Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров өмірден өтті
АЛМАТЫ. 2 тамыз. Қазақтың аты аңызға айналған палуаны, классикалық күрестен Олимпиялық ойындардың, әлемнің чемпионы, Еуропаның күміс жүлдегері, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров жасы 70-ке қараған шағында кенеттен қайтыс болды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Қазір марқұмның қаза болу себептері анықталып жатыр.
Жақсылық Әмірәліұлы Үшкемпіров 1951 жылы 6 мамырда Жамбыл облысы Свердлов (қазір – Байзақ) ауданы «Чапаев» (қазір – «Дихан») ауылында туған.
Семей малдәрігерлік институтын бітірген. Сонда оқып жүрген кезінде күреспен шұғылдануды бастаған. 1980 жылы алдымен Еуропа чемпионатында 48 килоға дейінгі салмақта вице-чемпион болды. Соның арқасында олимпиялық құрама сапына алынды. Сол жылы 22 шілде күні Мәскеуде Олимпиадада топ жарды. Бір жылдан кейін әлем чемпионатында бірінші орын алды.
Даңқты спортшы біраз жылдардан бері Алматы маңында фермерлік шаруашылық құрып, мал шаруашылығын дамыту ісімен айналысты. 2017 жылы оған осы салада сіңірген еңбегі үшін Еңбек ері атағы берілді. Бұдан басқа, «Барыс», «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері. Есімі FILA-ның даңқ залына жазылған.
2019 жылы Жақсылық Үшкемпіров туралы «Жақсылық» деп аталатын көркем фильм түсірілген. Алматыда оның атында сондай-ақ жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтіп тұрады.
Қош бол, қазақ күресінің қайыспас қайсар қайраткері!