ХОК Ресей мен Беларусьті 2024 жылғы Олимпиялық ойындарға шақырмайды
ЛОЗАННА. 26 шілде. Халықаралық Олимпиялық комитет (ХОК) Ресей мен Беларусьті белгіленген күні 2024 жылғы Олимпиялық ойындарға шақырмайтыны белгілі болды. Бұл туралы «Советский спорт» ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Бүгін – 26 шілде, келесі 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиялық ойындардың басталуына тура бір жыл қалды. Осы күні ХОК Олимпиадаға қатысатын елдерге арнайы шақыру жіберіп болады.
«Халықаралық олимпиялық комитет белгіленген дата – 26 шілде күні Ресей мен Беларусьті 2024 жылғы Олимпиялық ойындарға қатысуға шақырмайды», – деп хабардар етті ТАСС ХОК-тың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Хабарланғандай, Ресейдің олимпиялық комитеті мен Беларусьтің ұлттық олимпиялық комитеті, сондай-ақ Гватемала ұлттық олимпиялық комитеті ХОК Парижде өтетін Олимпиадаға шақырған 203 ұлттық олимпиялық комитеттер құрамына кірмейді.
«ХОК енгізген ресейлік және беларусьтік спортқа қатысты мұндай санкциялар Украинадағы жанжалға байланысты туындап отыр. Гватемала ұлттық олимпиялық комитеті өз кезегінде 2022 жылғы қыркүйекте шеттетілген болатын», – делінген «Советский спорт» хабарламасында.
Әлбетте, бұл заңды да әділетті шешімге РФ шенеуніктері жұлқына қарсы шығып жатыр. Мәселен, жағдайдың осылай боларын онсыз да жақсы біліп отырған РФ федерация кеңесінің райысы Валентина Матвиенко бұдан бірнеше күн бұрын мұның бәріне АҚШ пен Еуропаны кінәлап, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Осыдан-ақ бұл елдің басшылары да, қосшылары да қаншалықты арсыз, бетпақ, көкайыл екендерін білуге болатын шығар.
Басқыншы елдің спортшылары тек қана бейбітшілікті ту етіп көтеретін, бар мақсаты әлемде бейбіт күннің сақталынып қалуына қызмеn ету болып болып табылатын олимпиялық қозғалыстың құрамында болуға тиісті емес. Тап қазіргі жағдайда осы екі елдің олимпиялық комитеттерін ХОК құрамынан шығарып тастаса да, адекватты әлем жұртшылығы қарсы болмас еді деп ойлаймыз.
Халықаралық Олимпиялық комитеттің президенті Томас Бах сонымен бірге Ресей және Беларусь спортшыларына қатысты шешімнің әлі түпкілікті емес екенін баяндады. Ол барлық мәселенің Украинадағы соғыстың алдағы уақыттағы барысына байланысты екенін білдірді.
Айтқандай, Париждегі Олимпиялық ойындар 2024 жылы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.