Байден Щиге Путинмен қатынаста «абай болу» керектігін ескертті
УАШИНГТОН. 9 шілде. АҚШ президенті Джо Байден Қытай лидері Щи Дзиңпиңге батыс инвестициясынан қағылып қалмас үшін РФ диктаторы Путинмен «абайлап» араласуға кеңес берді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ақ үйдің қожайыны мұны кеше CNN телекомпаниясына берген сұхбатында айтты.
«Ресей Украинаға басып кіргелі бері ол жақтан Американың 600 компаниясы кетіп қалды. Сіз де маған өз еліңіздің экономикасы Еуропа мен АҚШ-тың инвестициясына тәуелді екенін айтқансыз. Абай болыңыз. Абай болыңыз», – деген екен АҚШ президенті ҚХР төрағасына бұдан бұрын.
Байден мұны қорқытып-үркіту не қоқан-лоққы емес, жай бақылау ғана екенін атап өтті. Reuters агентгігі Байденнің «Щи бұған сөз таластырып жатпады, ол менің сөзімді үнсіз тыңдап отырды» деген сөзін келтірді. Оның ойынша, Қытай қазір Ресейге көмек көрсетіп жатқан жоқ.
Путин мен Щи Дзиңпиң биылғы наурызда Мәскеуде кездесіп, екі күндік келіссөз жүргізді. Қытай лидері өзі үшінші мәрте ҚХР төрағасы болып сайланған бойда Ресейге келіп еді. Бұл оның қайта сайланғаннан кейінгі бірінші сыртқы сапары болатын.
Украинадағы соғыс басталып кеткеннен кейін Қытай бейтарап позиция ұстанды. Бірақ жан;алдың бірінші жылында Ресеймен сауда қарым-қатынасын айтарлықтай күшейтіп жіберді. Соның ішінде Ресейдің мұнайын ең көп сатып алатын елге айналды. Қытай бас кеден басқармасының мәліметінше, 2023 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, РФ мен ҚХР арасындағы сауда айналымы 38,7 пайызға өскен. Жылдың алғашқы үш айында эспорт пен импорттың жалпы сомасы $53,845 млрд-ты құрады.
АҚШ Қытайды Ресейге қару-жарақ сатуға ниетті деп айыптады. Алайда ҚХР билігі мұны бірден жоққа шығарды. Маусым айында Америка мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Бейжіңге сапары барысында Қытай басшылары Ресейге ешқандай көмек бермейтіндеріне сендіріп бақты.
Соңғы кездері батыс баспасөзінде Бейжіңнің Мәскеуден едәуір алшақтап, сырт айнала бастағаны жайлы ақпар тарап жатыр.