Тәжікстанда орыс тақылеттес тек алуға тыйым салынады
ДУШАНБЕ. 29 сәуір. Тәжікстанда фамилияны орыстарша жазуға тыйым салынатын болып жатыр. Бұл туралы «АзияПлюс» хабарлады.
Бүгін Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы «Азаматтық заң актілерін мемлекеттік тіркеу туралы» заңға түзетулер енгізуді бір ауыздан қабылдады. Ол жаңа туған нәрестелерге есім берерде тәжік текті фамилиялары мен әке аттарын «орыстандыруға» тыйым салады. Атап айтқанда, «-ов», «-ова», «-ев», «-ева» тәріздес славян нұсқалы фамилия жұрнақтарын, «-ович», «-овна», «-евич» және «-евна» тәріздес әке аттары жұрнақтарын тәжік балаларына беруге тыйым салады.
Тәжікстан әділет министрі Музаффар Ашуриён үкімет ұсынып отырған түзету саясатын «ұлттық есімдерді қалпына келтіру» деп түсіндірді. Мұндай үрдіс тәжік елінде соңғы жылдары жақсы бетбұрыс алып келеді. Енді заң баяғыдан бері қолданылып келген славян суффикстерінің орнына тәжіктің жаңа туған нәрестелерінің тектеріне «-пур» (ер балаларға) және «-духт» (қыз балаларға) жұрнақтары жалғанады.
Мұндай талаптан Тәжікстан жерінде тұратын аз ұлттың өкілдері, бірінші кезекте орыс тілділер босатылады. Олар өздері қалаған жұрнақ бойынша тек таңдай алады.
Министр сондай-ақ бұл заңның енді туған балаларға ғана қолданылатынын айтты.