Мемлекеттік тілді менсінбеген шенеунік жазаға тартылады
ТАШКЕНТ. 29 сәуір. Өзбекстанда іс қағаздарын жүргізуде мемлекеттік тілді менсінбей, тәрк ететін шенеуніктер айыппұл төлеу түрінде жазаға тартылатын болады. Бұл туралы «Газета.Uz» хабарлады.
«Өзбекстанда іс қағаздарын жүргізуде мемлекеттік тілді пайдаланбаған шенеуніктерді жазаға тарту ұсынылып жатыр», – делінген хабарламада.
Осыған қатысты заң жобасы Өзбекстан әділет министрлігінің талқылауына ұсынылды.
Қазіргі таңда «Әкімшілік жауапкершілік туралы» Кодекстің 42-бабы 1-тармағында азаматтардың мемлекеттік тілге, сондай-ақ Өзбекстанда тұратын ұлттар мен ұлыстардың тілдеріне менсінбей қарауына, тілді пайдалануда кедергілер мен шектеулер жасауға, бала тәрбиелеу мен оқытуда тіл таңдауы құқығын бұзуына қатысты бірден екіге дейін базалық есепті мөлшер көлемінде (223 мың сумнан 446 мың сумға дейін немесе $22-44) айыппұл төлеу қарастырылған.
Жаңа редакция жобасы 42-баптың 2-тармағын мемлекеттік органдар мен ұйымдардағы жұмыстарда заңнама талаптарын орындамағандарды екіден бес базалық есептік мөлшер көлемінде (446 мыңнан 1,115 млн сумға дейін немесе $44-110) айыппұл салу қарастырылып отыр. Талдаушылардың пікірлерінше, бұл шара лауазымды тұлғалардың мемлекеттік тіл алдындағы жауапкершіліктерін күшейтеді.
Басылым сондай-ақ осындай тәртіп бұзушылықтар үшін Украинада 3400-ден 6800 гривенге (($125-250), Тәжікстанда 30-дан 40 есептік өлшемге дейін ($167- 227) айыппұл салу белгіленгенін мысалға келтіреді.