«Өмір бойы адалдық пен әділдіктің ақ туын көтеріп келемін»
Анонс: «Дидарғайып» журналының кезекті кейіпкері – Әбілхан Төлеуішов
Журналдың 2021 жылғы №1 нөмірі атыраулық белгілі журналист, қоғам белсендісі, ҚР Мәдениет қайраткері, «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы Әбілхан Сейтімұлы Төлеуішовке арналып отыр. Ол бір замандары кеңшар және аудан комсомол ұйымдарын басқарған, аудандық газеттен бастап, облыстық газет, телевидениеде қызмет еткен, бірнеше республикалық басылымның облыстағы меншікті тілшісі болған. Оның қаламынан туған публицистикалық шығармалар «Атырау ақиықтары», «Нар жолында жүк қалмас», «Күш атасын танымас», «Қара арна: кеше және бүгін», «Ізгілік теңізіндегі інжу», «Ғалымжан Хәкімов», «Мұнайлы өңір мәдениеті» атты кітаптар болып жарық көрген. Ол сонымен қатар «Жеңісті жақындатқан жандар», «Атырау комсомолына – 90 жыл» энциклопедиялық кітаптарын құрастырған.
Біз журналдың осы нөмірінен шағын үзінді жариялап отырмыз.
– Әбілхан Сейтімұлы, екеуміз бірге оқыған, бір жатақханада тұрған, былайша айтқанда, студенттік күндердің қызығы мен шыжығын бірге бөліскен байырғы курстастармыз. Ежелден бергі доспыз. Сондықтан ресмилендіріп жібермей, сұхбатымызды тура өмірдегідей бір-бірімізге «сен» деп жүргізе берейік. Оған қалай қарайсың?
– Ой, Секе, оның қалай қарайтыны бар, әрине, дұрыс қараймын. Біздің арамызда қалай және қандай ресмилік болуы мүмкін? Әңгімеміз шын көңілден алғаусыз шығуы үшін бұрынғысынша сөйлескеніміз дұрыс. Жасандылықтың керегі не?.
Тегі, бірге оқығаннан кейін бәрі теңесіп кетеді екен-ау. Басқасын былай қойғанда, өзімізден тура он жас үлкен Едіге Кішкенеевті де, Орынбасар Дөңғабақовты да, одан кейінгі өз тобымыздың алғашқы старостасы Сайын Бекбаев пен Тілеген Ахметовті де сабақ басталғасын бір айдан кейін-ақ «сен» деп кеттік. Тіпті аттарын да туралап атай беруші едік. Олардың қасында үш жас қана үлкендігі бар сендер «баласыңдар» ғой. Әйтпесе, ел ішінде өзімізден оншақты жас үлкен ағаларымызға «сен» деп сөйлей алар ма едік. Жоқ, әрине.
Бірге оқығанның аты – бірге оқыған. Үйлесе келе, бәрің бір үйдің баласындай болып кетесің. «Кемедегінің жаны бір» дейді қазақ. Біз білім теңізінде жүзіп бара жатқан кемеде бірге сапар шектік. Ол кез студенттік шақтың өте ыстық сал дәурені еді. Уақыт парағы сырғытып, күнді – күн, айды – ай, жылды жыл ауыстырып, 46 жылды артқа қалдырыпты.
– Бәріміз бірге оқығанмен, әрбіріміздің өз шеңберіміз бар еді. Ондай орта сенде де болды. Сол топ мүшелерімен әлі қатысып тұрасың ба?
– Оның да рас. Біз – мен, Серік Сатанов, Кеңесбек Демешев, Әбділда Сәрсенбиев және Дихан Әбдиев оқуға түскен кезден дос болып, жатақханада бірге тұрдық. Бірақ Дихан бірінші курсты аяқтамай жатып, оқудан шығып қалды. Содан кейін де бізге келіп-кетіп жүрді. Ауылында, Шуда машинист болып істеді. Кейін көп жыл өткеннен кейін қайта түсіп оқыды. Бұл кезде біз оқу бітіріп кетіп қалғанбыз. Енді оның өз курсы болды. Сонымен байланыс үзілді. Бірақ ғұмыры ұзақ болмады. Серік оқу бітіргеннен кейін Алматыда қалды. Біз онымен анда-санда Алматыға келгенде кездесіп жүрдік. Кейін тұрмыс дұрыс болмай, әйелімен ажырасып, Ақтөбеге келіп жұмыс істеді. Сол кезде де хабарласып тұрдық. Өкінішке қарай, оның да өмірі қысқа болды. Қалған екеуімен де солай оқта-текте хабарласып қоямыз. Етене араласып кетуге жер шалғай болды. Оның үстіне, бәріміздің де басымыздан әртүрлі жағдайлар өтті. Дегенмен, бір-бірімізге деген көңіліміз түзу. Кеңесбек ауылына бір барып келіп, Алматыда жұмысқа тұрды. Бертінде ол Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болған кезінде қатты қуандық. Әбділда университеттен кейін бірден еліне, Жамбылға тартты. Бірқатар жылдардан кейін облыстық «Ақжол» газетінде істеді. Темір жолға да біраз жылын арнады. Бұдан біраз уақыт бұрын көзден қалып, отырып қалғанда, хәлін біліп тұрдық. Құдайға шүкір, қазір көзі оңалды.
– Менің байқағаным, сол жылдары гурьевтіктер бір-біріне алабөтен бауырмал еді, курста да, университетте де олар ылғи бір-бірін тартып, бір-бірлеріне жандары ашып жүретін. Мұндай ыстыққауметті басқа аймақтар түлектерінен көп аса аңғара қойған жоқпын. Бұған не себеп деп ойлайсың?
– Байқағыш екенсің. Бұл шынында солай. Бұған келісемін. Біздің елдің адамдары, туасы, бауырмал келеді. Бірін-бірі көбіне аялап, құрметтеп жүреді. Ел ішінде де солай. Ал сыртқа шыққан сәтте бір-бірімізді тіпті жақын тартып кетеміз. Шамасы, біріншіден, біздің табиғатымыз солай болуы керек, екіншіден, біз орталықтан өте шалғайда тұрамыз, алыста жүргесін, өз елімізді, ата-анамызды, бауырларымызды сағынамыз, соның да әсер болатын шығар. Бірақ бұдан жаманшылық, кері әсер көріп тұрғаным жоқ. Тым алыстан келгеніміз шын. Бізге, – Алматыны айтпай-ақ қояйын, – Қызылорда мен Шымкенттің өзінен мына жағымызда – Орынбор, ана жағымызда Астрахань жақын. Оның үстіне, жалпы, Алматы жоғары оқу орындарында батыс өлкеден келіп оқитындар аз еді. Біз жақтан шыққандардың көбі Ресей институттарына барып жататын. Мәскеу мен Ленинградтан бөлек, Саратов, Куйбышев, Рязань, Пенза, Брянск, Уфа, Қазан, Орынбор, Ульяновск, Астрахань, Волгоград, Дондағы Ростов секілді жақын қалаларды жағалап кететін.
Мен жас болғасын, алдымдағы барша аға-апаларымды қатты сыйладым. Олардың алдарын кесіп өтпедім. Бәрі маған жанашыр болып жүретіні. Аз болғанымыз сондай, журфактың жоғары курстарында бізден Марат Мәжитов, Шолпан Ұғыбаева, Светлана Қайырғалиева ғана оқыса, өз курсымызда Кеңес Тұрышев, Мәншүк Шәжімова және мен болдық. Бұлардың бәрі де менен үлкен еді. Сәл ғана үлкендігі бар Мәншүктің өзі маған апа сияқты еді. Маған үлкендік көрсетіп, кейде ұрсып та алатын. Ол да арамыздан ерте кетті. Бәрі мені кішісініп, қамқор болып жүрді. Олардың ыстық ықыластарын сезінуші едім. Содан ба екен, мен оларға еркелеп қоятынмын. Бір жағы, үйді сағынғаным бар. Былайша айтқанда, біз бәріміз бір үйдің баласындай болдық.
«Бұл қазақта жігіттер бар марғасқа». Төлеген тамсанған сол марғасқалар бізде көп. Көңілдері – көл, пейілдері – сел. Жанына жаққан адамына жайылып жастық, иіліп төсек бола кетеді. Біздің жігіттердің мінездерінде сонымен қатар батырлық та, ірілік те, яки нағыз марғасқалық та жиі кездеседі. Әңгімені бетке айтқанды жақсы көреді. Бұл – адалдықтың белгісі. Арам адам ешқашан бетке айтпайды. Ол бәрін жасырып, сөзді күлтелейді. Ондай адамнан қорқу керек. Төлегеннің «көрінгеннің баласын, ұстап сүйіп көшеден» дейтін балажандығы мен ақкөкіректігі де біздің жақта тұнып қалған. Сұңқар ақын, сырбаз ақын Сәкен Сейфуллиннің музыкасы мен сөзін өзі жазған «Біздің жақта» деген әнінде айтылатын «Жеріне біздің жақтың лайық ері, Ер палуан, аңшы-мерген, әншіл, сері. Жасынан жүйрік мініп өскен бұлан, Жеріне біздің жақтың лайық ері», – деп төгілетін жерлері біздің жақтың ерлеріне де сайма-сай келеді.
– Бізге Атырау өңірінен шыққан екі ұстаз сабақ берді. Профессор Тауман Амандосовты да, доцент Қабижан Құсайыновты да студенттер жақсы көрді.
– Иә, екеуі де жақсы ұстаз, жақсы адамдар еді. Әсіресе, Тауман ағайдың орны бөлек. Бұрын факультет деканы болған ол студенттердің жағдайын да жақсы түсінетін, мүмкіндігі болғанынша қарасып тұратын салиқалы, байсалды кісі-тін. Бірақ өзінің сабағына барынша ұқыпты қарады, студенттерден де ізденуді талап етті. Ол сосын қыздардың журналист болуына жан-тәнімен қарсы болып өтті. Оны ашық айтты. Бұған келісетін де бар, келіспейтін де бар. Бірақ аға мұны қыз балаларды болашақ жар, болашақ ана, бір отбасының ошағы отын маздатушы ретінде қабылдап, оларға жаны ашығаннан, қазақ әулетінің ұйтқысы бұзылмауын ойлап, соған алаңдағандықтан айтты деп ойлаймын. Өзі өте таза жүретін, үсті-басына кір жуытпайтын, адалын айтатын турашыл, шын интеллигент кісі болды. Даусы қандай керемет еді, вокалдың соңына түскенде, керемет әнші болып кетуі мүмкін-тін. Бір аяғын сылтып басатыны болмаса, түрі де келісті болып, осыған келіп тұрды. Бой-сойы келген әдемі, сұлу кісі еді. Бұл кісі атақты жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» атты дәл өзіндей атақты романына да бекер кейіпкер болып кірмеген шығар. Туындыдағы аяғын сылтып басатын, детдомнан шыққан жасөспірім жігіт осы кісі ғой.
– Оны білемін. Тауман ағайдың біз 4-курс оқып жүргенде «Журналист анықтамалығы» деген кітапты аударып, бастырып шығарғанын білетін шығарсың. Ал сол кітаптың корректурасын менің жасағанымды білесің бе?
– Кітапты білем ғой, МГУ-де шыққан «Справочник журналиста» деген жинақтан аударылған. Оның қазақша вариантының безендірілуіне дейін түпнұсқамен бірдей еді. Ол шынында Тауман ағаның күшімен қазақ тілінде баспа жүзін көрді. Өзі өте қалың фолиант болатын. Бірақ оған сенің қатысың барын білмеппін.
– Үшінші курс оқып жүргенімізде, көктемде «Мектеп» баспасынан шыққалы жатқан сол кітаптың гранкасы дайын болды. Біз аптасына екі рет – сәрсенбі және жұма күндері Тауман ағайдың сабағына қатысатынбыз. Курс емес, топ та емес, мамандану бойынша бөлінген 10-15 адамдық шағын топ. Сол кезде ағай мені баспаға жіберіп, дайын болған гранканы алдыртатын. Соңынан оның қатесін шығару үшін өзіме қайта ұстатып жібереді. Жатақханаға келе қарауға кірісіп, келесі сабаққа мәтіннің қатесін шығарып апаратынмын. Жинақ солай жарық көрді.
– Онда шынымен біраз еңбегің сіңіпті. Біз бөлек оқығасын, оны көрген жоқпын ғой. Ал мына әңгімені бір бастап қалдық, тағы аздап ойымды дамытайын. Көп адам ұмытып та кеткен шығар, қазақ публицистикасы теориясының негізін қалаушылардың бірі әрі бірегейі Тауман Салықбайұлы Амандосов туғанына осы жылдың соңында 100 жыл толғалы тұр. Ол 1921 жылы 5 желтоқсанда Гурьев облысының Балықшы ауданындағы «Кеңөзек» ауылында туған. Қазір бұл елді мекен Атырау қаласына қосылып кетті. Мен ұстазымыздың ғасырлық жасқа толатын датасын бүкіл ел болып атап өтуіміз керек деп есептеймін. Бұл кісі қазақ журналистерінің бір емес, бірнеше буын өкілін баулып, өсіріп шығарған тәлімгер тұлға. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Еңбек жолын 1942 жылы соғыстың қайнап жатқан шағында Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде бастап, кейін 1948-1950 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтында істейді. Ал 1950 жылы ҚазМУ-ді бітіргесін, осында аға оқытушылыққа қалдырылады. Сол жолда декан, кафедра меңгерушісі сияқты қызмет баспалдақтарының бәрін атқарды.
Тәукең декан Темірбек Қожакеевке қай жағынан алғанда да, сәйкес келмейтін антипод еді. Екеуінің жұлдызы, – біз білген шақтан, – өмір бойы бір-біріне қарсы болып өтті. Тіпті біз көріп жүрген кездің өзінде олар бір-бірімен бітпе-бет келіп тұрғанда да амандаспаушы еді. Бірақ ешқашан бет жыртысып ұрсысып, сөз таластырып көрген емес. Әрқайсысы өзімен өзі өмір сүрді, бірінің ісіне бірі араласқан жоқ. Араларында не өтіп кеткенін білмеймін, әйтеуір өзара осындай қарым-қатынаста болды.
Кейінгі жылдары Темірбек Қожакеевті заманның заңғары, ұлағатты ұстаз түрінде көрсеткісі келетіндер көбейді. Мұның бәрі уақыт өте келе, кешегі студенттердің көрген зәбірі мен құқайын ұмытып, оған сәл басқашалау қарай бастағанынан, бұрынғы қаһарлы деканға адам ретінде жандары ашып, кешірімшіл бола қалуынан деп ойлаймын. Әйтпесе, бұл кісі декан болып тұрғанда, оның асфаһани қылышының астына түспеген, одан жапа шекпеген студенттер некен-саяқ. Рас, Темкең өзінің пәнін өте жақсы білетін, лекциялары да тартымды өтуші еді, ол дәріс оқып тұрғанда, аудиторияда шыбынның ызыңы естіліп тұратындай тылсым, құлаққа ұрған танадай тыныштық орнай қалатын.
Бірақ мұның ешқайсысы да оның шектен шыққан қатыгездігі мен «адамды жек көретін» қасиетін ақтап ала алмайды. Бұл адамда шынымен аяугершілік деген сезім жоққа тән болды. Қайта біреудің өзінен дәккі көріп, пұшайман жегеніне, бейшараның халін кешкеніне соншалықты айызы қанып, рахаттанып тұратындай әсер қалдыратын. Әйтпесе, сол студенттердің бәрі дерлік оның баласындай жастағы ұландар болатын. Әрбірі өз туған үйінен, әке-шешесінен жырақта, жетім баланың күйін кешіп жүрген түлектер-тін. Арамызда шынымен жетім балалар да аз болған жоқ. Бірақ ол бұларға бұлай қарамады, бәрін құдды бір потенциалды, яғни ықтимал қылмыскерлер сияқты көрді. «Жетім» деп те елеп-есіркеген жоқ, репрессия машинасы болып күйрете тиісті. Осылайша деканатты тәрбиелеуші емес, жазалаушы органға айналдырып жіберді. Оның біреудің титтей кінәсін кешіргеннен гөрі қатал жазалаған шақтары анағұрлым көп болды. Өзінің алдында амалдың жоқтығынан монтаны мүләйімсіп тұрған студенттердің ертең-ақ үлкен азамат болып өсіп шығатынын, тіпті өзінен де зор тұлға болуы мүмкін екенін қаперіне алмады. Обал-сауап деген ұғым оған жат еді. Соның салдарынан қаншама адамның тағдыры аяққа тапталды, қаншама адам түкке тұрмайтын нәрсеге бола оқудан кетіп жатты. Ешқандай жоғары оқу орны төртінші не бесінші курс студенттерін оқудан қумайды. Егер жазатайым түрмеге түсіп жатпаса болды. Ал Қожакеевтің кезінде бізде соңғы, бесінші курста оқудан шығып кетіп қалып жатқандар сұмдық көп еді. Олардың арасында кейін қайта келіп, диплом қорғағандар да бар, қайтып келмей қойғандар да жеткілікті. Осы арқылы-ақ ол қаншама көгенкөздің болашағына балта шапты. Бір байқалатыны, декан ақын, жазушы, журналист ретінде танылып қалған қыздар мен жігіттерге айрықша шүйлігіп тиісуші еді. Мұнысы «үйде кімнің қожайын екенін» танытатын қыр көрсету сияқты. Ол жақсы кадрлардың даярланып шығуына оншалықты мүдделі болмады. Соның кесірінен қаншама талантты ұл-қыздарымыз, бейнелеп айтқанда, «қоңыз теріп» кетті. Мысалы, біздің Шаһизада Әбдікәрімовтің 22 жылдан кейін диплом алып жүргені содан. Бірақ оның оқудан шығарылатындай түк те реті жоқ еді. Зәрредей қылмыс жасаған жоқ қой. Тіпті біреумен төбелесіп, басын жарған жоқ, көзін шығарған жоқ. Деканымыздың осындай әпербақан, әулекі әрекеттері мені әлі күнге дейін қатты қайран қалдырады. Не үшін ол солай жасады, неге сондай болды, деп ойлап қоямын кейде. Алайда, жарытымды жауап таба алмай қиналам. Сол кезде жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы әнебір жылтыңдаған жылпос студенттің прототипі ретінде осы кісінің аталып жүргені бекер болмады-ау, деген ойға келемін.
Диктатор деканның сондай «қаһарына» бесінші курста ойламаған жерден мен де ұшырадым. Кінәм гурьевтік екендігім шығар. Сөйтіп, соңғы курста оқып жүріп, сырттай оқу бөліміне ауысуға мәжбүр болдым. Мұндайды кім көрген! Егер арашаға адам салып, әрекет етпегенімде, мұның мәнзүрі де екіталай еді-ау! Дегенмен, араға бір жыл тастап, 1980 жылы тағы келіп, диплом қорғап алдым. Қазір қарап тұрсам, бұл адам тұтас факультетті ашса – алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, оған ойына келгенін істеп баққан екен. ҚазМУ-дің басқа бірде-бір факультетінде дәл біздегідей сапырылыс, оқудан шығарушылық болған жоқ. Бүгінде бәрі артта қалды ғой, көп нәрсе ұмытылды, біраз нәрсе кешірілді, біз де шау тарттық, бірақ бұл адамның өзінің баласындай балаларға неге соншама өш, қатыгез, иманы аз болғаны мені әлі таң қалдыра береді. Мұнда да бір қисын, мотивация деген болуы керек қой. Мен мың ойланып, жүз толғансам да, сол қисын мен мотивацияны, яғни себеп пен дәлелді таппай-ақ қойдым. Адамның басына сыймайтын зат. Иә, өткен өтті. Бұрынғы өкпе мен реніштен іште ештеңе қалған жоқ. Бәрін кәдімгі адами пендешілікке салып қоя салдық. Бірақ мен мұны бүгінгі ұрпақ сол заманның шындығы мен шырғалаңынан, кімнің кім болғанынан титтей ғана хабардар болу үшін айтып отырмын. Бұған қоса, бұл адамның сондай жойдасыз істеріне де бір сәт баға берілуі керек қой.
Жаңа мысал ретінде өзің айтқан екінші ағамызға да тоқталып өтейін. Қазақ журналистикасының теориясы пен практикасының көрнекті өкілі Қабижан Паңгерейұлы Құсайынов 1926 жылы 7 наурызда Орал облысы Гурьев округі Сарытөбе болысында туған. Кейін бұл өңір Гурьев облысы Новобогат (1990 жылдан – Исатай) ауданының «Кетешағыл» ауылы атанды. Бұл Махамбеттің «Мен – мен едім, мен едім! Мен Нарында жүргенде, Еңіреген ер едім. Исатайдың барында, Екі тарлан бөрі едім», – деп, ақырып теңдік сұрайтын атақты айбынды жырында айтылатын әйгілі Нарын құмының бел ортасы еді. Арғы жағы – Атырау облысының Құрманғазы ауданы. Теріскей беті – Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы. Батыс солтүстінде – бұрынғы Бөкей ордасы, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданы. Жәңгір ханның билік құрған жерінің резиденциясы. Осындай тарихи жерден дәні өніп, өмір есігінен аттаған Қабижан ағамыздың бір жақсы қасиеті – студенттерге үнемі қамқор болып жүретін жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ, рахымшылығы мол, ешкімді алаламайтын адам еді. Кім-кімді де өз баласындай бауырына тартып сөйлейтін. Тіпті гурьевтік емес, оңтүстік өлкенің өрені, біздің Сырым Құлажановқа оның қандай қамқор болғанын бәріміз көріп жүрдік. Бізден бір курс жоғары оқыған жерлес апаларым Шолпан мен Светаның кураторы болды, өз группасының қаншама студентін деканның аранынан аман алып қалды.
Айтқандай, бұл кісі 1950 жылы Алматыда С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетін үздік бітіргеннен кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғарғы партия мектебіне оқытушы болып еңбек жолын бастайды әрі аспирантурада сырттай оқиды. Содан соң «Социалистік Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып істеп, бірқатар жылдар тілшілік, журналистік қызмет сатысынан өтеді. Ал 1962 жылдан өмірінің соңына дейін 30 жылдан астам өзі бітірген Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушылық қызметті абыроймен атқарды. Енді екі ағайдың да жатқан жерлері жайлы, рухтары шат болсын.
– Сол кездегі оқытушылардың қазіргілерден тағы бір артықшылығы – оларда студенттен бірдеңе дәмету, пара алу дегеннің иісі де жоқ еді. Басқа жақты қайдам, біздің ҚазМУ тап сондай болатын.
– Бұған да келісемін. Ол кездегі студенттер қайта мұғалімнің өзінен бірдеңе алмаса, оларға бір нәрсе бере қоймайтын еді ғой. Мысалы, доцент Абдул-Хамит Мархабаев ағамыз курстың студенттеріне келіп, кейде өзі ақша беріп кетіп жүретін. Бір жолы оның ішіміздегі бір жігітке: «Әй, осы сенің, шамасы, басың ауырып тұр-ау деймін, мә, мынаған сыра алып іш», – деп, тұтас он сомдықты ұстата салғанын да көрдік. Қалжыңқойлау кісі еді, жаңағысы – ақша берудің амалы, түпкі ниеті аш-өзек болып жүрген курстар тойып бір тамақ ішсін дегендік еді. Жаңа айтылған Қабижан ағамыздан ұдайы қарыз алып жүрген талай студентті де білеміз. Солардың ішінде кейін берешегін қайтармай қойған арсыздаулары да кездесті. Бірақ ағай соның ешбіріне жаманшылық жасап көрген жоқ, өзіне тән кеңдікпен кешірді. Жалпы, біздің ұстаздар қауымы шетінен жақсы адамдар болды. Мысалы, сендердің А тобының, «старшыйлардың» кураторы Әбілфайыз Ыдырысов қандай сырбаз, салиқалы, студенттеріне қамқор еді. Біздің Б тобының, яғни «школьниктердің» кураторы Қоянбай Ахметов нағыз әулие сияқты қарын бүрі көрініп тұратын адалдығымен бізді баурады. Бұл кісі саламаттықта, тек өткен жолы кездесуге бір себептермен келе алмай қалды. Сол сияқты Хайыржан Бекхожин, Зейнолла Тұрарбеков, Совет Масғұтов, Тұтқабай Иманбеков, Рақым Сатаев секілді ұстаздарымыздың барлығы жүрегіміздің төрінен орын алды. Машинопись деген пәннен сабақ берген Тұрымтай Дүйсебаева апайға да құрметіміз ерекше. Деканатта жұмыс істеген Раушан және Дәмегүл апайлар қандай! Олар да біздің қамқоршыларымыз еді. Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің қызы Райхан Ғабитқызы бізге ағылшын тілінен сабақ берді. Ол да өте мәдениетті, жүрегі жұмсақ адам болатын.
Қазақтың біртуар азаматы, зор мақтанышы, нағыз батыр адам Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет» деп жазған екен бір кезде. Мен осы тұжырымды қоштаймын. Мұның шынында осылай екенін әлгінде аттары аталған ұстаздарымыздың бәрі көрсетті.
– Әбілхан, мен сені алғаш көрген көзде-ақ өзіндік пікірің мен көзқарасың, принципің мен ұстанымың бар екенін байқағам. Бұл отбасында көрген тәрбиенің әсері ме, әлде өз болмысың ба?
– Мектепте жүргеннен сондаймын. Өзімнің қай мәселеде де өзіндік көзқарасым, өз түсінігім болды. Соларды қорғау жолында барымды салатынмын. Жоғары кластарда тіпті мұғалімдеріммен де пікір таластырып қала беруші едім. Бұған отбасы тәрбиесінің ықпалы болуы ықтимал. Себебі, әкеден жастай қалдық, сосын ешкімнен кем болмаймыз деп, кем түспейміз деп жұлқынып өстік. Әке кеткеннен кейін үш әйелдің – ұлы әжемнің, өз әжемнің және анамның тәрбиесінде болдым. Бұлардың үшеуі де бізді алақандарына салды, еркін өсірді, бетімізден беталбаты қақпады, бірақ жақсы азамат болып қалыптасуымызға көп тегеурін берді. Анам өжет, батыл адам еді, оның да ауысуы әбден мүмкін. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрдік. Сол кезден газет-журналды, кітапты жата-жастана оқып, біраз нәрсеге қанығып жүрдік. Оның да өз дүмпуі бар шығар. Сонау жеті атаның арғы жағынан бері жалғасып келе жатқан геннің де өз әсері болса керек.
– Е, бәсе, кейде көсіліп сөз ағытатын кездерің болушы еді. Байқампаздығың да анық көрінетін. Соған қарап, «түбі жазушы болатын шығар», деп ойлайтынмын.
– Жалпы, мектепте жүргенде де, университеттің алғашқы курстарында жүргенде де ондай ой болды. Көрген-баққанымды ойға сақтап, қағазға жазып қойып жүретін әдетім де бар еді. Бірақ кейін терең, жан-жақты ойлана келе жазушылықтың менің қолым емес екенін аңғара бастадым. Неге? Біріншіден, жазушы болу үшін үлкен төзімділік пен сабыр керек. Мен былайынша сабырлы, салмақты адам болғаныммен, жазушылықтың ыждағаттылығы өзіме ауырлау соғатынын сезіндім. Екіншіден, жазушы болғысы келетін талапкер кемінде алдағы бес жүрісін біліп отыратын шахматшы сықылды бүкіл сюжет желісін алақанында ұстап тұрғандай түгел біліп тұруы керек. Бұл жағы да ауыр соғатын байқадым. Үшіншіден, орта толтырып жүрген көп жазушының бірі болғым келмеді, одан да шығармашылығымды алаңсыз журналистикаға арнағанды жөн көрдім. Төртіншіден, жазғандарың журналдар мен газеттерде ұдайы шығып тұруы үшін, уақытында кітаптарың баспа жүзінен жарық көруі үшін Алматыда, баспаның маңайында жүруің керек. Ал мен ол жақта қала алмайтынымды, қалайда елде жолымызды тосып отырған анамыздың қасына баруым керек екенін оқуға түскен жылдарымнан жақсы білетін едім. Сондықтан жазушылық жолға түспегеніме еш өкінбеймін. Өйткені, әр адамның өмірге келген кезінде өзімен бірге арқалап жететін өз миссиясы, яғни міндеті мен парызы болды. Адам сол өзінің пешенесіне жазылғаннан аттап кете алмайды.
Ақын Төлеген Айбергеновтің «Лениншіл жас» газетінің 1967 жылғы 22 ақпандағы нөмірінде жарық көрген «Шұғылалы шақтар» деген топтамасындағы «Қарақалпақ қызына» деген өлеңінде:
«Бүгін ғой жаңбырлатып жақын келдім,
Ұзасам, таңдайыма татыр демің.
Қағылез қара бала болғаныммен,
Жүрегім тебіренген ақын менің», – деп төгілетін төтен шумақ бар еді.
1990 жылы қаңтар айында Алматыдағы концерт залында атақты композитор, қазақ вальсінің королі, осы ақын Төлегеннің досы Шәмші Қалдаяқовтың 60 жасқа толуына орай жеке концерті өтті. Екі күн болған мерейтой жиынының қорытынды хабарын «Қазақстан» телеарнасынан көрдік. Ең соңында Шәкең сахнаға көтеріліп, көрермендардің сұрақтарына жауап беріп тұрды. Сонда залдан бір келіншек көтеріліп: «Сіз өзіңіз ән саласыз ба? Өз әніңізді өзіңіз орындайсыз ба?» деген сауал қойды. Композитор бұған не деп жауап берді дейсің ғой! «Иә, саламын, күніне жүз рет айтамын, бірақ ішімнен, жүрегіммен айтамын», – деді. Міне, мен де солай. Менің де жүрегім – ақын, жаным – жазушы, ал көңілім – әнші, бірақ мен де бәрін ішімнен ыңылдап айтып жүремін. Ал, ашығына келгенде, әркім өзінің қолынан жақсы келетін нәрсені жасауы керек қой дер едім.
– Менің мұндай ойға от беруіме сенің сол кезде есімдері елге біршама танылып қалған жазушы жерлестеріңмен жиі қатысып тұратының себепкер болып отыр. Соның ішінде сол жылдары аты жақсы естіліп жүрген жазушы Марат Мәжитовпен жақсы араласушы едің. Ағаларыңнан не үйрендің, олар сені неге баулыды?
– Ниетіңе рахмет. Дұрыс айтып та отырсың. Университетте оқып жүрген елдің қай салада жүрген белді азаматтарымен де араласып, сыйласа бастадық. Солардың ішінде Марат Мәжитов ағамен арадағы қарым-қатынас тіпті жақын, жиі болып тұрды. Сол кездің өзінде жазушы ретінде танылып қалған оның өмірге деген көзқарасы мен ұстанымы бөлек еді. «Не үйрендің?» дегенде, мен бұл кісіден шығармашылыққа тән ізденісті, жазудағы ыждағаттылықты, факт зерттеудегі мұқияттылықты, жазарда әр сөздің мәні мен мағынасын жете біліп барып қолдану керек екенін үйрендім айта аламын. Үйренген нәрсе көп қой. Жөпелдемеде аузыңа бәрі бірдей түспейді, кейбірін тіпті сөзбен жеткізе алмайсың. Марат ағамның маған сосын туыстық жақындығы да бар. Ол әуелім менің нағашым еді, кейін жездеме айналды. Одан бөлек, Жолдығали Бақытов, Мереке Құлкенов сынды ағаларыммен де етене жақсы араластым. Айтылып отырған кісілердің бәрі – менің нағыз жерлестерім, қызылқоғалықтар. Бұлардың бәрі бойыма парасаттылықты, мәдениеттілікті ұялатты. Мен олардан кісілік пен кішілікті үйрендім. Өкінішке қарай, Жолдығали ағам қазір өмірде жоқ. Жақсы ақын еді. Бірқатар жылдар бұрын кетіп қалды. Қалған екі ағаммен әлі күнге дейін араласып келемін.
Мереке ағам – бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы. Совет заманында көп жылдар «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Пионер» журналында қызмет істеп, тәуелсіздік кезеңінде «Жалын», «Таң-Шолпан» журналдары мен «Ана тілі» газетін басқарды, өзі «Өлке» деген баспа ашып алды. 2001 жылы «Күл-Тегін – Тоныкөк» деген дүниесі «Жылдың ең үздік кітабы» атанды. Марат ағамның да шығармашылығы әркез назарымда. Оның қай-қай шығармасы да әдебиетімізден ойып тұрып орын алды. Әсіресе, тарихи тұлғалар жайлы туындыларын халық іздеп жүріп оқиды. Соның ішінде «Құмдағы із», «Құныскерей» және «Тобанияз» романдарының орны әлепет. Бүгінде 5 томдық шығармалар жинағы оқырман қолына тиді. Көп ізденеді, ешуақытта естігенін емес, өзінің көзі жеткенін әбден елеп-екшеп жазады. Тілі шұрайлы, ойы айқын, қаламы жүрдек жазушы. Бұл кісілерден тілді, яғни жазуды үйренуге де болады.
– Бірге оқыған қыз-жігіттердің арасында ақындар да баршылық, жазушы да жеткілікті, тең жартысынан астамы журналистика майданында тапжылмай қызмет етті. Сол курстастардың творчествосын қадағалап жүресің бе?
– Қадағалағандай қандай! Өмір бойы ел орталығынан шалғайда жүрсек те, бірге оқыған қыз-жігіттердің қайда, не істеп жүргендерін мүмкіндігі болғанынша біліп отыруға тырысып келе жатырмыз. Көпшілігінің творчествосынан хабарымыз бар. Бір қуанатыным, бізбен оқығандардың 70-80 пайызы жазу-сызудың маңайынан табылыпты. Біраз курстас жазушылыққа ден қойды. Іштеріндегі ең өнікті жазып жүргені Жолтай Әлмашев болып отыр. Шойбек Орынбай Төлеби бабасы туралы дилогия жазып бітірді. Сатирик Толымбек Әлімбекұлының сын-сықақтарын баспасөзден оқып, скетчтерін сахнадан көріп жүрміз. Ал Ғалымбек Жұматовтың «Жалын» журналы сыйлығының бірнеше рет жүлдегері болғанын білеміз. Ділдар Мамырбаева бірнеше прозалық жинақ шығарумен бірге, ұзақ жылдар «Жұлдыз» журналында бөлім басқарды. Марқұм Мұрат Сыздықов өмірден өткенінше біраз дүние беріп кетті. Оның артында қалған мұраларын Қыдырәлі Қойтай өткенде кездесуге дейін бір кітап етіп шығарып, үлкен азаматтық жасады. Тажис Мыңжасаров фантастика жанрында біраз қалам сілтеп, кейін шежіре түзуге де елеулі үлес қосты. Дина Әбішева «Әлем әдебиеті» журналында қызмет етіп, шетел жазушыларының прозалық туындыларын аударуға атсалысты. Жолтай Әлмашов талай жылдан бері Үкімет баспасын басқарып келеді. Кезінде аудандық, облыстық газеттерде істеді. Мәншүк Шәжімова баспада қызмет етті.
Бірінші курсқа жаңа түскен кезімізде курстың жартысынан көбі ақын-тын, кейін келе-келе олардың қарасы азайып, нағыз ақындар ғана қалды. Сол аздың ішінде Шаһизада Әбдікәрімовтің шоқтығы биік. Марқұм Едіге Кішкенеев біраз жыл өндіріп жазып, соңында бір поэма қалдырып кетті. Оқуды бізбен бірге бастап, кейін филфакты бітірген марқұм Гүлзакира Әбілдаеваны да өз курстасымыз санауға толық хақымыз бар. Оның лирикалық өлеңдерінің біразын оқыдық. Серік Сатанов нағыз кемеліне келген шағында қиылып түсті. Иемберді Тастанов кейін өлеңді едәуір үдетті. Екі ауданды тел еміп жүріп, біраз бәйгелер алып үлгеріпті.
Біздің жігіттердің алды республикалық ресми ақпарат құралдарында қызмет етті. Олардың арасында Серік Пірназар, Қынабай Аралбаев, Ертай Бекқұл, Сырым Құлажанов, Мұрат Сыздықов, Қыдырәлі Қойтай, Толымбек Әлімбекұлы, Орынбасар Дөңқабақ, Шойбек Орынбай, Сапарғали Әлібаев, ШаҺизада Әбдікәрімов, Ғалымбек Жұмат, Бейбітбек Бүркітбайұлы секілді қаламгерлеріміз бар. Бұлардың да біразы соған дейін аудандық, облыстық газетердің мектебінен өткен. Ал Назарбек Байжігітов қырғыз елінің бас газетінде ту ұстар болып жүр. Кеңесбек Демешев бірқатар жылдар ҚазТАГ-да істеген соң мемлекеттік қызметке ауысып, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болды. Журналистік жолдан Сайын Бекбаев пен Балтабай Бөтенбаев та, Жанымгүл Ташкенбаева мен Гүлнар Рысбекова да, Гүлжаһан Сыбанқұлова мен Әнипа Баратова да тайған жоқ. Сол сияқты Асхан Майлыбаева, Әли Камалов, Кеңес Тұрышев, Серік Сатанов, Әбділда Сәрсенбиев, Ақмарал Сағынбекова, Сағынкүл Жантурина, Алма Смағұлова, Эра Орманова, Тілеген Ахметов – облыстық газеттер мен телеарналарға, Едіге Кішкенеев, Ізмұрат Құрбанбаев, Арысбай Айтуманов, Қамысбай Сауқымов, Иемберді Тастанов, Батырбек Сәлиев аудандық газеттерге еңбек сіңірді. Менің өзім аудандық газетте де, облыстық газетте де, облыстық телерадиокомпанияда да қызмет істедім, республикалық басылымдардың Атырау облысындағы меншікті тілшісі де болдым. Қарап тұрсам, курс түлектері арасында өз мамандығы бойынша еңбек етпегендері некен-саяқ екен. Мына көрсеткіш өте жақсы. Олардың республикалық баспасөз беттерінде жарияланған материалдарын құр жібермейміз. Ақын-жазушыларымыздың қолға тиген кітаптарын түгел оқып жүрміз.
– Әдебиеттің бір жақсы жері – ондағы тарихи кейіпкерлердің образдары арқылы республиканың әр қиырында бұрын өткен белгілі тұлғалардан хабардар болып жүресің. Мысалы, біз эпик жазушы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясы арқылы Құныскерей туралы білдік. Кейін Марат Мәжитов оған жеке роман арнады. Бірақ тарихи еңбектерде бұл қаһарманның аты көп кездесе бермейді. Өзі шынында сондай ірі тұлға болған ба?
– Құныскерей Қожахметұлы – халық арасында әлдеқашан аты аңызға айналып кеткен ірі тұлға. Ол – кеңес өкіметіне қарсы шыққандар арасында әдеби шығармаларға ең көп кейіпкер болған батыр. Рас, алғаш рет әдебиетте оның есімі Хамза Есенжановтың, өзің айтып отырған, «Ақ Жайық» трилогиясында айтылды. Одан кейін Марат Мәжитов батырға «Құмдағы із» деген повесі мен «Құныскерей» деген романын арнады. Ол соңғысын жазу үшін Түрікменстанға арнайы барып, Құныскерейдің екі қызымен жолығып қайтты. Міне, ізденіс деп осыны айтады! Бұлардан бөлек, Құрманғазы Қараманұлы «Жалғыз атты жолаушы» атты повесть жазды, Қайыржан Хасановтың «Қос батырдың хикаясы», Өтепберген Әлімгереевтің «Құныскерей» дейтін туындылары баспа жүзін көрді.
Қазір ел ішінде Құныскерейдің атын ұмыттырмау шаралары жасалуда. Мысалы, былтыр ақпан айында Атырауда оның туғанына 125 жыл толуына байланысты «Атанған Құныскерей алты алашқа» деген тақырыпта ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті. Ал 2010 жылдың көктемінде Атыраудың іргесіндегі шағын көшеге Құныскерейдің аты берілді. Өткен жылдың ішінде Орал қаласында да батырдың атымен бір көше аталды. Сол сияқты Атырау облысында Құныскерейді есте сақтау қоры құрылды. Бір ғажабы, совет өкіметі нақақ қаралаған Құныскерей Қожахметовтің есімі Қазақстанда әлі күнге дейін ақталған жоқ. Оның аты-жөні «халық жауларының» тізімінде тұр.
Жұрттың аузында, жадында осылай аңызға айналған Құныскерей құралайды көзге ататын мерген, ат баптайтын сейіскер, тазы ұстайтын аңшы, жауырыны жер иіскемеген палуан болған. Ол 1895 жылы қазіргі Қызылқоға ауданы аумағында жатқан Тайсойған құмындағы «Нөсер» қыстауында туған. Он екі аталы Байұлының құрамына кіретін ысық руынан. Біршама білімді де болған. Жергілікті «Кермеқас» және «Қаракөл» орыс-қазақ мектептерінде бастауыш сынып бітірген. Бұл мектептер Қызылқоғада 1880 жылы халық ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің ықпалымен ашылған. Құныскерей патша заманында болыс хатшылығын атқарса, совет өкіметінің алғашқы жылдарында ауылдық кеңестің хатшысы болған. Бірақ көп ұзамай большевиктер тарапынан қуғынға түсіп, ақырында солардың өздерімен соғысып кетуіне тура келеді. Бұған оған жаңа өкіметтің кейбір солақай саясаты ұнамайтыны, өзін ел ішінде билікке қарсы болып жүргендерді ұстап беруге тартқысы келетіні әсер етеді. Алғашқы сондай келіспеушілік 1920 жылы орын алады. Ол күздің бір түнінде азық-түлік салығы есебін тапсыру үшін «Калмыков» ауылына бара жатқанында жолай бір үйге түнеп, сонда аялдаған Олжабай деген қашқынды артынан келген милиционерлерге ұстап бермегені үшін сенімнен айырылады. Екінші жолы 1922 жылдың күзінде үйіне келіп қонған құдасы әрі құрдасы, ақын әрі композитор Ерғали Аязбаевты ұстап беру орнына милицияның бастығын атып өлтіріп, біржола жауласып кетеді. Содан бастап оған «еңку-еңку жер шалар» күн туады. Осылай он жылға жуық уақыт қашып жүріп соғысады.
Батыс Қазақстанның Қаратөбе ауданының жерінде «Құныскерей үңгірі» деген жер бар. Батыр сол үңгірді ұзақ жылдар паналаса керек. Осы мекен бүгінде жұрттың арнайы барып көретін киелі орнына айналған. Совет өкіметі қанша жерден «банды», «ұры», «қарақшы» деп көрсетіп, халықты қарсы қойғысы келсе де, Құныскерей ешқашан ондай әрекет жасамаған, жұрт та мұны жақсы білген. Оның жанында аздаған адамнан құралған топ қана болған. Алайда, Құныскерейдің атын пайдаланып, соның тобында жүргендерін айтып, тұрғындарды тонайтындар кездесіп тұрған. Ондайларды Құныскерейдің өзі қатты жазалап отырған.
Дегенмен, совет өкіметі күшейіп, бел алған сайын батырлар тобының ауқымы да тарыла береді. 1930 жылдың жазында Тайсойған құмында Құныскерейдің отрядын жою жөніндегі операция басталады. Қызылдар батырды қолға түсіру үшін қитұрқы әрекетке барып, алдымен оның үйі мен қора-қопсысын өртеп жібереді. Содан кейін қызылкөз пәлелер батырдың жасы 80-нен асқан әкесі Қожахметті атып өлтіріп, шілденің шіліңгір ыстығында мәйітін көмдірмей қояды. Чекистер мұны «Құныскерей әкесін жерлеуге қалайда келеді, сол кезде ұстаймыз» деп істейді. Айтқандары дәл келеді. Құныскерей әкесін жерлеуге шынымен келеді. Бірақ шағын тобымен келген оған тиісуге милиционерлер бата алмайды. Батыр солардың көз адында әкесінің мәйітін үйден алып шығып, бейітке апарып жерлеп, кетіп қалады.
Құныскерей содан кейін өз тобымен бірге қызылдардың қуғынынан қашып, Батыс Қазақстан аймағын түгел шарлап шығады. Сол сапарларда өзі секілді совет өкіметімен соғысып жүрген басқа топтармен байланысады. Ол Нарын құмында Аманғали бандасымен, Үстіртте маңғыстаулық Құрмашпен кездеседі. Алайда, қолбасшылар бірігуге келісе алмай тарайды. Сосын Құныскерей тобы Қарақалпақстанға өтіп, одан әрі Түрікменстанға жетеді. Бірақ Иран шекарасынан ары қарай өте алмағасын, кілт бұрылып, кері қайтады. Елге қайта келгесін Құныскерей қауіпсіздік үшін өз адамдарын таратуға шешім қабылдайды. Бұл кезде оның әйелі мен балалары қамауға алынған екен. Сондықтан енді мұндағы ағайынның басын қатерге тікпеу үшін жалғыз өзі Қаратөбе арқылы башқұрт жеріне өтіп кетеді. Ал тобында болғандардың көбісі артынан қамауға алынып, НКВД қабырғасында өлтіріледі. Билік інісі Жәрдем Қожахметовті де қолға түсіріп, Гурьевтің түрмесінде ату жазасына кеседі. Бірақ ол күзеттен қашып шығып, қарақалпақ жағына кетіп қалады. Онда барғасын он жылдан астам уақыт өмір сүріп, 1944 жылы өз ажалынан қайтыс болады.
Кеңес кеңсесі Құныскерейдің отбасын да аямады. Әйелі Әсем Досқалиқызы «халық жауының әйелі» ретінде тұтқындалып, Саратов қаласына айдауға жөнелтіледі. Ол жерде бірнеше жылын өткізіп келіп, 1988 жылы өмірден өтеді. Батырдың екі жас қызы аналары қамалғасын Махамбет ауылындағы балалар үйіне өткізіледі. Олар сонда көп ұзамай қайтыс болады. Ал ұлдары Айтжан мен Айтмұқанды туыстары жасырып үлгереді. Құныскерейдің өзі бұл кезде Уфа қаласына жетіп, сол жақта елден колхоздастырудан қашқан туыстарын кезіктіреді. Осында теміржолға жұмысқа тұрып, Мәриям деген татар қызына үйленеді. Екеуі сосын Новосібір қаласына кетеді. Әйткенмен, қуғыншылар оны мұнда да тауып алады. Сол себепті 1933 жылдың күзінде Тайсойғандағы өзінің «Кеңкөкті» деген ауылына әйелімен бірге жасырын келіп, әке-шешесінің басына барып құран оқып, туған үйімен қоштасып, атажұртынан біржолата кетеді. Осы кеткеннен қарақалпақ жеріне барып бір-ақ тұрақтайды, ал 1935 жылы Түрікменстанның Марый облысындағы «Сараджа» деген ауылға орнығады. Түрікмен топырағында 1937 жылы Шолпан деген, 1943 жылы Айман деген екі қызы өмірге келеді. Мұнда «Әбілқайыр Жаманов» деген жалған атпен келген кәсібін ұсталықтан бастап, кейін ақыл-парасатының арқасында колхоз басқармасының төрағасы, совхоз директорының орынбасары дәрежесіне дейін жетеді. Ол 1955 жылы зейнетке шығып, 1965 жылы қайтыс болған. Өмірден өтерінің аз алдында қыздарына өзінің құпия тарихын ашып айтып, Тайсойғандағы туыстарын тауып алуды аманат етеді.
Сұхбаттасқан Серік ПІРНАЗАР
ҚЫЗЫЛОРДА-АТЫРАУ
Сұхбаттың толық нұсқасын «Дидарғайып» журналының 2021 жылғы №1 нөмірінен оқи аласыздар.