Тәжікстанда дәстүр мен әдет-ғұрыпты бұзғандар ірі көлемде айыппұл төлейді
ДУШАНБЕ. 24 маусым. Тәжікстанда дәстүрлі әдет-ғұрыптар мен мерекелер салтын бұзушылыққа ірі мөлшерде айыппұл салу тәртібі енгізілді. Бұл туралы Asia-Plus ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Жақында жаңартылған «Дәстүрлерді, салтанаттар мен әдет-ғұрыптарды ретке келтіру туралы» заңның толық мәтіні 22 маусым күні Үкіметтің тәжік тілінде шығатын «Ҷумҳурият» («Республика») газетінде жарияланып, өзінің заңды күшіне енді.
Заңмен бірге оның белгілі бір тармақтары бұзылған жағдайда төленетін айыппұлдары мөлшерін белгілеп берген Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске де өзгеріс енгізіліп, өзінің заңды күшіне кірді. Ондағы айыппұлдардың ең жоғары деңгейі 100 мың сомониді құрайды. (1 сомони 43, 5 теңге тұрады, ал 100 мың сомони 4 350 000 теңге болады).
Бірінші кезекте – «жат жұрттың» киімдерін кию. Заңның «Жеке және заңды тұлғалардың мерекелер мен салтанаттар кезіндегі міндеттеріне» арналған 18-бабында Тәжікстан азаматтары мен ұйымдарының ұлт мәдениетін құрметтеуге, мемлекеттік тілді қолдануға және ұлттық киімдерді киіп жүруге тиіс екені айтылған.
Тәжікстанда ұлт мәдениетіне сәйкес келмейтін киімдерді тасып әкелуге, сатуға, насихаттауға және қоғамдық орындарда киюге тыйым салынды. Осы бапқа сәйкес, сондай-ақ Рамазан және Құрбан-айт кездерінде мерекелік дастархан жоюға рұқсат етілгенімен, ысырап жасаушылыққа ұрыну мен осы күндері балалардың үй жағалап жүрулеріне (идгардак – бізше жарамазан) тыйым салынады.