Проректор жазушымен балалар әдебиетін насихаттау жөнінде пікір алмасты
АЛМАТЫ. 5 тамыз. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры Ертай Сұлтан белгілі балалар жазушысы Бейсенбай Сүлейменовті қабылдап, қазіргі балалар әдебиетін оқырманына жеткізу жайында ой бөлісті. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Ертай Сұлтанұлы Сұлтан биылғы жылғы мамыр айынан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры болып қызмет атқарып келеді. Ол – әдебиеттану, журналистика және ғылым менеджменті салалары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуші білікті маман. Ғылым әлеміне Абай мұрасын насихаттаушы ретінде танылған ғалым өзінің PhD диссертациясын ағылшын, испан, итальян, жапон және қазақ романдарын салыстыра талдау негізінде «Қазіргі романның трансформациясы» тақырыбында қорғап шыққан. Сондықтан гибридті роман хронотопын математикалық модельдеу саласын өте жақсы меңгерген.
Әдебиет әлемін жан-жақты зерттеп жүрген ғалым мен балалар жазушысы кездесуі барысында қазақ қаламгерлерінің шығармаларын насихаттау, оларды оқырманға кеңінен жеткізу, туындылардың оқымалы болуы жайын қарастыру жайлары талқыланды.
«Қазір әдебиетті, соның ішінде балалар әдебиетін күштеп оқытатын заман емес, – деді Ертай Сұлтан сөз басында. – Онда өктемдікпен белгілі бір жетістікке жету қиын. Бүгінгі таңда білім беру жүйесіне IT технологиялар мүмкіндігінше кеңінен енгізіле бастады. Міне, балаларды кітап оқуға тартуда да осы технологияны жан-жақты қолданған жөн. Осы кездегі балаларды солай етіп қана кітап оқуға көптеп қатыстыруға болады».
Ғалым осы орайда мультмедианың әлеуетін пайдалану қажеттілігіне тоқталды. Мәселен, баяғы «Ер Төстікті» ендігі балалардың барлығы бірдей сол түпнұсқасы қалпында оқи қоймауы мүмкін. Сондықтан оны мультимедиа технологияларын іске қосу арқылы бейнесюжет кейпінде жасап шығып, жас оқырмандарға ұсынуға тура келеді. Әрбірден соң бала сондағы оқиғалардың ішінде өзі жүргендей әсер алатын болуы тиіс.
«Біздің айтып жүрген виртуальды шындық дегеніміз осы. Ол – иллюзиялы дүние, оқырман оның өн-бойына еніп кетіп, сонымен ара қатынас жасайды», – деп толықтырды сөзін Ертай Сұлтанұлы.
Жазушы Бейсенбай Сүлейменов өз кезегінде мәселенің бұлайша қойылуы бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанда, өзін өзі ақтап алатынын, алдағы уақытта балаларды кітап оқуға ынталандырудың мұндай тәсілдері де кеңінен өмір тәжірибесіне ене бастайтынына еш күмән келтіре алмайтынын айтты.
Қазіргі таңда Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда. Педагогика ғылымында баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылыс көбейіп келеді, оның ішінде мультимедиа технологияларына айрықша мән берілуде. Мультимедиа технологиялары оқу үрдісін байытады, оқытуды тиімді етуге мүмкіндік береді. Демек, әдеби кітаптарды оқытуда да оның алатын орны зор болмақ.
Әңгіме барысында қазіргі таңда Қазақстандағы саңырау қазақ балаларының тілі орысша шығып жатқаны да назардан тыс қалмады. Себебі, қазақша ым-ишара тілі елімізде әлі күнге дейін жеке стандарт болып бекітілмеген. Сондықтан ондай жас жеткіншектердің бәрі өз ым-ишараларын орыс тіліндегі сөздердің мазмұнымен білдіреді.
«Қазақша сөз бар, бірақ қазақша ишарат қолданысқа енбеген. Айталық, қазақтың «құрт», «ірімшік» сөздерінің қазақша ым-ишара тілінде баламасы қалыптаспаған. Мамандар оларды балаларға насихаттайын десе, бекітілген ым-ишара тілі жоқ. Бірақ ауызды қу шөппен сүртіп отыра беруге болмайды. Алдағы уақыттарда қазақша ым-ишара сипатында балаларға арналған кітаптар шығару қажеттілігі де күн тәртібіне қойылуы тиіс. Демек, алда бұл тарапта да атқарылуға тиісті көптеген жұмыстар тұр», – деді ғалым.
Шынында тілдері шықпай қалған, құлақтары естімейтін қазақ балаларының басым бөлігі өздерінің туған тілдерінен ажырап бара жатыр. Жағдайдың бұлай қалыптасуымен әсте келіспесек керек.
Ғалым сонымен бірге мұндай балалардың арасында да аса қабілетті жастардың аз емес екенін сөз етті. Шетелдерде ондай түлектерге арналған жоғары оқу орындары да бар. Оларды бітіргендер қоғамдық өмірге белсенді араласып, өздерін жан-жақты жақсы қырларынан көрсетіп келеді. Ал біз оларды тек колледждерде ғана оқытумен шектелудеміз. Келешекте бұл мәселеге назар аудармай болмайды.
Ғалым мен жазушы әңгімесі барысынан осындай тұшымды тұжырымдар туды.