ХОК Ресей спортшыларын соғысқа қарсы болса ғана жарыстарға жібереді
ЛОЗАННА. 29 наурыз. Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) ресейлік және белорус спортшыларын Украинадағы соғысты қолдамайтын болса ғана халықаралық жарыстарға жіберуді ұсынды. Бұл туралы шетел ақпарат құралдарының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
ХОК-тың президенті Томас Бах өзінің ұсынысын кеше өткен баспасөз мәслихатында жеткізді.
Оның тұжырымы бойынша, Ресей мен Беларусь атлеттері бұл жағдайда бейтарап ту астында сайысқа қатысу мүмкіндігін ала алады. Алайда Ресей мен Беларусьтің арнайы қызмет органдарымен келісімшарт жасасып қойған, екі елдің армиясымен немесе ұлттық қауіпсіздік қызметімен байланысы бар спортшыларға мұндай жеңілдік берілмейді.
«Атлеттерге жарысқа қатысуға рұқсат беру алдында олардың соғыс тақырыбында көпшілік алдында айтқан мәлімдемелері мен пікірлері, соғысты қолдауға арналған жиындар мен шерулерге қатысқан-қатыспағандары толық тексеріліп, ескерілуі тиіс», – деп атап өтті Бах.
«Алайда, командалық спорт түрлері бойынша өнер көрсететін спортшылар тіпті өзгенің туы астында да жарыстарға қатыса алмайды», – деп нақтылай түсті ол соңынан.
ХОК өзінің мәлімдемесінде Ресей мен Беларусь спортшыларының халықаралық жарыстарға, соның ішінде 2024 жылы өтетін Париж Олимпиялық ойындарына қатысу-қатысупаулары мәселесі әлі түпкілікті шешілмегенін ашып айтты.
ХОК ресейлік және белорус спортшыларын өткен жылы ақпан айында РФ-ның оккупациялық армиясы Украинада соғыс бастап кеткеннен кейін жарыстардың көпшілігінен шығарып тастаған болатын. Мұндай шешімді жекелеген спорт түрлері федерациялары да қабылдап жатыр.