Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Британия тағы екіге бөлініп кетудің алдында тұр

ЛОНДОН. 19 тамыз. Британияда тағы да Шотландияның Біріккен корольдіктен шығып, елді екіге бөліп жіберу қаупі төніп тұр. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Мұндай тенденция шотланд аймағында қайтадан сепаратисітк көңіл күйдің біртіндеп белең алып келе жатқанынан байқалып отыр.

Еске сала кетейік, шотланд қоғамының айтарлықтай бөлігінің метрополиядан бөлініп кетуге ұмтылуы алғаш рет 2014 жылы референдум өткізуге дейін алып барған еді. Сол жолы бұл территорияда тұратын халықтың басым бөлігінің бұл идеяны қолдамайтыны белгілі болған кезде (2013 жылдың соңында жүргізілген сауалдама бұған келіспейтіндердің 20 пайызға артқанын көрсеткен) Лондон автономияда референдум өткізуге келісім берген. Рас,дауыс беретін күн жақындағанда бөлінгенді қалайтындардың қарасы көбейе бастаған. Соның нәтижесінде референдумда шотландиялықтардың 55 пайызы ғана Британия құрамында бола беруді жақтап, аумақ одақтық мемлекеттің аясында әупіріммен қалған.

Осымен мәселе түбегейлі шешілгендей болып еді. Бұл ұйғарым мәңгіге болмағанда да, ұзақ уақытқа алаңдамауға кепіл секілді болып көрінген. Бұған қатты қуанған Британияның сол кездегі премьер-министрі Дэвид Камерон мұның тұтас ұрпақтың таңдауы екенін көпке дейін қайталап айтумен болды. Мұндай тұжырымға референдумның жүргізілуіне бастамашы болған, ондаған жылдар бойы тәуелсіздік жолында күресіп келе жатқан Шотландия ұлттық партиясы да келіскен сыңай танытты. Бұған қоса, партия лидерлері саяси ахуал айтарлықтай өзгермеген күнде де, қайтадан референдум өткізу туралы қозғалыс болмайтынын айтып уәде беріп те қойған.

Бірақ, кейін белгілі болғанындай, одан кейін жағдай күрт өзгеріп кетті: шотланд қоғамының түгелдей қарсы болғанына қарамастан, Біріккен корольдік Еуроодақтың құрамынан шықты. Англия жағының тұрғындары 2016 жылы Brexit үшін, яғни Еуроодақтан шығу үшін дауыс берді. Сол кезде шотланд сепаратистері өздерінің тағы қайта көтерулеріне тура келетінін түсінді. Мұның үстіне, өткен жолғы бірінші референдумнан олардың алған сабақтары зор еді, ең бастысы, бұлар сайлаудың саяси технологиясын жақсы үйреніп алды.

Лондон болса, ендігі жерде бұл тақырыптың жабылып қойғанын айтудан жалығар емес. Алайда, соңғы күндері Британия үкіметін нағыз үрей жайлап бара жатқан сияқты. Себеп – елдің тарихында бірінші рет сепаратистік көзқарас басымдық ала бастады. Оны жүргізіліп жатқан сауалдама сәт сайын көрсетіп беріп отыр. Мысалы, биылғы көктемде ғана екі жақтың мүмкіндігі тепе-тең сияқты болатын. Бірақ маусымның басы бөлінуді қалайтындардың 3 пайызға асқанын көрсетті. Ал жақында жүргізілген сауалдама сепаратистік ағымның 7 пайызға өскеніне көз жеткіздірді. Демек, мұндай пиғылдағылар саны 57 пайызға дейін жеткен.

Осы мәліметтерді алғаннан кейін Борис Джонсонның үкіметі «кенет» корольдікте Шотландия атты аймақ барын естеріне түсірісті. Премьер-министр билікке келгеніне жыл толғанда солтүстік Оркней аралдарына барып, Шотландияның экономикасын дамытуға 50 миллион фунт бөлдіретінін айтып сендіріп қайтты.

Бұл шын мәнінде қазіргі премьердің қызметке кріскелі бері Шотландияға бірінші рет баруы еді. Осыдан-ақ оның бұл жақтағы беделінің қандай екенін байқауға болады.

Дегенмен, мәселе референдумға дейін жете ме, жетпей ме, – ол белгісіз. Бірақ Шотландияда сепаратистік көзқарастың көбейіп келе жатқаны ақиқат. Ал Борис Джонсон Шотландияға деген қамқорлықтың күрт артатынын айтып, қайта-қайта ақталып жүр.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button