Татарстанда мешіттер татар тілін үйретіп жатыр
ҚАЗАН. 18 мамыр. Татарстанда мешіттер жанынан тіл жөніндегі онлайн-клубтар ашылып, татар тілін үйретуге кірісіп кетті. Бұл туралы «Ислам-инфо» хабарлады.
«Татарстанда 430-дан астам адам татар тілін бастапқы деңгейде үйретуді меңгергені туралы электронды сертификат алды. Коронавирус инфекциясы пандемиясы салдарынан сабақ қашық аралықтан жүргізілді», – делінген Татарстан мұсылмандары діни басқармасының хабарламасында.
Оқыту курсы өткен жылдың қазанынан биылғы сәуірге дейін жүргізілді. Дәріс аптасына екі рет беріліп тұрды. Жалпы курс 48 академиялық сағатқа есептелген. Курсқа 436 адам тұрақты қатысты.
Мұндай курстар 20 республикалық мектеп жанындағы 15 мухтасибатта жұмыс істеді.
Бағдарлама татардың ауызша тілін үйренуге, лексиканы меңгеруге, ислам мәдениетімен танысуға, арабтың таджидін оқуға бағытталған. Арнайы оқу процесін ұйымдастыру үшін «Татар теле. Башлап өйрәнүчеләр өчен» («Татар тілі. Жаңадан үйренушілер үшін») деген оқу құралы дайындалып, баспадан шығарылған.
Жаңа оқу жылынан бастап курсты ұйымдастыру географиясын кеңейту межеленіп отыр.