Башқұртстанда Колчак ескерткіші бұзып тасталды
ӨФӨ. 18 мамыр. Башқұртстанның Стерлитамак қаласында адмирал Александр Колчакқа орнатылып қойылған ескерткіш бұзып тасталды. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлады.
Стерлитамак қаласының әкімдігі ескерткіштің рұқсатсыз қойылғанын мәлімдеді
Ескерткішті жеке кәсіпкер Тагир Ибрагимов өз қаржысына тұрғызыпты. Оның жазуына қарағанда, полиция тастұғырды түн ішінде бұзып кеткен.
Қалада Колчак ескерткіші мамырдың 18-іне ашылады деп жоспарланған екен. Бұған дейін республика астанасы – Өфө қаласында да аталмыш адмиралға ескерткіш қоюға бірнеше рет талпыныс жасалыпты. Бірақ «Ресей Федерациясы халықтарының демократиялық конгресі» мен «Башқұрт» ұйымы «Башқұрт Республикасының қас жауына» ескерткіш қойылуына қарсылық білдіріп, идеяны сынға алған. Олар Телеграм-каналында «Стерлитамакта Башқұрт республикасының жауы, орыс ұлтшылдары құрмет тұтатын адмирал Колчакқа ескерткіш орнатты. Бұған жол беріп отырған республика басшылығы Башқұрт республикасының негізін салушы Зәки Уәлидиге неге ескерткіш қоймайды?», – деп жазған.
Ресейдің әскери және саяси қайраткері Александр Колчак 1918 жылдардағы Азамат соғысы кезінде ақтар қозғалысының негізін салушылардың бірі болып саналады. Ол Омбы қаласында орналасқан Сібір уақытша үкіметін де басқарған.
Ал 1917 жылы 29 қарашада жарияланып, 1919 жылдың 18 ақпанына дейін ғана өмір сүрген Башқортстан автономиясына Зәки Уəлиди басшылық жасаған. Әлихан Бөкейхан бастаған «Алашорда автономиясы» осы үкіметтермен келіссөздер жүргізуге тырысқан. Кейін адмирал Колчак Алашорданы бағындыруға тырысып, бейбіт қазақ ауылдарына зорлық-зомбылық жасай бастағанда, алаш қайраткерлері кеңес өкіметімен жақындасуға бет бұрған.
Адмирал Александр Колчак сол сұрапыл жылдарда Башқұрт автономиясына шабуыл жасап, жергілікті халықты қырғынға ұшыратқан.
1917 жылы 8-20 желтоқсанда Орынбордағы «Керуен-сарайда» өткен III Бүкілбашқұрт құрылтайының шешімімен «автономияның мүддесін қорғау үшін» құрылған «Башқұрт әскері» әскери құрылымы 1919 жылға дейін Колчак пен Деникиннің армияларына қарсы соғысумен болды. Башқұрттар сол тұста ақтарды да, қызылдарды да жақтаған жоқ. «Біз большевик те, меньшевик те емеспіз, біз тек башқұртпыз», – деді Башқұрт орталық шуросы (кеңесі).