Қазына

Анатолий Ким. Шамахан падишасы

Әңгіме

«Кешіңдер мені, төбешіктер менен жазықтар». Қайдан алынғаны белгісіз, бәлки, бұл бір кездері балалық шағында жатталып қалған бір өлеңінің үзіндісі болар; бәлкім, қарапайым сөздермен бұлыңғырлау мұңын білдіретін өз өлеңі өстіп туған да шығар, – осы жолдар ұдайы жадында жаңғырығатын болып жүр. Кешіңдер мені, төбешіктер менен жазықтар, жас болып сендердің көгалдарың мен құмдарыңның үстінде сайран салғаным үшін, өздеріңе таңданысымды жасыра алмай, қайран қалғаным үшін – міне, енді Максимов жолдастың заңды түрде ажырасқан, бірақ оның тегін сақтап қалған бұрынғы әйеліне айналып шыға келдім. Бір жолы іңірде бұл саяжайда жатып, бұрын талпынып көрмесе де, өзінің өлең жазып кетуі мүмкін екенін де ойлаған. Жасы он төртке толғанда скрипкада ойнауға кірісті, бірақ он жетіге келгенінде өзінің түпкілікті өмір жолын таңдады да, оны тастап кетті, сосын бірнеше жылдан кейін аспапты ешбір өкінішсіз сатып жіберді. Сол өмір жолы оны қазір өзі де білместен ұмтыла берген әлдеқандай бір қиырына әкеп тастапты…

Салиқалы мекеменің үлкен бөлмесі, сол бөлмеде үсті құжаттарға толы үстел тұр, ал оның айналасына тап сондай қағаз басқан үстелдер сығылыса жайғасқан. Бөлменің төріндегі бұрышта орналасқан екі тумбалы үстелде бөлімнің Грибодуб ныспылы қызық ата-текті кексе бастығы отырады, оның мұрны үстінің оң жағында күрең қызыл түсті қал бар, ол кейде өзі отырған орындықтың арқалығына шалқайып, бір көзін жұмып, сол қалына қарап қояды.

Иә, бәрі өтті де кетті. Отыз жеті жастағы әйел әлі де сұлу болып көріне алады екен, бірақ ол он жетідегі мен жиырма жетідегі қарағанда басқаша сұлулық екен, сондықтан қызметтестері мен таныстары бұған: «Балаңыздың халі қалай? Жазда пионер лагеріне жіберу ойыңызда жоқ па?» деген тәрізді сұрақтарды ешбір қымсыныссыз қоя береді. Бұл сұраудың астарында оның ұзақ уақыт салтанат құрып келе жатқан сұлулығына бас ию, мұның сол қалпында екеніне сенгендік болғанымен, онда бұрынғы жасырын толқудың жоқтығы білініп қалады.

Кешіңдер мені, төбешіктер менен жазықтар…

– Елена Семеновна, – деген бастық Грибодубтың кенет әдеттегідей амалсыздан, сонымен бірге табанды түрдегі бір өктемдікпен айтылған даусы естілді. Грибодуб қарамағындағылармен осылай сөйлесіп әдеттенген еді. Ол өз орнында отырған, өте жақсы, таптырмас маман болып есептелетін, мұны, өкінішке қарай, оның өзі де біледі. – Елена Семеновна, керең болып қалдыңыз ба, немене?

– Петр Антонович, мен сіздің өзіммен бұлайша сөйлескеніңізді қаламайтынымды айтқан сияқтымын, – деп сілкінген Елена Семеновна жаны күйзеле жауап қайтарды, даусы да дірілдеп кетті. – Әрине, жұмыс жайымен сіз менімен сөйлесуге тиіссіз, бірақ мұндай үнмен емес…

– Өкпелеп қалдың-ау, Елена Семеновна, қарай гөр өкпелеп қалғанын, – деді Грибодуб емен-жарқын кейіпте. – Мен сондайлық не айтып қойдым?! Ештеңе де айтпаған сияқтымын. Сен қызық қатынсың өзі, көріктісің, ендеше неге саған күйеуге тимеске? Төрт жыл болды, қарашы, күйеусіз тұрып келе жатқаныңа. Міне, мен соны сұрадым. Мұның ренжитін несі бар?

– Мен сізге қатын емеспін, Петр Антонович, жалпы, мен сізбен мұндай тақырыпта сөйлескенді қаламаймын…

– Расында, Петр Антонович, сіз неге осы жұрттың бәріне жабыса кетесіз? – деп даусын көтеріп, әңгімеге қосыла кетті, өзінің пікірінше, мінезіне өкпелегендер мен қысым көргендерді қорғау керек бола қалғанда барлық іске араласатын ерекшелік тән, ірі ақ тісті бухгалтер, жергілікті комитет басшысы Валя. – Адамның жеке өміріне қол сұғуға қандай қақыңыз бар?

Ақыл-ой еңбегінің қызметкерлері өздерінің қағаздарынан бас көтеріп, Грибодубқа жауап күткен сыңайда қарай қалысты. Өзіне деген жасырын теріс пиғыл есіп тұрған осы көзқарастардың әсерінен бастықтың маңдайын қызылша дақтары мен жылтыраған екі бетін алабажақтанған ақшыл көк жолақтар жауып, күрт күреңіте бастады.

– Мен сондайлық қандай жеке өмірге тиісіппін? – деп дөрекі үнмен бұрқ еткен оның мысқылды жайбарақат жүзі заматында ашудан долданған кескінге айналып кетті. – Сен маған нені жауып тұрсың, Морова? Сен тіл безеуге шеберсің, ал есепті уақытында бермейсің! Одан да есебіңді тездет!

– Есеп өзінің мерзімінде болады, бұған алаңдамаңыз, Петр Антонович, – деді Валя көздері мен керемет тістерін жарқылдатып. – Ал сізге өзгенің жанын лас қолдарыңызбен былғаудың керегі жоқ. Бұл сіздің шаруаңыз емес!

– Немене? – Грибодуб орнынан атып тұрды, оның түрі әлем-тапырық еді: тұтас бетін жаулап алған қошқыл дақтың арасында мұрынның бір бүйірінде тұрған қал енді қап-қара болып көрінді.

– Не дедің сен? Әдепсіз! Жассың әлі! Жүр, директорға барамыз!

– Барсақ барайық, қорыққаным-ай, – деп Валя Морова да орнынан атып тұрды. – Жұрттың бәріне «сен» дегенді қойыңыз, мархабат!

Олар өз үстелдерінен жүгіріп шығып, құдды бір жұдырықтасатын адамдарға ұқсап, бөлменің ортасындағы жолайрықта тоқайласты, содан кейін иық тіресіп, бөлімнен сыртқа беттеді, бірақ шығар ауызда бәрібір ашуға булыққан денелер бір-бірімен түйісіп қалды, сол кезде өзі мығым, бойы ұзын Грибодуб салмағы жеп-жеңіл Морованы қағып жіберіп, маңдайын жақтауға соқтырды.

– Сіз неге итересіз? – деген дауыс енді дәлізден естілді.

– Ал сен неге итересің?

– Мен сіздің қызыңыз емеспін, «сен» деуіңізді қойыңызшы осы!

Ұрыс-керіс алысқа барып, жоғалған кезде үстелдердің үстерінен ашулы дауыстар көтеріліп, бірден бәрі бейберекет хорға ұласты; кенет телефон орынсыз бебеулеп қоя берді де, әлдекім көпшіліктің әңгімесінен сытылып шығып, кәдуескі ведомостволық үнмен сөйлесе бастады: «Иә, иә, тап сізбен… Футбол ойнаумен айналысқанды қойыңыздар… футболмен айналысқанды қойыңыздаршы деймін, өйткені бұл жұмыс өте маңызды…»

Елена Семеновна саусақтарын самайына тіреп қойып отырған, қызыл реңкі бар қара түсті керемет бұйра шаштары үстелдің лак жалатылған беткі тақтайы үстінен жарқырап көрініп тұрды. Ол бөлімді көрікке бөлеген жай тартымды әйел ғана емес еді, Елена Семеновна Максимова сирек кездесетін сұлулардың бірі-тін, табынушыларының бірі – бекзада тектес ақ шашты бір журналист айтқандай, оны адамзаттың тегін зор даңқ пен абыройға бөлету үшін әлдеқандай бір бөгде планетаға елші әйел ретінде аттандыруға болар еді. Бірақ қорланған, еңсесі езілген сол елші әйел қазір үстелінде еңкейіп отыр. Ол өз ісін білетін, жақсы, білікті маман, баласына берілген нәзік ана еді, ол өзінің сұлулығын әлдеқандай бір қоғамдық жетістік немесе, айталық, тағы бір табынушысы – адвокат айтқандай, тиімді пайдаланып, өзге адамдардың алдында өзіне артықшылықтар беретін теңдессіз капитал сезінген емес. Бұл сұлулық барынша қарапайым еді, өмір бойы солай болып келе жатыр.

Қарапайымдылық адам жетістігінің белгісі ретінде әркімге де беріле алады. Бірақ оны табиғат басқа пенделердің арасынан ерекше етіп жаратқан адамнан табу қиын, әрине. Осылайша Еленаның күйеуі де әйелінің осы басты адами жетістігін тани білмей, бірге тұрған өмірлерінің бәрінде қызғанышпен өзін де, оны да азаптаумен өтті. Оның қоштасар кезде айтқаны: «Бітті, Лена, мен азаптанып болдым, енді қош бол. Ақыр соңында менің де жұрт қатарлы өмір сүргім келеді. Сен мен үшін жаратылмаған екенсің, мен сені барлық уақытта бірдей тапаншамен күзетіп жүре алмаймын. Енді тым құрығанда іссапарда жүргенде алаңсыз боламын, маған енді текешіктерің соңыңнан топ-тобымен еріп жүрсе де бәрібір» болды. «Қайдағы текешіктер? Ешкім де болған жоқ қой», – деген Елена сонда қиянаттан жылап жібере жаздаған. «Болды ма, болмады ма, – енді маған бәрібір», – деді соңында күйеуі…

Еленаның күйеуі ол кезде Внешторгтың қызметкері болатын, сондықтан жиі және ұзақ уақыт шетелдерге іссапарларға шығып тұратын. Ол кооперативті пәтер сатып алған еді, ажырасар кезінде оны бөлісіп жатпай, мырзалық танытып, әйелі мен ұлына қалдырып кеткен. Бірақ үш жылдан кейін екінші рет үйленгесін Еленадан жарна пұлға жұмсалған ақшаларды қайтарып беруді талап етті, ал бұл ақшасы жоқ болғандықтан ғана одан бас тартқасын бұрынғы күйеуі сотқа берді. Тап сол кезде Елена Семеновнаны бір шайтан азғырды: ол өзінің көп сөйлейтін, көкірек, алтын мүйізді көзілдірікті жас адвокатының үйретуімен судьяға пәтерге өзінің жеке ақшасын төлегенін мәлімдеген. Алайда, судья әйел жұбайлардан төленген ақшалардың шыққан жерлерін көрсететін жеке есептерінің анықтамалары мен квитанцияларын талап етіп, Еленаның өтірігін бірден ашып қойды… Ой, сонда сотта қатты ұялғаны-ай, бұрынғы күйеуі болса, бұған жеп қоярдай болып қалай қарады, қандай сөздер айтты десейші.

Күйеуімен ажырасқан төрт жылдан бері ол жалғыз тұрып келеді. Өмірі бұрынғыдай жұмыс, жұмыстан кейінгі бұрынғыша жайлы үйдегі жалғыздық, бұйра шашты ұлы Федя болып, сырттай күйеуі бар кездегідей дерлік қалыпта жылжып жатыр. Тек бұл жолы күйеуінің іссапары ұзаққа созылып кеткендей болып көрінетін.

Алайда, Грибодуб секілді адамдар ажырасқан сұлу әйел уақытын босқа жібермейді деп пайымдауға бейім. Грибодуб бұған ашық ұсыныспен бірнеше рет шықты, оны және тым бипаздап жатпай, дөрекі де кесімді етіп жеткізді, басында мұның ашумен білдірген қайтарма сөздеріне де мүлдем ренжіген жоқ. Бірақ соңғы кездері, неге екені белгісіз, Елена Семеновнаға бұрын ешбір болмаған дәрежеде кектеніп, дөрекілік көрсететін болып жүр.

Ал мұны сотта ұятқа қалдырған ызылдауық адвокат апта сайын қоңырау шалып, тыныс тарылтарлық табандылықпен кездесуге сұрамсақтанып, біресе театрға, біресе ресторанға, біресе әлдеқандай бір сәнқойлар көрмесіне шақырумен болды.

Бөлім бастығы мен бухгалтер Валя Морованың арасында жанжал туып кеткен күні қызметтік қажеттілікпен бір министрлікке кіру керектігін пайдаланған Елена Семеновна жұмыстан бір сағат бұрын кетіп қалды.

Министрліктің орасан зор ғимаратына ешбір кедергісіз өткен Елена Семеновна, – күзетші әскери ағай одан тіпті рұқсат қағазын сұрауға батпады, – лифтімен алтыншы қабатқа көтеріліп, өзіне қажетті үш жүз жетінші бөлмеге бағыт ұстап, ұзыннан ұзын кең дәліздің бойымен жүрді. Ол үстіне ақшыл алпарында үлкен көк суреті бар жібек блузка, алдыңғы жағында тізесіне дейін ашық тілігі бар, тобыққа түсетін ұзын юбка киіп алған еді, осы ұқыпты қалпында, басын жоғары көтеріп, министрліктің кең көсілген ашық есіктерінің жанынан, министрліктің өз өмірлерінде талайды көрсе де, бәрібір өзіне міндетті түрде қайырылып қарайтын қарсы кездесуші шенеуніктері жанынан қалықтай басып, кетіп бара жатты.

Елена Семеновна бөлімнің техникалық көрмеге қатысуы мәселесін шешуі керек болған үш жүз жетінші бөлмеде бір-бірінен едәуір қашықта төрт үстел тұрды, әр үстелде бір-бір ер кісіден отырды – кабинетте әйел адам жоқ екен. Елена Семеновнаға керек болған қызметкерлердің бірі мұны қарсы алдына отырғызып қойып, төңірегінде жирен шаштары жалбыраған қасқа басын еңкейтіп, кітапшаға барлық мәліметтерді жазып алды, қалған үшеуі бұған үн-түнсіз көз қадаумен болды.

Әйел кабинеттен кеткенде сол жалтыр басын төмен салып отырғаны артынан жүгіре шығып:

– Елена Семеновна! – деп дауыстады.

Бұл іскер әйелдің үйреншікті әдетімен артына күлімсірей бұрылып, аялдап еді, анау жанына қатты жылдамдықпен ұшып жетіп, штиблетінің табаны жалтыр еденде тайғанақтап барып тоқтады да, мұның мұрны астына бір шарикті қаламды тоса қойды.

– Сіздікі ме?

– Иә, рахмет айтам сізге! Мен сондай ұмытшақпын! – деп аһ ұрды өзін бұдан әрі не күтіп тұрғанын сезбеген Елена Семеновна.

Ол перифериядан іссапармен келген бір кісі сыйға тартқан өзінің үнділік жазу құралын алмақшы болып қолын созып еді, сол бойда саусақтарының жоғарғы жағын ер кісінің жылы алақаны қатты қапсыра ұстай алғанын сезді. Бұрынғы екпінімен күлімсіреп тұрған ол қолын босатып алмақ болып тартынып еді, онысы оңайға түспеді. Ұлпа жүнді жігіт өзінің күтімі келіскен қырма бетін тақап, мұны шөп еткізіп сүйіп ала жаздады. Ол сулы ернін маймылша сүйірлендіріп келіп-ақ қалыпты.

– Біз бүгін сізбен бірге қайда барамыз, Елена Семеновна? – деп барынша арсыздана сұрады бұдан қас-қағым сәтте сыпайы шенеуніктен бетімен кеткен сұрбетке айнала қалған үш жүз жетінші бөлменің қызметкері.

– Тыңдаңыз, бұл неғылған мәнер? – деп басқаша үнге көшті Елена Семеновна. – Сіз жұрттың бәрімен жұмысты осылай бастайсыз ба?

– Егер бұл бір көргеннен тұтанған махаббат болса ше? – деп сұраққа сұрақпен жауап қайтарған үлпек жүнді жігіт мұның қолынан сүйіп алуға сонда да талпыныс жасап көрді.

Елена Семеновна қолын босатып жатып, үнділік қаламын түсіріп алды, ол бір жаққа қарай домалап кетті, бірақ бұл іздеп әуре болмай, министрліктің дәлізімен асыға басып, бұл жерден кете барды. Үш жетінші бөлменің қызметкері иығы тұсынан дем алып, жүріп келе жатып:

– Сіз музыканы жақсы көресіз бе? Кез келген концерт залына билет тауып бере аламын. Өлеңді ше? Мен Надсон мен Бэлла Ахмадулинаны түгел жатқа білемін. Керек пе, мен сізге машина айдауды үйретемін! – деді.

– Мен машина айдай аламын! – деп жылдам жауап қайтарған Елена Семеновна бетінің қызарып бара жатқанын сезгенде, лифт есігінің алдына келіп тоқтаған еді. – Ал сіз… Қалайша өзіңізді осыншама әдепсіз ұстауға жол бересіз? Мен сізден мұны ешқалай, иә, ешқалай күткен жоқпын!

– Мен соншалық не істеп қойдым? – деп ақталып бақты үш жүз жетінші бөлменің қызметкері төменнен шақырылған лифт келгенше саусақтарын пиджагының омырауына қадап тұрып. – Біздің заманымыз мазасыз, жалғыз-жарым өмір сүреміз, артық ырду-дырду үшін уақыт бөле алмаймыз, түсінесіз бе…

Лифт келіп, есік ашылғанда, Елена Семеновна кабинаға үн-түнсіз кіріп, түймешені ызалана басты. Ол соңғы мезет көзін көтергенде лифтінің бір-біріне қарай жылжып келе жатқан есігі арасынан қасқа шенеуніктің мұңды күлкіге көмілген жүзін, оның қисық жолақты галстугы мен пиджагының өңіріндегі лағыл құймасы бар құрттай значокты байқап үлгерді.

Кейінірек қалың нөпірге толы Бақ шеңберінде келе жатқанда Елена Семеновна әдеттегіден тыс қатты құлазыды, – оның мұңды да жабырқаңқы болатыны  айналасында топтасқан бүкіл ғалам, мына барлық адамдар мұның өз мінезінің момындығынан ешқашан пайдаланып көрмесе де, өмір бойына қолына ұстап келген билігін жоғалтып алғанын аңғара бастаған сияқты. Ол бір кездері бір ғана көзқарасымен немесе қастарын қозғалтуымен, кірпіктерін қағуымен жұртты басқара беруші еді, жасы отыз жетіге келген кезінде, мына министрліктегі шенеуніксымақ тәрізді кез келген ұсақ-түйек сұрбет бұған енді жүгенсіз жабыса кетуден еш қымсынбайтын болыпты. Мұнымен бастық Грибодуб та ашықтан-ашық дөрекі сөйлеседі…

«Леночканы ренжітеді, – деп ойлады жасы он бестегі кезінен титтей де қартаймаған отыз жеті жастағы Елена Семеновна, – қазір бәрі Леночканы ренжітеді, бұрын ешкім ренжітпейтін еді». Ол жерасты өткеліндегі кітаптар дүңгіршегіне келгенде, қазіргі заманғы қаңғыбас сатушы тәрізді ойлы көзді, бурыл шашты топ-томпақ қария, – оның көздеріне тіктеп қараудың өзі қиын, – сатушы бұл киоскіге жеткенше алыстан бақылап қарап тұрған-тын.

– Балаларға арналған бірдеңе бар ма? – деп сенімсіздеу сұрады одан келіншек.

– Қай жастағы? – деді сатушы біртүрлі салмақты әрі тіпті талап еткен үнмен.

– Алты жастағы…

– Бар.

Сөйткен сатушы сөренің ар жағындағы үйіндіні қопарып шығып, сатып алушы әйелдің алдына Пушкиннің әдемі мұқабалы «Алтын қораз туралы ертегісін» қойды. Сосын тағы да әйелге мұқият көзқараспен қадала қарап әрі өзінің әлдебір құпия ойымен келіскендей басын шұлғып қалып:

– Сізге қажеті тура осы, – деді.

Елена Семеновна Пушкиннің қорқыныштылау ертегісі алты жасар ұлға тура келеді деп есептемесе де, кеңеске құлақ асып, кітапты сатып алды…

Ал түнде кешірек қолына жаңа ертегіні ұстап жатып ұйықтап қалған ұлының қасына келген Елена Семеновна баланың ұйпаланған төсегінен жұқа кітапшаны суырып алып, диванға отырып, оның суреттерін қарай бастады. Сол кезде басында өзіне-өзі сенбей, сосын бірте-бірте болжамы дұрыстығына көзі жете түсіп, суретші бейнелеген Шамахан падишасының кескінінен… өзін көрді! Ұқсастық өте зор еді, ал суретшінің ата-тегіне назар аударғаннан кейін бұған ешқандай да күдігі қалмады.

Кітаптың суретшісі Ю. Трофеев деген біреу еді, арада қаншама жылдар өткеннен кейін осындай әдеттегіден тыс жолмен табылып, өзі жөнінен хабар берген Юрочка!

Енді Елена оңаша отырып, өз өмірінің мүлдем қысқа да оншама мәні жоқ сол кезеңін бар ынтасымен еске түсіріп көрді.

Оқиға автомобиль апатынан басталды, қысқы жолда машинаны Лена айдаған; Максимов жанында отырды, ол машина жүргізуді ұнатпайтын; сол кез бұлардың рахатты өмірлері, отбасылық үйлесім мен бақыттары барынша қайнап тұрған шақ еді; қызғаныш пен күдік олардың өмірлерін айтарлықтай кейін бүлдірді… Қарсы келе жатқан машина бұлардың жолдарына тайғанап шығып, Максимовтердің қызыл «Жигулиі» мен ақ «Москвич» бір-бірлерінің бүйірлерін қатты сүріп өтті, сонда «Жигулидің» алдыңғы есігі ұшып түсті, алайда, Елена аман қалды. Бірақ қарсы келген жүргізушіге бірдеңе болды – ол рульге бетін беріп, қимылсыз жатты. Максимов машинадан атып шығып, әйелінің жағдайы жақсы екеніне көз жеткізгесін, қастарына келіп тоқтаған «рафикке» зардап шегушіні отырғызып, өзінің көп ұзамай қайтып келетінін айтып үлгеріп, сонымен бірге зулап кетті. Ол сол кезде адам өлтіріп алдық деп өлердей қорыққан еді. (Сөйтсе, зардап шегуші бар болғаны есінен танып қалған екен).

Елена жолда, қираған екі машинаның қасында, тек жол апатынан кейін ғана орын алатын басы мәңгірген, жаны өзгеше бір басылып қалған қалыпта бір өзі қалды. Етігінің сол аяғы балтырының артқы тұсы жыртылып кеткенін, сол кішкентай жырықтан құдды аяқ киімінің эластикалық терісі өзінің жанды етіне айналғандай болып қан тамшылап тұрғанын бірден аңғарған жоқ. Ол зақымдалған автомобильдер жанында арлы-берлі жүрген іздеріне тамған қанды байқағанда ғана өзінің жарақат алып қалғанын білді. Соны көргенде, нендей шара қабылдау керек екенін мүлдем пайымдай алмай, сасқалақтап барып, тоқтады.

Сол кезде үстіне свитер, шолақ тон мен пима киген, иығына абажадай этюдник асып алған, аяздан беті қызарып кеткен көркемсурет училищесінің студенті Юра Трофеев пайда бола қалды. Ол жолдың жиегінде этюд жазып тұрып, машиналар соқтығысын көрген екен. Сол Юра Елена Семеновнаның етігін шешуіне көмектесті, машинаға отырғызды, дәрі-дәрмек қобдишасынан бұрау алып жапсырды, Еленаның қорғансыз аяғын өзінің қолдан тоқылған ұзын мойыншалғысымен орап тастады… Көп ұзамай Максимов милиция машинасымен зымырап жетіп, бұлар Юра Трофеевті куәгер болуға тартты…

Олар осылай танысып еді. Юра бұлардың үйіне – бірінші жолы тазартылып, жуылған мойыншалғысын алмақшы болып, екіншісінде былайша жай шақырылған қонақ ретінде – екі мәрте келді. Сол кездері ештеңе, ештеңе де болған жоқ, ол Мәскеуге Воронеждің түбіндегі бір жерден келген, көп сөйлемейтін, аласа бойлы, ашаң жүзді, өте қарапайым да кедей студент болып шықты, сондықтан Еленаның қызғаншақ күйеуіне де барынша залалсыз жігіт болып көрінді. Иә, бәрі тап солай болып еді. Бұлардың үйіне екі дүркін келген ол кенет әлдеқалай жоғалып кетті, қоңырау шалғанды да қойды, ал ерлі-зайыпты екеуі оны іздестіріп жатуды қажет деп таппады.

Ол тек бір жылға жуық уақыттан кейін ғана қайта пайда болды. Бір жолы қатты жүдеген, нашар киінген, үстіне шынтағына жамау түскен свитер ілген, аздап қызыңқырап алған қалпында пәтердің табалдырығынан аттады. Максимов үйде жоқ еді – шетелге іссапарға кеткен. Елена Семеновна студенттің аянышты түріне таңғалған әрі мұнысын қолдамаған кейіпте қадала қарады. Анау болса, әлденені сандырақтап айтып шығып, бұған түсініксіздеу, бірақ анық сүйіспеншілік мазмұнындағы өлең жазылған парақша ұсынды. Елена күліп тұрып, өлеңді қайтарып берді де, өзін ақырын, әйткенмен табанды түрде есіктен шығарып жіберді…

Лена ол кезде жиырма бес, жиырма алты жаста еді. Жігіт, бәлки, шамалы кіші шығар. Ол бұған сөз саптауы жағынан үйлесімсіз, ақылға қонымсыз хаттар жібере бастады, ал Елена Семеновна, – ол кезде әлі жай ғана Елена, – басында оларды оқып шығып, жауап қайтармай, лақтырып тастайтын; бірақ кейін күйеуі үйге оралған кезінде соның көзіне түсіп қалмаса екен, деп алаңдайтын болды. Ол студенттің соңғы бірнеше хатын ашпастан жинап алып, оларды өзіне қайтарып бермекші әрі сонымен бірге өзімен сөйлеспекші болған. Оның училищесі қайда екенін (айтқандай, мұның жұмыс орнына жақын жерде) білетін, бір жолы ақыры сонда жол тартты.

Бұл Трофеев туралы сұрастырған бірінші адам – ұзын бойлы, ебедейсіз, көзілдірікті жігіт кекештеніп тұрып, мұның өзінен:

– Ал сіз оның кімі бо… боласыз? – деп сұрады.

– Алыс туысымын, – дегенді ойынан шығарып айта салды Елена.

– Онда, йе… егер туысы болсаңыз, онда сізге ай… айтуға болады, – деп міңгірледі студент қалың көзілдіріктің ар жағынан тесіле қарап. – Ю… Юра Трофеев Во.. Воронежде аты… атылып қалды.

– Қалай? Неге? – деп былдырлады мұндай жауап күтпеген Елена. – Өзін өзі атып алды ма?

– Енді… неге екені белгілі ғой… Аңшы мыл… мылтығымен.

– Ол қазір қайда? – деп сұрады бұл.

– Сонда, ауруханада, – болды жауап.

Осымен Елена Семеновна үшін Юрий Трофеев туралы барлық мәліметтер үзілді, дәлірегі, өзін таңғалдырған жағымсыз жаңалықты естіген алыстағы күннен бері мұның өзі сол студент есімімен байланысы болуы мүмкін аз нәрселердің өзін толық саналы түрде құртты: оның соңғы хаттарын пәршелеп жыртып, қоқыс құбырына тастады, сыйға тартқан екі этюдін таныстарына беріп жіберді.

Міне, он жылдан асқан уақытта мұны кезінде үзілді-кесілді бас тартқан нәрсесі осылайша қайта тауыпты… Бірақ, шынын айтқанда, ол кезде сүмпиген студент бұған керек пе еді? Ал қазір… қазір Елена Семеновна Шамахан падишасы бейнеленген кітапшадағы әр суретті көріп, қайтара қарап шықты да – кенет бұлардың бәрінен өзгенің махаббатының шынайы мәнін түсінді. Суреттер бұған оның бүткіл мынау аппақ дүниеде мұның өзін ғана ешбір ұмыта алмайтынын, осылайша үмітсіз сүюдің ұлы азап екенін, оның мұны сұлулығы кемеліне келген сол жылдардағы кейпінде жадында сақтап қалғанын айтқанын жеткізіп тұрғандай болды.

Мына жұқалаң балалар кітапшасында қаншалықты маңызды да сұлу құпия сақталып тұр еді! Бірақ өзінің бұл құпияны ешқашан ешкімнің алдында аша алмайтынын сезінген кезінде Елена Семеновнаны мұң басты. Мұның жайы ешқашан тағдыр бірге болуды жазбайтын екеуге ғана таныс.

– Шамахан падишасы, – дегенді ол дауысын шығарып айтып, басын шайқады.

Көзінің алдына қолына осы кітапшаны ұстатқан кемеңгер қария кескініндегі сатушы елестеді. Елена Семеновна одан Пушкиннің ертегісіндегі әтек-сиқыршыға ұқсастықтарды тапқысы келді, бірақ әтек ешкі сақалды, арық кісі болса, осы заманғы «кезбе сатушы» топ-томпақ, қырма сақалды, матадан тігілген кепкалы қария еді…

Өмірін мүлдем басқа арнаға бұрып жіберуі мүмкін әртүрлі жағдаяттар жайлы ойлана отырып, ол мұңды үнмен: «Кешіңдер мені, төбешіктер менен жазықтар…» деп мырс етті.

Сұлу келіншек өзін ертегіде бейнелеген суретшінің өмірі қалай қалыптасқанын білген жоқ. Ол тек өзінің тыныш отбасылық өмірді, қарапайым бақытты қалағанын біледі, бірақ табиғат сыйлаған сұлулықтың өзі бұған қолын жеткізбеді. Қалайша, деп ойлады Елена Семеновна, қалайша адамдарға бұл ертегілерсіз өмір сүруге болмайды? Сол ертегілер жұрттың жанын қажытады, әлемдегі барлық мазасыздықтар да солардан туып жатады.

Аударған Серік ПІРНАЗАР

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button