«Шудың бойында» бұзақылар полицейді ұрып-соқты
ТАРАЗ. 13 қазан. Жамбыл облысының Шу қаласында араққа тойып алған бұзақылар полиция қызметкерін таяққа жықты. Бұл туралы қазақстандық БАҚ-тар хабарлады.
«Хабар 24» арнасының хабарлауынша, тәртіп сақшысы кешкі мезгілде қызметтік көлігімен келе жатқан. Көшенің ортасында үш бұзақы оның жолын кес-кестеп, ілгері өткізбеген.
Полиция қызметкері олардан жол беруді талап еткен. Мұның орнына бұзақылар полицейді ұрып-соғып, көлігін тартып алған.
Күдіктілер көп ұзамай қолға түсті. Олар жастары 30-дың маңайындағы жергілікті тұрғындар болып шықты. Үшеуі де уақытша оқшаулағышқа қамалды.
«Қазіргі таңда аталған тұлғаларға қатысты 380-баптың 3-бөлігі 4-тармағына жататын билік өкіліне қатысты топ болып зорлық-зомбылық көрсету әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған баптың санкциясы бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін түрмеде отыру жазасы қарастырылған», – деді Шу аудандық полиция бөлімінің бастығы Мақсат Жаманқұлов.