Футбол: Қазақстан құрамасы Арменияны 4:1 етіп ойсырата ұтты
АЛМАТЫ. 4 маусым. Еуропа чемпионатының С тобында күш сынасып жатқан Қазақстан әйелдер құрамасы өз алаңында Арменияны қабылдап, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы Sport.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазақстандық қыздар 28-минутта Александра Бурованың голымен есеп ашты. Бұдан кейін 35-минутта Аида Гайстенова есепті өсіре түсті. Армения құрамасы сапынан 39-минутта Марал Артин гол соғып, бір доптың қарымтасын қайтарды.
Алаң иелері екінші таймда да өз басымдықтарын жақсы пайдалана білді. Алдымен 57-минутта команда капитаны Бибігүл Нұрышева қонақтарды өз қақпаларынан үшінші рет доп алуға мәжбүр етті. Тағы бір минуттан кейін Әселхан Тұрлыбекова еспеті 4:1-ге жеткізді.
Еске сала кетейік, бұл – Қазақстан құрамасының еуропалық іріктеу кезеңіндегі алғашқы жеңісі.
Бұған дейін Мадияр Кембілов шәкірттері қатарынан үш рет жеңіліс тапқан болатын. Олар Болгариядан өз алаңында 0:1, Румыниядан сырт алаңда 0:1 және Армениямен сырт алаңда 1:2 ұтылды.
Қазақстандық команда келесі кездесуін 12 шілдеде өз алаңында Румынияға қарсы өткізсе, 16-шілде сыртта Болгарияға қарсы ойнайды.
Тағы бір дерек, Қазақстан құрамасы Армения командасын 2023 жылғы 2 желтоқсанда да 4:1 етіп жеңген еді.