Атырау облыстық полиция департаментіне жаңа басшы тағайындалды
АТЫРАУ. 4 ақпан. Бүгін Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы болып Нұрхат Оразбаев тағайындалды. Бұл туралы «Ақ Жайық» хабарлады.
Бұған дейін Атырау облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары болған Нұрхат Оразбаев бұл қызметте өзінің бастығы Қамза Үмбетқалиевті алмастырды.
Департаменттің жаңа басшысын ұжымға таныстыру үшін Атырауға Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың өзі келді. Ол облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен бірге полиция департаментінің ғимаратында жаңа бастықты жеке құрамға таныстырды.
Нұрхат Оразбаев 1968 жылы Атырау облысында туған. Ішкі істер органдарында 1991 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Еске сала кетейік, мұның алдында департамент басшысы Қамза Үмбетқалиев полицейлердің қаңтар қақтығысына байланысты қолға түскен күдіктілерді аяусыз ұрып-соққылауларына байланысты қоғам белсенділері тарапынан қатты сынға ұшыраған еді.
Айта кетейік, мұның алдында бірнеше облыста полиция департаменттерінің басшылары ауысты. Қаңтардың 27-сі күні Астана қалалық полиция департаментінің бастығы болып Марат Төлебаев тағайындалды. Бұған дейін осы қызметте болған Ержан Сәденов Ішкі істер министрінің орынбасары болып кетті. 28 қаңтарда Василий Скляр – Павлодар облыстық полиция департаментінің, Айдын Қабұлдинов Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаметінің бастықтары болып тағайындалды. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы полицейлерін басқарған Марат Төлебаев Астана қаласына ауысты.
Алматы облыстық полициясының бастығы Серік Күдебаев қызметінен босатылды.
Бүгін Мұрат Қабденов Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы болып тағайындалды, ол бұған дейін ІІМ Көші-қон қызметі комитетін басқарған. Ал Шымкент қалалық полиция департаметіне Қайрат Дәлбеков басшы болып отырды. Ол бұған дейін Оңтүстік Қазақстан (қазіргі – Түркістан), Маңғыстау облыстарында басшылық қызметтер атқарған.