ВВС: Башқұртстанда республика егемендігі жолындағы күрес басталды
ӨФӨ. 17 қаңтар. Ресейдің Башқұртстан аймағында астарында республиканың егемендігіне қол жеткізу жатқан кескекті күрестің алғышарттары пайда болды. Бұл туралы ВВС дерегіне жүгінген rast.kz хабарлайды.
Бүгін осы мәселені көптен қозғап жүрген башқұрт белсендісі Фаиль Алсыновқа қатысты сот үкіміне наразылық білдірген жергілікті жұрт көшеге шықты. Олар полицейлермен қақтығысып жатыр.
Осылайша бірнеше мың адам Баймақ аудандық сотының алдына келіп, үкімді қайтып алуды талап етті. Үкім бүгін оқылды. Ол бойынша Фаиль Алсынов жеккөрушілік ұрығын септі деген қылмыстық істің негізінде бірден құлып астына алынды. Алайда ол мінген автозак сот территориясынан шыға алмай қалды, наразылық білдірушілер оның жолын жауып тастап, көлікті сыртқа шығармай қойды. Осы жерде қарсылық көрсетушілердің құқық қорғау органдары қызметкерлерімен қақтығысы басталып кетті.
Негізі, Алсынов 2020 жылы башқұрт жеріндегі ежелден келе жатқан ерекше төрт төбенің бірі – Құштау шиханын олигархтардың өндіріс орнына айналдырып, быт-шытын шығаруына қарсы шығушылардың тобын бастаған еді. Соның арқасында алтын кеніші бар қырат талан-таражға түсуден аман қалды.
Бірақ билік те, байлар да сол үшін оны осы уақытқа дейін кешіре алмады. Соның салдарынан Фаильға жала жабушылық тоқтамай келеді.
Сонымен бірге Алсынов «Башкорт» деген ұлттық ұйым құрды. Оның басты мақсаты республикаға тәуелсіздік алып беру болатын. Сот оны 2020 жылы экстремистік ұйым деп танып, таратып жіберді.
Фаиль башқұрт жастарын РФ әскерлері қатарында Украинадағы соғысқа бармауға шақырып жүр. Оның қазіргі негізгі кінәсі де осы болуға тиіс.
Баймаққа жиналған 10 мыңнан астам адам «Бостандық!», «Егемендік», «Фаиль, біз сенімен біргеміз!» деп ұрандатты. Ал оларға тіл қатып үлгерген Алсынов: «Мені қолдауға келгендердің бәріне алғысым зор. Мұны ешқашан ұмытпаймын. Өзіме тағылып отырған айыптарды мойындамаймын. Мен қашаннан әділдік үшін, өз халқым үшін, өз республикам үшін күресіп келемін. Біз әлі кездесеміз», – деді ол.
Сотта прокурор оған колония-жатақта төрт жыл тұрғызуды сұраған екен, ал судья жалпы режимдегі колонияда төрт жыл отыруға кесіпті.