Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Қазақ палуаны Нұрқожа Қайпанов еркін күрестен әлем чемпионы атанды

ТИРАНА. 1 қараша. Өткен түнде Албанияның астанасы – Тирана қаласында еркін күрестен әлемнің 70 келіге дейінгі салмақта чемпионы атанды. Бұл туралы Sports.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Осылайша, ол Қазақстанның еркін күрес тарихында күрестен әлем чемпионы атанған екінші атлет атанды. Бұған дейін бұл атаққа 2023 жылы 92 келіге дейінгі салмақта Ризабек Айтмұхан қол жеткізген еді.

Нұрқожа Қайпанов финалда жапонның 22 жастағы палуаны Йошиносукэ Аоягиді 5:3 етіп ұтты. Ол белдесудің бірінші кезеңінде қарсыласына есе беріп қойса да, ақырында жеңіп шықты.

Қазақ палуаны іріктеу кезеңдерінде Израиль, Молдова, Грузия, Тәжікстан спортшыларын жарыс жолынан шығарып тастады.

Бұған дейін Албания астанасында өткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен Ержет Жарылқасын (63 кг), ал әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова күміс жүлдегер атанған еді.

 

Біздің анықтама

Нұрқожа Аралбекұлы Қайпанов 1998 жылғы 21 маусымда Қызылжар қаласында туған. Ел ішілік жарыстарда Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайды.

Әлем чемпионы және күміс жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы.

Ол 2018 жылы 70 келіге дейінгі салмақта Азияның жасөспірімдер арасындағы чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2019 жылы 70 келіге дейінгі салмақта Азияның чемпионы болды. 2019 жылы әлемнің күміс жүлдесін алды. 2021 жылы Азияның 74 келіге дейінгі салмақтағы чемпиондығына қол жеткізді.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button