Балалар аманатын арқалағанда
немесе осы біз келешек ұрпақ тәрбиесін ұмытып кеткен жоқпыз ба?
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаға
Аса жоғары мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Өзімді Қазақстан балаларының аманатын арқалап жүргендей сезінемін. Өйткені, БАҚ саласындағы Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты ретінде барлық жазған туындыларымды, жер-жерлердегі ондаған кездесулерімді, шеберлік сабақтарымды сол балалардың болашағы үшін, оларға ғасырлар бойы жинақталған ұлттық құндылықтарымызды насихаттаумен, бойларында отаншылдық қасиеттің, жақсылық пен ізгіліктің табылуына барынша күш салудамын. Көңілге түйгендерім жайлы Сізбен ой бөліскім келеді.
Балалар проблемасын түкпілікті шешетін кез келген сияқты. Оларға қайғылы оқиғаға душар болғанда ғана көңіл бөліп, байбалам салу дағдыға айналып барады. Ата-ананың көз жасын көрген соң, билік те, көпшілік қауым да қайғысына ортақтасады. Ең сорақысы, уақыт өткен сайын осы жағдайдың бәрін ұмытып, түк болмағандай, жанымыз ауырмай барады. Неге?.. Мен айтар едім, ең аяныштысы, жауапсыздықтың жеткен шыңы – қайғылы оқиғаның қайталануы емес, көтерілген мәселенің аяқсыз, жауапсыз қалуы. Бұл жауапсыздық қашанғы жалғаса бермек! Қазақстанның әр баласы өз перзентіміз, баға жетпес байлығымыз емес пе?
Бейбіт күнде түтінге улану, от ортасында қалу, терезеден төмен құлау… Өзенге шомылуға барған бала суға ағып кетеді, тиісті жол өткелінен өткен баланы көлік қағады, серуендеп жүрген балалар педофилдердің қолынан, тіпті өз таныстарынан, мектептестерінен жәбір көреді. Ал ең аяныштысы – әжетқанаға барған бүлдіршіннің нәжіске түсіп кетуі. Мұндай сұмдық оқиғаның орын алуы тіпті ұят! Осы олқылықтардың барлығы үлкендердің жауапсыздығынан. Демек, солардың қолымен, саналы түрде істелген олқылық, қылмыс. Бірін есітіп, жанымыз ауырса, енді кейбірінен бейхабармыз. Баласына қамқор болмаған әке – әке ме? Жеткіншектерінің өміріне немқұрайлы қараған, оның алдын алмаған билік – билік пе?
Біз бәріне ата-ананы, мектепті кінәлаймыз. Сонда қоғамның әр өкілі, билік: «Қардан ақ, судан таза» болып жүре бере ме? Отыз жыл экономикамызды нығайтамыз деп салтанат құрумен, ән айтып, той тойлаумен жүрдік. Енді саясат, ал жеткіншек тәрбиелеу, жаңа қоғамның озық ойлы болашағын дайындау есімізден шығып кеткенін жасыруға болмайды. Балалардың, ата-аналардың бәрін жаман деуден аулақпын. Жеткіншектердің жан дүниесіне үңіліп көрейікші. Меніңше, олар қоғамнан ілгері озып кеткен сияқты. Қай жаққа? Дұрыс бағытта ма, жоқ әлде, теріс қылықтарға үйір болып бара жатыр ма? Оған мән беріп жатқан ешкім жоқ.
Сонау Кеңес Одағы кезінде: «Бар жақсы – балаларға!» деген ұран бар-тын. Осы шараның аясында жақсы істер көп жасалатын. Ең негізгісі, үлкендердің балалар алдында жауапкершілігі болатын. Жауап беретін. Ал қазір еркіндік. Ешкім ешнәрсеге жауап бермейтін сияқты… Әженің айналайынын естімеген немере, ананың бесік жырын тыңдап өспеген сәби, әкенің тәрбиесін көрмеген ұрпақ бір құбыласы кем болып өсері хақ. Ұлттық рух, отбасылық тәрбие, үлкенге құрмет, кішіге ізет бұлардың бәрі ана сүтімен келетін құдірет. Сиырдың сүтін ішіп өскен қасқыр ауылға шаппайды. Ата-ананың махаббатына бөленіп өскен бала жаман жолға түспейді. Бұл – ақиқат!
Біздің балаларға қоятын талабымыз жоғары. Бірақ, шындығына келгенде, олардың ойына, талап-тілегіне үңілмейміз. Оны сұрауға, талабын тыңдауға уақытымыз да, құлқымыз да жоқ. Әрбір ата-ана өз баласына арнайы уақыт бөлсе деймін. Айында-жылында серуендеуге шыққанда, мың теңгелік балмұздақ әпергенше, бес жүз теңгеге кітап әперіп, оны перзентімен бірге оқыса. Ақылдасып, мазмұнын сұрауға, түсіндіруге ерінеміз. Өз шаңырағымызға келгенде енжарлыққа бой береміз. Бала жылап, мінез көрсетсе, қолына смартфонымызды ұстатып, тыныштандырамыз. Жеткіншек-жастардың сол ұялы телефондарын күндіз-түні құшақтап жүргеніне мән бермейміз. Олардың әке-шешесі де, ұстазы да сол телефон. Сол смартфонның ішінде жақсылық пен қатар зұлымдықтың қатар тұратынын ұмытпайық.
Өткен ғасыр «қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» аталды. Балалар мен жасөпірімдер газет-журналдарының таралымы 300 мыңнан асып-жығылды. Ондаған мың данамен кітаптар шықты. Сол дәуірдің ауыртпалығын арқалаған ағалар арасында тамаша бір дәстүрі бар еді. Жазушы-ғалымдар, өнер адамдары газет-журнал редақциясын аралап, ақыл-кеңестерін беретін. Ой бөлісетін. Әлі есімде, мен жетекшілік еткен «Ұлан», бұрынғы «Қазақстан пионері» газетіне, осы басылымның бұрынғы бас редакторлары – Сансызбай Сарғасқаев, Кемел Тоқаев, Әбілфайыз Ыдырысов, Фариза Оңғарсынова, Бейбіт Қойшыбаев, Уәлихан Қалижанов, тағы да басқалары келіп, бағыт-бағдар беріп тұратын. Мен өзімді осы ұлы ұстаздарым – Кемел Тоқаев пен Фариза Оңғарсынованың шекпенінен шықтым деп есептеймін. Оны мақтан тұтамын. Ал қазір редакцияларға барсаң, әңгімелесетін, ой бөлісетін журналистердің аздығына қынжыласың.
Ғасырға жақын тарихы бар басылымдар оқырманынан айырылған, жабылудың алдында. Балалар мен жеткіншектерге арналған кітаптардың ауқымы, көтерген мәселесі, тілі сын көтермейді. Анимациялық фильмдер жайлы айтудың өзі ұят. Балаларға дайындалған әр туындыда олар үлгі алатын, үйренетін, мақтан тұтатын отаншылдық тәрбие болуы керек. Қазір саусақпен санарлық балалар жазушысы қалды. Сүйікті басылымдарынан айырылған жеткіншек, рухани жетімдіктің алдында тұрған бала! Дәрменсіз бала! Оларды бұндай халге душар етпеуге болатын еді ғой. Аға буын мен жеткіншек ұрпақ арасындағы алтын көпір – ұлттық дәстүр, отаншылдық рух, бойдағы намыс-жігер үзіліп барады.
Аса жоғары мәртебелі Президент мырза!
Жоғарыда айтқан ой-жиынтығымды тұжырымдай келе, жеткіншек буынның ойы, қоршаған ортаға көзқарасы, тәрбиесі жаңа бағытқа өзгеріп жатыр. Оның ішінде біздің ұғымымызға сай, сонымен қатар қарсы, жат қылықтар басым. Ал болашағын анықтай алмай жатқан жеткіншектер қаншама. Біздің балаларымызға ең ғажайып, керекті құрал, ақылшы-дос ол – кітап. Алдағы жылдардың бірін «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияласаңыз екен. Оның аясында ұрпақ тәрбиесі, мәдениеті, әдебиеті, өнері – бәрі қамтылады. Қазақ балаларына ең алдымен ұлттық идея, ұлттық әдебиет, баспасөз керек. «Рухани жаңғырудан» шындап нәр алғымыз келсе, «ұлттық кодтың» бастауынан сусындайық десек сарқылмайтын алтын бұлақ осы. Басқа елдің қаламгерлері біздің мәселемізді шешіп бермейді. Біз сонда ғана балаларға ұмыт болып бара жатқан «бақытты балалық шақ» сыйлаймыз. Бүгінгі ұрпақ өмірден ерте есейіп, жақсылық пен қатыгездікті, мейрімсіздікті айыра алмайтын жолайрықтың алдында тұрған сияқты…
Бар өмірін жеткіншек тәрбиесіне арнаған аға ұрпақтың ізбасары ретінде олардың балалар алдындағы аманатын Өзіңізге жеткізуге, тапсыруға рұқсат етіңіз. Бұл бүгінгі күннің ең басты мәселесі болса деймін. Қазір кешіксек – келешек бізді кешірмейді.
Уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!
Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, балалар жазушысы