Трамптың сұсты сөздері Путиннің зәре-құтын алып жатыр – Эйдсман
МӘСКЕУ. 25 қаңтар. Ресейлік оппозиционер Игорь Эйдсман АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемелері РФ диктаторы Владимир Путиннің үрейін ұшырып жатқанын айтты. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Эйдсманның ойынша, Путин Трамптың тұсында қатты әбігерге түсіп кеткен: күштінің алдында қалтырап, оған көпшік қойып, жағымпаздануға кірісті, сосын Украинамен арадағы келіссөздердің жүрмей жатқанына Зеленьскийді кінәлі етіп көрсетуге тырысып бағуда. «Келіссөз жүргізуге заң жүзінде тыйым салып тастаған біз емес, солар» дегенді айтқысы келеді. Мұны Telegram-да ресейлік саяси мұғажыр жазады.
«Путин қазір тіпті Трамптың бос сөзбен қорқытуларының өзінен дірілдей бастады. Әйтпесе, Ресейдің АҚШ-қа экспорты қазірдің өзінде түкке тұрғысыз аз, демек, тарифті көтергеннен Ресей ешқандай да залал шекпейді. Соған қарамастан, Кремльдің қожайыны әлден «қалтырап тоңып» отыр. Егер Трамп шынымен әлдебір қауіпті нәрсемен қорқытқан болса, ресейлік қорқақ диктатордың тағдыры не болатынын елестету қиын емес», – дейді ресейлік оппозиционер.
Саясаткердің айтуынша, Трамптың Путинді шегінуге мәжбүр ететін бұдан басқа нақты құралы бар. Ол – АҚШ-тың Ресей диктаторы мен оның айналасындағыларды жер-әлемнің қай қиырында жүрсе де, тап бастырмай қағып түсіруге қабілетті заманауи зымырандары. Ал Путин үшін ең маңызды нәрсе – өзінің қауіпсіздігі. Ол ат төбеліндей барлық жоғарғы шенді басшылар секілді , ең алдымен өз басының амандығы үшін алаңдайды. Бұл – оның ең әлсіз, осал жері, сондықтан соққыны тап сол тұстан беру керек.
«Украиндар қолдарында америкалық «Томагавктар» болса, олармен, мысалы, Путин резиденцияларының біріне соққы беруге әрекет етсе, диктатордың және оның нөкерлерінің өмірлеріне шындап қауіп төндіре алады. Айталық, оның өзі бункеріне тығылып қалады дейік. Бірақ ел басшылығын түгел бункерге тыға алмайды ғой. Шіркін, Путин билігінің орталығын нысанаға алса ғой. Бұл – мифтік «Орешник» емес, Американың «Томагавкы» көп және өте нәтижелі соққы береді. Олармен Кремльдің зәресін алып, үргін-сүргін етіп қоюға болады. Бәлки, тек жай айтарлықтай көп көлемде «Томагавктарды» әкеліп қойғанның өзі Путинді жылмаңдатып жіберер еді», – деді Эйдсман.