Руханият

Бейсенбай Сүлейменовтің балалар әлемі

Балалар жазушысы болу үшін, ең алдымен, жеткіншектердің жүрегіне жол тауып, бала болып күлуді, балаша қуана білуді білу керек қой деймін.

Өйткені балалар әлемі өзіндік құпия сырға толы жұмбақ әлем. Ал жеткіншектердің айнымас досы атанған Бейсенбай Сүлейменовтің шығармашылық әлеміне кіру мен үшін оңай болған жоқ. Шындығында да жазушының қамтыған кеңістігі, қалам тартқан тақырыптары, шынайы және ертегі кейіпкерлері әр алуан. Еңбектеген баладан бастап, ес білген бозбалаға дейін, одан соң мінезі әр алуан, кейде еріншек, бала тәрбиесіне онша мән бермейтін, жүрдім-бардым ата-аналарға да қалам тарту оңай емес. Тіл табысу қиынның қиыны болатын. Оқырмандарды да түсінем.  Бірде ертегілер әлемінің бел ортасында, енді бірде аң-құстармен сырласып, жер шарының арғы жағында ат басын бұрып, олардың жан дүниесін түсіну де оңай емес. Ал біз әңгімелегелі отырған  балалар жазушысының ертегілері нағыз ертегі сияқты, сенесің, әділдікке, шынайы өмірге жетелейтініне қуанасың. Өзің алыстан, өте алыстан көрген аң-құстарыңмен достасып, сырласып, бірге жүргендейсің. Ал қаламгердің әңгімелерін оқығанда бала жанының еркін де таза мінезіне, алғыр да албырт қарапайымдылығына куә боласың. Бір айта кетері, жазушының кейіпкерлері әр шаңырақтың еркетайы. Өзіне тән өжет те қайсар мінезі, жан баласына ашпайтын құпия сыры бар. Мен журналист ретінде сол бір жұмбақ әлемге үңілгім келді. Көп ойландым, ең алдымен ағаның барлық шығармаларын оқып шықтым. Оның сырына, жазу шеберлігіне, ол әңгіме-ертегілерінің, очерк-эсселерінің тақырыбына, көтерілген мәселесіне, кейіпкерлерінің жан дүниесіне үңілгім келді. Сонау жылдары жазған туындыларының өміршеңдігіне, кейіпкерлері үлкен азамат болып кетсе де, сол бір кездегі бала көңілі,  тыныс-тіршілігі мен адами құпиялары байырғы қалпында сақталып қалатындығына таң қалдым. Бұл Бейсенбай ағаның ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы, әр шығармасына деген жауапкершілігі болса керек.

Жазушы ағамен алғаш кездескен соң шашырап қалған ойымды, сұхбатқа қояр сұрақтарымды жүйелей келе кейіпкерімнің шығармаларын екі арнаға бөлуді жөн көрдім. Біріншісі – Бейсенбай Сүлейменовтің журналистік еңбектері, екіншісі – ертегі, әңгімелері.

Сонау жетпісінші жылдары Оңтүстік Америкаға, Амазонкаға, Джунглиге, үндістер еліне жасаған саяхатнама очерктерін қолыма алдым. Ол қазақ оқырмандарына белгісіз, қызықты, әрі жұмбақ тақырып болатын. Журналист ағамыз сол бір жұмбақ құрлықтың бізге құпия тыныс-тіршілігін, өмір тауқыметін, бүгінгі және өткен тарихына саяхат жасай отырып, үндістердің өмір сүру қағидасын, туысқандық бірлік-ақиқатын ашып салады. Саяхат очерктен шебер баяндала отырып, жүрегіңе жылылық ұялатады. Бұл туынды – сол замандағы жеткіншектер, бүгінгі әкелеріміз оқыған «Кечуа тайпасының үндістері», сол кездегі бозбала, қазіргі ағаларымыз сусынданған «Бес ғасыр атылмаған садақ» кітаптары еді. Одан соң Африка айшықтары… Сексен-тоқсаныншы жылдардағы қазақ журналистикасындағы жаңалық, төл туындылар. Үлкен де жеткіншек буын өкілдері сүйіп оқыған, жалғасын тағатсыздана күткен тарихи-танымдық, жұмбақ әлемге саяхат еді. Кітаптың тақырыптарының өзі «мен мұндалап» айқайлап, оқырманын жетелеп тұратын. «Инктердің отанында», «Куско жәрмеңкесінде», «Үндістер мерекесі», «Жел аяқ балалар», «Жылауық Сельва», «Самбреро киген шәкірттер», «Кішкентай миллионерлер», «Гуаякильдегі қиын күндер», т.б. жалғасып кете береді. Жол сапар очерк-новеллалардың біріне үңілейік. «Кішкентай үндіс баласы маған қарап, бар даусымен айқай салды.

– Сеньор!

Ол қолындағы садақты ұсынды. – Уно долларис. ( Бұл бір доллар дегені).

Үндіс бала садаққа жебесін салып, шірене тартып көрсетті. Мұнысы «мықты, сынбайды» дегені болса керек. Шындығында да керемет садақ. Нағыз үндістердің қаруы. Жебесінің ұшы қатты ағаштан, ал қалған жері қамыстан жасалынған. Жергілікті тұрғындар бұл ағашты «темір ағаш» дейді екен. Қаттылығына ешкімнің дауы жоқ. Бұл садақ үндістердің испан отаршылдарына – олардың зеңбіректері мен мылтықтарына қарсы шыққан қаруы ғой.

Мен үндістер елінен естелік болсын деп, әлгі садақты алдым.

– Сеньор! Тағы біреуін алыңызшы? – деп бала үндіс тағы да қиыла өтінді.

Мен оның көңілін қимай екінші садақты алдым. Саудасының жүргеніне қуанған әлгі бала дорбасынан үшінші садақты шығарды.

– Сеньор!..»

Автор бейтаныс елдің балаларымен өз баласындай сөйлеседі. Бұл шеберлік, жеткіншектің көңілін табу. Ал мына бір жантүршігерлік оқиғаны оқығанда Оңтүстік Американы мекен еткен үндістердің заңдарының өте қатал екенінің куәсі болдым. «Инктер Күнге табынған халық. Олар табиғаттың дүлей күштері – жер сілкіну, су тасқыны, не құрғақшылыққа қарсы ақ ламаларды, кейде жас балаларды тасаттыққа шалып отырған. Сол құрбандыққа шалынғандардың дені ер балалар болған. Бір қорқыныштысы, құрбандыққа шалынатындарды ата-аналары, тіпті жеткіншектердің өздері де болатын  тасаттықты біліп отырған. Балалар таза киіндіріліп, ең тәтті деген тамақтар берілген. Оларға ерекше құрмет көрсетілген. Ал ламаларды тасаттыққа шалу рәсімі мынандай жағдайда өткізілген. Бес-алты жігіт арнайы дайындалған үлкен тастың үстіне жануар жатқызылып, қанжармен кеудесінен осып жіберген. Қанға малынып, булығып жатқан ламаның жүрегін тірідей жұлып алып, атқылаған қанға қарап, ел болашағын қандай оқиғалар күтіп тұрғанын оқыған, болжаған…» Бізге беймәлім үндістер өмірі осылай баяндала береді. Оқырманды жетелей береді, жетелей береді…

Ал Бейсенбай Сүлейменовтің ертегілері мен әңгімелері мүлдем бөлек тақырып. Тіпті бүкіл бір ғылыми-зерттеу институты араласатын, зерттейтін тақырып. Әр ертегісі өміріміздің күйбелең көрінісі, шындық-олқылықтары, оның көлеңке тұстары. Әттеген-айлар аң-құстардың өмір сүру қағидасы арқылы беріледі. Бала көңілге де, жайбарақат жүрген ересек, дана көңілге де түсінікті… Бұл – шыным.

Сол балалар әлемінің құпия-сырын ашатын бала кілті Бейсенбай ағаның өзінде екен. Оны өзге жанның ешқайсысы аша да, тұңғиық түбіне жете де алмайды. Өйткені бар шығармашылық ізденісін сол балалардың өмір-тіршілігіне, таза болмысына арнаумен келеді. Жас жеткіншектерге отансүйгіштік тәрбие беру жолындағы мақалалар циклы үшін 2009 жылы БАҚ саласындағы Қазақстан Республикасы президенті сыйлығының лауреаты  атанды. Бұл сыйлық барлық балалар жазушы-журналистеріне берілген марапат еді.

Ағаның айтқан әңгіме-естеліктерін тыңдай отырып, дайындап келген сұрақтарымды қоюды ұмытып кетіппін.

– Балалар  әдебиетіне қалай келдіңіз? – дедім сөз арасында.

– Балалар әдебиетіне… Мен, ең алдымен балалар журналистикасына келдім. Бақандай бір мүшел жас еңбек еттім. Қарапайым тілшіден бас редакторлық қызметке дейін. Қызыл империяның қолшоқпары комсомолдың қылышынан қан тамшылап тұрған кезде. Қуанатыным, менің ұстаздарым мықты болды. Олар – Фариза Оңғарсынова, Бейбіт Қойшыбаев, Уәлихан Қалижанов. Әріптес-достарым мықты, керемет жандар еді. Олар бүгінгі балалар әдебиеті мен журналистикасының тұтқасын ұстап жүргендер. Осы отыз жылдан бері балалар проблемасын көтеріп, одан шығу жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтар. Талғат Айтбайұлы «Жыл – он екі ай» журналын, Дүйсен Мағлұмов «Балдырған» журналын, жазушылар Қанат Қайым, Қайым-Мұнар Тәбей, Сәбит Дүйсенбиев, т.т. Міне, осы сияқты ондаған балалар жазушысы, жүздеген ұстаздардың, мыңдаған ата-аналардың іскерлігі, табандылығы, ең негізгісі – балаларға деген сүиіспеншілігі арқасында биыл «Балалар әдебиеті жылы» болып жарияланды. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаға балалар әдебиетіне қолдау көрсеткені үшін рахмет айтып жазған екінші хатымда: «Енді жаңа бағыттағы балалар әдебиетін жазуымыз керек, балалар жазушысы мен журналистерінің мәртебесін көтеруіміз керек», – деген мәселе көтердім. Биыл балалар мен жасөспірімдерге арналған ондаған кітап жарыққа шығуға дайындалып жатыр. Өзім Мемлекеттік тапсырысты күтпей «Хан шатырынан – Күн шатырына саяхат!» атты екі повестен тұратын роман, ертегі, әңгімелер жинағымды, үш тілде – қазақ, орыс, ағылшынша көркем безендірілген «Горилла адам», «Туған күніңмен, Айтұмсық!» атты екі кітапшамды (әрқайсысы екі мың данадан) шығардым. Кітапханаларға, мектеп оқушыларына кездесулерде тегін таратып жатырмын. Өзім соңғы жылдары «Журналистік шеберлік, жазушылық өнер» тақырыбында сабақ өткізіп жүрген Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы №12 гимназия оқушыларымен 28 панфиловшылар паркінде Бауыржан Момышұлы ескерткішінің алдында «Ерлік сабағын» өткіздім. Келген балалардың барлығына, тіпті тамашалаған жеткіншектерге де ертегі кітаптарымды тапсырдым. Сол күнгі балалардың қуанышын айтсаңызшы! Ал көпшілік оқырман үшін сол ертегі-әңгімелерімді ФБ-ке салдырып қойдым. Тағы бір айта кетері, балалар әдебиеті деп шырылдап жүргенімді естіген ұлт руханиятының риясыз жанашырлары, кәсіпкер Оразхан Кенжеғұлұлы Жанысбеков «Хан шатырдан – Күн шатырға саяхат!» роман, ертегі-әңгімелер кітабымды, дәрігер-меценат Ғани Смаханұлы көркем безендірілген, үш тілдегі «Горилла-адам», «Туған күніңмен, Айтұмсық!» ертегі кітапшаларымды 4000 данамен, «Сырлы әлем» таңдамалы шығармалар жинағымды «Асыл кітап» Баспа үйінен 1000 дана етіп шығарып берді. Бұл азаматтарға ризашылығым шексіз!

Қоштасар кезде жазушы баспаханадан жаңа ғана басылып шыққан кітабын ұсынды. Алғашқы бетін ашып едім «Бейбітшіліктің мәңгілік тірегі – Әлем балаларына арнаймын!» деген арнау сөйлемге көзім түсті. Міне, мен ойлаған, шешімін таба алмай жүрген құдіретті сөз шықты. Бұл – Бейсенбай  Сүлейменовтің балалар әлеміндегі жұмбақ құпиясы болса керек!

Жайна ТӘТТІМБЕТ

zhasalash.kz

28 қыркүйек 2021

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button