Путин комада жатқан Кеосаянға еңбек сіңірген әртіс атағын берді
МӘСКЕУ. 24 қаңтар. РФ диктаторы Владимир Путин комаға түсіп жатқан насихатшы Тигран Кеосаянға еңбек сіңірген әртіс атағын беру жөніндегі жарлыққа қол қойды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазіргі күндері комада жатқан Кремль пропагандисі және «Международная пилораманың» жүргізушісі Тигран Кеосаян Ресейдің еңбек сіңірген әртісі атанды. Жарлық бүгін құқықтық ақпарат порталында жарияланды.
Кеосаянның әйелі, насихатшы Маргарита Симоньян 8 қаңтарда күйеуінің клиникалық өлім халінде болып, артынан комаға түскенін жазды. Ол өткен жексенбіде жағдайының жақсара қоймағанын хабарлады.
2007 жылдан бері Кеосаян тележүргізуші болып жұмыс істеп келеді. Ол әртүрлі уақытта REN TV, «Россия» және DTV арналарында бағдарламалар жүргізді. 2016 жылдан қазіргі комаға түскен кезіне дейін НТВ арнасында «Международная пилорама» насихаттық бағдарламасының жүргізушісі болды. 2022 жылы ЕО, Канада, Ұлыбритания және басқа да бірқатар елдер Кремльдің үгіт-насихатына қатысқаны үшін оған қарсы санкциялар салған.
2022 жылдың сәуірінде Ресей агрессиясынан қорғанған украин сарбаздарын «ынталы нацистер» деп атады. «Бәлкім, біз бесінші күні Киевте боламыз деп жоспарлаған шығармыз, бұл қателік болды. Қателікті мойындағанда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ. Біз әлдеқандай бір қашқан-пысқандармен емес, сегіз жыл бойы бүкіл Еуропа мен бүткіл Америкада дайындалған өте қатты ынталы нацистермен соғысып жатырмыз. Бұдан біздің жауынгерлеріміздің, офицерлеріміздің, біздің халқымыздың ерлігі ұрпақтары көз алдында және тарихи көзқарас тұрғысында тек ұлғая береді», – деді ол «Утренний рык с Тиграном Кеосаяном» атты авторлық бағдарламасында.
Насихатшы 2024 жылғы қыркүйекте РФ-ның ядролық дикторинасындағы өзгерістерді түсіндіріп отырып, «Ресей батыстың топастарына, – мен батыс әлемінің басшыларын меңзеп отырмын, – қорқыныш сезімін қайтып әкеледі» дегенді айтты. «Онда бір ерекше тармақ бар. Айтпақшы, украин содырлары Курск облысына басып кірген кезде жұрттың бәрі ядролық қарумен соққы жасалатыны жайлы айтып жатқанда, тап сол тармаққа байланысты ғана ядролық қару қолданылмай қалды. Бұл біздің доктринамызға қарама-қайшы келетін еді, ал қазір біздің доктринамызға ештеңе қайшы келмейді. Енді «ядросыз елдерге, егер ол ядросы бар елдермен бірге жұмыс істеп жатса, соққы беруге болады» деген тармақ қосылды», – деп мәлімдеді ол.
Ресейдің «Параизиты» жемқорлықпен күрес қоры 2020 жылы тексеру жүргізіп, Кеосаян мен Симоньянның «Международная пилораманы» НТВ-ға сату арқылы жылына жүздеген миллион рубль пайда табатындарын анықтады. Отбасылық жұппен байланысы бар құрылымдар «Аэрофлотпен» жасасқан төрт келісімшарт шеңберінде жарнамадан миллиардтан астам ақша алған.