Бұдан 40 жыл бұрын: Мәскеу Олимпиадасы. Бокс турнирі
Бүгін, 2 тамыз күні Мәскеу Олимпиялық ойындарындағы бокс сайысының финалдық айқастары өткеніне тура 40 жыл толып отыр.
Біз сол кезде Жамбыл облысына қарасты Красногор ауданы аумағындағы Қордай асуының жанындағы әскери бөлімде универсиетті бітіргеннен кейінгі үш айлық жаттығу жиынына қатысып жатыр едік. (Белгілі бір себептермен мен бұл жиынға өз курстастарымнан бір жыл кейін қалып барғам). Тап сол шақта үлкен палатаға орналасқан штаб жұмысында жүргенмін. Сондықтан бокс жекпе-жектерін емін-еркін түгел көріп шығуға толық мүмкіндігім болды. Мен оны өзімнің взвод командирім лейтенант Владимир Родионовпен бірге отырып көрдім.
Сол жолы финалдық шайқас барысында Серік Қонақбаевтың итальян Патрицио Оливадан ретсіз жеңіліп қалғанына ішімнің қалай удай ашығанын әлі ұмытқам жоқ. Соның салдарынан тіпті бірнеше күн бойы ас батпай қойғаны да есте. Ал сол жылдың күзінде Серік ел аралау сапары барысында Красногор ауданына келгенде, одан Олимпиаданың күміс жүлдегері атанғалы бері одан сұхбат алған бірінші қазақстандық журналист мен болдым. Курстасым Қыдырәлі Қойтаевтың тапсырысы бойынша алған сол дүнием артынша жергілікті аудандық «Коммунизм жолы» газетіне бір бет болып басылып шықты.
Жарайды, енді сентиментализмді түгел жиып қойып, негізгі мәселеге көшейік.
Боксшылар турниріндегі жекпе-жектер, мамандардың алдын ала болжағанындай, Куба мен КСРО құрамалары арасындағы кескілескен бәсеке шеңберінде өтті. Екі команда да ең соңғы сәтке дейін бір-бірімен қатарлас шауып, үзеңгі қағысып келді. Сөйтіп, Бостандық аралынан – 8, Кеңес Одағынан 7 былғары қолғап шебері финалға дейін алқынбай жетті. Он бір салмақ дәрежесі бойынша күш сынасқан 22 саңлақтың қатарында бұлардан басқа Болгария, ГДР, Италия, Югославия, Венесуэла, Уганда және Польша елдерінің бір-бір спортшысы болды.
Алайда, ақырғы сынақта совет боксшылары күтпеген жерден үлкен сәтсіздікке ұрынды. Онда бірінші болып шаршы алаңға шыққан 48 килоға дейінгі салмақтағы Шамиль Сабировтан басқалары қарсыластарына әртүрлі жағдайларда, әр қилы себептермен тегіс есе беріп қойды. Сонымен бірге, Олимпиада тарихында бірінші рет бір елдің командасы бестен артық алтын медаль жеңіп алып, жаңа бір рекордқа қол артты. Сондай теңдессіз жеңіске жеткен Куба құрамасы 6 алтын, 2 күміс және 2 қола медальмен ресми емес командалық есепте бірінші орынға көтерілді. Екінші саты 1 алтын, 6 күміс және 1 қола медальға қол жеткізген КСРО жасағына бұйырды. Ал үшінші тепкішекке 1 алтын және 5 қола медаль жинаған ГДР командасы орналасты. Қалған алтын медальдарды Болгария Италия және Югославия елдерінің боксшылары өзара бөлісіп алды.
Сонымен, Мәскеу уақытымен тапа-тал түс кезінде боксшылар шайқастары да басталды.
12:00. Әдеттегідей жекпе-жектерді 48 килоға дейінгі аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі боксшылар бастады. Олар – кеңестік Шамиль Сабиров пен кубалық Ипполито Рамос салғаннан бір-бірлерін тұқыртып тастауға күш салды. Айқастың бірінші раундында біздің боксшының басымдылығы байқалса, келесі кезеңде оның қарсыласы үстем көрінді. Ал үшінші бөлік екі атлеттің алма-кезек басымдығымен өтті. Дегенмен, краснодарлық татар жігіті ұрыстың соңында біраз белсенділік көрсетіп үлгерді. Арбитрлардың шешімдерінде де осы жағдай анық көрініс тапты – 3:2, шайқас Шамильдің пайдасына шешілді.
13:00. Келесі кезекте 51 килоға дейінгі салмақтағы кеңестік Виктор Мирошниченко болгар визавиі Петер Лесовпен ұшырасты. Бұл текетіресте донецкілік тарланның сөзсіз фаворит екені анық еді. Бірақ ол қабағы жарылуына байланысты ұрысты жалғастыра алмады. Соның салдарынан жеңіс қарсыласына беріліп кетті. (Ол кезде шайқастың сол уақытына дейін кімнің басым болып тұрғаны есепке алынбайтын, жарақаттанып жарыс жолынан шығып қалған боксшыға жеңіліс берілетін).
14:30. Бостандық аралының өкілі Хуан Баутиста Эрнандес (54 килоға дейінгі салмақ) венесуэлалық Бернардо Пиньянгоны аса қиналмай ұтып шықты. Екі көрші мемлекет спортшылары арасындағы жекпе-жектің әр раундында кубалық сүліктей жігіт айтарлықтай басымдық танытты – 5:0. Бұл салмақтағы кеңес боксшысы, Арменияның Кировакан қаласынан келген Самсон Хачатрян 1/4 финалда румын Думитру Киперенің алдында қауқарсыздық байқатты – 1:4.
15:30. Шығыс Германия саңлағы Руди Финк 57 килоға дейінгі салмақта кубалық Адольфо Ортеганы жақсы ұтып шықты. Ол барлық раундта да қарсыласынан бір қадам ілгері жүріп отырды. Нәтижесінде бес төрешінің төртеуі оның ұтқанына күмән келтіре алмады (4:1). Алайда, ГДР-лік 23 жастағы спортшы осы жолы Олимпиада чемпионы атанғаннан кейін боксты қойып кетті. «Әбден жалықтым» болыпты бар айтқаны. Содан кейін талай жұмыстың басын шалып көріп, ақыр соңында жаттықтырушы болып боксқа қайта оралыпты. Осы салмақтағы біздің магадандық Виктор Рыбаков жартылай финалда осы неміс жігітінен 1:4 есебімен тізе бүгіп, қола медальды қанағат тұтып қалды.
16:30. Кезек 60 килоға дейінгі салмаққа келді. Мұнда алматылық Виктор Демьяненко кубалық Анхель Эррерамен қолғап түйістірді. Өз саңлағымыз болғамыз кеңірек айта кетейік, ол финалға дейін 4 боксшымен шайқасып, бәрінде де айқын басым болып еді. Атап айтқанда, 1/16 финалдық іріктеу сайысында Сьерра-Леоне өкілі Мохамед Бангура тәртіпсіздігі үшін 2-раундта сайыстан шығарылып тасталса, 1/8 финалдық іріктеу шайқасында КХДР-лық Жонг Жо Унгті, 1/4 финалда болгар Йордан Лесовты 5:0 есебімен тізе бүктірді, жартылай финалда ГДР боксшысы Рихард Новаковскиді 1-раундта іске алғысыз етіп тастады. Біздің жерлесіміз финалда да жақсы шайқасты. Бірақ кубалықтың басымдығы байқалып тұрды. Ал 3-раундта Виктордың қабағының қаны тоқтамағасын, рефери ұрысты аяқтауға шешім қабылдады.
17:30. Бұдан кейін Жамбыл қаласынан келген қазақстандық тағы бір боксшы – Серік Қонақбаев 63,5 килоға дейінгі салмақта алтын медаль үшін таласты. Ол қарсыласы – итальян Патрицио Оливаны бұдан бір жыл бұрын ГФР-дың Кельн кентінде өткен Еуропа чемпионатының финалында 4:1 етіп ұтқан еді. Сондықтан бұл жолы да Серіктің сол үдеден шыға алатынына көп адам сенімді болды. Бірақ соған дейін 4 ұрыс өткізіп келген боксшымыз жартылай финалда кубалық Хосе Агилармен шайқастан соң шаршап қалған сияқты. Олай болатын да жөні бар. Жекпе-жек өте ауыр жағдайда өтті. Соның арасында біздің жігіт бір рет нокдаун да алып қалды. Әйткенмен, жекелеген соққыларының дәлдігі арқасында 4:1 есебімен жеңіске жетті. Ол 1/16 финалдық іріктеу ұрысында румын Симеон Куцовты 5:0 етіп ұтса, 1/8 финалдық сайыста венгер Имре Башкаидың секунданты 2-раундта ортаға сүлгі тастауға мәжбүр болды. Ал 1/4 финалдық айқаста пуэрториколық Хосе Молинаның шаршы алаңға шықпай қалуы себепті жеңіс оған ұрыссыз берілді. Енді Олимпиада финалында итальяндықтың 4:1 есебімен ұтқаны хабарланды. Бір қызығы, осыдан бастап соңына дейін жеңімпаздар тек осы есеппен ғана қарсыластарын жеңіп тұрды. Турнирде сонымен бірге Патрицио ең үздік боксшыға берілетін Баркер кубогына ие болды.
18:30. Содан соң 67 килоға дейінгі салмақта кубалық Андрес Алдама угандалық Джон Мугабиді жоғарыдағы есеппен ұтып шығып, өз құрамасына есебіне үшінші алтын медальды алып берді. Бұл салмақта Кеңес Одағының намысын қорғаған еревандық Исраэль Акопкохян 1/8 финалдық іріктеу сайысында осы кубалық қабыланнан 2:3 болып ұтылған еді.
19:30. Бұдан кейін 71 килоға дейінгі салмақта кубалық Армандо Мартинес мен кеңестік Александр Кошкин жан алып, жан берісті. Мәскеулік боксшы ұрысты жақсы бастады. Бірінші раунд соның пайдасында кетті. Екінші раундта Мартинес жағдайды тепе-тең етті. Ол үшінші раундта да сол қарқынынан тайған жоқ. Бұған қоса, Александрды бір рет нокдаунға жіберіп те үлгерді. Сөйтіп, кубалық боксшы тағы бір алтын медальды қанжығасына байлап, оның жалпы санын төртеуге жеткізді. Тағы бір айтатыны, Кошкин 1982 жылы Мюнхенде (ГФР) өткен әлем чемпионатының финалында Мартинесті 3;2 есебімен ұтып, жеңілістің есесін қайтарған еді.
20:00. Келесі 75 килоға дейінгі салмақта да кубалық былғары қолғап шебері кеңестік әріптесінен бас жүлдені тартып алды. Мұнда Хосе Гомес днепропетровскілік Виктор Савченконы қатты текетірес соңында жеңді. Осымен бесінші алтыншы медаль Куба қоржынында кетті. Қазір Виктор Савченко Украина Бокс федерациясы президиумының мүшесі, Днепропетровск денешынықтыру университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик, профессор.
20:30. Югославиялық Слободан Качар 81 килоға дейінгі салмақта чемпион атанды. Ол финалда поляк Павел Скшечті ұтты. Осы салмақтағы КСРО боксшысы тбилислік Давид Квачадзе 1/4/ финалда одан 1:4 болып ұтылып, медальға жете алмай қалған болатын.
21:00. Осы сағатта турнирдің ең соңғы шайқасы басталатын шақ та келіп жетті. Воронеждік Петр Заев 81 килодан ауыр салмақта Кубаның басты қабыланы Теофило Стивенсонмен ақтық айқасқа шықты. Ол бұған дейін екі рет Олимпиада чемпион болып қойған тарланмен қайтпай шайқасса да, бір сүйем жетпей жатқаны бәрібір байқалып тұрды. Осылайша Стивенсон үшінші мәрте Ойындардың жеңімпазы атанды. Сөйтіп, венгер Ласло Папптың бұған дейінгі жетістігін қайталады.
Әлбетте, Мәскеу Олимпиадасындағы бокс турнирі төңірегінде әлі күнге дейін басылмай айтылып келе жатқан әртүрлі алып-қашты әңгімелер өте көп. Соның бірқатары АҚШ бастаған алпауыт елдер Ойындарға байкот жариялағаннан кейін, соған қарамастан жарысқа келген елдердің спортшыларын көтермелеу саясатының жүргені туралы тұжырымдарға саяды. Тағы бір сарапшылар төрешілердің осы жолы қасақана бұра тартқандарын да сөз етеді. Бірақ бүгін олар туралы ештеңе айтпаймыз. Біздің бүгінгі міндетіміз – осы тарихи күнді, оның 30 жылдығын тағы бір мәрте еске түсіру ғана болды. Соны орындадық та қойдық.
Серік ПІРНАЗАР