Армян шенеунігінің Бучаға барып келгеніне Ресей билігі шамданып қалды
ЕРЕВАН. 10 маусым. Армения шенеунігінің Украинаның орыс басқыншылары тып-типыл етіп кеткен Буча қаласына барып қайтқанын Мәскеу ауыр қабылдады. Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ереванның Нор Норк ауданының әкімі Тегран Тер-Маргарян 31 мамыр күні Буча қаласына барып, РФ басқыншыларының айуандық әрекеттерін өз көзімен көріп қайтады. Сапар барысында шенеунік Бучаның басшысы Анатолий Федорукпен кездесіп, ынтымақтастық мәселесін талқылайды, армян жағы сонымен бірге гуманитарлық көмек ретінде дәрі-дәрмектер тапсырады.
«Өзінің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап жатқан украин халқының ерлігіне біз ризамыз», – деп жазды Тер-Маргарян Буча әкімшілігінің Facebook-тегі парақшасында.
Шенеунік сонымен бірге Нор Норк ауланының «Ресей агрессиясынан зардап шеккен басқа қоғамдар сияқты Бучаға да ұдайы қолдау көрсетуге» уәде берді.
Осының бәрін бақылап отырған РФ сыртқы істер министрлігі үндемей қала алмады. Ол бұл әрекетті «дос емес елдің қылығы» деп бағалады. Министрліктің өкілі Мария Захарова «Біз армян шенеунігінің Бучаға барып-қайтуын бізге жасалған қастандық» дегенді айтты. Сөйтіп, Арменияға нота жолдады.
Еске сала кетейік, 2023 жылы 10 мамырда Мәскеуде өткен әскери парадты Бучада айуандық әрекеттер жасады деп айыпталған ресейлік қырғыз Азатбек Омурбековтің басқарғаны белгілі болды.