Премьер Пашинян Арменияның жақында ҰҚШҰ-дан шығатынын мәлімдеді
ЕРЕВАН. 13 маусым. Кремльдің бұрынғы КСРО-ның ынжық, жуас республикаларынан жинап алған әскери блогынан Кавказдың жалғыз өкілі ақыры шығатын болды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлады.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян сәрсенбі күні республика парламентінде сөйлеген сөзінде Хай елінің Мәскеудің мезіретімен құрыла салған Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт Ұйымынан (ҰҚШҰ) шығатынан мағлұм етті.
Оның айтуынша, Арменияның бұрынғы басшылары кезінде елге ешқандай да нақты көмек пен қамқорлық әкелмейтін «желбуаз-одаққа» мүше болып кіре салған.
«Біз шығамыз (ҰҚШҰ-дан. — ред.). Оның қашан болатынын өзіміз шешеміз». – деді Пашинян депутаттардың бірінің құлаққағысына жауап беріп. Ол Хайастанның «бұдан басқа жолы жоқ» екенін және енді «қайтып оралмайтынын» қосып айтты.
Армения мұнда бірінші кезекте ұйымның Қарабақтағы жанжал кезінде көмек қолын созбағанын алға тарта береді. Соның арқасында Әзербайжан өзі 1992 жылы айрылып қалған территорияларын қайтарып алып, Қарабақтың етек-жеңін қалпына келтіріп алды.
Бірақ Пашинян бұл жерде Бакының артында Анкара тұрғанын, егер Ұйым Әзербайжанға шабуыл жасаса, Түркияның бірден көмекке келетінін, ал Арменияға Иранның жақтасып шығатынын, мұның ақыры аймақтық алапат соғысқа алып баратынын ескермей отыр. Ондай жағдай бола қалғанда, бұл жанжалға Қазақстан мен Қырғызстанның қатыса қоятыныны да неғайбыл. Қалай дегенде де, олар Әзербайжанға қарсы оқ атпас еді.
Әлбетте, қулығына құрық бойламайтын Пашинян мұны білмей отырған жоқ. Оныкі тек түкке пайдасы жоқ соғыс ұйымынан шығудың сылтауы ғана болуы керек. Әйтпесе, оның өзі Әзербайжанның 1992 жылға дейінгі шекарасын қалпына келтіріп алуына қарсы емес екенін білдіріп, екі ел арасындағы келісім хаттамасына қол қойып берген болатын. Бұған қоса, ол қазір өзі қансырап жатқан Ресейден ешқандай экономикалық жәрдемнің болмасын жақсы пайымдайды.