Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Сенсация! Қазақстан футзалшылары Португалияны ширек финалда ұтты (видео)

ӘНДІЖАН. 26 қыркүйек. Футзалдан Қазақстан құрамасы Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатында Португалияны ұтып, ширек финалға шықты. Бұл туралы Vesti.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Чемпионаттың 1/8 финалдық бұл ойыны Әндіжан қаласында ойналды. Кездесу 2:1 есебімен аяқталды. Осылайша біздің футзалшылар әлемнің іс басындағы чемпионын аламаннан шығарып тастады.

Қазақстандықтар жеңіс добын соңғы, 40-минутта салды.

Матчтағы есепті де біздің жігіттер ашты. Голды кездесудің 11-минутында Шыңғыс Есенаманов түсірді. Португалдар тек 21-минутта ғана таразы басын теңестіре алды. Оны Зики Те жасады. Ал бізге жеңісті Дәурен Тұрсағұлов әперді.

Нәтижесінде Қазақстан 30 қыркүйек күні Ташкентте ойналатын ширек финалға шықты. Біздің құрама 1/8 финал шеңберінде ертең кездесетін Аргентина – Хорватия командаларының қай жеңгенімен күш сынасады.

Бұған дейін Қазақстан топтық турнирде Испания құрамасымен 1:1 есебімен тең түсіп, Ливияны 4:1, Жаңа Зеландияның 10:0 етіп жеңген болатын.

Осы кезге дейін ширек финалға Бразилия, Украина, Венесуэла, Парагвай және Марокко құрамалары шығып үлгерген еді. Қалған ширекфиналшылар ертең Таиланд – Франция, Аргентина – Хорватия командалары арасындағы матчтарда анықталады.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button