НАТО саммитінде 20-дан аса ел Украинаға қолдау көрсететіндерін білдірді
УАШИНГТОН. 12 шілде. НАТО саммитінде 20-дан астам мемлекет Украинаны қолдауға және оның Ресеймен соғыста жеңіске жетуіне кепілдік берді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Уашингтонда өткен Украинаға Ресеймен өткен соғыста жеңіске жеткенге дейін қолдау көрсетуге кепілдік беруге арналған «Украина келісімшарты» саммиті алаңында 23 елдің лидері бірлескен құжатқа қол қойды.
«Украинаның қауіпсіздігі Еуроатлантикалық өңір мен оның шегіндегі аумақ қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі болып табылатынын және Украинаға Ресей агрессиясын жеңгенге дейін қолдау көрсете беретінімізді айғақтаймыз», – делінген құжат мәтінінде.
Атап айтқанда, мемлекеттер Киевке қауіпсіздік, қазіргі заманғы қарулармен қамтамасыз ету, қорғаныс өнеркәсібі салаларында тұрақты көмек көрсету салаларында, сондай-ақ қажетінше экономикалық жағынан қолдау жөнінде өздеріне міндеттеме алды. Мемлекеттер сондай-ақ Украинаның қорғаныс әлеуетін арттырып, Ресейге қарсы тұра алатын «болашақ күштерін» жасап шығуды күшейтуін белсендіруге тиіс. Егер Ресей қазіргі ұрыс қимылдары аяқталғаннан кейін Украинаға тағы да шабуыл жасайтын болса, НАТО елдері «барынша жоғары деңгейде жедел және ұйымдасқан түрде жиналып», Киевке қолдау көрсетудің бұдан арғы қадамдарын өзара шешіп алатын болады. Украинаға «қайта шабуыл» жасалған жағдайда оған қауіпсіздік саласында міндетті түрде көмек көрсетіледі, ал Ресейге керісінше шектеу енгізіледі деп күтіліп отыр.
Құжатқа АҚШ, Канада, Литва, Латвия, Бельгия, Люксембург, Чехия, Нидерланд, Дания, Норвегия, Эстония, Польша, Португалия, Финляндия, Словения, Франция, Испания, Германия, Швеция, Исландия, Италия, Ұлыбритания, Жапония, сондай-ақ Украинаның өзі қол қойды. Бұдан бөлек, құжаттың бірінші азатжолында тек 21 мемлекет қана атап көрсетілген, олардың қатарында Чехия мен Словения, сондай-ақ Еурокеңес пен Еурокомиссия жоқ.
Шынтуайтында НАТО құрамында 32 дәулет бар. Олардың арасында Албания, Болгария, Венгрия, Грекия, Солтүстік Македония, Румыния, Словакия, Түркия, Хорватия және Черногория құжатқа қол қоймады.
Уашингтонда 9-11 шілдеде өткен НАТО саммитінің қорытындысында альянс елдері сонымен қатар «Украинаның келешегі – НАТО» екенін атап көрсететін декларация қабылдады. Олар Киевті «толық еуроатлантикалық интеграцияға апаратын қайтпас жолда» қолдауды жалғастыра беретіндерін атап өтті. Украина осы әскери блокқа өтуге толық дайын болған кезде ресми түрде шақырту алатын болады.