Қазына

Жанайқайы  

Бейсенбай Сүлейменовтің балалар әлемі

Табиғаттың тосын құбылысына шыдамайтын, хайуанаттар бағының «Қара мыстаны» атанған Кәдімгі Сиаманг маймылының жанайқайы тағы шықты… Бұл жау шапқанда, не қуанышты хабар жеткенде берілетін «Дабыл!» сияқты ерекше белгі еді. Сол, сол-ақ екен, Күннің бір тамшы жалын-алауы жерге ағып түскендей болды. Қырық бес градустық аптап, дем алған сайын өкпе күйдірер ыстық аспанда ілінді де қалды. Басында бір түйір миы бар тірі жан біткеннің төбесі тесілудің аз-ақ алдында тұрды…

Зарлы дауыс естілісімен аң-құстар көлеңкеге таласты, ал жеке үйшіктері барлары маң-маң басып, мекендеріне  жайғасты.  Аумағы атшаптырым кеңістіктегі орнынан қозғалмаған,  аң біткеннің алыбы Піл ғана. «Түйенің үлкені көпірде таяқ жейді» дегендей, оған хайуанаттар бағында еркіндік те, жеңілдік те қарастырылмаған. Ол осылайша екі жүз елу пұт келетін салмағын көтеріп жүруден әбден жалыққан сыңайлы. Оның жан сауғалап, тығылатын  бастырмасы да, паналайтын алақандай ала көлеңкесі де жоқ. Қайтсін, аң алыбы іштей наразылық білдіріп, күркірейді де тұра береді. Бұл көрініс адамдармен «достасқалы» бергі, мойнына темір шынжыр салынғалы жалғасып келе жатқан жағдай. Алғашқыда, қиналған сәттерінде туған жерін есіне алып, көңілін жұбататын. Күні ертең-ақ қайтып оралатындай сезінетін. Ал айналасы шойын жолдың болат темірлерімен қоршалып, оның ішін құлаш жетпестей бетондалып, үстіне темір-шегелер қадалғалы бері болашаққа деген үмітін әбден үзді. Бейкүнә жануар шарбаққа жақындаса, әлгі үшкір темір тамағына инедей қадалады, ал аттап өтуге талпынса, табанына тот басқан, қисық шегедей кіреді. Бұл көрініс есіне түссе, алып жүрегі сыздайды,  бүйректері бір-бірімен шекіскен ағайынды «тентектердей» екі бүйірін тепкілейді кеп… Қайран, аң алыбы, ақсақалы, Саваннаның талай шөңгесінің «дәмін» татқан еді. Олар мұның қасында айналайын екен ғой, айналайын…

Асыл есімді бозбала хайуанаттар бағына қанша келсе де, мына көңілсіз көріністі бұрын-соңды байқамаған еді. Ата-ана, ауылдан келген туыстары, қала берді ауланың қара сирақтарымен талай тамашалаған. Бала жүрегі осы бір жан түршігерлік қасіреттердің көкесін тек екі аяқты пенделердің ғана қолынан келетінін енді ғана ұққандай-ды. Ал Пілдің артқы аяғына жуан шынжыр байлап, арқандап қойғанын көргенде, мына қорлықтың шектен шыққандық екеніне көзі жетті. Аядай кеңістікте еркін айнала да, қасындағы тағдыр қосқан серігі – Ана Пілге еркелей де алмайды. Кішкентай піл – балапанын қалаған уақытында, сағынған сәттерінде әлдилей де, емірене мерейі қанғанша иіскей де алмауы… Ботақаны ми батпақ, сасық шалшықта аунап, ойнап жүр. Қайтсін, күнделікті ермегі осы болса. Алып Пілдің: «Айналайын, кішкентайым-ау, ауырып қалмасаң жарар еді» деп айқайлағысы келді. Бірақ дауысы шықпады… Әттең, әттең…

Осы бір аянышты көріністерден соң, Асылдың жүрегін ашу-ыза кернеді. Жер тепкілей тұрып  алып, жылағысы келді. «Ех, оны түсінетін жан бар ма?» деді өзіне-өзі. Осалдық танытсам, адамдар түгілі, сасық суды мекен еткен бақалар да сыйламауы мүмкін. Алыптар да, аң патшасы да күштілерден аяқ тартқан, қорыққан.  Бұл – джунглидің жазылмаған заңы. Ана сүтімен бойларына сіңген асыл қасиет! Ал адамдар – осы ғаламның қожасы, қамқоршысы болса, алып Пілдің күркірей жылағанын, сона шаққан қодықтың шырылдай тоңқығанын, аюдың өкіре-өксігенін, артынша бір үзім дәм үшін билегенін, аққудың айдын көлін іздеп саңқылдағанын, маймылдың шыңғырғанын көргендеріне мәз. Бұдан асқан ғажайып әлем, мәз-мейрам тіршілік жоқ сияқты. Бейнебір қызғалдақ ғұмыр. Рахат!..

Хайуанаттар бағы мен Асылдың ауласын темір қорған ғана бөліп тұрады. Бала бұл жолы үйіне асықты. Қобалжып жүріп, аң-құстарға беруге арналған жарты бөлке наны қойнында ұмыт қалыпты… Асылдың бүгінгі «сараңдығына» хайуандар да аң-таң қалғандай.

Ол қорғанға өрмелеп, арғы бетке секіріп түсті.

Бұл көрініс Асылдың ең алғаш жасаған тентектігі еді…

Оны ешкім, әншейінде есіктің алдын ұзақты күн бақылап отыратын «полицай» әжейлер де байқаған жоқ…

***

Асыл қаладағы ең зәулім үйдің жиырма бірінші қабатында тұрады. Алып шаһардың кейде алқына, енді бірде тұншыға, күркілдей жөтелген тіршілігі үнемі көз алдында. Сондай көңілді-көңілсіз, өлі-ара сәттерде, әкесі туған күніне сыйлаған дүрбісін қолына алып, хайуанаттар бағының тіршілігін тамашалайтын әдеті. Бүгін де, күндегі дағдысындай дүрбісін қолына алып, балконға шықты…

Асылдың назары ең алдымен қарт арыстанға түсті. Дүрбісінің қашықтығын жақындатып еді, аң патшасының көзі мұңға толы екен. «Ех, Африкасын сағынған болар, сағынсын. Туған жерден, Атамекеннен ыстық, одан қымбат не бар? Аңсағанның өзі бір ғанибет қой!», – деді іштей. Жас арыстандар ақырып, бала жолбарыстар күркіреп, темір торға сыймай жүр. Сым темірге сеңше соқтығысады, тістелейді. Шайнап жіберердей айбат көрсетеді. Енді, міне, темір тор үзіліп, аң патшасының ұрпақтары еркіндікке шығатын сияқты көрінеді. Әттең, әттең… Сым-темір де оңайлықпен сынсын ба? Жоқ. Ал, ана бір қарт Арыстан күйбелең тіршіліктен шаршаған болуы керек, «асыл тастарын» күнге қыздырып, пырылдап ұйықтап жатыр.

«Кәрілік – даналық емес – қорлық» деген осы да.

Хайуанаттар бағында кірпік қақпайтын, күнді түнге, түнді таңға жалғастыратын, беймаза аң, түз тағысы – көкжал Қасқыр. Қасына жақындағандарға ілгек тісін көрсете ырылдаған айбаты, жанары от шашқан айбынды… Кімнің де болса, тұла бойын шымырлатып жібереді. Күндіз ерсілі-қарсылы жорытудан, түнде ен далаға қарап, ұлудан шаршамайды. Ал, бүгін басын төмен салбыратып алып, миына құрт түскен кәрі қойдай, шыр айналып, алған бағытынан қайтар емес.  Шыбын қонса, тайып жығылатын  асықты жілікті тістеп алыпты. Тастайтын түрі жоқ. Қайран, табиғаттың ұлы тағысы, ғұмырың азапқа қанша толы болса да, мойымадың. Бас имедің. Темір торды жерсінбедің. Осы қайсарлығыңды көрген аң біткен сескенді, адам баласы аяғын тартса да, құрметпен қарады.

Бүгінгі көріністен соң жас баланың жүрегі ноқта салынбаған тайдай тулады. Шақшадай басы шарадай болды. Асыл одан әрі  шыдап тұра алмады. Ойын басқа жаққа аударғысы келді. Шамасы жетпеді. Қарсы алдында күнде көретін, қайсарлығына таң қалатын тау ешкісі – арқарларға көзі түсті. «Қимас достарым-ау, сендердің халдерің қалай?». Жас арқарлар құлаштан ұзын, білектен жуан мүйіздерін темір қорғанға соғып, шыңдап жатыр. Соққан сайын ұшқын шығады.  Темір де сыр беріп қалыпты. Үзілудің алдында тұрған қобыздың ішегіндей дірілдейді, дыңылдайды, шыңылдайды. Әрі қарай ешкім түсінбейтін, мұңға толы, туған жерге деген сағыныш әуендеріне ұласқандай болады. Ал, әрегіректе, жасанды жар басында қарт Арқар, көсем Арқар көңілсіз жатыр. Басына қасірет бұлты үйіріліпті. Бар айбары, айбаты, мақтанышы болған – бір мүйізі түбінен морт сыныпты.  Арқар жансыз мүйізінен көз алмай маңырайды, қан жұтып, зарлайды кеп… «Қайран, табиғат тағысы, сенің де қайсарлығыңмен қоштасар сәтің келіпті ғой! Мыңмен жалғыз алысып, жеңіліп көрмеген едің. Аядай қораның ішінде, құрмауда тұрсаң да, ор текедей ойнақтадың. Ерлік биін билеуден шаршамадың. Еркіндікті, азаттықты аңсаумен жүрдің. Алқындың, айбат көрсеттің. Алған бетіңнен қайтпадың. Ендігі күнің не болмақ? Ал, мына бала арқар – Қозықаларыңның өмірі, болашағы осымен күңгірттенгені ме?» Жоқ!..

Бүгін осы хайуанаттар бағына не болған, өзі? Қашан келсең де, мереке-думаны шалқыған, берекесі асып-тасыған, балалардың сүйікті мекені еді ғой! Мұны байқаған бүлдіршіндер қандай көңіл-күйде екен? Асыл жалма-жан дүрбісін түсірді де, қарауытып кеткен көзін уқалады. Көңілі құлазып, тынысы тарылғандай болды.  «Мүмкін, мүмкін, бұл бір өткінші көрініс шығар? Ертең-ақ орнына келер» деп сабыр сақтады. «Ал, менің кербез Керіктерім, қайдасыңдар?». Алыстан, өте алыстан бес керіктің сорайған мойындары байқалды. Күні кеше ғана өмірге келген алтыншы бала керіктің басы, діріл қаққан құлағы көрінді. Айналадағы ағаштардың барлығы сидаң қаққан. Жапырақтан жұрдай. Алып ағаштардың діңгегін темір тормен орап қойғанын енді ғана аңғарды. Мұнысы керіктердің кемірмесін дегені ғой. Ал, трактормен орылған, май сасыған шөп-шалам үйіліп жатыр. Мұрты да бұзылмаған. Кенет кештің қоңырқай желі есті де, жапырақтар сусып, мың билеген көбелектердей жерге «қона»  бастады. Оны көрген кішкентай керіктің қуанғаны-ай! «Баламысын» деген, ол жапырақтардың соңынан қуалап, теріп жеп жүр. Атамекенінен алыста өмірге келсе де, табиғаттың аналық қалпын сақтаған аяулы Отаны – Саваннасын, Африкасын сағынғандай. Байқамапты, керіктердің шахматтың мәрмәр тақтасындай мың құлпырған денесі шыт матадай оңып кетіпті. Кеше ғана күн нұрына шағылысып, құлпырып тұрған-ды. Ал, бүгін боп-боз. Бала аң-таң…

Көңілсіз көріністерден соң Асыл көпке дейін біртүрлі болып жүрді. Оны әкесі де, анасы да байқады. Ұлдарына тіс жарып, ештеңе деген жоқ. Бірақ бір сұмдықтың жақындағанын іштей сезгендей еді…

Түн жарымы ауа, сасық көбелектердің би-думаны қызған шақта, Кәдімгі Сиаманг маймылының жанайқайы естілді. Асыл ұйқысынан шошып оянды. Маймылдың тамағы жарты доптай ісініп, кейде қызарып, қоңырқай тарта, дауысы жер жара шығатыны-ай! Оның зарлы айқайы жарты қаланы ұйқысынан оятты.

Асыл дүрбісін қолына алды да, балконға шығып, қорғанның арғы жағын бақылай бастады. Көзі ең алдымен керіктердің ауласына түсті. Олар хайуанаттар бағының сақшысындай, кірпік қақпай тұратыны қашаннан. Беймаза күндерде жиырма минут көз ілсе жеткілікті-ақ. Ұйқысы қанып қалады. Бірақ бүгін жүздерінде жұмбақ үрей бар. Бала бір сұмдық елестің хайуанаттар бағын шарлап жүргенін іштей сезді. Жалма-жан киініп, ас үйдің бұрышында сүйеулі тұрған  балтаны алды да, сыртқа жүгіре шықты. Қорғанға өрмелеп жармасты да, ішке секіріп түсті. Бөгде адамның жүргенін сезген аң-құстар орындарынан тұрып, дыбыс шығара бастады. Хайуанаттар бағының іші лезде азан-қазан болды. «Менің келгенімді сезіп, қуанып жатқаны ғой. Атамекендеріңе қашуға дайындалыңдар, асығыңдар. Достарыңмен, көрші-қолаңмен қоштасып алыңдар. Сендер енді жолайрықта тұрсыңдар. Бірің Африкаға, Шығыс Азияға, енді бірің мұхит асып Америкаға, өз мекендеріңе тартыңдар! Памир, Тянь-Шань тауларына ұшыңдар! Қайда барсаңдар да менен, қазақтың қара домалақ баласынан сәлем айтыңдар! Ай-тың-дар-р!..»

Асылдың көңілін ерекше бір қуаныш сезімі биледі.  Ол ай сәулесіне шағылысқан балтасын оңға да, солға да сілтеді. Болат құлыптар шыныдай сынып, шынжырлар жіптей үзілді. Темір есіктер айқара ашыла бастады. «Шығыңдар, қашыңдар!.. Енді сендер еріктісіңдер!..»

Бала көңілі көктемдей құлпырды. Жұдырықтай жүрегі кеудесіне сыймай, арнасынан асқан асау өзендей тасыды, тулады. Еркіндікке алқына асыққандай-ды. Кенет, кенет… хайуанаттар бағындағы ең зәулім, тау тастарымен әсем өрнектеле қаланған, мөлдір суы сыңғырлап ағып жатқан жерге келгенін де байқамай қалды. «Өзі бір керемет, жұмбағы мол мекен екен. Бұрын неге аңғармағанмын…» Анықтап қараса, ішінде Тазқара мен Ақбас құмай құстары қонақтап отыр. Көздері жыпылық-жыпылық етеді. Жайбарақат, жүздерінен қобалжу, не толқу байқалмайды. Асыл олардың есігін ашуға ұмтылғаны сол еді: «Бізге тиіп, әуре болма. Осында қаламыз. Бұл жер біздің үйіміз. Еш жаққа бармаймыз. Өмір бақи өлімтік жеп өскен құс едік, мұнда келіп, бағымыз ашылды. Жегеніміз сиырдың сүбелі еті, жеміс-жидек дегенің ағыл-тегіл. Бұлақ суын қалағанымызша ішеміз, қысы-жазы рахаттана шомыламыз. Жан жаннаты деген осы емес пе? «Қызыл кітаптың»  қақ төрінен орын алдық. Бұдан асқан бақыт, осыдан артық еркіндік бар ма? Мықты болсаңдар, анау алақандай сым тордың ішінде тұрған, ұша алмайтын, ұшса қона алмайтын, секірумен күн кешкен, сендер қадір тұтатын қыран Бүркіттеріңді, кепесінде кемсеңдеген Ителгілеріңді босатыңдар. Еркіндік бізге емес, соларға керек!» деді әлгі құс жымысқы көзімен мысқылдай…

Сөзге тоқтап, қонақ сыйлап өскен халықтың ұрпағы ғой. Бала суық қаруын әрең тежеп, тұрып қалды. Жаңа бір әзірдегі қайсар мінезі де, таудай талабы да су сепкендей басылды. Одан әрі не болғаны есінде жоқ…

Асыл хайуанаттар бағының үлкен қақпасын айқара ашты да, балтасын сүйретіп, үйіне қайтты. Алып шаһардың бір бүйірін басына көтерген аң-құстар көпке дейін шуласып, қызыл кеңірдектене «айтысып» жатты. Ал, атамекенге оралу ешқайсысының ойына кіріп те шыққан жоқ…

***

Таң қылаң бере Кәдімгі Сиаманг маймылының зарлы дауысы жарты қаланы ұйқысынан оятты.

– Бұл не деген сұмдық! Көк, Көк Бөрі Құланның қодығын ертіп, қашып кетіпті, қашып ке-тіп-ті-іі…

– Ех, – десті хайуанаттар бағының сары ауыз балапандары.  – Бірі атамекені – Барсакелмеске, екіншісі ен даласына кеткен ғой. Еркіндік деген неткен керемет еді, ә!..

– Бәрібір бекер істеді.  Қарындары ашып қалатын болды, – деді зәулім бақтың тіс қаққандары…

– Қодық балалық жасаған шығар. Ал, кәрі қақпас Қасқырға не жетпеді, «төрінен көрі жақын» неме. Осында өлсе, адам сияқты көмер еді ғой, – десті кәрі-құтандары…

Асыл Қасқырмен жаны егіз екенін енді ұққандай болды…

Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ, 

жазушы

 

 

 

 

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button