Түркия 20 мамырда 30 елге шекарасын ашады
АНКАРА. 18 мамыр. Түркия 20 мамырдан бастап Анадолы жеріне емделу мақсатына келетін 30 елдің азаматтарына шекарасын ашады. Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады.
«Мамырдың 20-нан бастап емделу мекемелеріне келетін 30 елдің азаматтарына Түркия шекарасынан өтуге рұқсат етіледі», – делінген хабарламада.
Республика үкіметі мұндай шешімді коронавирусқа байланысты карантинді жеңілдету жөніндегі шаралар шеңберінде қабылдап отыр.
Аталған 30 елдің қатарында Әзербайжан, Германия, Грекия, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Нидерланд, Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Украина, Ұлыбритания және Қазақстан секілді мемлекеттер бар.
Шешімде сондай-ақ сырқат кісілер пайдалана алатын қызмет түрлерінің тізімі де берілген. Олар ортопедия, травматология, жалпы хирургия, балалар хирургиясы, урология, көз аурулары, кардиология, онкология, нейрохирургия, гематология, репродуктивті терапия, органдар алмастыру және жілік майы секілді салаларды қамтиды.
Шекарадан коронавирус тестісінен кері нәтиже алған, яғни онымен ауырмаған пациенттер ғана өте алады.
Түркияда емделуге ниетті шетелдіктердің бәрі жайлы ақпарлар алдымен Халықаралық медициналық бақылау жүйесіне орналастырылады. Тек алдын ала рұқсат алғандар ғана түрік медициналық мекемелеріне келіп емделе алады.