Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Бұрынғы телеарна жүргізушісі АҚШ қорғаныс министрі болды

УАШИНГТОН. 25 қаңтар. Fox News арнасының бұрынғы жүргізушісі Пит Хегсет Пентагон басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы CNN ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Тағайындау өте қиын жағдайда өтті. Ол тек АҚШ вице-президенті Джеймс Дэвид Вэнстің араласуы арқасында ғана мүмкін болды. Бастапқыда Сенатта Хегсетті қолдаушылар мен қарсы дауыс берушілер саны тең бөлінді. Оның кандидатурасына бірнеше республикашылдардың да кейбірі күмәнмен қарады.

44 жастағы Пит Хегсет – Ауғанстан мен Иракта әскери борышын өтеген АҚШ Ұлттық гвардиясының ардагері. Оның басқарушылық не саяси тәжірибесі жоқ. Бұған қоса, заң шығарушыларды оның  бір кездері біреулерге қысым көрсету, алкогольді асыра пайдалану және қаржылық алаяқтық істері бойынша айыпталғаны да алаңдатты. Сайып келгенде, оған Аляска мен Мэннен келген сенаторлар Лиза Мурковски мен Сюзан Коллинз, республикалықтардың жоғарғы палатадағы бұрынғы лидері Митч МакКоннелл қарсы шықты. Соңында Вэнстің дауысы бәрін шешіп кетті. Ол Конституцияға сәйкес Конгресстің жоғарғы палатасына төрағалық лауазымындағы өз құқығын пайдаланды.

Дональд Трамп Fox News арнасының бұрынғы жүргізушісін президент болып сайланғаннан кейін Қорғаныс министрі қызметіне ұсынды. Саясаткер өз таңдауын Хегсетті бұрыннан білетіндігімен, жұмысты жақсы атқаратынын тәнті болуымен, оны ақылды деп санайтынымен және келбеті дұрыс болуымен түсіндірді.

Сөйтіп, Пит Хегсет жаңадан сайланған Дональд Трамп командасына қосылған үшінші жоғары лауазымды тұлға болды. Мұның алдында Марко Рубио – мемлекеттік хатшы, Джон Рэтклифф Орталық барлау басқармасының директоры болып тағайындалған еді.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button