Никол Пашинянның екі жүзді ойындары туралы
Алексей Фененко: «Пашинян Ресейге қарсы саясаты үшін Батыс алғыс ретінде өзіне көмектеседі деп күтеді»
Арменияның майдандағы сәтсіздіктеріне алаңдаған кейбіреулер енді Әзербайжанға Таулы Қарабақ пен оның айналасындағы аудандарда тұратын халықтың тағдырына алаңдамай, басып алынған аумақтарды бақылауды қалпына келтіруге ұмтылып жатыр деген айыптар таға бастады. М.В. Ломоносов атындағы ММУ әлем саясаты факультеті халықаралық қауіпсіздік кафедрасының меңгерушісі доцент Алексей Фененко «Кавказский вестник» порталына бұл айыптаулардың қаншалықты негізі бар екені және қақтығыс аймағындағы жағдай ушығуының басқа да аспектілері туралы айтып берді.
– Қазір Әзербайжан армиясы өз аумағында кіммен соғысып жүр: басқыншы әскерлермен бе, әлде армян халқымен бе?
– Бірінші мезет. Баку бейбіт тұрғындарға немқұрайлы қарады деген айыптау тағылып жатқан кезде, соңғы 25 жыл ішінде Әзербайжанның Қарабақ мәселесін бейбіт жолмен реттеудің бірнеше жоспарын ұсынғанын еске салу қажет деп санаймын. Бұл мәселеге түрліше келуге болады, бірақ Армения тарапынан біз бұл жанжалды шешудің бірде-бір жоспарын көрмегенімізді ескергеніміз жөн. Расында Армения 25 жыл ішінде бұл төңіректе не ұсынды?
Енді қазіргі қауырт жағдайдың неден басталғаны еске сала кетейін. Биылғы 1 қыркүйек күні Пашинян Ресейдің кепілдігімен қол қойылған Вена және Санкт-Петербург келісімдерінен шығатынын мәлімдеді. Бұл Ресей дипломатиясына жасалған қатты соққы болды. Сөйтіп, Армения өз еркімен бейбіт диалогтан бас тартты. Ал бейбіт диалогтан бас тарту деген не? Бұл халықаралық құқықта қалай бағаланады? Бұл «Соғысты қайта бастау керек» дегенді білдіреді! Міне, оның сол ойлағаны ақыры болды да қойды.
Екінші мезет. Армения өзінің айыптауларын қандай мәртебеде тағып жатыр? Ресми түрде ол әзірге «Арцах» дейтінді мойындаған емес. Ал Әзербайжанның аумақтық тұтастығын ресми түрде мойындаған. Демек, құқықтық тұрғыдан алғанда, Армения Әзербайжан аумағында жүзеге асырылатын оның ішкі операциясына араласып отыр.
Үшінші мезет. Арменияның көрші елдің Таулы Қарабақ аумағында сепаратистік жолмен құрылған, өзі мойындамаған республикамен өзара қорғаныс жөнінде келісімі жоқ. Тағы да, құқықтық тұрғыдан алғанда, Арменияның сондықтан оның соғысына араласуына ешбір негіз жоқ, бұл ешқандай заңға сәйкес келмейді.
Енді Әзербайжан армиясының Таулы Қарабақ аумағында кіммен соғысып жатқаны турасында. Бұл жерде оған қатысты бірден бірнеше сұрақ туындайды. Мойындалмаған «ТҚР» қарулы күштері қалайша осыншалықты жақсы қаруланған? Оларға қаруды кім берген? Оларды соғысуға кім үйретті? Бұдан бірнеше жыл бұрын армян баспасөзі Армения қорғаныс министрі Сейран Оганянның бастамасы бойынша салынып, «Оганян сызығы» деген ат алған «Арцах» тарапынан қорғаныс жүйесі бекіністерінің алынбас қамалы туралы жарыса жазысқан еді. Сол кезде ол «Мажино сызығымен», сосын «Маннергейм сызығымен» теңестірілген еді. Рас, заманында бұлардың екеуі де алынған болатын. Біріншісін немістер айналып өтсе, екіншісін Қызыл армия бұзып шыққан. Сол сияқты «Оганян сызығын» да әу басынан тап сондай тағдыр күтіп тұрды. Біз мұны 2016 жылы көргенбіз, қазір тағы көріп отырмыз. Бірақ не дегенде де, Оганян басқа мемлекеттің территориясында мұндай қорғаныс желісін қалай салып жүр? Міне, алдымен осы сұраққа жауап алайықшы. Демек, әзербайжандар өз территориясында тек басқыншылармен соғысып жатыр.
– Содан бір күн бұрын Ильхам Әлиев Әзербайжанның армян халқына қарсы ешқашан соғыспайтынын мәлімдеген еді, соның алдында егер армян тарапы өзі басып алған аумақтан кетуінің нақты мерзімі мен нақты қадамдарын көрсеткен жоспарын ұсынса, Баку таласты бейбіт жолмен шешуге дайын екенін баяндаған болатын. Ал қазір Әзербайжан тарапының іс жүзінде Жәбірәйіл ауданындағы басқыншылықты жойғанын ескере отырып, Никол Пашинян үкіметінің бұл шарттарды қабылдап, шиеленісті бейбіт жолмен шешуге келісуге мәжбүр болуының ықтималдылығы бар ма?
– Армения бұл шарттарды 2016 жылдың маусымында, Петербург жоспарына қол қойған кезінде-ақ қабылдап қойған. Сонда Әзербайжанның Таулы Қарабақпен іргелес аудандарын басқыншылықтан босатудың айтарлықтай анық мерзімдері белгіленген. Демек, қазір армян тарапынан оның өзі 2016 жылы маусымда келіскен жоспарларға оралу ғана талап етіледі. Алайда, [Армения премьер-министрі Никол] Пашинян екі жарым жыл бойы Ресейге қарсы жүргізген дәйекті саясаты арқылы Солтүстік Атлантикалық альянстың өзіне жақсы қарау, қолдау көрсету құқығына ие болып қалдым деп санайды. Сондағы ойы Батыс Түркияға қысым жасайды, Әзербайжанға қысым жасайды, француз достары Пашинян үшін бір нәрсе жасайды дегенге саяды. Алайда, Батыста оны қорғағысы келіп отырған ешкім жоқ. Бәлкім, Армениядағылар мұны соғыстан кейін түсінетін шығар.
– Никол Пашинян көмекті НАТО-дан күте ме, ҰҚКҰ-дан көмек күте ме?
– Ол ҰҚКҰ-дан көмек күте алмайды. 2016 жылдың қазан айында ұйымның Ереван саммитінде ҰҚКҰ серіктестері қауіпсіздік кепілдіктері Арменияның өзіне қатысты екенін нақты айтылды, бірақ олардың «Арцах» деп аталатын бөлек-салағымен мұның ешқандай қатысы жоқ. «ТҚР» деп аталатын автономияң ҰҚКҰ-ның жауапкершілігі ауқымына кірмейді, ондағылардың ешқайсысы әртүрлі авантюралар үшін соғысқысы келмейді.
Бұл армян саясатының Батысқа қарай бұрылуы себептерінің бірі болды. Осыдан кейін Армения ЕО-мен қауымдастық туралы келісімге қол қойды (бірақ қысқартылған нұсқада). Осы үшін ЕАЭО-ның ашық сыны астында қалды. Армения енді НАТО-мен серіктестік бағдарламасын кеңейтіп жатыр, осыдан кейін Пашинян ҰҚКҰ Арменияның мүдделеріне оншалықты сәйкес келмейді деп мәлімдеп, іс жүзінде онымен байланысқа тосқауыл қойып тынған.
Пашинян Ресейге қарсы ұстанымы үшін оған америкалықтар, француздар, немістер және тағы біреулер көмектеседі деп күтіп отыр. Осы ойлар оны жігерлендіріп келді, бірақ қазір ол Еуропаның өзін қорғауға дайын емес екенін көрді.
– Егер біз сөзіміздің басында қозғаған айыптауларға қайта оралсақ, армян тарапы неге оларды бүгін айтып отыр? Ол Әзербайжан территорияларын басып алу мақсатын осылай жасыруға тырысып отырған жоқ па?
– Ереванды бейбіт тұрғындардың проблемасы оншалықты толғандыра қоймайды деген күдігім бар. Олар ЕО елдерінің қоғамдық пікірі жолындағы ақпарат соғысында жеңіске жетуге ғана мүдделі. Олардың бар міндеті – Еуропа Одағы елдеріне Әзербайжанды жергілікті тұрғындардың жексұрын жауы етіп көрсету. Мұның шынында солай болмағы, не болмағаны олар үшін маңызды емес. Ең бастысы, француз, неміс және ең дұрысы, британиялық газеттер осы мәселе туралы дабыл қақса жетіп жатыр. Егер ЕО-да сын естілсе, Әзербайжанға қарсы толқын көтеріледі, Түркия президенті Ердоғанның мәлімдемелерін Пашинян Франция президентінің, Германия канцлерінің, Ұлыбритания премьер-министрінің мәлімдемелеріне қарсы қоя қояды.
Сол кезде Пашинян ЕҚЫҰ-ның Минск тобы өзін-өзі тындырды, Ресей нашар жұмыс істеді деп айта алады, ал егер РФ орнына сол Германияны делдалдыққа тарта алса, бұл оған тиімдірек болып көрінеді. Бұл – Пашинян стратегиясының мақсаты. Яғни, әңгіме Қарабақ тұрғындарының мәселесі турасында емес, мәселе оның ЕО ішіндегі ақпараттық соғыста қалайда жеңіске жетуінде.
– Сіздің ойыңызша, Әзербайжан аумағын басқыншылықтан тазарту сәтті болған жағдайда, Баку аймақтағы өмірді қалыпқа келтіру үшін қандай қадамдар жасауы керек?
– Біріншіден, Бакудің қанша аумақты басқыншылықтан босатып ала алуының маңызы зор. Екіншіден, оларды қалпына келтірудің кешенді жоспары қажет болады. Үшіншіден, осы аумақтардың армян халқына ресми кепілдіктер керек. Егер бұлар орындалса, Баку ақпарат алаңында Әзербайжанды ЕО-мен қақтығыстыруға күш салып жатқан Арменияны жан-жақты ұтып шығады.