Лукашенко ереуілді күшпен басуға шешім қабылдады
МИНСК. 20 тамыз. Беларусь президенті Александр Лукашенко кеше өткізген қауіпсіздік кеңесінің отырысында митингіге шыққандармен есеп айырысып, «елге тыныштық әкелуге» шешімді түрде уәде етті. Бұл туралы Naviny.bu хабарлады.
Александр Лукашенко «мені жұрт ұнатпаса ұнатпай-ақ қойсын, қорықса – болды» деген принципке қазық байлаған сияқты. Мұны ол бүгінгі өткізген отырысында байқатты.
«Бүгін Александр Лукашенконың даусы сыңғырлап шықты. Егер бұдан екі күн бұрын Минск дөңгелек тягачтар зауытында жұмысшылардың «кет!» деген айқайын естігенде ол есінен танып қалғандай болып көрінсе, 19 тамыз күні қауіпсіздік кеңесінің отырысында барынша сенімді кейіп танытып, «елге тыныштықты қайтаруға», митингіге шыққандардың мәселелерін қарауға шешімді түрде уәде етті, осымен бірге бірқатар қатқыл тапсырмалар берді. Соның ішінде ішкі істер министрлігіне елде, әсіресе, Минскіде тәртіпсіздіктердің орын алуына жол бермеуді тапсырды», – делінген хабарламада.
Сонымен, күштік құрылымдар қайтадан атқа қонды. ОМОН Минск трактор зауыты алдында қарсылық білдірушілерді қуып-таратты. Погонды сарбаздар ұлттық ақ-қызыл-ақ жалаулар іліп қойылған бүлікшіл Купала театрын бақылауға алды. Ғимаратқа баратын жолдардың бәрі тарс жабылды.
Қазір барлық жерде ереуілге шығармау үшін жұмысшыларға орасан зор қысым көрсету жүріп жатыр. Көптеген кәсіпорындардағы жағдай мазасыз болғанымен, адамдардың бір бөлігі жұмыс орнына келген жоқ, сонымен бір мезгілде жаппай ереуілдің өзі де байқалмайды. БелПАН-ның мәліметі бойынша, мысалы, Солигорскідегі «Беларуськалий» зауыты ереуіл жариялағанына қарамастан, оның бір бөлігі жұмыс істеп тұр, себебі, басшылық жұмысшыларды бұл үшін қылмыстық жауапкершілікке тартатын болып қорқытқан. Стачком баспасөз атташесі Глеб Сандростың айтуынша, шын мәнінде жұртты жұмысқа қуып әкелген.
Сонымен бірге, Беларусьтегі ереуіл туралы заңның қитұрқылығы тіпті көп екені енді білініп жатыр. Мұндай шешім ең алдымен кәсіпорынның жалпы жиналысында қабылданып, әкімшілікке екі апта бұрын хабарлануы керек екен, бірақ онда саяси талаптар ұсынуға болмайды.
Көшедегі акцияларды қуып таратқаннан, ұсталғандарды аяусыз ұрып-соққаннан кейін де қарсылық қозғалысы басылған жоқ. Билік сол кезде кеспелтек ұстаған жауынгерлерді пайдаланғанды қойғандай болып көрініп еді. Сөйтсек, билік соңғы бірнеше күн бойы өзгерісті қалайтындардың карнавалда жүргендей болған көңіл-күй ауандарын сырттай біраз бақылап тұрыпты. Солардың бәрін ой елегінен өткізіп, сарапқа салғаннан кейін олардан өздеріне келе қоятын ешқандай залалдың жоғын да пайымдап үлгеріпті.
Сондықтан бүгін Лукашенко қайтадан бұрынғы өзіне өзі сенімді, қаһарлы да қайтпас қайсар қалпына қайта келген сияқты. «Менің тағы да ескертіп қойғым келеді: егер әлдекім бұл жолы билік бізге иіліп, шатқаяқтай бастады десе, – қателеседі. Тағы мынаны айтқым келеді, биліктің табан тірей алатын тірегі бар. Сондықтан біз ешкімнің алдында елпілдей қоймаймыз», – деді сосын ол.
Оны мұндай қадамдарға батыл итермелеп отырған не?
«Билік қарсылық қозғалысының осал жерін көрді. Қозғалыс бұрынғыдан көбейе қойған жоқ, жалпыға ортақ ереуілді де жариялай алмады. Сол себепті Лукашенконың енді батыл қарсы шабуылға шығуы қисынды», – деп түсіндірді мұны Минскідегі «Стратегия» талдау орталығының сарапшысы Валерий Карбалевич.
Оның айтуынша, Лукашенко қарсылық қозғалысының өзі басылуын күтіп те отырмады: «Күту – оның стиліндегі нәрсе емес». Егер ешқандай әрекет жасамай отыра берсе, биліктен құрылымдар, адамдар, тіпті тұтас аймақтар (Гроднодағы ахуалдың өрбуін алайық) ажырап шыға берер еді. Сондықтан Лукашенко «салмақты күшке салып, қарсы шабуылға шығады», дейді аналитик.
Лукашенко күшпен көшедегі белсенділіктің ғана жолын қиюға әрекет етпейді, сонымен бірге өзінің ішкі легитимдігі, яғни қызметінің заңдылығы проблемасын да шешіп алуға тырысады. Ол «26 жыл билеген кезіндегідей, оппозицияны тағы геттоға, халықты мойынтұрыққа тығып тастауға» тырысады, деп болжайды сарапшы.
Ол бұдан әрі былай түсіндіреді: «Легитимділік – бұл қоғамның билікке өзін билеуіне берген келісімі. Мұндай келісім не ерікті жолмен, не күшпен алынуы мүмкін. Жұрт қарсылық көрсетуге қорықса, бұл – келісімнің үнсіз түрі. Ал Лукашенкоға жұрттың тек бағынуы ғана керек, оған осының өзі жеткілікті».
Бұл шабуылға қоғам тек жаңа жаппай қарсылық акцияларын, соның ішінде ереуілдерді ғана қарсы қоя алады, деп атап өтеді Карбалевич.
Сонымен бірге, ел басшылығы қоғамның өзгеріс жөніндегі талаптарын да әйтеуір бір ескеруі керек. Сондықтан Лукашенко 17 тамыз күні МЗКТ-да айтқан жаңа Негізгі заң туралы сөзіне қайта оралды. «Барлық өзгерістер Конституцияға жазуылуы керек. Жұмыс та жалғаса береді. Ол бұрынғыдан жанданады…Сосын біз Конституция бойынша билік органдарын қайта сайлау жөнінде пікірталас жүргізе аламыз», – деді ол.
«Бұл – елдегі саяси дағдарысқа жауап. Енді Лукашенко Конституцияны өзгерту жөнінде тым жылпылдатып бірдеңе айтып отыр, бірақ мерзімін атамады, демек, мұның ешқандай салмағы жоқ», – деп атап көрсетті «Политическая сфера» саяси зерттеулер институтының директоры, саяси ғылымдар докторы Андрей Казакевич.
Оның айтуынша, бұл өзгерістердің бәрі де көпшіліктің айтарлықтай бөлігі қалап отырғанындай, қоғамды демократияландыру, мейлінше плюралистік саяси жүйені орнату рухында емес, керісінше, кенет, мысалы, «осы сұмдық сайлауларды сирегірек өткізу үшін» президенттік мерзімді жеті жылға дейін ұлғайту мақсатында жасалуы мүмкін.
Лукашенко кеше де Светлана Тихановскаяның бастамасымен билік трансфері үшін құрылып жатқан үйлестіру кеңесіне біраз шүйлікті. Ол бұл қозғалысты билікті заңсыз тартып алуға бағытталған қылмысты топ ретінде бағалады. Сондықтан оның мүшелерінің қолдарына портфель емес, сыпырғы мен күрек (!?) ұстатып қоюға уәде етті. Мұны тікелей қоқан-лоққы жасау, үркітіп-қорқыту демеске тағы лаж жоқ.
Сондықтан үйлестіру кеңесінің келешегі қандай болмақ? Бұл құрылымды дамыту үшін қандай тетіктер керек?
Карбалевичтің сөзіне қарағанда, толығырақ тұжырым жасау үшін кеңестің бірінші шешімдерін күтуге тура келеді. Ол кеңестің енді абайлап қимылдайтынын, оның билік пен оппозиция арасындағы дәнекер қызметін атқаруға тырысатынын айтады.
Өз кезегінде Казакевич үйлестіру кеңесінің келешегі бәрінен бұрын оның белсенділігіне байланысты болғалы тұрғанын алға тартады.
Айта кету керек, Батыста Лукашенкоға тікелей ықпал ететін күшті тетіктер жоқ. Ол қазір тіпті ГФР канцлері Ангела Меркельдің өзімен сөйлескісі келмейді. Ал Кремль анық Лукашенконың жағында тұр. Мұны Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров анық ашып айтты.
Енді оқиға бұдан әрі қалай дамиды? Жақын күндерде не болады?
Беларусь халқы бұрынғысынша акцияға шыға береді. Бірақ оның қатары бұрынғыдай көп болмауы мүмкін. Сол сияқты ереуілге шығатындар саны күрт қысқара беруі ықтимал. Бұл жағдайда Лукашенко күш ала түседі. Ол әзірге мемлекеттік аппарат пен күштік құрылымдарды уысынан шығара қойған жоқ. Сондықтан өзінің орнынан кетуі туралы ойланған да емес, тіпті оппозициямен мәмілеге келуді де көздемейді, мұның орнына келіспушілер саны миллионға жетсе де, еш қаймықпай, күшпен басуға бекініп отыр.