзі қарсы алды. Ол Жеңіс шеруі мен барлық мерекелік іс-шаралар аяқталғаннан кейін 26 маусымға қараған түні Мәскеудің Ярославль станциясынан арнайы пойызбен кетіп, осында келген еді Қызыл Армияның жаяу әскерлері 9 тамызда Маньчжурия шекарасынан өтті. Барлығы 24 күннен құралып, 2 қыркүйекте аяқталатын «Маньчжурия операциясына» кеңес солдаттарынан бөлек, Моңғолия халықтық-революциялық армиясының жауынгерлері де қатысты.

Операция қарсаңында, тамыз айының басында Солтүстік-Шығыс Қытайда, Моңғолияда және Кореяда жапонның жалпы саны 1 миллионнан асатын әскерлері, 1215 танкісі, 6640 зеңбірегі мен минометтері, 1 907 соғыс ұшағы және 25 негізгі класты әскери кораблі тұрды. Олардың ішіндегі мейлінше күштісі генерал Отодзо Ямада қолбасшылық ететін Квантун армиясы болды. Армия Маньчжурия мен Солтүстік Корея жерлерінде бұйрық күтіп тұрды.

Кеңес өкіметінің басшылығы Қиыр Шығыста тұрған Приморье әскерлер тобының, Забайкалье және Қиыр Шығыс майдандарының Квантун армиясын талқандауға жеткіліксіз екенін білгесін, мамыр айының басынан тамыздың басына дейін мұнда ұрыс қимылдары жүргелі тұрған аудандарға екі майдан басқармаларын, төрт армияны, он бес атқыштар, артиллерия, танк және механикаландырылған корпустарды, 36 атқыштар, артиллериялық және зенитті артиллериялық дивизияларды, 53 бригада мен 2 нығайтылған ауданды, 403 мыңнан астам адамды, 7 137 зеңбірек пен минометті, 2 119 танк пен өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыны жеткізді.

Ұрыс қимылдары жүретін жерлер Мәскеуден қашық болуына байланысты Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің директивасымен 30 маусымда Қиыр Шығыстағы кеңес әскерлерінің Бас командованиесі құрылды. Оны басқару Кеңес Одағының маршалы Александр Михайлович Васильевскийге жүктелді. Шабуыл операциясының түйіні Забайкалье (маршал Р.Я. Малиновский) және 1-ші Қиыр Шығыс (маршал К.А. Мерецков) майдандарының күшімен Чаньчун бағытындағы Квантун армиясына басты соққыны беріп, қоршап алып, 2-ші Қиыр Шығыс майданының (армия генералы М.А. Пуркаев) қатысуымен оны бірнеше бөлікке бөлшектеп тастап, артынан жойып жіберу болды..

Читадан Чойбалсанға дейінгі армия эшелонының қозғалысы кезінде армия қолбасшыларына әскерлерді шоғырландыру және оларды жаңа аймаққа келу туралы бұйрықтарды дайындау туралы нұсқаулар берілді. Ол бригадалардың, полктердің, танктердің және мехкорпустың командирлерін, сондай-ақ армия штабының барлық офицерлерін жалпы әскери командирлердің киімін немесе формасын киюді талап етті. Жеке телефон арқылы сөйлесуге қатаң тыйым салынды. 6-шы гвардиялық танк армиясы әскерлерінің шоғырлануы Моңғолия аумағында орналасқан 17-ші армия әскерлерінің күшеюі сипатында жүргізілді. Зауыттардан келген барлық материалдар мен жүктер осы армияға шынайы алушы алушыны жасыру үшін жіберілді.

Алда Үлкен Хинган! Бірақ алдымен сусыз Гоби шөлін жеңу керек болды. Бұл танкішілер үшін нағыз сынаққа айналды. Қырық бес градустық аптап ыстықтың ең қиын климаттық жағдайында, құм төбелерінде, танктердің моторлары қатты қызып кеткен кезде, жанармай мен май сүзгілері құммен бітеліп, экипаждардың шаршауы шегіне жеткен кезде, генерал Кравченконың танкшілері әскери тапсырманы абыроймен орындап, белгіленген уақытқа дейін Ютото алқабына шоғырланды. Олар төзімділіктің ауыр сынағына бекем бел буып, бек төтеп бақты.

Айтатыны жоқ, 6-шы гвардиялық танк армиясының жылдам әрекеті жауды толығымен дәрменсіз етіп тастауға жол ашты, бұл армия әскерлеріне Манчжурияның өмірлік маңызды аймақтарына тез жетуге, жапонның Квантун армиясының негізгі тобын оқшауланған бөліктерге бөлуге, жауды одан әрі күйрете түсуге, Қытайдың континенталды бөлігіндегі соғыс қимылдарын тоқтатуға мүмкіндік берді. Операцияны өткізу жоспары толық көлемде және майдан қолбасшылығы белгілеген мерзімде орындалды. Осылайша 6-шы гвардиялық танк армиясы кеңестік танк әскерлерінің тарихына жарқын бет жазып, үлкен әскери-саяси және стратегиялық міндеттерді шешуде өте маңызды рөл атқарды.

Осылайша, КСРО Қарулы Күштерінің Маньчжуриядағы операциясы Квантун армиясының жеңілісімен және Жапонияның оны мойындауымен аяқталды. Соғыс аяқталғаннан кейін 6-шы гвардиялық армияның бөлімдері Забайкалье өлкесінде қалып қойды. Лейтенант Бердалы Кенжебаев Чита қаласында әскери қызметін одан әрі жалғастырды. Ол елге тек 1946 жылдың қазан айында ғана мүмкіндік алды…

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button