Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

World Boxing ұйымына Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары да қосылды

КОЛОРАДО-СПРИНГС. 14 қараша. Бұдан тура 10 күн бұрын Қазақстан мен Өзбекстанның бокс федерациялары World Boxing халықаралық ұйымына мүше болып қабылданды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Қарашаның 4-і күні Қазақстан бокс федерациясы ресми түрде World Boxing-тің толыққанды мүшесі атанды. ҰОК баспасөз қызметінің мәліметінше, оның жайы АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында өткен World Boxing халықаралық бокс федерациясы конгресінде хабарланған.

Осы күні сондай-ақ Өзбекстанның бокс федерациясы да ресми түрде World Boxing ұйымын қатарына қосылды. Ал бұдан бір күн алдын Қырғызстан бокс федерациясы осындай құрметке ие болған.

Қазіргі таңда World Boxing (WB) ұйымында 55 ел-мүше бар. Конгресс барысында ХОК мақұлдаған WB Жарғысына енгізілген өзгерістер туралы пікірталас болды.

Сонымен қатар, жарыс өткізу регламентіне енгізілген өзгерістер қабылданды. Атап айтқанда, турнирлер жаңа салмақ дәрежелерінде өткізілетін болады. Сондай-ақ, төрешілердің жекпе-жек барысындағы және жеңімпаздарды анықтау кезіндегі жұмысына өзгерістер енгізілді.

«Сондай-ақ World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Конгресс қатысушыларының алдында сөз сөйлеп, U19 жасөспірімдер арасындағы алғашқы әлем чемпионатын және Конгресті ұйымдастырғаны үшін US Boxing ұйымына алғыс білдірді. Өз сөзінде ол Португалияда өткен Ұлттық Олимпиада комитеттері қауымдастығының (ҰОКҚ) Бас Ассамблеясында әртүрлі елдердің Ұлттық Олимпиада комитеттері және Олимпиада қозғалысының өзге де спорттық ұйымдарымен кездесулер өткізген World Boxing Олимпиадалық комиссиясының жетістіктерін атап өтті», – делінген мәліметте.

Конгресс барысында Қазақстанның бокс федерациясы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі ретінде 2027 жылғы бокс бойынша әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді. Әлемдік ұйымның шешімі жақын арада белгілі болады.

Айта кетейік, World Boxing халықаралық бокс федерациясы 2023 жылдың сәуір айында құрылған. Оның алғашқы құрылтайшылары құрамында АҚШ, Англия, Германия, Нидерланд, Швеция және Жаңа Зеландия елдерінің федерациялары болды.

Бір айта кететін жайт. World Boxing ұйымына Ұлыбритания бокс федерациясымен қоса, осы елге қарайтын Англия, Шотландия және Уэльс федерациялары да кіріп отыр. Енді тек осы одақтан Солтүстік Ирландия ғана қалып тұр.

 

Әзірге World Boxing ұйымына төмендегі елдер мүше атанып отыр.

Азия құрлығынан (15):

– Бутан, Жапония, Ирақ, Корея, Қазақстан, Қырғызстан, Лаос, Моңғолия, Өзбекстан, Пәкстан, Сингапур, Таиланд, Тайпей, Үндістан, Филиппин;

Америка құрлығынан (16):

– АҚШ, Аргентина, Барбадос, Бермуд аралдары, Виржиния аралдары, Бразилия, Гватемала, Гондурас, Канада, Кайман аралдары, Доминика, Панама, Перу, Суринам, Эквадор, Ямайка;

Африка құрлығынан (3):

– Алжир, Мадагаскар, Нигерия;

Еуропа құрлығынан (16):

– Англия, Андорра, Бельгия, Дания, Германия, Исландия, Италия, Литва, Нидерланд, Норвегия, Уэльс, Ұлыбритания, Финляндия, Чехия, Швеция, Шотландия;

Океания аймағынан (5):

– Аустралия, Жаңа Зеландия, Полинезия, Тувалу, Фиджи.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button