Жалғыздықтан қажыған жесір әйел мысықтың кішкентай баласы – соқырды сатып алып, бауырына басты. Шартарапқа соқтыққан жігерсіз ойы бөлініп, тамырына қан, жанарына нұр оралғандай сезімге бөленді. Пешенесіне перзент сүю жазылмаса да, тұла бойы елжіреп, қос анары толықсығандай күй кешті.
Мысықтың соқыры күн санап өсті. Ол ана мысықтың иісін ұмытып, беймезгіл мияулағанын қойды. Әйелге бауыр басқаны соншалық, анасындай болып кетті. Ал келіншек омырауын ашып, емшекқабының бір бөлігін босатып, мысықтың баласын ішіне салғаны сол еді, айнала төңкеріліп, ғажайып әлемге енгендей күй кешті. Еркек атаулыға арман болған қастерлі жерде ұйықтағанының, иіскеп жатқанының өзі бір ғанибет-ті…
Мысықтың соқыры пырылына басып, ұзақты-күн ұйықтаудан жалықпады. Ал әйелдің еркектерге деген асық көңілі бәсеңсіп, махаббаты мияулаған кішкентай жануарға ауысып бара жатты…
Мысықтың баласын әсем киіндіріп, иығына отырғыза, серуендеуге шықты. Олардың жарасымды келбетін көрген көршілер, тіпті күшік-мысықтар да сүйсіне, қызыға қарасты. Мысықтың басына таққан күндізгі ақ, кешкі көгілдір бантигі жарасып-ақ тұрды.
– Мысық болса да сүйкімдісін қарашы, тура адамның баласынан аумайды. Көзінің мөлдірін-ай! – деді ересектер.
– Аты кім?
– Әлі қойған жоқпын, – деді әйел.
– Онда «Мөлдір» болсын.
– Атына заты сай. Кербездігін қарашы!
– Аяқтарын да санап басады екен. Еркелігін-ай!.
Ауланың бар баласы жарыса амандасты. Бірге ойнады. Ал жесір әйел өзін бойы көкке бір елі жетпей тұрғандай сезінді. Ана бақыты деген осы шығар…
Көрші үйде тұратын еркек әдеттегі дағдысына салып, еркінсіп келгені сол еді, әйелдің өзгергенін бірден байқады. Әкелген гүлін ұсынды да, тентектеу мінезіне басып, қос анарының біріне қол салды. Мұндай оғаш қимылды көрмеген мысықтың баласы тістеп алды.
– Ах, – деді көршінің еркегі. – Тістеуін қарашы! Қызғанып жатыр. Тісі саусағыма кіріп кетті.
Ол бармағына қадалған мысықтың сүт тістерін біртіндеп ала бастады.
– Қарауылың бар екен ғой. Бәсе, неге салқынқанды қарсы алды десем.
Еркектің ашуланғанын байқаған мысық енді әйелдің жалаңаш төсіндегі шым-шым терді жалауға кірісті.
Еркек одан сайын жынданды.
Әйелдің қолындағы раушан гүлді мысық жұлмалап, тістелеп, қауырсынын шаша бастады.
– Мен мына гүлді саған әкелгенмін. Ең жақсысын, – деді еркек, сөзінен қызғанғандық сезіле.
– Жетер енді, әйелің көріп қойса, сазайыңды берер. Кімнен қызғануды тапқан екенсің? Осыншама уақыт қайда жүрдің, әйеліңнің етегінен шыға алмай? Кет үйіңе!
Көрші сол кеткеннен көпке дейін есік қақпады.
Әйел айнаға қараса, мысық та жағаласа, бойын тік ұстап, азу тістерін көрсете, керіле, айбат шегуге дайындала бастапты.
Кезекті мерекенің бірін сылтауратып, көршінің еркегі қайтадан есік қақты. Төс қалтасында «басы жылтыраған» бір жартысы бар.
Мысықтың баласы әйелдің кеудесінен шығып, иығына мінді. Бар күшін жинап, ағаш есікке атылды. Әлі қатып үлгермеген тістерімен жармаса тістелеп, әлсіз тырнақтарымен тырналай бастады. Одан соң әйелдің үстіне қайта өрмелеп шықты. Бұл жолы бала мысық көрші еркектің кеудесіне атылды.
– Тарт мына мысығыңды. Айбат көрсетуін қарашы! Көзімді тырнап алуға сәл-ақ қалды.
– Енді менің қорғаушым бар, абайла. Ана ұятсыз қолыңды жұмсай берме, – деді әйел әзілдеп.
– Иә, мына мысығың саған әбден бауыр басып қалыпты. Қызғануын. Бұл түріңмен еркектің құшағын көрмей өтерсің…
Көрші бұл жолы мысықтың да тағамын алып келіпті.
– Кис, кис, мынау саған. Жей ғой. Енді екеуміз дос болайық. Мына сұлу келіншекті бөліске салмай-ақ қояйық. Мен күндіз, сен түнде. Екеумізге де жетеді.
Ғашықтар ұзақ әңгімелесті. Ащы суды тәтті өмірімізге себепші болсын деп, бөліп ішті. Жарқылдай күлісті. Мұны көрген мысықтың көңіл-күйі түсіп, терезенің жақтауына барып, ренжіген баладай теріс қарап, жатып алды. «Әкелген тәттісін бекер жеген екенмін. Бұл адамдар алдай салуға шебер-ақ», – деді ішінен.
Әйел әлденеге алаңдап, көзін ала бергені сол еді, көршінің еркегі бәсекелестей мысықты шынтағымен қағып жіберді. «Мияу!» деген жан дауысы шықты. Бөтен адамға деген ашулы көзбен қарап, жиырыла қалды.
Мөлдір өмірінде алғаш рет мысық болып, дүниеге келгеніне өкінді. Жалғызсырады. Жылады. Көз жасын әйелге, ана махаббатын сыйлауға талпынған әйелге көрсеткісі келмеді.
Мысықтың көзі ілініп, пырылға басқаны сол еді, сұлу әйелдің сыңғырлаған күлкісінен шошып оянды.
– Қой, ұят болады. Тал түсте, мұның не?
– Кімнен. Бөлмеде ешкім жоқ қой.
– Мысық ше? Бәрін түсінеді. Бақырайып қарауын қарашы, – деді әйел.
– Ол бар болғаны мысық емес пе? Оның үстіне, тілі жоқ, мылқау ғой.
Мысық болса да көрші еркектің жамандап жатқанын түсінді. Не де болса, әліптің аяғын күтуді ұйғарды. «Бір күні ілінерсің азу тісіме» деп ойлағаны сол еді, шынымен айқыш-ұйқұш сүт тістері қыши бастады. «Өсейін дегені ғой». Бар ашуын терезенің жақтауынан алды. Тістеледі. Ойы бөлініп кеткені сол еді… Әйелдің риза болған дыбыс-үні шықты. Мысық бар күшін жинап, еркектің үстіне қарғып мінгенін байқамай да қалды. Шым-шым терлеген жауырынына жармасып, тырналай бастады. Ащы су мен темекінің дәмі әбден сіңген моншақ терді құшырлана, жүрегі айнығанша жалады. «Фу, осы еркекке несіне құштар болды екен!» деді ішінен. Тырнақтары сыздағанша, рахаттана тырналады.
– А, аа-а!
Осы күннен кейін бұл көрініс жиі қайталанып жүрді. Мысықтың мазасыз күндері көбейе түсті. Әйел көрші еркектің шылауына әбден ілінді. «Бұл сатқындық қой!» деді мысық ішінен. – «Шыдамның да шегі бар!..»
Мысықтың бойы өсіп, өзін Жолбарыстың туысқанындай сезіне бастады…
Көршінің еркегі жауырынын жиі-жиі «тырнатуға» әбден дәнігіп алды. Қайтсін, «Еркін күреске» деген құштарлығы намысын тежеп, шыдаумен бақты.
Мысықтың беймаза күндері жалғаса берді. Ол күн санап, тістерін қайрап, тырнақтарын шыңдаудан шаршамады. Ал әйел мың бұрала құлпырып, айнаға қараса, мысық та жағаласумен, сілекейіне «шомылумен» болды.
Ғашықтардың құпия әңгімелері созыла түссе, мысықтың мазасы одан сайын кетті. Бірде көзін сығырайта ашқаны сол еді, қызғаныштан өртене жаздады. «Қап, бәлем!». Мөлдір көршінің еркегіне қарай жолбарысша атылды.
Сол сәтте еркектің: «Ойбай!» деген жан дауысы шықты.
– А, аа-а! Қап, бәлем, сені ме? Екеуміздің арамызға көлденең жатып алғаның аздай, енді сайманымды тістеп алғаны…
Көршінің еркегі мысықтың жақ сүйегін күштеп ашып, бұлқынғанына, жан дауысын шығара шыңғырғанына қарамастан төртінші қабаттың терезесінен төменге қарай лақтырып жіберді.
– Тиме, өлтіресің, – деген әйелдің жан дауысы шықты. – Бар, алып кел! Ол менің жұбанышым, перзентім ғой!
Жаңа ғана бал-бұл жанып, махаббат ләззатына өртеніп жатқан әйел енді алқа-салқа кейпімен далаға қарай жүгірді. Шарқ ұрып, іздемеген жері жоқ. Мысық табылмады. Арада үш, төрт күн өтті. Жағымды жаңалық болмады. Мөлдірімен құшақтасып түскен суретін көзге көрінетін жердің бәріне іліп қойды. Сыйақы берілетінін де жазды. Хабар-ошар жоқ. Үміт оты үзілудің алдында тұрғанда, түн ішінде мысықтың жылаған дауысы шықты. Мөлдірінің зарлы үні сияқты. Қалың қараңғылықтың ішінен мысықтың от шашқан көзін көргендей болды. Солай қарай жүгірді. Табылмады.
Күндердің бір күнінде мысықтың өзі келді. Көзі алақ-жұлақ етеді. Сау жері жоқ. Әбден таланған. Ұйпалақтанып, пөстек болудың алдында қалыпты. Сасып кетіпті. Шомылдырды. Әрең дегенде мысық қалпына келтірді-ау. Күні кеше ғана ауланың бар тұрғыны тамсана да қызыға қараған асыл тұқымды мысық еді, енді бұралқы күйге түсіпті. Мұндай жағдайға душар болған «перзентін» көргенде, әйел өксігін баса алмай жылап жіберді. Басын ұстап, қайғыдан қан жұта жаздады. «Бәріне өзім кінәлімін. Алланың маған берген аманатын ардақтай, жұбанышымды сақтай алмадым» деп өзін-өзі жазғырып бақты. Көршінің еркегін енді көрмеуге бел байлады.
Араға күндер салып, шаңыраққа бір-біріне ұқсамайтын, ағайынды алты соқыр дүниеге келді. Әйел күйеуі қайтыс болғанда да дәл мұндай әбігерге түспеген еді…
Мөлдір оңтайлы сәтті пайдаланып, соқырларын тастап, далаға, еркіндікке, жауапсыздық тіршілікке қашып кетті…
***
Арада бір жыл өтті.
Әлгі мысық көрші үйде тұратын еркекті тауып алып, есігінің алдын торуылдауды шығарды. Ол өз пәтеріне кіруге келгенде, әлгі мысық жолын кес-кестеп, қыр көрсетумен жүрді. «Кет, кес-кестемей, жолым болмайтын болды» деген секеммен өз шаңырағына еркін кіруден қалды. Оған қоса, Мөлдір, Мөлдіртай түн жарымы ауа әлгі еркектің есігін тырмалайтынды, зарлы дауыс шығарып, жылайтынды шығарды…
– Мияу-у-у!..
Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ