Қызылордада ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр
АСТАНА. 28 қаңтар. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірдегі инвестициялық жобалар жайлы баяндама жасады. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Отырыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтті. Онда Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта осы салада өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап айтып шықты. Оның баяндауынша, 2024 жылы Сыр бойында экономиканы әртараптандыру бағытында 37 млрд теңгенің 21 инвестициялық жобасы іске қосылған.
«Негізгі капиталға 640 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 21,7 пайызды құрады (республиканың орташа көрсеткішінен 14 пайызға жоғары, ҚР – 107,5%). Оның 70,5 пайызы – жеке инвестиция. Шетел инвесторларымен нәтижелі жұмыстың арқасында 9 ай қорытындысымен 171 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылып, өсім 16,6 пайызға жеткен.
2025-2029 жылдары аймақта құны 1 трлн. 900 млрд. теңге болатын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 8 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Ел Президентінің тікелей қолдауының арқасында және Қатар мемлекетіне жасаған іссапары қорытындысымен өңірде 800 млрд. теңгенің, қуаттылығы 1 100 мегаваттық бу-газ қондырғысының жобасы қолға алынады. Қазіргі таңда жер беріліп, техника-экономикалық негіздемесі әзірленуде», – деді аймақ басшысы өзінің баяндамасында.
Биыл «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішін қайта жаңғырту үшін құны 215 млрд теңге болатын жаңа кен байыту комбинатының, 147 млрд теңгеге жылына 300 мың тонна кальцийленген сода шығаратын зауыттың құрылыстары қолға алынады. Сондай-ақ, 62 млрд теңгеге қуаттылығы 201 мегаваттық 5 күн электр станциясы және 1 жел электр станциясы пайдалануға беріледі.
Нұрлыбек Нәлібаев бұдан әрі Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан – Германия, Қазақстан – Корея форумдарында қол қойылған меморандумдарға сәйкес, 31 млрд теңгеге «Хорн» неміс технологиясы бойынша жылына 220 млн дана шыны бөтелке шығаратын, 19 млрд теңгеге кореялық «With You E&C Kyzylorda» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтар өңдейтін зауыттарының құрылысы басталғалы тұрғанын әңгімеледі.
Отырыста сондай-ақ Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков те баяндама жасап, есеп берді.